Құдайбергенова Айжамал ибрагимқызы



бет8/27
Дата01.04.2022
өлшемі371.5 Kb.
#456557
түріДиссертация
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   27
Зерттеудің сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыс БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихи демография және қазіргі әлеуметтік процестер бөлімінде орындалып, институттың Тарихи демография және қазіргі әлеуметтік процестер және Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімдерінің кеңейтілген мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды (хаттама № 9, 2010 ж. 17 маусым).
Зерттеудің нәтижелері мен қорытындылары 40 ғылыми еңбектерде, оның ішінде Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті бекіткен ғылыми басылымдар тізіміне сәйкес – 17, өзге ғылыми басылымдарда – 6, шетелдік басылымдарда – 5 (Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан) жарияланып, халықаралық және республикалық конференцияларда 12 баяндама көпшілік назарына ұсынылып, материал жинақтарында басылды.
Диссертациялық жұмыстың құрылымы. Жұмыс белгілеулер мен қысқартулардан, кіріспеден, бес тараудан, пайдаланған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.


НЕГІЗГІ БӨЛІМ


Кіріспеде диссертациялық жұмысқа жалпы сипаттама беріліп, тақырыптың өзектілігі негізделіп, жұмыстың зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, әдістемелік негіздері, мерзімдік ауқымы, іс-тәжірбиелік маңызы және қорғауға ұсынатын негізгі тұжырымдары көрсетілген.
«Мәселенің әдістемесі, тарихнамасы мен деректік көздері» деп аталатын бірінші тарауда тақырыптың теориялық-әдістемелік негіздемесі мен тарихнамасы қарастырылып, мәселенің дерек көздеріне талдау жасалынады.
«Зерттеудің теориялық-әдістемелік негіздері» атты бөлімде зерттеу жұмысына қатысты теориялық-әдістемелік ұстанымдар мен тұжырымдар баяндалады.
Кеңестік дәуірдегі теория мен әдіснама тарихты, әсіресе ұлттық тарихты бұрмалаушылықтарға әкеліп соққаны белгілі. Демографиялық мәселелер мен мәліметтер қатаң бақылауға алынып, қадағаланып, басқарылып қана қоймай, саяси басшы идеяның қажетіне бейімделді. Ал, көші-қон үдерістерінің зерттелуіне деген идеологиялық қағидалар тіпті қатаң болды. Идеологиялық қасаң қағидалардың құрсауы мен маркстік-лениндік әдістеме тарихи, демографиялық сипаттағы еңбектерде көші-қон үдерістерін теориялық жағынан объективті талдауға нұқсан келтірді. Ең бастысы, тұрғылықты ұлт – қазақтардың демографиялық дамуындағы апатты жағдайлар көмескіленіп, елде орын алған үдерістер оңды маңызы жағынан ғана түсіндірілді. Қазақстанның тәуелсіздік алуымен тарихи оқиғаларды бағалауға деген көзқарас түбірімен өзгерді. Тарих ғылымының дамуында қоғамдық өмірдің барлық салаларына терең тамыр жайған маркстік-лениндік әдіснамадан арылдық. Тарихты өркениетті, халықтық, ұлттық тұрғыда жазуға ден қойылып, Қазақстан халқының демографиялық дамуының тарихи үдерістермен тығыз байланыстылығы тұжырымдамалық тұрғыдан қайта пайымдала бастады. Көші-қон үдерістерін тарихи демографиялық аспектіде зерттеу қазіргі Қазақстан тарих ғылымының ішкі өзгерістерімен қатар, тарихи білімді жаңарту үдерісін басынан өткізіп жатқан тұтастай тарих ғылымындағы өзгерістерге қатысты жүруде. Осындай жағдайда ұлттық тарихты оқшауламай, мазмұны ұлттық тарихтың шындығын қайта жаза отырып, оны зерттеуде қолданылатын әдістер мен әдістемелердің ғылымдағы ортақтығына көңіл бөлеміз. Кеңес дәуіріндегі тарихи білімдердің вакуумын толтыру объективтілікті, шынайылылықты, тарихилық пен нақтылықты субъективизмнің жетегіне кетпей, анықтау арқылы жүзеге асырылады. Сонымен бірге, нәтижелері мен зерттеу әдістерін пайдалану үшін басқа тарихи мектептердің ғылыми әлемдегі танымал тұжырымдамалары мен бағыттарының жетістіктерін есепке аламыз. Бұндай ұстаным ұлттық тарихты әлемдік құбылыстардан оқшауламауға, ұлттық деңгеймен шектелмей, отандық тарихтың зерттелмеген бос кеңістігін толтыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанның тарихи демографиялық мәселелерін зерттеудің өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, осы кезеңге дейін жарияланған зерттеулерде кеңес өкіметі тұсындағы Қазақстандағы көші-қон Одақ көлеміндегі тұтас үдерістің құрамдас бөлігі ретінде көрсетілді. Ал, біздің зерттеуімізде республикадағы көші-қон құбылыстары республикалық үрдістер тұрғысынан ғана қарасты-рылды. Көші-қон тақырыбындағы маркстік-лениндік әдіснамаға негізделген бағалаулардың нақты бейнесі көрсетіліп, мәселе өркениеттілік әдіснамаға [2, с. 17] сүйенген ұлттық мүдде тұрғысынан қарастырылады. Диссертацияда өткеннің жетістіктерін жоққа шығармай, кемістіктерін көрсете отырып, елдің тарихын тұжырымдамалық тұрғыдан қайта пайымдау әрекеті жасалады. Осы мақсатта, біріншіден, кеңес дәуірінде Қазақстанда жүрген көші-қон үдерістері мен оның категориялдық ұғымдары нақтыланды. КСРО-ның құрамындағы Қазақстандағы барлық үдерістер одақтық мәселелердің жиынтығында ұлттық түрден ада, одақтық маңызды мәселелердің бір бөлігі ретінде баяндалатын. Көші-қон мәселесіне тікелей және жанамалай түрде қатысты осы кезге дейін жарияланған зерттеулерде кеңес дәуірі кезіндегі көші-қон қозғалысының түрлері одақтық көзқарас тұрғысынан республика аралық және республика ішіндегі және халықаралық деп бөлінсе, енді жеке мемлекеттік көзқарас тұрғысынан көші-қон қозғалысын сыртқы және ішкі деп екі түрге бөле отырып қарастырамыз. Сыртқы көші-қонға өзге республикалармен арадағы көші-қон мен КСРО-дан тыс шет мемлекеттермен көші-қон айырбасын жинақтаймыз. Сонан соң олардың әрқайсысын бағыттарына байланысты топтастырып, әр топтағы көші-қон түрлерінің тарихи кезеңдердегі ерекшеліктерін, ортақ белгілері мен нәтижелерін нақтылаймыз. Бұл кеңес дәуірі тұсындағы Қазақстандағы көші-қон тарихының шынайы мәнін ашып, оның халықтың сандық және сапалық құрамындағы өзгерістеріне әсерін анықтауға және әрбір кезеңдегі көші-қон үдерістерінің халықтың этнодемографиялық дамуындағы негізгі үрдістері мен заңдылықтарын талдауға көмектеседі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   27




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет