Құдайбергенова Айжамал ибрагимқызы


«1970-1991 жж. көші-қон және оның халықтың әлеуметтік-этно-демографиялық дамуына әсері»



бет17/27
Дата01.04.2022
өлшемі371.5 Kb.
#456557
түріДиссертация
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   27
«1970-1991 жж. көші-қон және оның халықтың әлеуметтік-этно-демографиялық дамуына әсері» бөлімінде 1970-1991 жж. қамтыған алтыншы кезеңдегі көші-қон үдерісінің халықтың әлеуметтік және этно-демографиялық ерекшеліктеріне әсері талданады.
Бұл кезеңнің ерекшелігі – ХХ ғ. өн бойында сырттан келуші көші-қоншылардың қозғалысы осы уақытқа дейін ішке бағытталса, енді Қазақстанға өзге республикалардан келушілер саны азайып, көші-қон үдерісі халық санының өсіміндегі шешуші рөлінен айрыла бастады. Қазақстандағы ХХ ғ. басынан жалғасқан көші-қон үдерісінің қарқыны бәсеңдеп, бағыттары Қазақстаннан кері бұрылды. Әлі де жоспарлы түрде қоныстандыру және басқа да мемлекеттік шаралар негізіндегі көші-қон үдерісі жалғасқанымен, осы кезді сонау ХVIII ғасырдан Қазақстанға қарай ағылған көші-қон бағытының кері бұрылу межесі деп алуға болады. 1970-1979 және 1980-1989 жж. көші-қон есебінен республика халқы жылына орта есеппен, тиісінше, 5‰ және 7‰-ге өсті. РКФСР-ден басқа одақтас республикалармен көші-қон айырбасында теріс айырым көріне бастады. Оған себеп болған факторлар – ұлттық сана сезімнің оянуы, халық шаруашылығында қазақ ұлттық мамандарының үлесінің өсе бастауы, басқа ұлт өкілдерінің өз отандарына қайтуы және т.б. Бұл кезеңде Қазақстан халқының демографиялық мінез-құлқында да өзгерістер жүрді. Көп балалы отбасыдан аз балалыққа өту, бала тууды сандық жағынан реттеуге негізделген бағыт осы кезеңнен бастау алды.
1968-ж. бастап орыстардың, украиндардың, 1980-жж. немістердің кері көші-қоны осы ұлт өкілдерінің сандық өсімінің қарқынын төмендетті. 1970-жж. бастап, КСРО-ның европалық бөлігінен келуші көші-қоншылар әлеуетінің сарқыла бастауы, көші-қон қозғалысында теріс айырымның тұрақтылығы мен қайтуға бейім көші-қондық көңіл-күй табиғи өсім көрсеткіштерін төмендете бастады: табиғи өсім коэффициенті 1970 ж. 17,4‰ болса, 1980 ж. 15,9‰, 1990 ж. 14,0‰, 1991 ж. 13,0‰ болып төмендеп, одан кейінгі тәуелсіздік жылдарында құлдырап, 1999 ж. 4,3‰-ге дейін түсті [37]. Славяндық этностар үлесі 1970 ж. 38 %-дан 1989 ж. 31%-ға дейін төмендеді. 2009 ж. қарай, Қазақстан халқының құрамында қазақтардың 63,1%-дық үлеске ие болуы ендігі жерде Қазақстан халқының демографиялық мінез-құлқын айқындауда қазақтардың шешуші және тұрақты рөл атқаратынын негіздеді.
Осы бөлімде сыртқы және ішкі көші-қондағы негізгі үрдістер аймақтар мен этностар бойынша сараланады. 1970-1991 жж. Ресей, Украина, Белоруссия және Прибалтика республикаларымен көші-қон айырбасы есебінен республика 1,5 миллион адамынан айрылды. Ішкі көші-қонда 1980 жж. солтүстік және шығыстан оңтүстікке көшу байқалса, 1990-жж. көші-қон тасқыны оңтүстіктен батыс, солтүстік және шығысқа қарай ағылған.
Жұмыста қарастырылып отырған кезеңдегі Қазақстан халқының сан жағынан өскенін көрсете отырып, көші-қон үдерісінің экономиканың дамуына, еңбек өнімділігінің артуына, адамдардың әлеуметтік-тұрмыс жағдайларының жақсаруына және т.б. көптеген факторларға елеулі түрде тәуелді екендігі, соның ішінде экологиялық апат аймақтарындағы көші-қон қозғалысының ерекшеліктері қарастырылды.
Халықтың жастық-жыныстық құрамында, 1970-1989 жж. ерлердің өсу қарқыны әйелдерге қарағанда 3 %-ға төмендеді (тиісінше, 43-46%). 1979-1989 жж. ер және әйелдердің еңбекке қабілетті жастағыларының үлесі, тиісінше, 1979 ж. 35 және 31,5 % болса, 1989 ж. 32% және 28 % болып төмендеді.
Жұмыста көші-қон үдерісі мен табиғи қозғалыс арасындағы өзара байланыс аймақтар мен этностар бойынша салыстырыла талданады. 1970-1989 жж. қаладағы қазақтардың үлесі 27%-ға (1391,0 мың адамға) артты. Халық құрамындағы қазақтар үлесі табиғи өсімі мен орыс, басқа ұлт өкілдерінің өсімінің төмеңдеуі есебінен болды. 1959-1979 жж. қазақ және орыс әйелдерінің жас топтарын салыстырсақ, қазақ әйелдерінде бала туу көрсеткіштері:
20-24 жастағыларда 1,3 есе, 25-29 жастағыларда 2,5 есе, ал, 30-34 жастағыларда 4 есе жоғары болды. Орыс әйелдерінің нәтижелі жасы 20-24 болса, қазақ әйелдерінде 30-34 жастағылар көрсеткіші өте жоғары. Орыс әйелдері негізінен 1-2 баламен шектелсе, қазақ әйелдерінде 4 және одан кейінгі реттегі балалардың дүниеге келуі басым болды. Қазақтары басым оңтүстік және батыс аймақтарда бала туу коэффициенті жалпы республикалық көрсеткіштен жоғары: респуб-ликада 1970 ж. – 23,4‰, 1980 ж. – 23‰ болса, облыстар бойынша, Шымкентте – 29,8‰ және 29,5‰, Қызылордада – 28,9‰ және 30,6‰, Маңғыстауда – 29,5‰ және 27,7‰, Гурьевте – 28,8‰ және 27‰, Ақтөбеде – 26,7‰ және 25,6‰, Жамбылда – 26,6‰ және 26,1‰ болды. Ал, славян ұлттары басым тұратын облыстарда, керісінше: Шығыс Қазақстанда – 18,7‰ және 20,1‰, Қарағандыда – 17,8‰ және 18,9‰, Солтүстік Қазақстанда – 20,1‰ және 21,4‰ [40].
Сонымен, 1959-1991 жж. көші-қон векторларының бағыты өзгеріп, республика ішіндегі көші-қон ұлғайды. Халық өсімінде табиғи қозғалыстың шешуші рөлі көтерілді. Демографиялық үдерістердің басты белгісі – Қазақстанның қала халқы құрылымында орыс халқы мен тұтасынан алғанда славян өкілдерінің үлесі төмендеп, қазақ және басқа да түркi халықтарының үлесі артты.
Тараудың «Қазақстанның тәуелсіздік алу қарсаңындағы көші-қон үдерістерінің ерекшеліктері» бөлімінде алтыншы кезеңнің жалғасы ретінде 1989-1991 жж. елдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік және демографиялық ахуал мен көші-қон үдерісінің өзара әсері қарастырылды. 1968 ж. басталып, 1980-жж. тұрақты үрдіске айналған көші-қон қозғалысындағы кері айырым тәуелсіздік жылдарында (2004 ж. дейін) көші-қон векторының сыртқа бағытында берік орын алды.
1980-жж. екінші жартысынан бастап елдегі жариялылықпен қатар келген тарихи шындықтардың ашыла бастауы, ұлттық сезімге негізделген бастамалардың жазалануы (1986 ж. Желтоқсан оқиғасынан кейінгі саяси және әлеуметтік ахуал) республика аймағында еңбек етуге жарайтын жастағы адамдардың 80-82%-ын көші-қон қозғалысына түсірді. Көші-қонның республикадан сыртқа бағытталуы жыныстық арасалмаққа да өзіндік әсерін тигізді. 1989-1991 жж. сыртқы көші-қон 272,4 мың адамға теріс айырым көрсетті. Бірақ, 1989-1991 жж. арасындағы табиғи өсім республика халқының санының өсуін қамтамасыз етті.
Республика ішілік көші-қонға келсек, оның негізгі бағыттары 1926-1980 жж. солтүстік және солтүстік-шығыстан оңтүстік облыстарға бағытталса, 1980-жж. соңында оңтүстіктен солтүстік облыстарға қарай жүре бастады. 1989-1991 жж. республикаішілік көші-қон ерекше екі бағытта белсенді түрде жүрді: Алматы қаласы мен облысы, солтүстік және орталықтағы – Ақмола, Қарағанды және Павлодар, сондай-ақ, Қостанай, Ақтөбе және Маңғыстау облыстары. Республика ішіндегі көші-қон қозғалысына түскендердің ішінде қазақтар – 65%-ын, орыстар – 22%-ын құрады. Қазақстанның Оңтүстік және Батыс аймақтарындағы қазақтар өсімінің жоғарғы деңгейі, тұрғындар санының өсуі тоқырау кезіндегі демографиялық, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауымен тұстас келіп, республиканың оңтүстік аймағының тұрғындары өздеріне жайлы облыстарға көшті. Батыс және Шығыс Қазақстан қазақтары Алматы қаласы мен Алматы, Жезқазған, Торғай, Павлодар, Қарағанды облыстарына көшті. 1980-жж. соңында ұйымдасқан қабылдау қызметі төмендеп, қоғамдық шақырулар, мемлекеттік аграрлық қоныстандыру, республикааралық орталықтанған қоныстандыру тоқтатыла бастады.
1970-1991 жж. көші-қон қозғалысы республика халқын 2580,5 мың адамға кемітті. Бірақ, осы кезеңдегі табиғи өсімдегі 6117,1 мың адамдық оң айырым, халық санын 3536,6 мың адамға өсірді. Осылайша, көші-қон халық санын өсірудегі шешуші рөлінен айрыла бастады.
Сонымен, Қазақстан халқы Ресейге бодан болғаннан бастап, кеңес заманында да сырттан келген келімсектер көші-қоны нәтижесінде өсіп,
1897-1989 жж. төрт есеге жуық көбейді.
Кеңес дәуіріндегі сырттан келген көші-қон «тасқыны» 1990-жж. кері «тасқынға» негіз болды. Сырттан келген көші-қоншылар 1917-2004 жж. аралығында Қазақстандағы демографиялық ахуалдың жай-күйіне шешуші ықпал етті. 1970-жж. басталған халықтың сыртқа көші-қоны 1990-жж. ерекше күшейді. Егемендік алғалы бері Қазақстандағы сыртқы көші-қонға барлығы 5517,5 мың адам тартылды: 1991-2009 жж. 1657,7 мың иммигрант келсе, 3859,5 мың адам эмиграцияға кетіп, халықаралық көші-қон қозғалысындағы айырбас -2037,9 мың адамдық теріс айырымды құрады. Көші-қон үдерісінде 2789 адамға оң айырым көрсеткен 2004 ж. бері республика халқы өсе бастағанымен, 1991 ж. көрсеткішке (1991 ж. 16793,1 мың, 2009 ж. 16004,8 мың адам) жеткен жоқ [41]. 2004-2009 жж. Қазақстанға 1877,3 мың адам келіп, 1806,8 мың адам кетіп, барлығы 3684,1 мың адам қозғалысқа түсті. Айырым +70,6 мың адамға оң [42]. Шетелдерге қоныс аударушылар саны кейінгі жылдары төмендегенімен, мөлшері әлі де қомақты. Көші-қон үдерісі республиканың еңбек күшінің мамандықты-біліктілікті деңгейі мен елдің демографиялық, этникалық және әлеуметтік дамуына елеулі ықпалын тигізуде. Сондықтан, республикадан тарихи отандарына қайтудағы ұлт өкілдерінің сыртқа көші-қонын тоқтату, болмағанда азайту мемлекеттік маңызға ие.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   27




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет