14-тақырып. Тырнақша. Жақша
1. Тырнақшаның қойылатын жерлері
2. Жақша, оның қойылуы
Дәйексөз тырнақшаға алынады: Бұл жөнінде М.Горький әр заманда, әр ортада ескі ертегінің жаңғырып, өскелеңдеп, өзгеріп отыратыны турасында айтқан пікірін еске аламыз: «Ой мәдениеті мен халық шығармасын өсіруде көне ертегілерді әр жыныстың, ұлттың, әр таптың өзгертіп, қосымша жасап қолдануының рөлі өзгеше болғанына күдіктенуге болар ма екен» (М.Әуезов).
Алынған дәйексөз бірнеше азатжолдан құралған болса, әр азатжол бөлек-бөлек тырнақшаға алынбайды. Тырнақша дәйексөздің басталған жерінен ашылып, біткен жерінен бір-ақ жабылады.
Тырнақшаға алынатын төл сөздер: 1) «Айтылмаған» сөздер, яғни біреудің ойлағаны, айтуға оқталып, бірақ әлі айтпағаны: «Еркем, неғып тұрсың?» - деп қала жаздаған Айбала... аузына келіп қалған сөзді ернімен бөгей қойды.
Көркем шығармада жалпы әңгіме желісінен ауытқып келтірілген диалог (яғни әңгіме түсінікті болу үшін, бұрын болып өткен уақиғаны суреттеу ішінде келтірілген диалог) тырнақшаға алынады: «Сандықтың аузын аша бер, әке!» - деген еді Итбай Байсақалға, Қотыркөлге аттанарда.
«Неге, шырағым?»
«Ақша түседі...»
«Неден, шырағым?»
«Жұрттан». (С.Мұқанов).
Сызықшамен жазылған төл сөздің ішінде келген төл сөз тырнақшаға алынады: - Қорықтың ба, шырағым? – деді шал. – Қорықсаң да, айтайын, жаңа Итбайдың Сарыбасы кеп: «Шахтаға жан жолатпа, ешкімді шығарма да, кіргізбе де!» - деп кетті (С.Мұқанов).
Өлең ішіндегі төл сөздер көбінесе тырнақшаға алынады:
Сарқылмас сөзі таудың бұлағындай,
Сиқыр сөз көлдің сұлу құрағындай.
Жортады желмаядай шал кеңеске:
«Осылай болған екен, шырағым-ай» (С.Мұқанов). Өлең ішіндегі төл сөз сызықшаға алынуы да мүмкін.
Көркем шығармалардың ішінде келтірілген үлкенді-кішілі хаттар тырнақшаға алынады: Екі қыз бұл хабарға өте қуанышты жүргенде, қысқаша жазылған хат та келіп қалды: «Бұл хатты партиялық билетімді қалтама салып алып жазып отырмын, - деп жазыпты ол, - жеке ісіме жазылатын қатты сөгісім бар, оны ісіммен алдыруға сенем...» (С.Мұқанов). Кейде тырнақша хаттың әрбір азатжол сайын ашылып отырады да, ең соңынан барып бір-ақ жабылады.
- Мақалдар да тырнақшаға алынады, бірақ оның алды-артынан төл сөзге тиісті тыныс белгілері қойылмайды: «Қалауын тапса, қар жанады» деген мақал – үлкен философия (Ғ.Мұстафин).
- Біреудің сөзі мағына жағынан сөйлемге жанастырыла алынады. Олар да тырнақша арқылы жазылады, бірақ алды-артынан төл сөзге тән тыныс белгілері қойылмайды және кіші әріптен басталып жазылады: Қазірде де кейбір талантты жазушылар қаламынан шыққан, мақал-мәтелдерге ұқсас, әрі нәрлі, әрі көркем, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиерліктей» сөз түйдектерін кездестіруге болады (К.Аханов).
- Объект етіп алынған жеке сөйлемдер, сөздер не сөз тізбектері, сондай-ақ әріптер, буындар тырнақшаға алынады: «Тарақ» деген сөздегі «та» буыны – ашық буын. Оқулықтарда, әдістемелік құралдарда т.б. Бұлар тырнақшаға алынбай, басқа әріп түріндегі шрифтімен (курсив) терілуі мүмкін.
- Төл сөз де етістігінсіз айтылып, заттық мәнге ие болады да, сөйлем мүшесі болып тұрады. Мұндай төл сөзге зат есімге тән септік, тәуелдік т.б. жалғаулар жалғана береді. Бұлар тырнақшаға алынып, бас әріптен басталып жазылады, оның өзі сұраулы сөйлем болса, тырнақшаның ішіне сұрау белгісі, лепті сөйлем не лепті сөз болса, леп белгісі қойылады; ал хабарлы сөйлем не жеке сөздер болса, ешқандай тыныс белгісі қойылмайды. Мұндай конструкциялардың алды-артынан төл сөзге тиісті тыныс белгілері де (қос нүкте, сызықша) қойылмайды. Жалғанған қосымшалар тырнақшаның сыртына дефис арқылы жазылады: «Ел жатса да, енекем жатпайды» біз ғой (М.Әуезов). – Сонымен бізбен бірге елге жүресің ғой, Ботагөз? – Қайдан білейін. – «Қайдан білейін»-ді қой (С.Мұқанов).
Біреудің айтқанынан алынған жеке-жеке сөздер тырнақшамен жазылады: Ырғызбайдың осындай көпшілігі бас қосқан кеңесінде Зере сөйледі.
...Бірі дарақы мақтаншақ, бірі ұрда-жық, даңғой атанғанда, осындай көп жиын үстінде масайып, оспадарлық қылам деп, сондай атақ алатын! – деді.
Соңғы айтқан «мылжың», «мақтаншақ», «даңғой» дегендері осы арада шынымен төрт көзі түгел отыр еді (М.Әуезов).
Кекету, ажуалау және кері мағынада қолдану үшін айтылған сөз тырнақшаға алынады: Ақ көңіл Ақаң «баланың» сырғытпасын сезген жоқ (Ғ.Мұстафин).
Зауыт, фабрика, комбинат, трест, колхоз, совхоз, ұйым, машина маркасы, ұшақ, т.б. қойылған аттар тырнақшаға алынады. Ал олардың жалпы ресми атаулары тырнақшаға алынбайды: «Азовсталь» зауыты, «Ертіс» пароходы, «Қазақ тілі» қоғамы.
Газет, журнал, кітап, шығарма, қаулы, кино, т.б. аттары тырнақшаға алынады: «Ана тілі» газеті, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасы, «Аққу көлі» балеті.
Кейбір ойын, әдет-салт аттары тырнақшаға алынады: «Қол ұстату», «шаш сипату» деген атақты ырымдар осы. Үлкендер зор меженің бірі деп білетін өмір белі «ұрын бару» болса, Абай содан асты (М.Әуезов).
Атындағы деген сөзбен келген атақ тырнақшаға алынбайды: Әл-Фараби атындағы университет.
Мекеме, ұйым т.б. ресми атаулары тырнақшаға алынбайды: мемлекеттік банкінің бөлімшесі.
Телеграф агенттіктерінің аттары тырнақшаға алынбайды: Ассошиэтед Пресс агенттігі.
Кітаптың аттары библиографиялық тізімдерде, сілтемелерде, пікірлерде автордың аты-жөнінен кейін жазылғанда тырнақшаға алынбайды: Ғ.Мұстафин. Өмір мбелестері. –Алматы, 1984
2. Сөйлемдегі негізгі ойды, не бір сөзді айқындау, дәлелдеу, түсіндіру үшін қолданылған қыстырма сөйлемдер не сөз тіркестері екі жағынан жақшаға алынады (бірінші сөзі жалпы есім болса, кіші әріппен жазылады): Салжігіттен (Темірбекті ол Салжігіт дейтін еді) неге қалдым? Иесі – Әбіл (әйелге бұлайша еркек атын қоюды бірінші естуім) дейтін жесір әйел (С.Мұқанов).
- Белгілі бір сөздерді түсіндіру үшін оның аудармасы, синонимі т.б. беріледі де, жақшаға алынып жазылады: 1900 жылдың желтоқсанында шетелде «Искра» («Ұшқын») газетінің бірінші нөмірі шықты. Газеттің атынан соң «Ұшқыннан жалын лаулайды» деген нақыл сөз (эпиграф) жазылды.
- Алынған сөйлем, дәйексөздің және мысал қайдан, кімдікі екенін көрсету үшін, оның соңынан жазылған кітаптың аты, авторы т.б. жақшаға алынады: «Абайға сүтпен кіріп, сүйегіне сіңген әдебиет үлгісінің бірі – халық әдебиеті деп едік... Бірақ ол мұның да қызығын ерте тояттап, ескірген ел даналығын көп ұзамай-ақ өзіне мұра санаудан қалған сияқты» (Қ.Жұбанов. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. –Алматы: «Ғылым» баспасы, 1966. 296-б.).
- Драмалық шығармалардағы ремаркалар (автордың түсіндірмелері) жақшаға алынады: Аманкелді. Миша! (Жайнаққа.) Әкет мыналарыңды! (Жайнақ Жапарларды айдап кетеді.) Миша, аман қайттың ба? (Амандасады.) (Ғ.Мүсірепов).
- Мәселенің талас я күдікті екендігін көрсетіп, оқушының назарын аудару үшін, біреуден келтірілген дәйексөздің ішіндегі жеке сөздерге не сөйлемге қойылатын леп, сұрау белгілері жақшаға алынады: Осы сөйлемді аудармашы былай аударды: «Гүлді орамал жауып, төрт таған столға қойылған суретке (?) телмеңдей қараған бадана көзінде еміне тіленген жалыныш, үміт болғандықтан, Левин соған қарауға да шошиын деді». Мұнда аудармашы сөзге сөз тауып, сан жағын ғана сақтаған: ломберный стол – төрт таған стол (?), салфетка – орамал, образ – сурет (?), выражение – болғандықтан, устремленных – телмеңдей, в больших – бадана, страстная – еміне. (Ә.Нұрпейісов. «Анна Каренинаның» аудармасы).
- Келтірілген мысал не дәйексөздің ішіндегі белгілі бір сөздерді не сөйлемдерді санамалап көрсету үшін, жол-жөнекей қойылатын цифрлар не әріптер екі жағынан жақшаға алынады: (1) Жасыл желегін бүркеген қарағайдың арасымен жүріп отырып, (2) Асқар көлдің қабағына шықса, (3) мұз бетінде бірсыпыра кісі сырғанақ теуіп жүр екен. Мұнда үш сөйлем бар... («Қазақ тілі грамматикасы»).
Достарыңызбен бөлісу: |