Кіріспе
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақстан Республикасының ішкі-сыртқы көші-қон саясатын ғылыми негізде жемісті жүргізу үшін өткен кезеңдегі бұл үдерістің қыры мен сырын анықтап алу өте маңызды. Себебі, ғаламдану кең қанат жайған сайын күрделене түскен тәуелсіз республикадағы көші-қон үдерісі кеңес дәуіріндегі көші-қонның этно-демографиялық салдарларымен тығыз ұштасқан. Сондықтан, бұл жұмыста кеңес дәуірі тұсындағы мемлекеттің ұстанған саясатына орай жүрген көші-қон үдерістерінің барысы мен нәтижелері, кемшіліктері, қателіктері, зардабы мен тәжірибелік маңызы көрсетіліп, тарихи-демографиялық салдарлары қарастырылады.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Елбасымыз 2010 ж. халыққа Жолдауында 2020 ж. қарай республика халқының саны 10 пайызға өсуі үшін мемлекет барлық мүмкіндіктерді жасайды [1] деп, қазіргі кезеңдегі еліміздің дамуының басымдылық бағытына ерекше көңіл бөлді. Табиғи өсіммен бірге көші-қон мәселесінің сабырлы саясаттың, тұрақты экономиканың, құқықтық қатынастардың, ұлтаралық достық пен келісімнің негізгі тіректерінің бірі ретіндегі рөлі көтерілуде. Еліміздегі демографиялық ахуалда оң өзгерістерге қол жеткізу үшін көші-қон мәселесіне басымдылық беріп, табиғи өсімді ынталандыру – мемлекетіміздің демографиялық саясатындағы басты бағыттарының бірі болып табылады.
Кеңес дәуірі тұсындағы идеологиялық ұстаным зерттеушілерді елдің әлеуметтік-демографиялық ахуалының нақты бейнесінен хабар беретін некелік жағдай, ажырасқандар, туу мен өлім-жітім мәселелері, олардың өзгерістері, ең алдымен оның этностық ерекшеліктері мәселелерін ғылыми зерттеуден алыстатты. Ал, көші-қон үдерістерінің жоғары аталған демографиялық өзгерістеріне ықпалын көрсету тіпті де мүмкін болмады. Өйткені демографияға формациялық дамудың марксистік-қоғамтанушылық тұжырымдамасы таңылып, халықтану саласындағы зерттеулердегі құрғақ сандар ұлттық және жалпы адамзаттық мүддеден көрі таптық мүддеге қызмет етті.
Кеңестік жүйенің ыдырауымен ХХ ғ. өн бойында қазақ халқы басынан өткізген демографиялық апаттардың саяси факторларын ашудың ұлттық болмысты сақтап, дамытудағы маңызының зор екендігі тек тарихшы ғалымдардың ғана емес, сонымен қатар басқа да қоғамдық ғылым салалары өкілдерінің алдындағы міндеттің біріне айналды. Бүгінгі таңдағы республикадағы демографиялық ахуалдың астарының өткен дәуірлермен тығыз байланыста жатқандығы жайында нақтылы мәліметтер мен ғылыми тұжырымдар көпшілік қауым назарына ұсыныла бастады. Көпұлттардың өкілдері бар Қазақстандағы демографиялық ахуал елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени даму ерекшеліктерімен тығыз байланыстырылып, жеке зерттеле бастады. Соның ішінде, мемлекет құраушы ұлт - қазақтардың тарихи тағдырының Қазақстанды отанына айналдырған көптеген өзге ұлт өкілдерінің тағдырымен астаса дамуының шынайы тарихы ашылуда. Ал, тарих – халықтың зердесі. Ол болып өткен, оны түзете алмаймыз және жақында ғана жасалып келгеніндей, билікке жағынып, бір түсін екіншісімен ауыстырып, жаңаша жаза алмаймыз. Біз оны бүкіл қайшылықтарымен, қаһармандық немесе қайғылы беттерімен қоса, ол қандай болса нақ солай, бүкіл алуан түрлілігімен, тұтас күйінде қабылдауға тиіспіз. Отандық тарих ғылымының салалары ішіндегі кеш дами бастаған бөлігі болғандықтан, тарихи демографиялық зерттеу жұмыстары халықтану бағытындағы өзекті мәселелердің түбіне жетпек түгіл, үстіңгі қабатын қарастырып біткен жоқ. Соның бірі – кеңес дәуірі кезіндегі көші-қон үдерісі және оның этно-демографиялық нәтижелері мен салдарлары мәселесі.
ХХ ғ. Қазақстанның демографиялық дамуындағы басты ерекшелік – халықтың сандық және сапалық динамикасында табиғи өсімнің емес, көші-қон үдерісінің ықпалының басты рөл атқаруы. Ғасыр бойы жүрген көші-қон халықтың көп ұлттық құрылымын қалыптастырып қана қоймай, республиканың саяси-әлеуметтік, экономикалық даму ерекшеліктерін айқындап, қазақ ұлтының дәстүрлі даму бағыттарына күрделі өзгерістер енгізді. Сонымен бірге, көші-қон үдерістерінің көлемі, бағыттары мен негізгі үрдістері Қазақстанның жеке аймақтарының әлеуметтік, экономикалық және демографиялық даму ерекшеліктерінің қалыптасуына да әсерін тигізді.
Тарихи демографиядағы ұлттық фактор, ең алдымен, қазақ ұлтының дамуына қатысты. Тарихи-географиялық жағдайлар қазақтарды екі алып халықтың, екі ұлы мемлекет – Ресей мен Қытайдың жақын көршілері болуға алып келді. Осының өзі Қазақстан тарихында өшпес із қалдырып, тіпті қазақ халқын ХХ ғ. бірінші жартысында ұлт ретінде сақталып қалу немесе жойылып кету дегенге жақын демографиялық апаттарға ұшыратты. Ендігі жерде қазақтың кең байтақ даласын халыққа толтыру деген ұғым біздің көршілеріміздің саяси мақсатына айналмауы үшін, мемлекетіміздің көші-қон саясаты мен этно-демографиялық дамуының ХХІ ғ. болашағы мәселесін нақтылау үшін, Қазақстанның кеңес дәуіріндегі демографиялық тағдырының көші-қон қозғалыстарының барысы мен нәтижесіне қатысты заңдылықтары мен ерекшеліктерін анықтау қажеттілігі тақырыптың өзектілігін көрсетеді.
Халықтың көші-қоны тақырыбы экономикалық, саяси, тарихи, құқықтық тұрғыдан жарияланған еңбектерде қамтылғанымен, оның барысының кеңестік биліктің ұлттық және әлеуметтік саясатымен тікелей байланысты болғандығы тарихи демография ғылымы тарапынан арнайы зерттелінбеді. Көші-қон үдерісінің нәтижесінде одақтас республикалар халқының құрамындағы жергілікті ұлттар үлесінің төмендеуі, еңбек ресурстарының қайта бөлінуіндегі келімсек ұлттар өкілдері үлесінің артуы және т.б. туралы зерттеулердің жүргізілуі КСРО-ның ішкі және сыртқы саясаты үшін де тиімсіз болды. Өйткені, КСРО-дағы ұлтаралық қатынастар мәселесінде қалыптасқан ұғымдарға қайшы келетін мәліметтер социалистік өмірдің шынайы мәнін ашуы сөзсіз еді. Сондықтан, тарих ғылымында толыққанды зерттеу нысаны болмаған кеңес дәуіріндегі Қазақстандағы көші-қон үдерістерінің динамикасы мен демографиялық салдарлары тақырыбын жаңаша, тың әдістемелік тұжырымдама тұрғысынан зерттеу өзекті болып табылады.
Көші-қон мәселесі қай кезеңде болмасын өзекті. «Ұлын – Ұрымға, қызын – Қырымға» аттандырып, талай көші-қонды басынан өткізген қазақ елінің тарихи дамуындағы жаңа – тәуелсіздік жылдарындағы сатысы ғаламдану үдерісімен бірмезгілде қатар жүруде. Халықтың әлеуметтік-демографиялық даму деңгейі оның мекендеген ортасы, географиялық орналасқан жері, өмір сүретін елінің мәртебесі мен саяси-экономикалық даму деңгейі, әлеуметтік-мәдени ахуалы, әлеуметтік-құқықтық қамсыздандырылуы және т.б. тыныс-тіршілігінің барлық салаларымен өзара тығыз байланысты. Осындай кешенді фактор көші-қонның себептеріне, көлеміне, бағыттары мен салдарларына әсер етсе, көші-қон, керісінше сол факторлардың туындауы мен кез-келген мемлекеттің ішкі және халықаралық көлемдегі даму деңгейінің өзгерістеріне ықпал етеді. Жаһандану кең қанат жайған кезеңде Қазақстанда көші-қон үдерісінің жаңа түрлері пайда болып, көлемі, мәні, барысы, маңызы және салдарлары күрделенген сайын көші-қон мәселесін зерттеудің қажеттілігі мен өзектілігі күшейе түсуде. Бұл халықаралық ЕҚЫҰ (ОБСЕ) секілді ұйымға төрағалық етудегі Қазақстан Республикасы мысалында анық көрінуде.
Әлемдік құндылықтарға бай ұлттар мен халықтар өкілдерінің біртұтас жүйесі болып табылатын республика халқының көпэтностық құрамы елде демократияның одан ары дамуына мүмкіндік беретін артықшылық. Себебі, бір мемлекетте әр түрлі халықтар мен ұлттар өкілдерінің бейбіт өмір сүруі қоғамды демократияландырудың негізгі белгілерінің бірі. Мемлекет құраушы қазақ ұлты қоғамымыздағы барлық этностық топтар мүшелерімен иық тіресе, азаматтық мемлекет құруда. Сондықтан көші-қон үдерісінің кеңестік дәуірдегі ерекшеліктерін, салдарлары мен тәжірибесін тұжырымдамалық тұрғыдан қайта пайымдаудың республика халқын азаматтылық пен патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатындағы өзектілігі жоғары.
Тақырыптың ғылыми, іс-тәжірбиелік және мемлекеттік маңыздылығы – өткен тарихи тәжірибені, оның нәтижелері мен салдарларын ескеріп, елдегі барлық этностар мүддесінің сақталуын қадағалау арқылы мемлекеттің көші-қон саясатының жолдарын ашып, бүгінгі таңдағы тұрғындардың көші-қондық қозғалыстарының себептерін нақтылауда. Сонымен бірге, ара-тұра түсініспеушіліктерден туындайтын ұлтаралық қатынастағы келіспеушілік құбылыстардың алдын алып, ұлтаралық қақтығыстарды болдырмау үшін де кеңес дәуіріндегі көші-қон саясатын, үдерістің барысын, нәтижелерін тарихилылық, нақтылық, объективтілік, шындық қағидалары тұрғысынан зерттеп, халыққа насихаттау қажет. Осылайша, біз тәуелсіз Қазақстанның өмір шындығына сай тарихын жазып, «Қазақстан Республикасында тарихи сана қалыптастырудың тұжырымдамасын» жүзеге асыруға үлес қосамыз.
Сонымен, кеңес дәуіріндегі көші-қон үдерістерінің демографиялық салдарларының шынайы бейнесін ашу қажеттілігі тақырыптың өзектілігінен туындады.
Достарыңызбен бөлісу: |