Даму жоспары


Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуының түйінді бағыттары



бет3/6
Дата05.06.2016
өлшемі439 Kb.
#116599
1   2   3   4   5   6

Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуының түйінді бағыттары



Қазақстан 2020 жылы
Қазақстан 2020 жылы әлемдік дағдарыстан неғұрлым күшті және бәсекеге қабілетті, экономикасы әртараптандырылған және халқы белсенді түрде жаңа экономикаға тартылған елге айналады.

2020 жылға қарай Қазақстан ел экономикасының шикізат емес секторына едәуір шетелдік инвестиция тартуға мүмкіндік беретін қолайлы іскерлік ахуал қалыптасқан әлемнің бәсекеге барынша қабілетті елу елінің қатарына кіреді. Экономика келесі экономикалық дағдарыстарға жақсы дайын болады. Қазақстан шекаралас елдермен және басқа да мемлекеттермен өзінің саяси және экономикалық байланыстарын нығайтады.

2020 жылға қарай республикада әртараптандырылған экономиканы дамыту үшін қажетті адами ресурстарға, отандық кәсіпкерлер мен эспорттаушыларға қызмет көрсету үшін қажетті инфрақұрылымға ие болады. Көлік инфрақұрылым мен телекоммуникацияны қарқынды дамыту арқылы өзге әлеммен үзіліссіз байланыс қамтамасыз етіледі. Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету саласы тау-кен өнеркәсібімен қатар лайықты орын алады. Әлеуметтік салада және қоршаған ортаны қорғау саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіледі.

2020 жылға қарай Қазақстан экономикасы нақты мәнде алғанда 2009 жылғы деңгейінің1. үштен бірінен жоғары өсімге қол жеткізеді. Экономиканы әртараптандыру жөніндегі жоспарларды табысты іске асырған жағдайда экономиканың қайта өңдеу салаларының өсу көрсеткіштері 2020 жылға қарай өңдеуші салаларының өсу көрсеткіштерінен жоғары немесе соған тең болады.

Салмақты макроэкономикалық саясат жүргізу нәтижесінде 2020 жылға қарай алтын-валюта резервтерінің деңгейі (Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін қоспағанда) үш айлық импорттан немесе (қандай көрсеткіштің жоғары болатынына қарай) елдің мемлекеттік және корпоративтік секторларының қысқа мерзімді (1 жылға дейін) сыртқы борышынан төмен болмайды. Ұлттық қордың активтері ЖІӨ-нің кемінде 30 %-ін құрайды. Осы кезеңде инфляция орташа алғанда жылына 5-8 % деңгейінде ұсталып тұрады. Айырбас бағам саясаты қазақстандық экономиканың ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігінің теңгерімін қамтамасыз етеді.

2020 жылға қарай табысы ең төменгі күн көріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 8 %-ке төмендейді Халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері, әйелдер, балалар мен жастар өздеріне барынша қорғалғанын сезінеді және өздерінің қоғамдағы мүмкіндіктерін кеңейте алады. Балабақшадан университетке дейін сапалы білім беру бүкіл ел бойынша қол жетімді болады, халық денсаулығының жағдайы айтарлықтай жақсарады. Денсаулық сақтау қызметтері әлемнің үздік стандарттарына сай болады. Қазақстандықтар барынша салауатты өмір салтын ұстанып, темекі шегетіндер мен алкогольді асыра пайдаланатындар саны азаяды. Қоғамның тыныс-тіршілігінің барлық салаларында мемлекеттік тілді қолдану дәйекті және кезең-кезеңімен кеңееді. Әртүрлі этникалық топтар мен діни конфессия өкілдері ішкі тұрақтылық, қауіпсіздік, бейбітшілік пен келісім жағдайында өмір сүруін жалғастыратын болады.


Қазақстанның өркендеуінің, гүлденуі мен қауіпсіздігінің тұрақты тұғыры: түйінді бес бағыт
Таяу онжылдықта түйінді бес бағыт мемлекет қызметіндегі басымдықтар болады:

1) дағдарыстан кейінгі дамуға дайындық;

2) инфрақұрылымды индустрияландыру мен дамыту арқылы әртараптандыруды жеделдету есебінен экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету;

3) болашаққа салынған инвестициялар – тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізу, қазақстандықтардың өркендеуі мен әлеуметтік әл-ауқаты үшін адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

4) халықты сапалы әлеуметтік және тұрғын үй - коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету;

5) ұлтаралық келісімді, қауіпсіздікті, халықаралық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз ету.

Экономиканы қалпына келтіруге дайындық процесінде Қазақстан оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін реформаларды жеделдетіп іске асыруы керек. Бірінші түйінді бағыт – дағдарыстан кейінгі дамуға дайындық – бірінші онжылдық кезеңінде нәтиже беретін шараларды қамтиды. Бұл қолайлы бизнес орта құру, қаржы секторын нығайту және құқықтық жүйені жетілдіру.

Екінші түйінді бағыт шеңберіндегі іс-қимылдар елді үдемелі индустрияландыру бағдарламасын іске асыру және инфрақұрылымды дамыту нәтижесінде Қазақстан экономикасын әртараптандыруды жеделдетуге ықпал ететін болады. Бұл экономикалық үлгіні өзгертуге және экстенсивті, шикізаттық даму жолынан индустриялық-инновациялық дамуға көшуге мүмкіндік береді. Елді инфрақұрылымдық дамыту жоспарлары экономиканы үдемелі әртараптандыруға және елге шетел инвестицияларын тартуға ықпал ететін энергетика, көлік және телекоммуникация салаларын жаңғыртуға шоғырланады.

Адами ресурстардың саны мен сапасы кез келген елдің болашағын айқындайтын негізгі факторлар болып табылады. Адами капитал – бұл инновациялардың және экономиканың тиімділігін арттырудың негізгі қозғаушы күші. Үшінші бағыт – болашаққа салынған инвестициялар – Қазақстанның адами ресурстарының сапасын ұзақ мерзімді кезеңде арттыру үшін қажетті шараларды қамтитын болады.

Төртінші түйінді бағыт шеңберінде – азаматтар үшін қызмет көрсету – халықты әлеуметтік қорғау және тұрғын үй-коммуналдық қызметтерін тиімді көрсету жөніндегі шаралар күшейетін болады.

Бесінші түйінді бағыт шеңберінде – ұлтаралық келісім, қауіпсіздік, халықаралық қатынастардың тұрақтылығы – ішкі тұрақтылықты, қауіпсіздікті, бейбітшілік пен келісімді нығайту, бейбіт сүйгіш сыртқы саясатты дамыту жөніндегі шаралар көзделетін болады.

Қазақстанның 2020 жылға дейінгі бес түйінді бағытының негізі ұтымды макроэкономикалық саясат болып табылады. Экономиканы қалпына келтіру және әртараптандыру, «экономиканың қызып кетуін» болдырмау үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында экономиканың өсуі кезеңінде мемлекеттің шығыстарын азайтуды және оларды экономикалық құлдырау кезеңінде ұлғайтуды көздейтін антициклдық фискалдық саясат іске асырылатын болады. Бұл ретте келесі онжылдық кезеңнің соңына қарай бюджеттің мұнай емес тапшылығы ЖІӨ-ге 3 % аспайды. Ақша-кредит саясаты инфляцияны тежеу жөніндегі шаралардың тиімділігін арттырады. Айырбас валюта бағамының саясаты қазақстандық экономиканың ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігі арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет