Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатынан 141 – БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитетінің құжаттары жинақталған қор, 708 – Қазақстан Комунистік Партиясының Орталық Комитетінің құжаттары сақталудағы қор және т.б. қорлар құжаттары да жұмыс барысында қолданылды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағаты тәуелсіз Қазақстанның статистикалық қызметінің құжаттары жинақталған 53 – Қазақстан республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің Көші-қон жөніндегі комитеті деп аталатын, 64 – ҚР Статистика жөніндегі агенттігі деп аталатын қорлар құжаттары кеңестік дәуірдегі көші-қон үдерістерінің тәуелсіздік жылдарындағы үрдістерге әсерін, бағыттары мен нәтижелерін салыстыруда құнды болып табылады.
Ресей Мемлекеттік Экономикалық мұрағатында КСРО Министрлер кеңесінің жанындағы Орталық статистикалық басқарманың 1931-1948 жж. арасындағы статистикалық материалдары жинақталған 1562-қордың 329-шы (1937 ж. БХС) және 336-тізбелерінен (1939 ж.) 1937 ж. және 1939 ж. санақтар мәліметтерін алуға болады. 1937 ж. Бүкілодақтық бір күндік халық санағы қате деп жарияланып, оны ұйымдастыруға, өткізуге қатысқан адамдардың көпшілігі репрессияға ұшырап, мәліметтері жойылып, тіпті мұрағат қойнауларына да мардымсыз бөлігі түскен болатын. Сондықтан, 1937 ж. санақтың мұрағаттарда сақталынған мәліметтері тіпті құнды. Ал, 1939 ж. өткізілген халық санақтың материалдары да тек 1990-жж. жарық көре бастады. Санақтың Қазақстанға қатысты бөлігі толығымен Мәскеудегі Ресей мемлекеттік экономика мұрағатының (РМЭМ) қойнауында қалып, осы күнге дейін жарық көрмеген. Қазақстан Республикасы мемлекеттік мұрағатында аз ғана бөлігі сақталған. Сондай-ақ, осы қорда 1931-1948 жж. халықтың механикалық қозғалысы КСРО бойынша берілген. Солардың ішінде Қазақстанға қатысты жалпы мәліметтер де бар. Сондықтан, санақ материалдарына көші-қон мәселесі енбеген жылдардағы бұл үдерістің ерекшеліктерін көрсетудегі мұрағат құжаттарының маңызы зор.
Ресей Федерациясы мемлекетік мұрағатының құжаттары да жұмыста кең қолданылды. 1235 – БОАК, 3316 – Төралқа секретариаты, 130 – РКФСР ХКК қорларында көші-қон қозғалысының барысы жайлы құжаттар сақталуда.
Ресей мемлекеттік әлеуметтік саяси тарихы мұрағатының 17 – БК(б)П ОК қорының құжаттары губерниялардың тарихи кезеңдерге сай экономикалық және саяси жай күйлері, жергілікті ұлт өкілдері мен басқа да көшіп келіп қоныстанған ұлт өкілдерінің жерге орналасуы, сандық құрамы, әкімшілік бірліктер бойынша орналасуы жайлы мәліметтер береді. Осы қорда (33-тізбе) 1920-жж. Қазақ АКСР-дегі жер мәселесі, қоныстанушылар мен жергілікті халықтың жерді бөлуге байланысты арақатынасы, губерниялардағы ашаршылықтың көлемдері жайлы да мәліметтер бар.
Сонымен бірге Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстық мұрағаттар қорларындағы құжаттармен де жұмыстар атқарылды. Айта кетер жайт, 1950 жж. дейін статистикалық мәліметтердің негізгі дені көбінесе қызмет бабында пайдаланылып, көп жариялана қоймағандықтан мұрағат құжаттарында сақталған статистикалық материалдар ерекше құнды.
2) Жұмыстың деректік негізін жарияланбаған және жарияланған статистикалық жинақтар мен ағымдық статистикалық материалдар құрайды. Оларды мерзімді реттілікпен: революцияға дейінгі, кеңес дәуіріндегі және тәуелсіздік жылдарындағы деп қарастырдық. Бұл әдіс қоғамның белгілі бір тарихи даму сатысындағы ақпаратқа деген қажеттілігі мен статистиканың даму дәрежесін ескеруге мүмкіндік береді. Бұл, әрине, статистикалық деректерді мерзімдік шеңбер ішіндегі қажеттілігіне, маңыздылығына, өкілеттілігіне, өңделу кезіндегі сәттерді анықтауға және баяндалуына байланысты сұрыптауға кедергі келтірмейді.
3) Халықтану саласында жалпы мағлұмат алудағы санақ материалдарының рөлі ерекше. Себебі, ешбір басқа статистикалық мағлұматтар толыққанды мәлімет бере алмайды. Халық санақтарында ғана халықтың саны, ұлттық құрамы, тууы, өлім-жітімі, көші-қоны, жастық-жыныстық, біліми және кәсіби құрамы туралы нақты көрсеткіштер бар. Санақ материалдарының, әсіресе ХХ ғ. алғашқы жарты жылында өткен санақтар материалдары баспа бетінде толық жарияланған жоқ. Бұл, әсіресе, 1920 ж., 1937 ж., 1939 ж. және 1959 ж. санақтарға қатысты. Ал, 1937 ж. санақ қорытындысы өте құпия сақталған, материалдары жарияланбақ түгіл, негізінен жойылып, санақты жүргізгендердің басшы бөлігі репрессияға ұшырады. Көптеген ұйымдастырушылық жұмыстарға кеткен шығындарға қарамастан, санақ қорытындысы дұрыс емес деп табылып, оған қатынасқандардың көпшілігі атылған. Бұл санақтың материалдары өңделмей, баспасөзде жарияланбай, мұрағаттарда қалып қойды. Соған қарамастан, санақтардың жарияланған материалдарында Қазақстан халқының табиғи және механикалық қозғалысының, санының, ұлттық, әлеуметтік, жастық-жыныстық, біліми-мәдени, мамандықты және т.б. құрамының көрсеткіштері жайлы кездесетін мәліметтер халықтың көші-қон үдерісінің тарихи демографиялық салдарларын көрсетуде таптырмас дерек болып табылады. Санақ материалдарын мұрағат қойнауларында жинақталып, сақталған құжаттармен бірге салыстыра және толықтыра отырып, еліміздің тарихында болып өткен, халық дамуындағы өрлеулер мен тарихи демографиялық дағдарыстардың шынайы бет-пердесін ашатын толыққанды мәліметтер ала аламыз.
Сонымен бірге, диссертациялық жұмыстың деректік негізін құраған:
4) көші-қон үдерісін реттеуші заңнамалық құжаттар; 5) кеңес өкіметі мен үкіметінің, Қоммунистік партияның қаулы-қарарлары мен шешімдері;
6) тақырыптың мерзімдік шегіндегі көші-қон үдерісінің барысын, ерекшеліктері мен нәтижелерін айғақтайтын құжаттық деректер жинақтары; 7) баспасөз материалдары, кеңес дәуірінде, тәуелсіздік жылдарында көші-қон мәселесі көтерілген мақалалар, хабарламалар және т.б. деректер сын көзбен, өзара салыстырыла пайдаланылды.
Қорыта айтқанда, зерттеуде пайдаланылған деректер кеңестік кезеңдегi республика тұрғындарының көшi-қонының негізгі бағыттары мен үрдістерін, демографиялық салдарларын ашып көрсету, көші-қон саясатына баға беру, қазақтар мен Қазақстанды мекендеген басқа да ұлттар өкілдерінің әлеуметтiк-демографиялық даму динамикасын, көші-қонының ерекшелiктерiн, ол үдерістің мәдени, экономикалық, этникалық, тарихи факторлармен өзара әсерін көрсету бағытында бірін-бірі толықтырып, нақтыландырды.
Достарыңызбен бөлісу: |