-Ассоциация стратегиясы: «Ассоциация» стратегиясын әдетте студенттер жаңа ұғымды меңгеру кезінде қолданады. Бұл арқылы олар осы ұғым бойынша бұрыннан білетін түсініктерін топ болып ортаға салады. Әрбір топта 4-5 студенттен артық болмағаны дұрыс. Содан кейін әрбір студент жеке не топ болып «Түртіп алу», «3-4 айналым» тағы да басқа әрбір пәнге және мәтінге тиімді стратегияларды пайдалана отырып, жазып келген материалдарын талдау жасайды. Игерілген білімдерін қолдана отырып, студенттер жаңағы ұғымға қайта оралып оны толықтырады.
-Кубизм стратегиясы:Бұл стратегия кубиктің 6 жағына байланысты және соған орай берілетін тақырып немесе тапсырмаларға байланысты. Студенттер әдетте алты топқа бөліне отырып, белгілі бір тақырып не оқу материалын жан-жақты талдайды. Яғни, әрбір топ өзіне берілген тапсырма бойынша белгіленген уақыт ішінде өз жұмыстарын жан-жақты, мәнді, терең ашып, талдап көрсетуі тиіс. Дайындыққа және өз жұмыстарын қорғауға уақыт белгіленеді. Мысалы, 1-топ «салыстырыңыз», 2-топ «суреттеңіз», 3-топ «талдаңыз», 4-топ «ұсыныс жасаңыз», 5-топ «дәлелдеңіз», 6-топ «ассоциация жасаңыз» деген тапсырмалар алады. Кейде әрбір топқа бөлек тақырыптар да берілуі мүмкін.
-РАФТ стратегиясы:«РАФТ» (роль, аудитория, форма, тақырып) стратегиясы бойынша студенттер оқылған мәтінге байланысты топтарға бөліне отырып, түрлі рольдерді орындау арқылы хабарламалар жасайды. Мысалы, президент (роль) болып, белгілі бір тақырып бойынша халыққа (аудиторияға) үндеу (форма) жолдауы мүмкін, немесе радиодан, теледидардан сөйлеу т.б. Тақырыпты оқытушы әдетте сабақ тақырыбына байланысты береді. Оқытушы студенттердің өз «қойылымдарында» тақырыптан ауытқымай, оқу материалын толық ашып, көрсетуін қадағалау керек.
Р - Роль
А - Аудитория
Ф - Форма
Т - Тақырып
-ББҮ стратегиясы: «ББҮ» - білемін, білгім келеді, үйрендім сөздерінен қысқартылып алынған. Студент бұл стратегияны да көптеген жағдайларда еркін қолдана алады. Мысалы, сабақ басталған кезде студент сол ұғым немесе тақырып бойынша не білетіндігін, білгісі және үйренгісі келетіндігін өз кестесіне түсіреді. Бұл кестені тақтаға сызып, оған топтың ойларын да жазып қоюға болады. Сабақа соңында сол материалды игере отырып, кестені толтыруға тырысады. Немесе студент оқу жылының басында белгілі пән бойынша осы кестені толтыра отырып, өз білімінің толығуын бақылап отыра алады. Оқытушы бұл кестені жағдайға қарай өзгертіп қолдануына болады.
Достарыңызбен бөлісу: |