15-тақырып. Тыныс белгілерінің қабаттаса қолданылуы
1. Төл сөзге байланысты тыныс белгілерінің қолданылуы
1. Төл сөз екі түрлі қолданылады: бірі – төл сөзді мәтін ішінен бөлмей, абзацсыз қолдану, екіншісі – төл сөзді абзацпен бөліп тастау. Бірінші жағдайда төл сөз тырнақшаға алынады, екіншіде сызықша арқылы жасалады.
Төл сөз бен автор сөзінің орналасу тәртібіне қарай тыныс белгілері былайша қойылады:
Әуелі төл сөз, одан кейін автор сөзі келгенде, төл сөз екі жағынан тырнақшаға алынады да, автор сөзінен бұрын, төл сөз болып тұрған сөйлем хабарлы болса, үтір мен сызықша; лепті болса, леп белгісі мен сызықша; сұраулы сөйлем болса, сұрау белгісі мен сызықша қойылады. Сондай-ақ көп нүкте мен сызықша да қойылады. Мұндайда үтір тырнақшаның сыртына қойылады, ал сұрау, леп белгілері және көп нүкте тырнақшаның ішіне қойылады: «Мұны мен бұрын бір жерден көрдім», – деп ойлады ұста. «Бұл кім болды екен, әлде ...» – деп ойлай бастады ұста.
Сөйлем тырнақшаға алынған төл сөзбен аяқталып тұрса, нүкте тырнақшаның сыртынан, ал леп, сұрау белгілері мен көп нүкте тырнақшаның ішінен қойылады: Ұстаның ойлағаны: «Мен мұны бір жерде көрдім». Ұстаның ойлағаны: «Мен мұны қайдан көрдім?»
Автор сөзі төл сөздің ортасында келгенде, тыныс белгілері төрт түрлі қойылады:
а) Автор сөзі төл сөз болып тұрған тұтас сөйлемді екіге бөліп тұрса, автор сөзінің алды-артынан үтір мен сызықша қойылады. Төл сөздің екінші жартысы кіші әріптен басталып жазылады: «Мені, – деді Амантай далаға шыққан Асқарға, – губернатор шақырған екен. Еріп жүрші, шырағым».
ә) Екіге бөлінген төл сөздің бірінші жартысы өз алдына хабарлы сөйлем болса, автор сөзінен бұрын үтір мен сызықша, автор сөзінен кейін нүкте мен сызықша қойылады. Төл сөздің екінші жартысы бас әріптен басталып жазылады: «Жоғары шық, – деді үйге кірген Асқарға Балтабек. – Ағаңның қолына су құй, қалқам Ботагөз». (С.Мұқанов).
б) Екіге бөлінген төл сөздің бірінші жартысы лепті не сұраулы сөйлем болса, немесе леп белгісі қойылуға тиісті қаратпа, одағай сөздер болса, автор сөзінің алдынан тиісті леп белгісі не сұрау белгісі мен сызықша қойылады да, соңынан нүкте мен сызықша қойылады. Төл сөздің екінші жартысы бас әріптен басталып жазылады, ал автордың сөзі кіші әріптен басталып жазылады: – Бұл не жұмбақ? – десті екеуі қосынан. – Көл ортасында бұл жалау қайдан пайда болды? (С.Мұқанов).
в) Төл сөздің бірінші жартысынан кейін көп нүкте қойылуға тиісті болса, автор сөзінің алдынан көп нүкте мен сызықша, автор сөзінен кейін алдыңғы бөлікке қарай не үтір мен сызықша, не нүкте мен сызықша қойылады: – Жаңа... – деді шал сасқалаптап, – Итбайдың төре баласы Сарыбас... солдатпен кеп шешеңді атып өлтіріп кетті... Саған кетті... Жасырын! (С.Мұқанов).
4) Кейде автор сөзі төл сөздің ортасында бір, соңында бір келеді. Ондайда автор сөзінің алдыңғысына тыныс белгілері төл сөздің екіге бөлініп қолданылғанындай қойылады. Соңғысының алдынан әдеттегідей тыныс белгілері қойылады: Алдыңғы күні барлаудан қайтып келіп, Семен маған:
– Санитар машинасымен бара жатқан бір қазақ қызын көрдім. Құдай біледі, сол сенің Ақботаң, – деді. – Мұндай ұқсамас, – деп бастады да, артығырақ кетіп бара жатқанын өзі де аңдап, тоқтай қалды (Ғ.Мүсірепов).
Төл сөзді екіге бөліп тұрған автор сөзінің алғашқы жартысы мағына жағынан төл сөздің алдыңғы бөлігіне, соңғы жартысы төл сөздің екінші бөлігіне қатысты болса, автор сөзінің соңына қос нүкте мен сызықша қойылады: – Жұмыскерлер мал ұстаймын дей ме, құс асырағылары келе ме, сондайларын да сұрап жүру күнә емес шығар?– деп, Сикорскийге қыжырта қарады да, Ушаков бұйрығын бітірді: – Дұрыстап көшіріп жаз да, мына жерге іліп қой (Ғ.Мүсірепов).
Кейде төл сөз бен автор сөзінің арасы де етістігінің көмегінсіз, тек іргелесіп тұру арқылы байланысады. Ондайда тыныс белгісі де дәнекері тұрғандағыдай қойылады: – Мен енді сенімен тілмен емес, мынаумен сөйлесемін, – Кулаков қамшысын көрсетті, – одан да айт шыныңды (С.Мұқанов).
Төл сөзден кейін де етістігінің десе, дегенмен, дегенде, деген соң, дегенше, дегеннен кейін, деді де тұлғалары тұрса, бұлардан соң үтір қойылады. Бұлардан кейінгі сөздер автор сөзі болмай, төл сөз болса, қос нүкте қойылады: Әшірбек сонда да азсынып:
Неге ақырын? – дегенде:
Қатты көмір, – деді Әкім (Ғ.Мұстафин).
Төл сөзден кейінгі де етістігі деді, деп еді, дейді, деген еді сияқты тиянақты тұлғаларда тұрса, одан кейінгі автор сөзі өз алдына тиянақты не бағыныңқы сөйлемдер болса, араларына үтір қойылады: Менің есебімді бер! – деді ол, Кенжетай ұсталып кеткесін (С.Мұқанов).
Де (деп, деген, деді, дейтін, дейді т.б.) етістігі келген сөйлемдердің бәрінде де төл сөз бола бермейді. Олар мыналар:
а) Деп, дегеніміз деген сөздер бастауыш пен баяндауыштың арасында дәнекер болып келеді: Сауатты болу дегеніміз – дұрыс жазып, дұрыс сөйлей білу. Синекдоха деп сөз мағынасының бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны, үлкеннің орнына кішіні қолданудың және керісінше қолданудың негізінде ауысуын айтамыз.
ә) Дейміз, деп аталады, деп атаймыз деген сөздер күрделі баяндауыштың құрамында келеді: Дыбысталуы бірдей, бірақ мағыналары басқа-басқа сөздерді омонимдер дейміз.
б) Деген деген сөз өзінің алдындағы сөзбен қосақталып, күрделі мүшенің құрамында тұрады, ондайда деген тұлғасы «деп аталатын, арналған» деген сөздердің мағынасын береді: Сен дегенде ойым таза.
в) Кейбір сұрау және белгісіздік есімдіктері де сөзінің тұлғаларымен тіркескенде, сұрау интонациясымен ерекше бөлінбесе, төл сөз болмайды: Сен не дедің? Ол ештеңе деді ме?
г) Де етістігі бірқатар есімдіктермен тіркескенде, оны айтты деген етістікпен алмастыруға болатын болса, төл сөзді сөйлем болмайды: Сен не дедің? - Сен не айттың?
ғ) Де етістігінің тұлғалары тұрақты сөз тіркесінің құрамында келгенде, төл сөз белгісі болмайды: күн демей, түн демей, ай десе аузы, күн десе көзі; ә дегенде; әудем жер; әй дер ажа, қой дер қожа жоқ; әрең дегенде; керек десең т.б.
д) Баяндауышы де етістігінің қатысуы арқылы жасалған бағыныңқы сөйлемдер төл сөз болмайды: Бүгін тіпті Байжан келмей қалмайды деп, үй ішін де жинастырып, күтініп отыр еді (Ғ.Мүсірепов).
е) Сөйлем ішінде белгілі бір сөзге баса көңіл аудару үшін деймін деген сөз тіркесе айтылғанда, ол төл сөзді құрылым болмайды: Әй, Баянды деймін, осы дүниені Қызылжарға апаратын менмін ғой (Ғ.Мүсірепов).
Де етістігінің қатысуы арқылы жасалған нақты бастауышы жоқ жақсыз сөйлемдер де төл сөз болмайды: Қыстайғы қардың көптігіне қарағанда, биыл егін бітік болар дейді.
-Айын, -ейін жұрнақты етістік пен де етістігі тіркесіп келіп, қалау, тілек мәнді сөйлемдер жасалады, олар да төл сөзді құрылым болып саналмайды: Киноға барайын деп едім. Бөлтірік қашайын деп еді, күзен ытқып келіп, желкесін қырқып алды.
Төл сөз бен автор сөзін байланыстырып тұрған деп етістігінен кейін төл сөзге қатысты етістік келсе (деп сұрады, деп ойлады, деп үн қатты, деп айғайлады, деп сыбырлады т.б.), деп-тен кейін үтір қойылмайды: «Егер Амантай аман болса, кескіні маған ұқсайды, мен інісі едім дейін», - деп ойлады ол (С.Мұқанов).
Егер деп-тен кейінгі етістік төл сөздің айтылуынан соң болатын істі білдірсе, деп-тен кейін үтір қойылады: - Бір сағаттан кейін сыртқа шығарсың, Сикорскийдің конторына кел, - деп, кейін қарай бет алды (Ғ.Мүсірепов).
Достарыңызбен бөлісу: |