Құдайбергенова Айжамал ибрагимқызы



бет14/27
Дата01.04.2022
өлшемі371.5 Kb.
#456557
түріДиссертация
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   27
«1939-1945 жж. көші-қон үдерісі: факторлары, түрлері мен нәтижелері» атты тарауда көші-қон үдерісінің үшінші кезеңдегі тарихи факторлары, түрлері мен салдарлары, көші-қон үдерісінің Қазақстан халқының демографиялық дамуына тигізген әсері қарастырылады.
Екінші дүние жүзілік соғыс жылдарындағы көші-қон үдерістерін саяси мәніне, қарқындылығы мен бағыттарына қарай топтастыра отырып, республика шаруашылығын көтеру мақсатында жүргізілген көші-қон, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы майданға мобилизациялау мен демобилизациялауға негізделген көші-қон; халықтардың эвакуациясы мен реэвакуациясы; этникалық белгілеріне қарай тұтастай халықтарды жер аудару – депортация; еңбек армиясының қатарын толықтыру мақсатындағы, соғыс тұтқындарының әкелінуіне негізделген көші-қон және т.б. түрлері талданды. Сырттан келген көші-қоншылар есебінен бұл жылдары халқының өсу қарқыны жөнінен Қазақстан КСРО бойынша тұрақты бірінші орында болды (одақтық көрсеткіштен 7 есе артық). Қазақстан халқы 1939 ж. 6151 мың адамнан 1945 ж. 5805 мыңға түсіп, 346 мың адамға немесе 5,6%-ға кеміді. 1941-1945 жж. Қазақстан халқы
599,8 мың адамға немесе 10%-ға кеміді. 1946 ж. 1 қаңтарында есептелінген 5933,8 мың адам 1941 ж. 1 қаңтардағы мөлшердің 92,4%-ы болды [32].
Республика ішіндегі көші-қон одақтық қажеттілікке тәуелділікте жүрді. Мысалы, өз бастауын патшалы Ресейдің отарлау-қоныстандыру саясатынан алған Мырзашөлді игеруге негізделген науқанға байланысты көші-қон, кен орындары мен өндіріс орындарының құрылысы және оны игеру сыртқы көші-қонмен бірге ішкі көші-қонды да белсендірді. Ішкі көші-қон сырттан келгендердің кейін аймақтарда орын ауыстыруларынан, республика халқының өз ішіндегі көші-қондық қоғалыстарынан, халықтың экономикалық, әлеуметтік жағдайы мен соғыс жағдайына бейімделген қатаң тәртіптің ашаршылыққа душар еткенінен туындады. Соғыс жылдарында оның қарсаңында басталған жоспарлы қоныстандыру шаралары тоқтатылды.
Көші-қон үдерістерінің ауқымы, барысы мен нәтижелері, сол қозғалысқа итермелейтін себептері тарихи кезеңдеріне орай алуан түрлі болып келеді. Мысалы, соғыс жылдарында тұтастай «қауіпті» халықтарды күштеп жер аударулар жаңа, ерекше қарқынмен және қатыгездікпен жүргізілді, сондай-ақ, мобилизация мен демобилизация, өнеркәсiп орындарымен бiрге халықтың эвакуациясы мен реэвакуациясы және ішкі көші-қон шұғыл түрде жүрді.
Соғыс жылдарында Қазақстанға келген көші-қоншылардың басым бөлігі (1939 ж. 55,3%-ы, 1941 ж. 41,3%-ы және 1946 ж. 51,7%-ы) тұрақтап қалды. Тек, реэвакуация белсенді жүрген 1944 ж. ғана көші-қон 59,4 мың адамдық кері айырымды көрсетіп, осы жылғы көші-қоншылардың тұрақтану коэффиценті -38,7%-дық кері айырымға тең болды.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағи табиғи қозғалыстың негізгі үрдісін анықтауда көптеген зерттеулер туу төмендеп, өлім-жітім өсті, сол себепті табиғи өсім төмендеді деп көрсетеді. Осы жерде анықтап кетер жай, табиғи қозғалыс көрсеткішін талдасақ, онда табиғи өсім мен туу көрсеткішінің кемігені нақтыланады да, бірақ өлім-жітімнің өскені дәлелденбейді. Керісінше, соғыс жылдарында өлім-жітім көрсеткіштері де төмендеген.
1943 ж. және 1944 ж. республика халқының өсу үрдісі екі жыл бойы тоқтап қалды, ал 1944 ж. бойғы реэвакуация мен табиғи өсімнің төмендігі
1944-1946 жж. республика халқын 104, 1 мың адамға кемітті [32].
1941-1945 жж. республикаға 1257,6 мың адам келіп, 902,2 мың адам кетіп,
255,4 мың адам (келгендердің 20,3%-ы) тұрақтады [33]. Ауыл халқының саны кеміп, қала халқы көші-қон есебінен 13,3%-ға өсіп, 1939 ж. (27,7%) салыстырғанда 1945 ж. (37,8%) үлесі 11,1 пунктке көтерілдi. Соғыстан кейінгі жылдары да эвакуацияланғандар қайтып жатты, бірақ механикалық қозғалыс өзінің оң көрсеткіш көрсетуін жалғастырды: 1946 ж. Қазақстан халқы көші-қон есебінен 164,0 мың адамға өсті.
Екінші дүние жүзілік соғыс жылдарында елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайымен тығыз байланыста жүрген көші-қон республика халқының көпұлттану үдерісін жеделдетіп, халықтың жастық-жыныстық құрамындағы арасалмақты өзгертті. Осы кезден бастап, жастық-жыныстық құрылымның арасалмағында әйелдердің, қарттар мен балалардың үлесі басым бола бастады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   27




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет