Майлы эмульсиялар. Майлы эмульсияларды дайындау ережелерi: егер жазылымда майдың атауы көрсетiлмесе, онда эмульсия бадам немесе шабдалы майымен дайындалады; рецептте майдың мөлшерi жазылмаса, онда 100,0 г эмульсия дайындау үшiн 10,0 г май алынады (1:10); эмульсияны келiде эмульгаторды маймен және сумен ысқылай отырып дайындайды; эмульсия технологиясы 2 сатыдан тұрады: бiрiншiлiк эмульсия алу және оны сумен сұйылту; бiрiншiлiк эмульсия алу кезiнде оны құрайтын компоненттердiң: майдың, эмульгатордың және судың мөлшерлiк қатынасын қатаң түрде сақтау қажет. 10,0 г майға 5,0 г желатоза алынады. Су май мен эмульгатор салмағының жартысындай мөлшерде алынады; бiрiншiлiк эмульсия дайындаған кезде эмульгатор мөлшерi оның табиғатына сәйкес таңдалады.
Эмульсияға дәрiлiк заттарды енгiзу. Эмульсия құрамына кiретiн дәрiлiк заттар олардың полярлы немесе полярсыз фазаларда ерiгiштiгiне байланысты енгiзiледi.
а) Суда еритiн заттарды бiрiншiлiк эмульсияны сұйылтуға арналған су бөлiгiнде ерiтедi.
б) Майда еритiн дәрiлiк заттарды (камфора, ментол, анестезин, тимол, майда еритiн витаминдер, гормонды препараттар) бiрiншiлiк эмульсия дайындар алдында майда ерiтiп алады. Эмульгаторды және бiрiншiлiк эмульсияға қажет судың мөлшерiн есептеген кезде, майлы фазаның (май + дәрiлiк зат) салмағының өсетiндiгi ескерiледi.
в) Суда да, майда да ерiмейтiн дәрiлiк заттар (танальбин, висмут тұздары, мырыш тотығы, магний тотығы және т.б.) дайын эмульсия құрамына майда ұнтақ (суспензия) түрiнде енгiзiледi.
г) Майда еритiндiгiне қарамастан фенилсалицилат, бензонафтол дайын эмульсия құрамына суспензия түрiнде енгiзiледi. Егер оларды майда ерiтсе, антисептикалық әсерi төмендейдi. Осы екi дәрiлiк зат гидрофобты болғандықтан оларды тұрақтандыру қажет. Тұрақтандырғыш ретiнде желатоза, шайырлар немесе басқа БАЗ қолданылады.
д) Тұндырмалар, шырындар, сұйық экстрактар, спирттi ерiтiндiлер дайын эмульсияға сұйылтылған күйiнде қосылады.
е) Егер эмульсия құрамына эфир майлары енсе, онда тұрақты эмульсия алу үшiн, оларға бiрдей немесе екi есе мөлшерде эмульгатор алынады.
Достарыңызбен бөлісу: |