Банк балансының базалық формасы:
Активтер = Міндеттеме + меншікті капитал
Банк активтері мен міндеттемелері негізі бойынша топтастырылатын баланстық есепті тапсырады және олардың салыстырмалы түрдегі өтімділігін көрсететіндей ретпен санамалап тізіп беруі тиіс.
Коммерциялық банктің есеп шоттарының жоспары
Қазақстан Республикасы екінші деңгейдегі банктерінің бухгалтерлік есебі, жалпы түрде қабылданған әлемдік тәжірибе стандарттары бойынша негізделген есеп шоттар жоспарының шоттарында жүзеге асырылады.
Есеп шоттарының жоспары сыныптар (кластар) бойынша бөлінген шоттар тізімін білдіреді:
1. Бірінші сынып
|
«Активтер»
|
2. Екінші сынып
|
«Міндеттемелер»
|
3. Үшінші сынып
|
«Меншікті капитал»
|
4. Төртінші сынып
|
«Кірістер»
|
5. Бесінші сынып
|
«Шығыстар»
|
6. Алтыншы сынып
|
«Шартты және болуы мүмкін міндеттемелер мен талаптар»
|
7. Жетінші сынып
|
«Банк балансына меморандум есеп шоты»
|
Банктер балансының есеп шоттары баланстық және баланстық емес, активті және пассивті болып бөлінеді. Бастапқы үш сыныптың есеп шоттары банктің Біріккен балансында, ал төртінші және бесінші сыныптың есеп шоттары қаржылық-шаруашылық нәтижелері туралы есептерде көрсетіледі.
Есепті мерзім қорытындысының нәтижелері үшінші сынып «Меншікті капитал» есеп шотында көрсетіледі.
Үшінші сынып деректері бойынша банктің шартты және болуы мүмкін міндеттемелері туралы есептер жасалады, ал жетінші сынып деректері – қосымша ақпараттар беру үшін қажет болып саналады, мысалы, трасталық операциялар бойынша.
Есеп шоттардың бірінші саны қай сыныпқа жатушылығын, екінші, үшінші сандар-есеп шоттарының тобын, ал төртінші сан одан әрі бүге-шегесіне дейін талдауды және есеп шоттар тобының мағынасын ашуды көрсетеді.
Банктің есеп берушілік құрамындағы коммерциялық банктің қаржылық есебі баланстан өзге пайдалар мен зияндар туралы есептерден тұрады, онда кірістер алу үшін қатыстырылған ресурстардың құны, өзге пайызсыз кірістер, сондай-ақ банктің бүкіл шығындары көрсетіледі. Банктің таза табысы нәтижелі көрсеткіш болып саналады.
Коммерциялық есеп айырысулар жағдайындағы жұмыс кезінде банктің бүкіл ағымдағы шығындары оның табыстары арқылы жабылуы тиіс, ал оны одан әрі дамыту осы мақсат үшін жинақталған меншікті қаражаттар есебінен қаржыландырылады. Сондықтан коммерциялық банк тиімді жұмыс жасай отырып, өз қызметінің тактикасы мен стратегиясын, сонымен бір мезгілде өндірістік-техникалық базаны дамыту үшін жеткілікті түрде ақша қаражатын жинақтайтындай етіп құруы тиіс.
Банк капиталының айналымынан, сондай-ақ заемдық және тартылған қаржыларды пайдалану нәтижесінде алынатын пайда коммерциялық банк қызметінің қозғаушы күші болып табылады.
Банктің баланстық пайдасы алынған табыстар, айыппұлдар, өсімдер, тараптардың бірі келісім шарттарын орындамағаны үшін төленетін айыптар мен шығыстардың жалпы сомасы, төленген айыппұлдар, өнімдер арасындағы айырмалар ретінде анықталады. Баланстық пайда есептік қаржы жылының 31 желтоқсанына шығарылады және бюджетке табыс салығын төлеуге, банк қызметін жүзеге асырумен байланысты шығындарды жабу үшін резервтік қорды, дивиденттер төлеу қорын, жинақтау және тұтыну қорларын құруға бағытталады. Банктің пайдаларын бөлу есептік қаржы жылындағы банк қызметінің нәтижелері бойынша акционерлердің жалпы жиналысында бекітіледі.
Табыс салығы, ұстап қалғандарды есепке ала отырып, банктің жылдық жиынтық табысы негізінде есептеледі. Банктің табыс салығы, түсетін кірістің 30 пайызына тең болады. Табыс салығы бойынша бюджетке ағымдағы төлемдерді төлеу, банктің кірістері мен шығыстарының есептік көрсеткіштерінен шығарыла отырып, ай сайын жүргізіледі.
Банк бір жылдағы қаржы қызметінің қорытындысы бойынша бірінші айдың 15-нен кешіктірмей, алдағы жылға бекітілген нормативтер бойынша:
резервтік қорға;
дивидендтерді төлеу қорына;
жинақтау және тұтыну қорына аударымдар жасайды.
Банктің қорларын құру мен пайдалану тәртібі Банк Басқармасы бекіткен Ережелермен анықталады.
Банктің филиалы - заңды тұлға болып табылмайтын, банк орналасқан жерден тысқары орналасқан, банк атынан банк қызметін жүзеге асыратын және өзіне банк берген өкілеттік шегінде әрекет ететін банктің оқшауланған бөлімшесі. Банк филиалының банкпен бірыңғай балансы, сондай-ақ банк атауымен толық сәйкес келетін атауы болады.
Достарыңызбен бөлісу: |