Бақылау сұрақтар:
1. Салымдарды сақтандыру жүйелерінің мәні және түрлері.
2. Салымдарды сақтандырудың шетелдік тәжірибесі.
3. Қазақстанның жеке тұлғалардың салымдарына кепілдік беру қорының ерекшеліктері .
Әдебиеттер: Н:1-5 .Қ: 1-6
Тақырып 5: Ресурстарды қалыптастырудағы депозиттік емес көздері
Сабақтың мақсаты: Коммерциялық банктердің ресурстық көздері туралы айту.
Госсарий
Банкаралық несие – бұл коммерциялық банктердің бір-біріне беретін несиелері. Банкаралық несие бұл басқа ресурстармен салыстырғанда өте қымбат ресурс болып табылады.
Овернайт – банктердің Ұлттық Банктегі корреспонденттік шоттарында дебеттік қалдықтың пайда болуына байланысты бір түнге берілетін несие
Күндізгі займ – банктік жұмыс күні ішінде банктердің Ұлттық Банкте ашқан корреспондеттік шотында ақша қаражатының болмауына немесе жетіспеуіне қарамастан ақшалай аударымдар мен төлемдер жасау мақсатында берілетін несие.
Негізгі сұрақтары:
1. Банкаралық нарықтағы қарыздар
2. Банктік акцептті есепке алу
3. Коммерциялық қағаздар мен облигациялар шығару
“Банк ресурстары” термині “несиелік ресурсы” қарағанда кең ұғымды білдіреді. Банк ресурстары тек несиелеуге ғана емес, сол сияқты басқа да активтік немесе комиссиондық операцияларды қаржыландыру үшін пайдаланылады.
Жоспарлы экономиканы әкімшіл және әміршіл басқару жүйесі жағдайында банк ісінің ұйымдастырылуында мемлекеттік монополия көрінісі байқалады. Барлық кәсіпорындар, ұйымдар және мекемелер заңды түрде мемлекеттік банк мекемелерінде өздерінің ресурстарын міндетті түрде сақтауға тиіс болды. Банкке кәсіпорындар мен мекемелердің ресурстары іс жүзінде ақысыз тартылды. Тек кооперативтік кәсіпорындарға ғана жартылай мөлшерде төленді. Осындай жағдайларда жалпы мемлекеттік қарыз қор деген экономикалық түсінік қалыптасты. Жалпы мемлекеттік қарыз қор халық шаруашылығын несиелеу үшін банк жүйесі арқылы мемлекеттің ықпалымен жинақталған қаражаттар жиынтығын білдіреді. Демек, олар банк ресуртары болып саналады. Ссудалық қорды орталықтан бөлу сипаты банк ресурстарының құрылымдарына тікелей әсер етті. Ол уақыттары да банк ресурстары меншікті және тартылған қаражаттарға бөлінген. Мұндағы меншікті қаражаттарға: жарғылық, резервтік, негізгі құралдар, амортизациялық және банк ісін дамыту қорлар, ал, тартылған қаражаттарға: мемлекеттік бюджет қаражаты, кәсіпорындардың, ұйымдардың есеп айырысу және ағымдық шоттардағы қаражаттары және халықтың ақшалай жинақтары жатты. Осындай жағдайларда банк ресурстары нарығы қалыптасып, мемлекеттің қарыз қоры осы нарықтың бір бөлігін құрады.
Бүгінгі таңдағы банк ресурстары нарығының құрылуында көптеген ерекшеліктер бар деуге болады. Коммерциялық банктердің қызметінің тұрақтылығы үшін, ең бастысы, олардың баланстары өтімді болу керек, ал оның қамтамасыз етілуі, банктік ресурстар мен несиелік жұмсалымдар арасындағы көлемі және мерзімі бойынша тепе-теңдіктің сақталуын талап етеді.
Банк ресурстары нарығының пайда болуымен қатар бағалы қағаздар нарығы қалыптасады. Сөйтіп банктер жаңа қызмет түрлері ретінде бағалы қағаздармен, факторинг, лизинг және басқа операциялармен тікелей жұмыс жасай бастады. Бұл, яғни банктің ресурстық құрамына тек қана ақшалай қаражаттар емес, сол сияқты тауарлы-материалдық құндылықтар және бағалы қағаздар кіреді дегенді білдіреді. Ұлттық (орталық) банкіміз “банктердің банкі” болып табылатындықтан, коммерциялық банктердің ресурстарының бір бөлігі сол банктен алған ресурстардан да құралады.
Демек, коммерциялық банктер ерекше бір кәсіпорын ретінде делдалдық қызметке байланысты, банктік ресурстар нарығында ақшалай ресурстарды сатып ала отырып, оны қажет ететін кәсіпорынға, ұйымға және халыққа сатып отырады.
Банк ресурстары - бұл банктің пассивтік операциялары негізінде қалыптасқан және барлық активтік операциялар бойынша банк өтімділігін қамтамасыз ету және пайда табу мақсатында орналастыруға бағытталатын банктің меншікті және тартылған қаражаттарының жиынтығы.
Нарықтық қатынастарға өту барысында банктік ресурстарының құрылымында біршама өзгерістер болуда. Меншікті қаражаттар қатарына, біріншіден, коммерциялық банктің акционерлік капиталы, резервтік қоры, сол сияқты қосымша қорлары кіреді. Тартылған қаражаттардың жаңа түріне: Ұлттық банктен және басқа да несиелік мекемелерден алатын несиелер, басқа банктердің, корреспонденттік шоттағы, депозиттік шоттардағы қаражаттары, облигацияларды сатудан түскен қаражаттар, лизингтік операцияларды жүзеге асырғаны үшін алынған тауарлы-материалды құндылықтар жатады.
Коммерциялық банктердің ресурстарының құрылымы олардың мамандануы, әмбебаптығы және қызметінің ерекшеліктеріне қарай ерекшеленеді.
Банк ресурстарының құрылымына мыналар жатады:
Банктің меншікті капиталы.
Банктің заемдық және тартылған қаражаттары.
6.2. Банктің меншікті капиталы - банктің қаржылық тұрақтылығын, коммерциялық және шаруашылық қызметін қамтамасыз ету үшін құрылған банктің әр түрлі қорлары мен сол сияқты ағымдағы қызметінің нәтижесіне байланысты және өткен жылдардағы бөлінбеген пайдасы.
Банктің меншікті капиталының құрылымы бірдей емес, себебі, оларға әсер ететін әр түрлі факторларға, атап айтсақ, активтер сапасына, меншікті пайданың пайдаланылуына, капиталдың бағасын нығайту мақсатына және банк саясатына байланысты жыл бойына өзгеріп отырады.
Сонымен, қазіргі коммерциялық банктердің меншікті капиталы мынадай баптар құрайды:
жарғылық капитал;
резервтік капитал;
қосымша капиталдар;
банк операциялары бойынша тәуекелдерді төмендету мақсатында құрылған қорлар (резервтер);
бөлінбеген банк пайдасы.
Банктің жарғылық капиталы банктің заңды тұлға ретінде міндетті түрде құрылуын және өмір сүруінің экономикалық негізін құрайды. Жарғылық капиталдың төменгі мөлшері Қазақстан Ұлттық банктердің пруденциялық нормативтерімен реттеліп отырады. Банктің жарғылық капиталы, оның құрылтайшыларының қосқан жарналары немесе пайлары сомасынан тұрады.
Қазақстанда екінші деңгейлі банктер төмендегідей екі ұйымдық формаларда құрыла алады:
акционерлік банк формасында;
пай қосу арқылы, яғни жауапкершілігі шектеулі серіктестік формасында;
Пай қосу арқылы құрылған банктің жарғылық капиталы құрылтайшылық құжатта мөлшері анықталған пайшыларының жарнасынан құралып, олар қосқан жарналары көлемінде жауапты болып саналады. Мұндай банктердің жарғылық капиталын ұлғайту, тек қана пай қосушылардың қосымша қосқан жарналары және пай қосушылардың санының өсуі есебінен жүзеге асырылады. Алайда, акционерлік банктер өздерінің жарғылық капиталын ұлғайту үшін қосымша акцияларын эмиссиялайды, сол сияқты бұрынғы шығарылған акцияларының бағасын өсіреді.
Меншікті капиталдың құрамдас бөлігі - акционерлік капитал. Бағалы қағаз (акция) шығару есебінен құрылған банктің жарғылық капиталын банктің акционерлік капиталы деп атайды. Акционерлік капитал көлемі акцияны ұстаушылар – акционерлер қосқан жарналардан құралады. Акционерлік банктің акциясы - банктің жарғылық капиталына үлес қосқандығын куәландыратын және дивиденд алуға және банкті басқару ісіне араласуға құқық беретін бағалы қағаз.
Акционерлік капиталдың құрылымы әр банктерде әр түрлі келеді. Акционерлік капитал келесідей түрлерге бөлінеді:
а) меншікті акционерлік капитал, яғни бұл жай және артықшылығы бар акцияларды сатудан түскен қаражаттардан, үнемделген капитал және бөлінбеген пайдадан тұрады;
б) банктік резервтер, яғни алдағы уақыттағы әр түрлі шығындарды жабуға, дивиденттер төлеуге, қайтарылмаған қарыздың орнын жабуға арналады;
в) банктің ұзақ мерзімді міндеттемесі (ұзақ мерзімді вексельдері, облигациялары).
Ашық типтегі банктің акциясы қолдан-қолға басқа да акционерлердің келісімінсіз өтеді. Жабық типтегі банктің акциясы қатаң түрде белгіленген тізім бойынша немесе құрылтайшылардың арасында бөлінеді.
Банктің жай акциясын иеленушілер, банктің таза табысынан дивидент алып отыруға, оның жойылуы барысында тиісті мүлкіне ие болуға және акционерлердің жиналысына қатысып дауыс беруге құқылы.
Банктің артықшылығы бар акцияларын иеленушілер тұрақты пайыз түрінде табыс алып отыруға, бірінші кезекте банктің жаңа акцияларын сатып алуға және оның жойылуы барысында бірінші болып өзіне тиісті мүлкін алуға құқылы.
Сонымен қатар, банктер қаражат тарту мақсатында облигацияларды шығарады.
Жалпы, банктің акционерлік капиталының құралуы төмендегідей кезеңдерден тұрады:
бағалы қағаздардың проспект эмиссиясын дайындау және оны сараптамадан өткізу;
бағалы қағаздарды эмиссиялауды тіркеу;
эмитент-банктің бағалы қағаздарын тіркеу;
шығарылатын және орналастырылатын бағалы қағаздардың нәтижелерін тіркеу.
Акционерлік банктер акцияларды төмендегідей жағдайларда шығарылады:
банкті акционерлік формада құру;
банктің жарғылық қорын ұлғайту үшін қосымша акциялар шығару.
Банктің меншікті қаражатының түріне резервтік қор жатады. Резервтік қор – банк қызметінде пайда болуы мүмкін зияндардың орнын жабу мақсатында құрылған қаражат қоры.
Сондай-ақ, резервтік қор банктің тұрақты қызмет етуін қамтамасыз етеді. Резервтік қордың шамасы заңды түрде жарғылық капиталға белгілі бір пайыз мөлшерінде, айталық, 25% мөлшерінде құрылатын болса, оның мөлшері жарғылық қормен теңескен жағдайда жарғылық капиталға толығымен аударылады. Резервтік қордың құралуының негізгі көзіне банк пайдасы жатады. Кейде, банкте пайда болмаған жағдайда резервтік қор есебінен банктің артықшылығы бар акциялары бойынша пайыздар төленеді.
Қосымша капиталдар - негізгі құралдардың тозуына байланысты аударылған аударымдар есебінен және белгілі мақсатқа бағытталатын пайданы бөлу нәтижесінде құрылатын қаражаттар.
Арнайы қорлар - негізгі қорларды қайта бағалау негізінде, валюталық қаражаттарды қайта бағалау қоры, яғни ұлттық валюта мен шетел валюталары арасындағы айырма нәтижесінде құрылады. Валюталық қаражаттарды қайта бағалау қоры шетел валютасында жарғылық капиталды қалыптастыру барысында маңызды.
Келесі қорға жекелеген банктік операциялар бойынша тәуекелді төмендету мақсатында құрылатын арнайы резервтер жатады. Мұндай резервтерге: несиелік тәуекелді жабуға және бағалы қағаздардың құнсыздануына байланысты құрылған резервтер жатады.
Бөлінбеген пайда – акциялар бойынша дивидентті төлегеннен кейін және резервтік қорға аударғаннан қалған пайданың бөлігін білдіреді.
Банктің меншікті капиталын ұлғайту жолдарына мыналар жатады:
банк пайдасы;
акциялар шығару;
құрылтайшылар және пай қосушылар санын арттыру;
облигациялар шығару жатады.
Банк капиталы банктің дербестігін қамтамасыз ете отырып, оның қаржылық тұрақтылығына кепіл болады және банктің басынан кешетін әр алуан тәуекелдердің зардаптарын ретке келтіретін басты көз болып табылады. Банктің меншікті капиталы мынадай қызметтер атқарады:
- қорғаныс қызметі;
- шұғыл қызметі;
- реттегіштік қызметі;
- айналым қызметі;
- резервтік қызметі.
Банктің меншікті капиталының қорғаныс қызметі, оның капиталының шамасының банктің төлем қабілетіне және тұрақтылығына тікелей байланыстылығын сипаттайды. Банктің меншікті капиталы қаншалықты жоғары болса, соғұрлым банк өтімді болып саналады. Банк банкротқа ұшырай қалған жағдайда, оның акционерлерінен басқа ешкім зиян шекпейді.
Банк капиталының қорғаныс қызметі - банктің салым иелеріне жәрдем ақы төлеу мүмкіндігін ғана емес, сол сияқты ағымдағы табыс болмаған жағдайда зияндарды жабуға қызмет етуін сипаттайды. Сондықтан да, оның азаюы банктің банкротқа ұшырауына жол береді. Қорғаныс қызметі – меншікті капиталдың ең басты қызметін білдіреді.
Банк капиталының шұғыл қызметі қорғаныс қызметіне қарағанда екінші дәрежелік маңызға ие болып табылады. Оперативтік қызметі жер, ғимарат, құрал-жабдықтар алуға қажетті меншікті қаражаттарды жұмылдыруды, сондай-ақ көзге көрінбейтін зияндар жағдайына байланысты резервтер құруды сипаттайды. Бұл қаржы ресурстар көздері әсіресе, банктік қызметтің басталуы үшін маңызды. Кейіннен бұл қаражаттардың бір бөлігі ұзақ мерзімді активтерге және әр түрлі резервтерді құруға жұмсалынады.
Қаржы және салым иелерінің мүдделерін қамтамсыз етуден басқа банктердің меншікті капиталы реттегіш қызметті атқарады. Бұл қызмет қоғамның мүдделерімен, сол сияқты банк операцияларына бақылауды жасауға мүмкіндік жасайтын заңдар және ережелерге тікелей байланысты. Банк капиталының көрсеткіштерінің көмегімен мемлекеттік ұйымдар банктер қызметтеріне баға беріп, оған бақылауды жүзеге асырады.
Банктің меншікті капиталына қатысты ережелер, оның ең төменгі мөлшеріне қойылатын талаптарды, активтерге байланысты шектелуін және басқа банктен активтер сатып алу шартын қамтиды. Қазақстан Ұлттық банкі бекіткен пруденциялық нормативтерде банктің меншікті капитал көлемі беріледі. Сонымен қатар, реттегіштік қызметке ссудалық және инвестициялық операцияларға байланысты шектеу мақсатында капиталды пайдаланады.
Айналым қызметі. Кез келген банк капиталы банкроттыққа қарсы, не болмаса зияндардың орнын жабу үшін құрылмайды. Олардың басты мақсаты коммерциялық қызмет көрсету болып табылады. Мұндай қызметтер тәуекелмен байланысты болатындықтан, банк капиталының мұндағы қызметі тәуекел дәрежесін есепке алатын активтік айналымды авансылаумен сипатталады. Сондықтан да, бұл қызметті меншікті капиталдың айналым қызметі деп атайды. Бұл қызметті атқара отырып, өзінің айналым капиталын кассалық ақшалар, несиелік, факторингтік және лизингтік операцияларға, бағалы қағаздар сатып алуға, басқа да ғимарат, құрылғыларға және басқа да негізгі қорларға жұмсай отырып, банктер өз несие берушілерін зияндардан қорғайды.
Резервтік қызметі. Тәуекелдер тек активтік операцияларға ғана емес, сондай-ақ пассивтік операцияларға да тиісті болып келеді. Пассивтік операциялардан туындайтын тәуекелдерді болдырмау үшін банктер тартылатын қаражаттар есебінен міндетті резервтер ретінде Орталық банкте резервтерін құрайды.
Банктердің төлем ресурстарының мүмкін болар тапшылығына байланысты міндетті түрде құрайтын резервтер сияқты, активтік операцияларды болатын тәуекелдердің орнын толтыру үшін арнайы меншікті капитал резервін құруға мәжбүр болады. Мұндай зияндар банк капиталының айналым қызметіне жатпайтындықтан, оларды басқа қызметі - резервтік қызмет арқылы ғана қолдап отырады.
6.3.Банк ресурстарының құрылымында тартылған қаражаттар үлесі меншікті қаржаттармен салыстырғанда өте жоғары, олардың есебінен банктің активтік операцияларының басым бөлігі жүзеге асырылады.
Нарықтық қатынастардың дамуына байланысты, сондай-ақ ескі банктік жүйе үшін уақытша бос ақшалай қаражаттарды тартудың дәстүрлі емес тәсілдерінің болуы, тартылатын қаражаттар құрылымын толығымен өзгертті десе де болады.
Банктік тәжірибеде барлық тартылатын қаражаттарды жинақтау тәсілдеріне байланысты үлкен екі топқа бөледі:
депозитік қаражаттар;
депозиттік емес тартылған қаражаттар.
Тартылған қаражаттар ішінде ең көп бөлігін депозиттер құрайды. Депозиттер, банк үшін бірден-бір арзан ресурс көзі болып табылады.
Депозит – бұл клиенттердің (жеке және заңды тұлғалардың) банктегі белгілі бір шотқа салған және өздері пайдалана алатын қаражаттары.
Депозиттік емес тартылған қаражаттар – бұл банктің алған қарыздары түрінде немесе өздерінің меншікті бағалы қағаздарын сату жолымен тарататын қаражаттары.
Депозиттік емес банктік ресурс көздері мен депозиттер өзара ажыратылады. Біріншіден, олар персоналдық емес, яғни банктің нақты клиенттің атынан тартылмайды; екіншіден, мұндай қаражаттарды тарту инициативасы банктің өзінен туындайды.
Депозиттік емес тартылған ресурстармен көбіне ірі коммерциялық банктер айналысады. Өйткені, депозиттік емес қаражаттар ірі сомада сатып алынатындықтан да, оларды көтерме сауда операциялар сипатына жатқызуға болады.
Пассивті депозиттік операциялар - бұл клиенттердің уақытша бос ақша қаражаттарын белгілі уақытқа және пайыз төлеу шартымен тартумен байланысты операциялар. Бұл операциялар көмегімен тартылған депозиттер пассив жағының көп бөлігін алады және банктік ресурстарын қалыптастырудың негізгі көзі.
Қазіргі банктік тәжірибеде салымдардың, депозиттердің және депозиттік емес ресурстардың шоттарының әр түрлері кездеседі. Бұл банктердің жоғарғы бәсекелестік нарықта банк қызметтеріне деген клиенттер топтарының сұранысын қанағаттандыруға және олардың қаражаттары мен уақытша бос қаражаттарын банктік шоттарға тартуға ұмтылуына жағдай жасайды.
Экономикалық мазмұнына қарай депозиттерді мынадай топтарға бөледі:
- талап етілетін депозиттер;
- мерзімді депозиттер;
- жинақ салымдары;
бағалы қағаздар түріндегі (депозитік және жинақ сертификаттары) депозиттер.
Сондай-ақ, оларды төмендегідей белгілеріне байланысты жіктеуге болады:
мерзімдеріне қарай;
салым иелерінің категорияларына қарай;
қаражаттарды салу және қайтарып алу шартына қарай;
пайыз төлеу тәсіліне қарай;
банктің активтік операциялары бойынша жеңілдіктер алуына қарай;
басқа.
Салым иелерінің категорияларына байланысты депозиттік шоттар мынадай түрлерге бөлінеді:
жеке тұлғалардың шоттарына;
кәсіпорындар және акционерлік қоғамдардың шоттарына;
жергілікті билік ұйымдарының шоттарына;
қаржылық мекемелердің шоттарына;
шетелдік азаматтарының шоттарына.
Талап етілетін депозиттер – бұл салым иелерінің бастапқы талап етуіне байланысты әр түрлі төлем құжаттар арқылы қолма-қол ақшаларын алатын әр түрлі шоттардағы қаражаттар.
Отандық банктік тәжірибеде талап етілетін депозиттерге мыналар жатады :
мемлекеттік, акционерлік кәсіпорындардың, сондай-ақ әр түрлі шағын коммерциялық құрылымдардың ағымдық шоттарындағы сақталатын қаражаттары;
әр түрлі мақсатқа тағайындалған қорлардың қаражаттары;
есеп айырысудағы қаражаттар;
жергілікті бюджеттер қаражаттары және олардың шоттарындағы қаражаттар;
басқа банктердің корреспонденттік шоттарындағы қаражат қалдықтары.
Талап етілетін депозиттік шоттардың артықшылығы олардың иелері үшін жоғарғы өтімділігіне байланысты сипатталады. Талап етілетін депозиттік шоттарға қаражаттар, шаруашылық және басқа да операциялардың жүзеге асырылуы барысында түседі және пайдаланылады.
Ал, кемшілігі – бұл шот бойынша пайыз мүлде төленбейді немесе біршама төменгі мөлшерде төленеді. Міне осыдан келіп талап етуге дейінгі шоттардың төмендегідей өзіндік ерекшеліктері қалыптасады:
ақша салу және оны алу кез келген уақытта ешқандай да шектеусіз жүзеге асырылады;
шот иесі банктен осы шотты пайдаланғаны үшін пайыз түрінде немесе коммиссиондық ақы алып отырады;
банктер талап етілетін шоттарда ақшалай қаражаттарды сақтағаны үшін өте төменгі деңгейде пайыз төлейді, кейде төлемеуі де мүмкін;
талап етілетін депозиттер бойынша, коммерциялық банк Орталық банкте сақталатын міндетті резервтерге жоғарғы мөлшерде аударымдар жасайды.
Қазақстандық көптеген коммерциялық банктерде талап етілетін депозиттердің үлесі тартылған қаражаттар құрылымында өте жоғары болып келеді. Бұл өте арзан ресурс болғанымен банктерде оларды ұзақ мерзімге орналастыруға байланысты қиындықтар туындайды. Халықаралық банктік тәжірибеде оларды ұзақ мерзімді активтерге айналдыруда депозиттік базаны сандық талдау әдісі қолданылады. Мұнда депозиттік базаны сипаттайтын көрсеткіштер есептелінеді:
1. Талданатын мерзім ішінде ресурстық базаның өсімін көрсететін қаражаттардың (талап етілетін депозиттердің) шоғырлану деңгейі. Оны пайыздық қатынаста мынадай формуламен есептейді:
Шд (Қс – Қб) / Т
мұндағы, Шд - қаражаттың шоғырлану деңгейі;
Қс - мерзімнің соңындағы қаражат қалдығы;
Қб - мерзімнің басындағы қаражат қалдығы;
Т - мерзім ішіндегі қаражат түсімдері.
Орташа сақталу мерзімі. Талап етілетін депозиттерде сақталатын қаражаттардың орта күнінің санын көрсетін көрсеткіш, сол арқылы тартылған қаражаттарды мерзімді активтерге айналдыру мерзімін мынадай формуламен анықтауға болады:
М Қо К / А
мұндағы, М – орташа сақталу мерзімі;
Қо - мерзім ішіндегі орташа қаражат қалдығы;
К - қарастырылатын мерзім ішіндегі күндер саны.
А - мерзім ішіндегі алынатын немесе аударылатын қаражаттар сомасы.
Талап етілетін депозиттердің азаймайтын (тұрақты) қалдығы немесе олардың табысты активтерге оналастыруға болатын қаражаттарының бір бөлігі:
Ақ Қо / Т
мұндағы, Ақ – азаймайтын қаражат қалдығы;
Қо - мерзімі ішіндегі орташа қаражат қалдығы;
Т - мерзім ішіндегі қаражат түсімдері
Мынадай мысалды қарастырайық.
Кірген қалдық Айналым Шығатын қалдық
Актив/Пассив Дебет Кредит Актив/Пассив
50000 200000 400000 250000
Есептелу жолы:
Шд (Қс – Қб) / Т (250000 –50000)/ 400000 50;
М Қо К / А 150000 360 / 200000 270 күн;
Ақ Қо / Т 150000 / 400000 37,5.
Есептеу нәтижесінен, талап етілетін депозиттердің ұлғаю тенденциясы байқалады және банкке үнемі 100000 теңгеде талап етілетін депозит ретінде қаражат түсіп отыратын болса, онда оның 37 500 теңгедегі сомасын 9 ай мерзімге (270 күн) дейін мерзімді табыс әкелетін актвитерге орналастыру мүмкіндік туатыны көрсетіледі.
Соңғы көрсеткішті келесідей тәсілді пайдалана отырып, өзгертуге немесе жетлдіруге болады. Алдымен белгілі бір кезеңде (мысалы, бір айға) шоғырланатын депозиттердің тұрақты бөлігін анықтау қажет. Мысалы,
1 ай
қаражаттар түсімі – кетуі 300000 - 200000
Х1 0,1
Депозиттердің жалпы сомасы 1000000
2 ай Х2 (400000 –150000) / 1000000 0,25
3 ай Х3 (600000 – 450000) / 1000000 0,15
Бір тоқсандағы депозиттердің тұрақты бөлігінің үлесін (Т) мына формуламен есептейміз:
0,1 Х1 0,25 Х2 0,15 Х
Т 1 -
Хn
мұндағы Х1,Х2, Х3 - орташа есеппен алынған әр айдағы депозиттердің сомасы;
Хn - орташа есеппен алынған бір тоқсандағы депозиттердің сомасы.
Бұл көрсеткіштер банк қызметкерлеріне қандай да бір күнге немесе мерзімге қатысты депозиттік қоржынының жағдайын нақты бағалауға және соның негізінде депозиттік қоржынның сапасы туралы қорытынды жасауға және оны ықшамдау бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, депозиттік қоржынның сапасын бағалауда депозиттердің орташа мөлшері көрсеткішін пайдалану қажет. Оның формуласы мынадай:
О Жд / К
мұндағы О - депозиттің орташа мөлшері;
Жд - депозиттің жалпы сомасы;
К - жасалған депозиттік келісім-шарттардың саны.
Мерзімді депозит – бұл банктерде белгілі бір мерзімге және пайыз төлеу шартында орналастырылған клиенттердің уақытша бос ақша қаражаттары.
Бұл депозит түрі алдын ала хабарлаудан кейін немесе мерзім бойынша алынуы мүмкін. Мерзімді депозиттер чектің көмегімен пайдаланылмайды, бірақ қолма-қол ақша түрінде еркін аударылады немесе ағымдағы шотқа аударылады. Егер мерзімге дейін бұл салымды алатын болса, онда шот иесі айып-пұл төлеуге міндетті.
Бұл салымның ерекшелігі - талап еткенге дейінгі депозитке қарағанда, оларға міндетті резервтердің төменгі мөлшері белгіленеді.
Депозиттің бұл түрін алдын ала хабарлау негізінде немесе уақыты жеткен кезде салым иесі ала алады. Мерзімді депозиттерді чектер арқылы алуға болмайды. Мерзімді депозиттерді басқа шоттарға аударуға болады.
Мерзімді депозиттер мынадай түрлерге бөлінеді:
меншікті-мерзімді депозиттер;
алдын ала алуы ескертілетін мерзімді депозиттер.
Меншікті-мерзімді депозиттер сақталу мерзіміне қарай жіктеледі:
30 күнге дейінгі;
30-90 күнге дейінгі;
90-180 күнге дейінгі;
180 күннен 360 күнге дейінгі;
360 күннен жоғары.
Мерзімді депозиттер бойынша, салым иесінен алдын ала хабарлау депозиті бойынша міндетті түрде өтінішін талап етеді. Өтініш беру уақыты алдын ала келісіледі және депозит бойынша, соған сәйкес пайыз белгіленеді. Әдетте, алдын ала алуын хабарлау мерзімі жеті күннен жоғары болып келеді.
Мерзімді депозиттердің мынадай ерекшеліктері болады: есеп айырысу үшін пайдаланылмайды, әрі мұндай шоттарға ешқандай да есеп айырысу құжаттары толтырылмайды; шоттағы қаражат баяу айналады; тұрақты пайыз төленеді; пайыз мөлшерінің ең жоғарғы деңгейі Ұлттық банкі тарапынан реттеліп отырады; ақшаны алуы туралы салым иесінің алдын ала хабардар етуі талап етіледі; бұл шоттағы қаражаттар бойынша ең төменгі мөлшерде резервтер белгіленеді.
Тағы бір кеңінен таралған депозиттердің түрі - жинақ салымдары. Олардың белгіленген мерзімі жоқ, қаражатты алуда ескертуін талап етпейді, салымның жоғарғы шегі шектелген, ақшаны салу және алу кезінде жинақ кітапшасын көрсетуі қажет.
Банктер үшін мұндай шоттар қосымша жұмыстарды талап етеді: операцияны рәсімдеу қиынырақ, кітапшаны жоғалту және ұрлатып алу жағдайына сай екі жақты тіркеу енгізу қажет және т.б. Компьютердің көмегімен жасалған жеке бет шоты туралы көшірмесі негізінде жинақ салымдарымен басқа салымдарды ауыстыруға мүмкіншілігі бар.
Мерзімді депозиттер және жинақ салымдары депозиттік ресурстардың біршама тұрақты бөлігін білдіреді.
Жинақ салымдарының тұрақты мерзімі болмайды. Бұл салымдардың түрі бойынша, мерзімді депозиттерге қарағанда төменгі мөлшерде пайыз төленеді. Жинақ салымдары жинақ кітапшалары негізінде толтырылады.
Жинақ салымдарының төмендегідей ерекшеліктері болады:
ақшалай қаражаттар сақтауда тұрақты мерзімі болмайды;
шоттағы қаражатты алдын ала алу барысында ешқандай да ескерту талап етілмейді;
ақшаны шотқа саларда немесе шоттан аларда міндетті түрде ақшалай қаражаттар қозғалысы көрсетілетін жинақ кітапшасының болуы талап етіледі.
Отандық банктік тәжірибеде жеке тұлғаларға ашылатын жинақ салымдары салым операцияларының мерзіміне және мазмұнына қарай төмендегідей түрлерге бөлінеді:
мерзімді жинақ салымдары;
қосымша жарна қосатын мерзімді жинақ салымдары;
ұтыс салымдары;
ақшалай-заттай ұтыс салымдары
мақсатты және ағымдық салымдар;
алдын ала алуын хабарлайтын салымдар;
валюталық салымдар.
Мерзімді жинақ салымдарға тұрақты мерзімі белгіленетін және сол мерзім өткенше алуға мүмкін емес салымдар жатады. Мерзімді жинақ салымдарына басқа жинақ салымдарға қарағанда жоғарғы мөлшерде пайыз төленеді.
Қосымша жарна қосатын салымдар – бұл шоттағы қаражатқа алдын ала келісілген уәде бойынша үздіксіз ақшалай соманы қосып отыруға болатын салымды білдіреді. Бұл шотта жинақталынған соманы белгілі бір күнде (жаңа жылдық салым, бойжеткен кезде және т.с.с) толық төленеді.
Ағымдық жинақ салымдар негізінен жалақы, зейнетақы, үздіксіз төлемдерді төлеу үшін жинақталатын және пайдаланылатын қаражаттарды білдіреді. Мұндай салымдар бойынша өте төменгі пайыз төленеді.
Мерзімді депозиттер мен жинақ салымдарының бір түріне депозиттік және жинақ сертификаттарын жатқызуға болады.
Депозиттік сертификат – заңды тұлғаның банкке салған қаражатын куәландыратын және оған салым мерзімінің өтуіне қарай банктен немесе оның филиалдарынан салған салым сомасы мен сыйақы мөлшерлемесін алуға құқық беретін бағалы қағаз.
Жинақ сертификаты - жеке тұлғаның банкке салған қаражатын куәландыратын және оған салым мерзімінің өтуіне қарай банктен немесе оның филиалдарынан салған салым сомасы мен сыйақы мөлшерлемесін алуға құқық беретін бағалы қағаз.
Депозиттік және жинақ сертификаттары иемденуіне қарай екі түрлі болып келеді:
атаулы сертификаттар;
мәлімдеуші сертификаттар.
Атаулы депозиттік және жинақ сертификаттары бұл салым иелерінің атына толтырылып беріледі. Ал, мәлімдеуші сертификаттарда салым иесінің аты-жөні көрсетілмейді, яғни оны кім иеленсе, сол қаражаттың иесі болып саналады.
Депозиттік және жинақ сертификаттары сатылған тауарлар және көрсетілген қызметтер үшін төлеуге болатын төлем құралы немесе есеп айырысу қызметін атқара алады. Депозиттік сертификаттар көбіне ірі сомада шығарылатындықтан да, оларды заңды тұлғалар сатып алады.
Әлемдік банктік тәжірибеде депозиттік сертификаттардың мынадай екі түрі бар:
аударылатын;
аударылмайтын.
Аударылмайтын депозиттік сертификаттар салым иелерінің қолдарында болып, уақыты жеткен соң банкке ұсынылады.
Аударылатын депозиттік сертификаттар басқа бір тұлғаларға екінші нарықта сатып алу-сату арқылы өтеді.
Жинақ сертификаты жеке тұлғаларға арналып шығарылады. Жинақ сертификатының мерзімі 1 жылдан 3 жылға дейінгі мерзім аралығын құрайды. Жинақ сертификаты тек жеке тұлғаларға ғана беріледі.
Мерзімді депозиттік және жинақ сертификаттары мерзімінен бұрын төлеуге ұсынылуы мүмкін. Мұндай жағдайда банк сертификатты сатып алады, бірақ төменгі мөлшерде пайыз төлейді.
Коммерциялық банктер үшін бұл сертификат ресурсты жинақтау тиімділігімен, яғни ірі соманың белгілі бір мерзімге түсуін сипаттайды.
Осындай жағдайда, коммерциялық банктердің активтік операцияларын қаржыландырудың басты көзі ретінде пайдаланылатын тартылған қаражаттарды жинақтауда, коммерциялық банктерден депозиттік саясатты белсенді түрде жүргізе отырып, депозиттік операцияларды ұлғайту талап етіледі.
Депозиттік операцияларды ұйымдастыру барысында коммерциялық банктер баланс өтімділігін сақтай отырып, мынадай талаптарды ескеруі тиіс:
депозиттік ресурстардың қаржыландыратын активтік операциялардың мерзімдері мен сомасына сәйкес келуі;
депозиттік операциялар банк пайдасын ұлғайтуға немесе болашақта пайда алу үшін жұмыс жасауға тиіс;
депозиттік операцияларды ұйымдастыру процесінде мерзімді депозиттер мен мерзімді салымдардың көбірек тартылуына көңіл бөлу;
салым иелерінің санын өсіру мақсатында, депозиттік операциялар түрлерін ұлғайтып, қосымша қызмет көрсетіп, жеңілдіктер жасауға тиіс.
Сонымен қатар, тұрақты депозиттік нарықтың қалыптасуына Қазақстан Ұлттық банкінің 1999 жылы 5 қарашада бекіткен “ҚР-ғы екінші деңгейдегі банктерегі жеке тұлғалардың салымдарын (депозиттерін) міндетті түрде ұжымдық кепілдендіру (сақтандыру)” ережесі негізінде құрылған “Жеке тұлғалардың салымдарын кепілдендіру (сақтандыру) Қазақстан қоры” АҚ-ның қызметі ықпал еткен десе болады. Ендеше осы қорға қысқаша тоқталайық.
Қордың жарғылық капиталы 1 млрд теңге. Қордың құрылтайшысы Ұлттық банк болып табылады. Қордың банктік шоты Ұлттық банкте ашылған. Қордың қаражаты ережеге сәйкес мынадай бағытта орналастырылады:
Қор активінің 80-ын кем емес қаражатын мемлекеттің бағалы қағаздарына;
Ұлттық банктегі салымға (депозиттерді).
Бұл Қордың мақсаты - “ҚР-ғы екінші деңгейдегі банктерегі жеке тұлғалардың салымдарын қайтаруды қамтамасыз ету.
Ережеге енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, Қорға қатысушы банктердегі жеке тұлғалардың салымдарын (депозиттерін) міндетті түрде ұжымдық кепілдендіру (сақтандыру) объектісіне мыналар жатады:
жеке тұлғалардың теңгедегі мерзімді салымдары сыйақыларымен;
жеке тұлғалардың шетел валютасындағы (доллар мен еуродағы) мерзімді салымдары сыйақсыз;
жеке тұлғалардың талап етілетін салымдары сыйақысыз.
ҚР-ғы екінші деңгейдегі банктерегі жеке тұлғалардың салымдарына кепіл беру Қорға қатысушы банктерге берген куәлік негізінде жүзеге асады.
Қорға қатысушы банктер үшін олардың қаржылық жағдайыны байланысты жекеше түрде міндетті күнтізбелік жарна мөлшерлемесі кепілдендірілетін салым (депозит) сомасы мен оған есептелетін сыйақы көлемінен 0,125 -дан 0,375 -ға дейін белгіленеді. Міндетті күнтізбелік жарна мөлшерлемесін есептеу үшін кепілдендірілетін салым (депозит) сомасына көбейту қажет.
Жеке тұлғалардың салымдары (депозиттерін) және оның сыйақылары қандай валютада салымға салынса сол валютамен қайтарылады.
Қор әрбір салымшыға (депозиторға) мынадай мөлшерде кепілдік береді:
теңгедегі мерзімді салымды - 700 мың теңгеден аспайтын сомада және банктік операцияларды жүргізуге арналған лицензиясын қайтарып алғанға дейінгі уақытқа есептелген сыйақы сомасын, Ұлттық банктің ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің елу пайызы мөлшерінде;
АҚШ доллары және еуродағы салымды - салынған салымның (депозиттің) 90 теңгеге балама сомадан аспайтын мөлшерде сыйақысыз шетел валютасында, яғни Ұлттық банктің салық және кеден төлемдерін есептеу мақсатында белгілеген шетел валютасының теңгеге қатысты бағамы бойынша салым салынған валютада;
Теңгедегі талап ету салымын - 50 мың теңгеден аспайтын салынған салым көлемінде сыйақысыз.
Банктің депозиттік емес ресурстары
Банк депозиттік емес ресурстары банктің қысқа мерзімді өтімділігін қолдау мақсатында тартылады. Оларға: банкаралық несиелер, Ұлттық банктің несиелері, банктердің меншікті бағалы қағаздарын эмиссиялау нәтижесінде тартқан ресурстары, сондай-ақ отандық және шетелдік басқа да қаржы нарығынан сатып алынған ресурстары жатады.
Банкаралық несие - бұл коммерциялық банктердің бір-біріне беретін несиелері.
Банкаралық несие бұл басқа ресурстармен салыстырғанда өте қымбат ресурс болып табылады.
Банкаралық несиенің негізін банкаралық депозиттер құрайды. Банкаралық депозиттер – бұл банктердің бір-бірінде ашқан корршотындағы қаражат қалдықтары.
Депозиттік емес қаражаттардың бір түріне Ұлттық банктің коммерциялық банктерге қысқа мерзімді өтімділігін қолдап отыру мақсатында беріліп отырған мынадай несиелерін жатқызуға болады: овернайт (бір түндік) және овердрафт.
Овернайт – банктердің Ұлттық банктегі корреспонденттік шотында дебеттік қалдықтың пайда болуына байланысты бір түнге берілетін несие.
Мысалға, оны бүгін кешке алған жағдайда, ертеңіне кешке қайтаруға тура келеді. Кей жағдайда, бұл несиені алу жұмыс аптасының соңғы күні немесе жұма күнге түссе, онда несие келесі аптаның бірінші күні қайтарылуы тиіс. Овернайт заемдары бойынша ҚР Ұлттық банкі сыйақы мөлшерлемесін белгілейді.
“Овернайт” заемдары бойынша сыйақы мөлшерлемесі - ҚР Ұлттық банкінің екінші деңгейдегі банктерге, олардың ҚР Ұлттық банкіндегі корреспонденттік шоттары бойынша есеп айырысуды дебеттік қалдықпен аяқтауы барысында бір түнге берілетін заемдары бойынша қолданылады.
Овердрафт – банктік жұмыс күні ішінде банктердің Ұлттық банкте ашқан корреспондентік шотында уақытша қаражат жоқтығына немесе жетіспеуіне байланысты ақшалай аударымдар мен төлемдер жасау мақсатында берілетін несие.
Овердрафт заемдары бойынша ҚР Ұлттық банкі сыйақы мөлшерлемесін белгілейді.
Бұл аталған несиелер қысқа мерзімді. Ұлттық банк екінші деңгейдегі банктерге бүгінгі күні орта және ұзақ мерзімде несиелерді бермейді.
Бағалы қағаздарды қайта сатып алу негізінде сату келісімі (РЕПО операциясы) - қазыналық міндеттемелермен қамтамасыз етілетін қысқа мерзімді займның түрін білдіреді.
Мұндағы қарыз алушының міндеттемесі, яғни ол келісілген күні және алдын ала белгіленген бағада, өзінің сатқан бағалы қағазын қайта сатып алуды көздейді.
Банктердің мемлекеттің бағалы қағаздарымен жасайтын РЕПО және кері РЕПО операциялары бойынша сыйақы мөлшерлемелерін ҚР Ұлттық банкі белгілейді.
ҚР Ұлттық банктерде вексельдерді қайта есепке алу және несие беру – бұл қосымша қаражатқа деген қажеттілікке байланысты коммерциялық банктердің ҚР Ұлттық банкке өздерінің вексельдерін кепілге бере отырып, ресурстар тарту тәсілі.
ҚР Ұлттық банкі вексельдерді қайта есепке алуда ресми есептік мөлшерлемені белгілейді.
Банктік ресурстарды тартудың жаңа бір формасына банктің вексельдерін жатқызуға болады. Банктер тек қарапайым вексельдерді ғана шығарады. Банк вексельдерін шығарудағы артықшылықтарға: біріншіден, вексельді тауарлар мен көрсетілетін қызметтер үшін есеп айырысуда пайдаланады; екіншіден, вексельдер ссуда алу барысында кепілдік ретінде жүреді; үшіншіден, вексельді жеке және заңды тұлғалар қолдана алады; төртіншіден, вексельдердің өтімділігі жоғары; бесіншіден, вексельдер бойынша дисконт мөлшерлемесі жоғары; алтыншыдан, вексельдің заңды немесе жеке тұлғаға өту барысында шектеулік болмайды; жетіншіден, вексельдің мерзімі әр түрлі болады.
Коммерциялық банктер өздерінің меншікті капиталы мен банктік ресурстар көлемін ұлғайту мақсатында облигациялар арқылы қосымша қаражат тартады. Облигацияларды отандық тәжірибеде көбіне ірі коммерциялық банктер шығарып отыр. Мұндай қарыздық міндеттемелер түрлерін шығару бір жағынан, банк капиталын, екінші жағынан, оның ресурстарын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл операцияларды ұйымдастырудың басты мақсаты - банктің өтімділігін жақсарту.
6.4. Тартылған қаражатарды тиімді басқару банктің депозиттік саясатының жасалуын көздейді.
Коммерциялық банктің депозиттік саясаты салым иелерінің ақшалай қаржаттарын депозитке тарту және тартылған қаражаттарды тиімді басқарумен байланысты банктік саясатты білдіреді.
Депозиттік саясат банктің қаражаттарды тартумен байланысты стратегиясы мен тактикасын қамтиды.
Депозиттік саясат – банктік саясаттың құрамдас бөлігі ретінде банктің депозиттік операцияларын дұрыс ұйымдастыруға бағытталған шаралардың жиынтығын білдіреді.
Кең мағынасында депозиттік саясатты депозит қызметін көрсетуші мен салым иелері арасындағы қатынасты реттеу құралы ретінде қарастыруға болады.
Тар мағынасында, бұл кез келген коммерциялық банктің депозиттік операцияны ұйымдастыру барысындағы банктің стратегиясы мен тактикасын сипаттайды.
Коммерциялық банктердің депозиттік саясатының басты мақсаты - ҚР заңына сәйкес депозиттік операциялардың жүргізуде банктердің бар мүмкіндіктерін пайдалану және өтімділіктің қажетті дейгейіне қолдау көрсету.
Банктердің депозиттік саясатының міндеттері мынадай болуға тиіс:
банктің депозиттік базасын нығайтып, депозиттік нарықтағы үлесін кеңейту;
меншікті капиталға қатысты нормативтерді сақтай отырып, банктің депозиттік портфелінің көлемін ұлғайтып, оның сапасын арттыру;
банктің активі мен пассивін басқаруға байланысты шешімдерге сәйкес және өтімділік саясатына қарай банктің ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді депозиттерінің өзара шекті қатынасын қолдау;
барлық салым иелеріне қатысты өлшемді және икемді саясат ұстану.
Депозиттік саясаттың ұғымын екі тұрғыдан қарауға болады. Кең мағынада бұл салым иелерінің және өзге де кредиторлардың ақшалай қаржаттарын тартумен, сондай-ақ қаражат көздерін анықтаумен байланысты банктің қызметін сипаттайды. Ал, тар мағынада бұл банктің өтімді қаражттарға деген қажетін қанағаттандыру мақсатында тартылған қаражаттарды іздестіру шараларын білдіреді.
Депозиттік саясат банктің стратегиясына сәйкес жасалуы тиіс. Соныдықтан банк өзінің депозиттік саясатын жасау барасында өзінің әлуетті клиенттерін, яғни жеке салымшыларды немесе салымшылар ретінде заңды тұлғаларды дұрыс таңдай білуі қажет.
Банктік ортадағы күшті бәсекелестік жағдайында банктер агрессивтік депозиттік саясат жүргізуді таңдайды. Сонымен қатар, клиенттерді тартуда банктердің тиімді пайыз саясатын қолданғаны дұрыс. Ол үшін банк депозиттік саясат шегінде өзінің тактикасын жасауы қажет.
Депозиттік операцияларды жүргізуде банктер мынадай принциптерді басшылыққа алады:
депозиттік базаны қалыптастыру барысында заңдық және нормативтік талаптардың орындалуын сақтау;
депозиттік операциялар банктің пайда табуына ықпал етуге тиіс;
тартылған депозиттік ресурстар банктің өтіміділігін қамтамасыз етуге тиіс;
депозиттік ресурстардың субъектілер, түрлері және мерзімдері бойынша дифференциалдануын қадағалауы қажет.
Банктің депозиттік саясаты депозиттік операцияларға байланысты туындайтын тәуекелдерді басқаруға аса мән береді.
Депозиттік саясатттың міндеті: банк балансының өтімділігін сақтау; ең төменгі шығынды ресурстар тарту; барынша ұзақ мерзімге қажетті мөлшерде депозит тартуды қамтамасыз ету; алдағы уақыттарда банкте тұрақты ресурстардың шоғырлануын қамтамасыз ету.
Депозитік саясат туралы ереженің құрылымы мынадай баптарды қамтуға тиіс:
жалпы ереже;
депозитік саясаттың мақсаты мен міндеттері;
банктің құрылымдық бөлімшелерінің өзара әрекеті;
банк ресурсының құрылымы;
ақшалай қаражатты тарту мерзімі және депозиттік келісім-шартты бекіту тәртібі;
депозиттік келісім-шартты жасауға және банкте шот ашуға қажетті құжаттардың тізімі;
депозиттік және жинақ сертификаттарын сатумен байланысты операцияларды рәсімдеу тәртібі және оған қажетті құжаттар;
банктік және банктік емес ұйымдардың қаражаттарын тарту және рәсімдеу тәртібі;
ҚР Ұлттық банкінің белгілеген міндетті резерв нормалары негізінде резервтік шотқа қаражат аудару тәртібі;
құжаттарды сақтау тәртібі.
Клиенттердің құрамына және банкітің қызметінің бағытына байланысты депозиттік саясатттың өзге де бөлімдері болуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |