Тақырыптың зерттелу деңгейі. Халықтану мәселесіне қатысты кеңес дәуірі мен тәуелсіздік жылдарында жарияланған зерттеу жұмыстарында ХІХ ғ. соңы – ХХ ғ. басындағы қоныстандырудан бастап, кеңес дәуірі кезінде ерекше күшейген көші-қон үдерісі кешенді мәселелердің ішінде қамтылып отырды. Бірақ, кеңес дәуірі кезіндегі көші-қон үдерістерінің тарихы, соның ішінде тарихи демографиялық мәні, тарихи зерттеулерде ашық айтуға идеологиялық тыйым салынғандықтан, қордаланған «ақтаңдақтардың» тарихи демографиялық қырлары әлі күнге дейін арнайы зерттелген жоқ. Сондықтан, диссертацияда кеңестік дәуірдегі көші-қон үдерісінің демографиялық аспектісі тақырыбының зерттелу деңгейін белгілеп, жиналған тәжірбиені қорытындылап, ашылмаған тұстарын анықтау үшін, тақырыпқа қатысты зерттеулерді үш топқа топтастыра талдадық.
Бірінші топқа кеңестік дәуір қарсаңындағы көші-қон мәселесі қарастырылған зерттеу жұмыстары жатады. Себебі кеңес өкіметінің орнауы мен орнығуы тұсындағы Қазақстандағы көші-қон үдерісі ХХ ғ. басындағы тарихи оқиғалармен тығыз байланыста жүрді. С. Асфендияров, Т. Рысқұлов,
С. Сәдуақасов, Г.Г. Галузо, Ә.Б. Тұрсынбаев, П.Д. Верещагина, А.Б. Геллер, Н.Е. Бекмаханова, Д.И. Дулатова, Б.С. Сүлейменов, Ф.Н. Базанова,
М.Х. Асылбеков, Н.В. Алексеенко және т.б. ғалымдардың зерттеу жұмыстарында қоныс аудару саясатының себептері, мақсаттары, барысы, салдарлары талданып, патша өкіметінің қоныс аудару саясатының отаршылдық сипаты көрсетілді. Осы зерттеулерде Қазақстан халқының сан жағынан өсіп, құрамы бойынша (ұлттық, жас-жыныстық, әлеуметтік, білім деңгейі және т.б.) өзгерістері ХІХ ғ. екінші жартысынан бүкіл ХХ ғ. бойы жүрген көші-қон үдерістерінің, оның ішінде сырттан келген көші-қоншылар толқындарының әсері екені айқындалды. Бірақ нақ кеңес билігі қарсаңындағы демографиялық ахуал жете зерттелмеген.
Екінші топқа кеңес дәуіріндегі көші-қон үдерісі мәселесі қамтылған сол кезде жарияланған зерттеу жұмыстары топтастырылды. Бұл топтағы зерттеу жұмыстарының басты зерттеу нысаны халықтың саны, оның өсуі мен қарқыны болды. Бірақ, кеңес өкіметі саяси-экономикалық реформаларының зардабынан халықтың көрші елдерге ауа көшуінің ірі демографиялық апаттарға әкелгендігі кеңестік идеологиялық ұстанымдардың қыспағымен ұзақ жылдар бойы ғылыми әдебиеттерде көрініс таппады. Көші-қондық үдерістің кеңестік дәуірдегі ерекшеліктері және оның Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық дамуына ықпалы мәселесі Ф.Н. Базанова, М.Б. Тәтімов, Е.Н. Гладышева,
Р. Конквест, Л.А. Квон, М.Х. Асылбеков, Ә.Б. Ғали, М.Қ. Қозыбаев,
Т.О. Омарбеков, Б.А. Төлепбаев пен В. Осипов, С. Айымбетов және т.б. зерттеушілердің еңбектерінде айтылды. Бірақ ол еңбектердің мақсаты – көші-қон үдерісінің өзі емес, Қазақстандағы әлеуметтік-демографиялық дамуы мәселесі болғандықтан, біздің зерттеу тақырыбымызға қатысты мәліметтер кешенді мәселелер ішінде қарастырылып кетеді.
Үшінші топқа тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген тарихи туындылар біріктірілді. М.Х. Асылбеков, М.Б. Тәтімов, Ж.Б. Әбілхожин, М.Н. Сдықов, Н.В. Алексеенко, Ә.Б. Ғали, В.В. Козина, М.К. Төлекова және т.б. ғалымдардың еңбектерінде кеңестік кезеңде шектен тыс идеологияландырылып, саясаттандырылған тарихи демография саласын шынайы ғылыми жолға қою, оның өзекті мәселелерін жаңа тұжырымдамалық көзқараспен зерттеу негізгі міндетке айналды. ХХІ ғ. басында көші-қондық мәселелер тарихын зерттеу «ақтаңдақ» беттерін ашу, объективтілік пен шынайылылыққа, тарихи ұстанымдарға негізделген өзекті мәселелерін талдау бағытында жүргізілуде.
Достарыңызбен бөлісу: |