Диссертацияның ғылыми жаңалығы
- Тақырыпты зерттеуде гуманистік таным заңдылығы, ұлттық және өркениеттілік құндылықтар тұрғысынан мәселені пайымдау тұжырымдамасы басшылыққа алынды;
- Қазақстандағы ХХ ғ. көші-қон үдерістері мен оның этнодемографиялық салдарлары алғаш рет тарихи себеп-салдар және сабақтастық тұрғысынан жан-жақты және кешенді түрде зерттелді;
- кеңестік дәуірдегі көші-қон үдерісінің демографиялық қырына қатысты жарияланған еңбектер тақырыптың зерттелу деңгейін көрсетіп, қол жеткен нәтижелері мен олқылықтарын анықтау үшін үш топқа топтастыра талданды;
- кеңестік дәуірдегі көші-қон үдерісі тәуелсіздік кезіндегі қазақстандық тарих ғылымының тұжырымдамалық ұстанымы тұрғысынан ашылған жаңа көзқарастарға сай алты кезеңге бөліне қарастырылды. Кезеңдерге бөлуде көші-қон қозғалысының бағыттары, барысы, көлемдері, қарқындылығы, сондай-ақ, халықтың сандық және сапалық құрамына, республиканың саяси-элеуметтік жағдайы мен этнодемографиялық дамуына тигізген әсері назарға алынды;
- кеңес өкіметі орнауы қарсаңындағы көші-қонның ерекшеліктері талданды: ішке Ресейдің орталық аймақтарынан шаруалар көші-қоны жалғасса, 1916 ж. көтерілісті басып-жаншу шараларынан сыртқа қашқан қазақтар көші-қонының демографиялық салдарлары анықталды;
- 1917-1926 жж. көші-қоншылардың лек-легімен келуінің өндірістендіру басталғанға дейін тоқтатылуына орай Қазақстанға көші-қонның саябырсу кезеңі деп атадық. Бұл кезеңде бұрынғы патша өкіметінің отарлауымен тұтасқан көші-қон саясаты жаңа кеңестік түрге ауысты. Қазақтар 1926 ж. санақта 58,5% болып, көпшілік мәнін сақтады.
- Ұлттық саяси элита өкілдерінің 1920-жылдардағы сырттан көші-қоншыларды келтіруге қарсы көзқарастары мен іс-шаралары талданды;
- 1917-1918 жж. болған ашаршылық кезінде Түркістан Республикасындағы қазақтардың 34,1%-нан айрылғаны, ерекше Сырдария облысы құрамындағы қазақ жерлеріндегі қазақтардың шығынының жоғары болғаны анықталды;
- 1926-1939 жж. өлкені экономикалық жағынан пайдалануды қарқынды көші-қон үрдістерімен ұштастырудың Қазан төңкерісінен кейінгі көші-қонның қайта өрлеген жаңа кезеңін бастағаны көрсетілді. Осы кезеңдегі саяси-демографиялық катаклизмдермен өзара байланысқан көші-қонның халықтың ұлттық, жастық-жыныстық, біліми құрамына тигізген әсері құпия болып келген мәліметтер арқылы сараланды;
- кеңес дәуіріндегі көші-қон үдерісінің құқықтық қамсыздандырылу мәселесі кезеңдер бойынша қарастырылды;
- Одақтық организмінің тетігі қызметін атқарған республикадағы 1939-1945 жж. сыртқы көші-қонның жаңа бағыттары мен түрлерінің Ұлы Отан соғысына байланысты үшінші кезеңдегі түрлері талданды. Ал, ішкі көші-қонда соғыс қарсаңында басталған жоспарлы қоныстандыру шаралары тоқтатылды;
- 1946-1959 жж. көші-қон үдерісі нәтижесінде қазақтар мен басқа да орыс емес ұлт өкілдерінің ана тілін игеруі, білім деңгейі, қала мен ауыл халқы арасалмағындағы үлесі, еңбекпен қамтамасыз етілуі, халық шаруашылығында қамтылуы секілді әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштердегі өзгерістері тереңдеді. Тың қазақты тұқыртып, 1959 ж. санақта 29,7%-ға түсірді. Ғасыр басынан санағанда, Қазақстандағы халықтың 70%-дайы сырттан келгендер болды. Көші-қон арқасында 1959 ж. 30 жасқа дейінгілер халықтың 62,5%-ы немесе республика халқының 2/3 бөлігі болды.
- 1959-1970 жж. Қазақстанға сырттан келушілердің көші-қоны аздап саябырлағандығы анықталып, бұл кезеңді көші-қон қозғалыстарының бәсеңдеу кезеңі деп атадық. Осы кезеңде орын алған «демографиялық жарылыстың» тұрғылықты ұлттың үлесін 2,9 пунктке көтергені, 1970 ж. қазақтардың 32,6%-дық үлесінен азшылық ұлт мәртебесінің жойылмағаны көрсетілді;
- 1970-жж. ғасырдан астам уақыт бойы қазақ жеріне бағытталған көші-қон қозғалысы кері бұрылды. Ресей мен КСРО-ның басқа республикаларынан Қазақстанға көшіп келушілер әлеуеті сарқылды. 1970-1991 жж. көші-қон үдерісінің халықтың сандық және сапалық өзгерістерге тигізген ықпалы мен осы кезеңдегі көші-қон үдерісінің ерекшелігі айқындалды;
- Қазақстандағы қалалану үдерісі және оның халықтың көші-қондық қозғалысының белсендірілуіне тигізген әсері мен ішкі көші-қондық қозғалысқа түскен топтардың ұлттық, жастық-жыныстық, біліми-мамандықты құрамы, орналасуы мен әлеуметтік жағдайларындағы ерекшеліктері ашылды;
- кеңес дәуіріндегі көші-қондардың ұйымдастырылу деңгейінің жетілді-рілмеуі ұлтаралық жанжалдардың тууына негіз болғанымен, көші-қон үдерісінің саяси, мәдени нәтижелері адамзат қоғамындағы ұлтаралық келісім, шыдамдылық, өзара көмек пен бейбіт қатар өмір сүру құндылықтарының орнығуына байланысты өзгерістерге ұшырағаны көрсетілді;
- Қазақстанның тәуелсіздік алу қарсаңындағы көші-қон үдерістерінің ерекшеліктері нақтыланды және т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |