Дәріс 11 Білім беру процесіндегі психологиялық қарым-қатынас.
1. Қарым-қатынастың психологиялық ерекшеліктері
2.Педагогикалық қарым-қатынасты ұйымдастырудағы психологияның орны.
3.Оқу-педагогикалық іс-әрекеттегі және қарым-қатынастағы «бареьер» ұғымы.
4.Педагогикалық іс-әрекеттегі коммуникацияның психологиялық ерекшеліктері
1.Қарым-қатынастың психологиялық ерекшеліктері
Күнделікті қызмет барысында жеке адам немесе түрлі топтар (әріптес, ұжым, студенттер, оқушылар.б.), бұқара көпшілікпен жұмыс жасайтын мамандар үшін, қарым-қатынастың психологиялық ерекшеліктер мен заңдылықтарын жетік білу кәсби қызмет табыстылығының алғышарты болып табылары сөзсіз.
Қарым-қатынас психологиясы туралы сөз болғанда;
- тұлғааралық қарым-қатынас деген не?, оның ерекшеліктері мен механизмдері қандай?
- жеке адам белгілі бір топ не ұжым мүшесі болған сәтте қандай өзгеріске ұшырайды және көбіне өзін қалай ұстайды?
- ұжымдағы оның мінез-құлқында пайда болған өзгерістердің себебі неде? т.б. сұрақтар маңызды ақпараттық мәнге ие болады.
Осыған орай, қарым-қатынас психологиясының негізгі мәселесі - адами қарым-қатынастың тұлға аралық және топаралык формаларын танып-білу, қарым-қатынастың пайда болуы мен қызмет етуін және жеке тұлғаның қарым-қатынас барысында әлеуметтік-психологиялық қасиеттерінің қалыптасуын талдау болады.
Қарым-қатынастың негізгі үш бағдарын ажыратуға болады.
"Мен"-"Басқа" жүйесіндегі арақатынас. Қарым-қатынас барысында пайда болатын тұлғааралық қатынастарды танып білу, адамдардың бірін-бірі тану мен түсіну механизмін зерттеу, олардың ортақ қызметін ұйымдастыру тәсілін анықтау, бір адамның екінші адамға ықпал етуінің жолдары мен мүмкіндіктерін айқындау.
"Топ" - "Мен" жүйесіндегі арақатынас. Әртүрлі әлеуметтік жағдайлардың адамның мінез-құлқы мен тұлғалық ерекшеліктеріне ықпалын зерттеу.
"Мен" - "Топ". Жеке адамның әлеуметтік жағдайларға, қоршаған ортаға жасаған белсенді ықпалы. Әрбір адам - өз өмірінің, өз әлеуметтік байланыстарының қожасы, басқа адамдармен қарым-қатынастағы рөлдері мен орындарының жасаушысы ретінде қарастырылады.
Қарым-қатынастың жүзеге асу формалары:
Тікелей қарым-қатынас - табиғи бетпе-бет, сөздік және бейсөздік (ым, қимыл) құралдар көмегімен жасалынатын толық психологиялық контакт, кері байланыс бір мезгілде өтеді.
Жанама қарым-қатынас —қатысушылардың кері байланыс уақытын ұзартатын, не кешіктіретін жазу және техника құралдары арқылы жасалынатын толықсыз психологиялык контакт.
Тұлғааралық қарым-қатынас - екі не құрамы өзгермейтін топ ішіндегі таныс адамдардың тікелей контактлары. Тұлғааралық қарым-қатынастың белгілері: қатысушылардың психологиялық жақындығы, бір-бірінің ерекшеліктерін білуі, бірігіп күйзелуі, өзара түсінушілігі, ортақ қызметтестігі.
Бұқаралық қарым-қатынас - бейтаныс адамдардың тікелей не жанама (бұқаралық ақпарат құралдары арқылы болатын) контакттары. Мысалы, стадионда, театрда, шеру - бұқаралық тікелей қарым-қатынас, телемарафон, радиохабар
Персонааралық қарым-қатынас — ортақ іс-әрекет үрдісінде белгілі бір лауазым не кәсіп иесі ретіндегі тұлғалардың психологиялық байланыстары (чемпиондар, ғарышкерлер, президенттер).
Рөлдік қарым-қатынас - белгілі әлеуметтік рөлдерді орындаушылардың психологиялық контакттары, мысалы, оқушы — оқытушы, әке — бала, сатушы — алушы, көрші — көрші, дәрігер — ауру, бастық –бағынушы.
Мақсатына қарай қарым-катынас психологиясы тұлғааралық қарым-қатынастың үш түрін ажыратады:
Императивтік немесе әміршіл қарым-қатынас —өз қарым-қатынас серігінің тәртібі мен іс-әрекетіне бакылау жасау мақсатындағы әсер етудің авторитарлық, директивтік формасы. Қарым-қатынас партнері тек әсер етудің нысанасы, пассив ретінде қарастырылады. Императивтің ерекшелігі, партнерды бағындыру жөніндегі негізгі мақсатының жасырынбай айқын көрініп тұратындығында. Әсер етудің құралдары ретінде бұйрық, талап, әмір, тиым салу, нұсқау пайдаланылады (Отыр! Түр! Әкел!).
Манипуляция, алдап-арбау қарым-қатынасы — жиі кездесетін тұлғааралық қарым-қатынас түрі, қарым-қатынас партнерін өзінің жасырын ниетіне бағындыруды көздеген іс-әрекет. Өз мақсатына жету үшін манииулятор қарым-қатынас партнерін нысана ретінде қарастырады.
Манипуляциялық қарым-қатынас - басканы өз мақсатын жасырып өзіне қажетті іс-әрекетке баулу. Императив пен манипуляцияның ұқсастығы: екеуінің мақсаты бірдейлігінде: яғни, қатынас серігінің ойы мен бойын билеу, бақылау. айырмашылығы: манипуляциялық стильде шынайы мақсат жарияланбайды, жасырылады не ауыстырылады.
Алдап-арбау қарым-қатынасының қоғамдағы ресми орны - бизнес, сауда-саттық, іскерлік, насихат, оқыту болып табылады. Бұл түрдегі қарым-қатынастың демеу берушісі, жаршысы Дейл Карнеги.
Диалогтық не демократиялық қарым-қатынас. Бұл тең құқықтық субъектілердің арақатынасы, қарым-қатынас мақсаты - өзін-өзі және өзгені тану, білу, дамыту. Жоғарыда аталған арақатынастардан негізгі айырмашылығы - экоцентризмнен, өзіндік ұстанымнан альтруизмге, өзгеге, басқаға бағытталған ұстанымға көшу. Бұл қарым-қатынас үрдісінде екі дауыс, екі пікір есітіледі, яғни бұл өзара тиімді «субъект — субъект» қарым-қатынасы жүзеге асады.
Диалогтық қарым-қатынас ережелері:
Сұхбаттасушының және өзінің кекейкесті күйін ескеру, "осы жерде - осы сәтте" қағидасын басшылыққа алып арақатынас жүргізу, дәл осы кездегі сезімдерін, тілектерін, психологиялық ахуалын ғана назарға алу.
Қарым-қатынас серігінің тұлғасына баға бермеу, алдын-ала оның ниеттеріне сену, біріне -бірі сенімділік білдіру.
Серікті өзіне тең, өзіндік пікірі мен шешімі бар тұлға деп қабылдау.
Шешілмеген мәселе мен сұрақтар қарым-қатынас мазмұны болуы керек (қарым-қатынас мазмұнын мәселелендіру).
Сұхбат адамның өз атынан жүргізілуі керек, біреудің пікіріне сілтемей, өзінің сезімдері мен тілектерін білдіруі қажет (тұлғаландыру).
Қорыта келгенде, қарым-қатынас барысында адамдар өзі және басқалар үшін өзіндік психологиялық ерекшеліктерді ашады, көрсетеді, түсінеді. Адамның психологиялық қасиеттері қарым-қатынас нәтижесінде пайда болады, дамиды, өзгереді. Басқалармен арақатынас жасағанда адам қоғамдық ережелерді, нұсқаларды, білім мен іс-әрекет тәсілдерін, жалпы әлеуметтік тәжірибені өз бойына сіңіре отырып, нәтижесінде жеке тұлға болып қалыптасады.
Достарыңызбен бөлісу: |