4. Оңтүстік Қазақстан.
Бұл регион республиканың 26% территориясын алып жатыр, топырақ - климаттық жағдайының әртүрлілігімен сипатталады. Бұл регионға Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары кіреді. Оңтүстік және Шығыс жағы Тянь-Шань тауымен шектеледі. Бұл регионда климаттың айырмашылығы өте айқын көрінеді. Ол әрине салыстырмалы биіктіктерінің өзгеруіне тікелей байланысты, өйткені Оңтүстік жағындағы Жоңғар, Іле Қырғыз, Талас, Күнгей және Теріскей Алатау таулары ауа ағымдарына тосқауыл болып, олардың бағытын өзгертеді. Осының нәтижесінде әртүрлі экологиялық жағдай және экожүйелер қалыптасады. Тянь-Шань тауының, солтүстік жағында дала жартылай шөл және шөл аймақтары орналасады.
Осындай физика-географиялық ала-құлалыққа байланысты бұл регионның флорасы өсімдіктер ресурстарына бай, бірегей аймақ. Қаратау жотасын ерекше атап айтуға болады. Өйткені Қаратауда эндем және сирек кездесетін өсімдіктер түрлері өте көп. Тек Оңтүстік Қазақстанда өндірістік маңызы бар кейбір бағалы пайдалы өсімдіктер популяциялары кездеседі.
Мысалы, дәрмене жусан (Artemisia cina - полынь цитварная), сүйекті аққурай (Psoralea drupacea - псоралея костянкавая), Северцов унгерниясы (Ungernia severzowii - унгерния Северцова), итсигек бұйырғын (Anabasis aphylla - ежовник безлистный) және т.б. Ең белгілі дәрілік өсімдік қырықбуын қылшаның (Ephedra equsetina - хвойник хвощевой) өндірістік популяциялары осы регионда кездеседі. Оңтүстік Қазақстан Шымкенттегі химфарм заводын дәрілік өсімдіктер шикізатының қамтамасыз ететін регион болып саналады. Осы регионда кейбір жергілікті және сырттан әкелінетін өсімдіктерді мәденилендірумен айналысатын арнайы шаруашылықтар бар. Мысалы, Solanum және т.б. туыстар түрлері.
Оңтүстік Қазақстан флорасының және өсімдіктер ресурстарының ерекшеліктерін көптеген зерттеушілер кезінде көрсеткен. Мысалы, П.С.Массагетов (1932), А.А.Иващевко (1978), Н.Х.Карамышева (1982), Зарипов (1985), Р.В.Камелин (1990) және т.б.
Академик Н.В.Павлов бұл регионға өзінің іргелі монографиясын арнап жазды. «Растительные ресурсы Южного Казахстана» (1947). Бұл регионға қатысты Л.К.Клышев (1961) «Биология алабазиса безлистного» деген монография жазды.
Құрамында флавонойдтары бар, эфир майлы өсімдіктердің ресурстық сипаттамасы М.Қ.Кукеновтің (1984) «Фловонойд-содержающие растения Юго-Востока Казахстана» және М.Қ.Кукенов, Р.А.Егеубаева, В.Ю.Аверина және т.б. (1990) «Эфирномасличные растения Казахстана и их рациональное использование» деген монографияларында берілген.
Бұл регионда дәрілік қасиеті бар өсімдіктер саны 60-тан астам екендігі анықталған. Шығыстан батысқа жылжыған сайын дәрілік өсімдіктердің бір түрлері екіншілерімен ауысып отырады. Тағамдық өсімдіктерде солай.
Мысалы, Алтай доланасы (Crataegus altaica - боярышник алтайский), Жоңғар доланасы (С. songarica - боярышник джунгарский), Алматы доланасы (С. Almaatensis - боярышник алматинский) шығыстан батысқа жылжыған сайын бірте-бірте Түркістан доланасына (С. Turcestanica - боярышник туркестанский) және понтий доланасы (С. Pontica - боярышник понтийский) түрлеріне ауысады.
Осындай жағдайды раушанның түрлеріне қатысты да байқауға болады. Мысалы, Альберт раушаны (Rosa alberti -шиповник Альберта), Беггер раушаны (Rosa beggeriana - шиповник беггеровский) түрлері Федченко раушаны (R. Fedtichenkoana - шиповник федченский) мен Коканд раушаны (R. Kokonica - шиповник кокандский) түрлеріне ауысады.
Сол сияқты құмдық салаубас (Helichrusum arenarium - цмин песчаный) Самарқанд салаубасына (H.maracandicum - цмин самаркандский) ауысады.
Шілтер жапырақ шайқурай (Hyperiсum рerforatum) бұдыр шайқурайға (Н.Scafrum) ауысады.
Ал кәдімгі жұпаргүл (Origanum vulgare - душица обыкновенная) көкбас жұпаргүлге (O.Tyttauthum - душица мелкоцветковая), биік андыз (Inula helenium) үлкен андызға (I.macrophilla) алмасады.
Тау бөктерлерінде және шөлді далаларда кәдімгі адыраспан(Peganum harmala - гармала обыкновенная), қоянжапырақтар (Lagochilus), сүйелжазарлар (Heliotropium - гелитроп) және т.б. өсімдіктерінің мол популяциялары кездеседі. Шөлдерде жантақтың (Alhagi - верблюжья колючка) үлкен алаптары бар. Бұл өсімдік қазіргі кезде өте бағалы, өйткені ғалымдар жантақтан ісікке қарсы препарат алған.
Оңтүстік Қазақстанда өндірістік масштабта жинауға болатын бағалы өсімдіктер қорлары баp. Мысалы, долана (Crataegus - боярышник), раушан (Rosa - шиповник), шайқурай (Hypericum - зверобой), жұпаргүл (Origanum - душица), салаубас (Helichrysum - цмин), мыңжапырақ (тысячелистник), мия (солодка), қырықбуын қылша (Ephedra equsetina), андыздар (Inula), киікоты (Ziziphora), орта патриния (Patrinia intermedia) және т.б. өсімдіктердің жинауға жеткілікті қорлары бар.
Жалпы бұл регионның флорасы эфир майлы өсімдіктерге өте бай. Әсіресе: 1) Lamiaceae - Mentha (мята), Salvia (шалфей), Dracocephalum (жыланбас); 2) Apiaсeae: Carum (тмин), Anisum (анис); 3) Asteraceae: Artemisia (жусандар), Tanacetum (пижма -түймешөптер), Achillea (тысячелистник – мыңжапырақтар).
М.Қ.Кукеновтің мәліметі бойынша Оңтүстік Қазақстанда эфир майлы өсімдіктер саны 100-ден астам. Сол сияқты жоғары өнімді тағамдық, малазықтық, техникалық және басқа да шикізаттық өсімдіктер мол кездеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |