Дәріс кешені павлодар Дәріс тақырыптарының мазмұны 1-тақырып



бет18/22
Дата24.12.2023
өлшемі312.5 Kb.
#487825
түріБағдарламасы
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22
лекции по практикуму орфогр и пункт

12-тақырып. Сызықша және қойылатын орындары
1. Бастауыш пен баяндауыш арасына сызықшаның қойылуы
2. Сызықшаның қойылмайтын тұстары


1. Бастауыш зат есімнен не заттанған басқа сөз таптарынан жасалып, баяндауыш та атау тұлғадағы зат есімнен не заттанған басқа сөз таптарынан болғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Соңғы келген үшеудің ортасындағысы – Құнанбайдың тағы бір тоқал шешесінен туған Жақып (М.Әуезов). Тіл – қоғамдық құбылыс.

  • Атау тұлғадағы бастауыш не баяндауыш, не екеуі де тәуелдік, көптік жалғаулы болуы мүмкін. Ол күнде де бастауыштан кейін сызықша қойылады: Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың (Абай).

  • Бастауыш та, баяндауыш та бір сөздің қайталануынан жасалуы мүмкін, бұл жағдайда да бастауыштан кейін сызықша қойылады: Ар жазасы – бар жазадан ауыр жаза (М.Әуезов). Ғашықтың тілі – тілсіз тіл (Абай).

  • Баяндауыштың алдында не артында ғана, ғой т.б. сияқты шылаулар тұрса, сызықша қойыла береді: Қаланың қасында көз толатын табиғат – шалқар көл ғана (С.Мұқанов). Адамды бақытты ететін – тек қана азат еңбек.

  • Бастауыш І, ІІ жақтық жекеше я көпше тұлғадағы есімдіктен, баяндауыш жіктік жалғауы түсірілген есімдердің біреуінен болғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Мен – тауда ойнаған қарт марал (Махамбет). Мұндайда баяндауыш жіктік жалғаулы болса, сызықша қойылмайды: Мен көмірмін қалған өрттен (Абай). Мен осы үйдің баласымын.

  • Бастауыш та, баяндауыш та атау тұлғадағы сын есімнен жасалғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Жақсы – ісімен жақсы. Сұлу – сұлуемес, сүйген – сұлу.

  • Бастауыш та, баяндауыш та сан есімнен болғанда, екеуінің арасына сызықша қойылады: Үш жердегі үш – тоғыз. Екі бесіміз – он.

  • Бастауыш ол, бұл, сонау, мынау, анау деген сілтеу есімдіктерінен жасалып, баяндауыш атау тұлғадағы зат есімнен не зат есім мағынасындағы басқа сөз табы болғанда, сілтеу есімдіктерінен кейін сызықша қойылады: Бұл – адам көз сүйегі, – деді ханға (Абай). Бірақ бұл – қайтқаны емес, толғанып қалып, бірнеше тәсіл тапқаны (Ғ.Мұстафин).

  • Ол, бұл деген сілтеу есімдіктерінен болған бастауыштар өзінен кейінгі сөздің анықтауышына ұқсап, шатасып кететін жағдайда, бастауышы қай сөз табынан жасалса да, одан кейін сызықша қойылады. Мұндай бастауыштары бар сөйлем өзінің алдындағы сөйлемдермен логикалық байланыста болады, сондықтан олар контекске қарай ажыратылады: Тіл-тілдің қайсысында болсын сөз мағынасы көбіне осы метафора арқылы ауысады. Сөйтіп, бұл – сөз мағыналарының ауысу тәсілдерінің ішіндегі метафораның айрықша орын алатындығын көрсетеді (К.Аханов). Бұл ережені орынсыз қолдана беруге болмайды. Анықтауыш деп танылып кететін қауіпі жоқ жерде ол, бұл деген есімдіктерден жасалған бастауыштан кейін сызықша қойылмайды: Ол біздің үйге келді. Ол, бұл деген есімдіктерден болған бастауыштар көпше тұлғада (олар, бұлар) тұрса, олардан кейін сызықша қойылмайды: Бұлар өндіріс озаттары. Олар би-старшын, бай-бағылан емес, сын кезеңдерде ел салмағын тәуекелшіл сом иықпен берік көтеретін өжет жандар (М.Әуезов).

  • Бастауыш жұрнақты етістіктен не ол араласқан тіркестен жасалса, баяндауыш атау тұлғадағы зат есімнен не жұрнақты етістіктен және керісінше болғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Көргеннен, білгеннен аспау, барды қанағат қылу – ой мешеулігі (Ғ.Мұстафин). Аз сөзді, көп мағыналы болу – мақал-мәтелдерге тән құбылыс.

  • Бастауыш -ған (-ген, -қан, -кен) жұрнағымен жасалған есімшеден болса, баяндауыш не зат есім, не есімше, не есімдіктен жасалғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Бұған таяу отырған – Ыбырайдың Ысқағы (М.Әуезов). Көпір біткен – соғыс тұмсығының қатты қадалатын жері (Ғ.Мұстафин).

  • Бастауыш бірі, біреуі, біріншісі, екіншісі, алдыңғысы, соңғысы деген заттанған сан есім, сын есімдерден және көбі деген сөзден, баяндауыш атау тұлғадағы зат есімнен не жұрнақты етістіктен болғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Жаяу Мұса – Біржан бастаған Арқадағы әншілер тобының көрнектілерінің бірі (М.Әуезов).

  • Баяндауыш өз ішінен сөйлем мүшелеріне ажыратылатын күрделі тіркестер болып келсе, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Біздің жауабымыз – Оралбайды білмейміз (М.Әуезов). Бар ойы – өлең айтып, ән салалық (Абай).

  • Сөйлемнің бір бөлігі мұның, себебі, оған себеп деген сияқты сөздерден жасалып, екінші бөлігі тұтас сөйлем болып келетін жағдайлар да осы ережеге бағынады. Мұнда да сөйлемнің екі бөлігі бір-бірінен сызықша арқылы айырылады: - Кесіп айтайын, ашық шахтаға рұқсат берілмейді.

  • Себеп?

  • Бірінші себеп – Қарағанды жағдайында ашық шахта бола алмайды. Екінші себеп – бола алған күнде оны біз емес, жергілікті отын өндірісі министерствосы ашу керек (Ғ.Мұстафин).

  • Бастауыш өзінен кейінгі сөзбен тіркесіп, сөйлемнің басқа бір мүшесімен шатасып кететін болса, одан кейін сызықша қойылады. Айтуда бастауыштан кейін пауза болады: Отыз – алтыға қалдықсыз бөлінеді.

  • Бастауыш зат есім не заттанған басқа сөз табынан болып, баяндауыш болымсыздықты білдіретін емес сөзі тіркескен есімдердің бірінен болса, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Туысым – аталасым емес, өзіммен мұңы бір, бейнеті бір жатақтар (М.Әуезов). Жатақтарды қосып отырған – ру ұраны емес (М.Әуезов).

  • Бастауыш алды, арты, қасы, үсті, асты сияқты көмекші есімдердің жалаң өзінен болып, баяндауыш та есім сөзден болғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ (Абай). Үстім – көк, астым – теңіз, атым – кеме, Арқырап ту толқынмен арпалысқан (Т.Жароков).

  • Мақал-мәтелдерде, афоризмдерде, өлеңдерде сөйлемнің баяндауышы түсіріліп, ықшамдалып айтылады. Мұндай сөйлемдер түсінікті болу үшін, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Ер – егесте (сыналады), нар – кешуде (сыналады) (М.Әуезов). Асыл – тастан (шығады), ақыл – жастан (шығады) (Мақал).

  • Ол – ол ма, бұрынғы – бұрынғы ма, бұл – бұл ма сияқты қыстырма сөз тіркестері араларына сызықша қойылып жазылады: Бұрынғы – бұрынғы ма, оның салтанаты тіпті артып кетті. Ол – ол ма, әңгіме одан сайын күшейе түсті.

  • Бастауыш пен баяндауышты байланыстырушы дегеніміз, деген (дегенім, ...) деген сөз тұрса, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Сөйлем дегеніміз – тиянақты ойды білдіретін бір сөз я бірнеше сөз тіркесі. Көрдім деген – көп сөз.

  • Де етістігінің алдында келетін, бірақ төл сөз емес конструкция өз алдына сөйлем болса, оның бастауышы мен баяндауышының арасына қойылуға тиісті сызықша сақталады: Горький өз шығармаларында қоғамдағы зұлымдықты жоя алатын күш – адамның өзі деп, еңбекші халықтың күшіне сенім білдірді.

  • Бастауыш болып тұрған сөз баяндауыштың құрамында қайталап, бастауышқа жалғас тұрса, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Жамбыл – Жамбыл болғалы, Есіткен талай батырды (Жамбыл). Физикалық денелерден құралған заттар сол қалпында: шыны – шыны қалпында (қалады), парафин – парафин қалпында (қалады), мыс – мыс қалпында қалады.

2. Бастауыш атау тұлғадағы зат есімнен, баяндауыш жатыс септіктегі зат есімнен болғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылмайды: Бүркітші тау басында, қағушы ойда (Абай).

  • Бастауыш зат есімнен, баяндауыш сын есімнен болғанда, екеуінің арасына сызықша қойылмайды: Қар аппақ, бүркіт қара, түлкі қызыл (Абай).

  • Бастауыш зат есімнен, баяндауыш атау не жатыс тұлғадағы сан есімнен болғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылмайды: Ағайынды бұл үшеуінің жас мөлшерлері бір-біріне жақын: Балтабек жиырма алтыда, Темірбек жиырма төртте, Кенжетай жиырма екіде (С.Мұқанов).

  • Бастауыштан кейін оған жалғас сұрау есімдігі келген сөйлемдерде, баяндауыш атау тұлғадағы зат есім болғанмен, сызықша қойылмайды: Жилин қандай адам? Бүгінгі күн қай күн?

  • Бастауыш зат есімнен не сілтеу есімдігінен, баяндауыш есімшеден болғанда, екеуінің арасына сызықша қойылмайды, өйткені мұнда есімше өзінің етістік қызметінде қолданылады: Мектеп үйі жаңадан салынған. Сол екі жігіт Абайды таңдандырған. Ал баяндауыш болып тұрған есімше зат есім мағынасында қолданылған болса, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Енді осы – тоқтатқаны (Ғ.Мүсірепов).

  • Бастауыш бірі, біреуі, біріншісі, екіншісі, көбі деген сөздерден, баяндауыш атау тұлғадағы зат есім мен жұрнақты етістіктен басқа сөз таптарының бірінен болса, бастауыштан кейін сызықша қойылмайды: Ойыл екеу: бірі ащы, бірі тұщы (Ғ.Мұстафин).

  • Бастауыштан кейін сызықша қойылуға тиісті сөйлемдердегі баяндауышқа еді, екен, болды, болады, болатын, болып табылады сияқты көмекші етістіктердің бірі тіркессе, бастауыштан кейін сызықша қойылмайды: Тіл қоғамдық құбылыс болып табылады. Орысша киінген жігіт Досанов Асқар еді.

  • Бастауыштан кейін сызықша қойылуға тиісті сөйлемдерде бастауыштан кейін қыстырма сөздер тұрса, сызықша қойылмайды: Бөжей де, Құнанбай сияқты, феодалдық-рушылдық қоғамның мықты болғанын тілейтін феодал (М.Әуезов).

  • Суреттеме мазмұнды атаулы сөйлемдердің ішіне сызықша қойылмайды, өйткені олар бастауыш, баяндауышқа бөлінбейді: Ортада стол. Сол жақта диван. Диван үстінде кішкене жастықтар.

  • Сөйлем мүшелерінің әдеттегі орны ауысып келген сөйлемдерде орынсыз сызықша қойылмайды: Сенсің жан ләззаты, Сенсің тән шәрбаты (Абай).





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет