Білім берудегі психологияның зерттеу пәні және міндеттері.
Ғылымның кез-келген саласы сияқты білім берудегі психологияны қарастырғанда ең алдымен оның объектісі мен зерттеу пәнін ажыратып алу қажет.
Ғылымның объектісі– бұл зерттеудің өзінен тыс, әртүрлі ғылымдармен зерттеуге болатын ақиқат. Объект ретінде материалдық және материалдық емес құбылыстар, денелер, процестер; тірі, биологиялық және абстрактілі жүйелер; күрделілігі әртүрлі дәрежедегі биологиялық ағзалар бола алады. Ғылыми зерттеу объекті ретінде өсімдік және жануарлар әлемі, адам, қоғам, өркениет, ғарыш және т.б. қарастырылады.
Әрбір объект (ғылыми тану объекті ретінде адам да) көптеген ғылымдармен зерттеліне алынады. Мысалы, адам антропология, физиология, психология, әлеуметтану, педагогика ғылымдарымен зерттелінеді. Алайда, әрбір ғылымның өз зерттеу пәні бар, яғни, оның объектідегі зерттеу нысаны. Мысалы, жас ерекшелік және педагогикалық психологияның зерттеу объектісі ортақ – адам, бірақ бұл ғылымдардың зерттеу пәні әртүрлі. Жас ерекшелік психологиясы үшін адамның психикалық дамуы мен өмірге келген сәттен бастап қартайған шаққа дейін қалыптасуының заңдылықтыры мен механизмдері, педагогикалық психология үшін, ең алдымен, білім беру процесінде адамның әлеуметтік мәдени тәжірибені игеру механизмдері мен заңдылықтары. Алайда, педагогика мен психологияның, жас ерекшелік психологиясы мен білім берудегі психологияның зерттеу объектісінің ортақ болуы олардың тығыз, іштей ажырамас байланысына және олардың пәндерінің әртүрлігінің негізінде жеке бөліп қарастыруға шартты түрде қарауға себеп болып отыр.
Білім берудегі психологияның пәніне жан-жақты анықтама бермес бұрын көптеген ғылымдардың зерттеу объектісі болып табылатын (педагогика, әлеуметтану, физиология, медицина, басқару теориясы, жалпы, әлеуметтік, жас ерекшелік, педагогикалық психология) білім беру, педагогикалық процесс - күрделі, көп қимылды, көп құрамдас бөлікті құбылыс екеніне назар аудару қажет. Оқыту процесінің күрделі, көп құрамдас бөлікті екенін кезінде ұлы дидакттар – Я.А. Коменский, И. Песталоцци, А. Дистервег атап өткен болатын. Мысалы, А. Дистервег «…оқытушылық іс-әрекетті анықтаушы әртүрлі кезеңдер мен пәндерді назарға алу қажет. Атап айтқанда: 1) оқытылатын адам, оқушы – субъект; 2) оқу және оқыту пәні – оқу пәні - объект; 3) оқушының оқу сәтінде қоршайтын сыртқы шарттар – уақыт, орын және т.б.; 4) оқытатын мұғалім». Білім берудегі психологияда білім беру процесінің көп құрамдас бөлікті құрамы функционалдық тұрғыдан факторлардың өзара әрекеті деп қарастырылады. Оқытудың тиімділігі осы факторлардың әрекеттерінің өзара келісімділігіне байланысты, яғни «не нәрсеге оқытады, кім және қалай оқытады, және кімді оқытады». Бұл жерде, білім беру процесін зерттеушілер оның құрамдас бөліктерін құрастырушылардың барлығының бірдей маңыздылығын атап өтеді. Жалпы білім беру процесінің, оқушылардың әлеуметтік мәдени тәжірибені меңгеру және осы меңгеруді ұйымдастыру күрделілігі білім берудегі психологияның зерттеу пәнінің көпжоспарлы екенін анықтайды.
Білім берудегі психологияның зерттеу пәні болып адамның әлеуметтік мәдени тәжірибені меңгеру заңдылықтары, фактілері және осы процестің білім беру процесінің әртүрлі жағдайларында педагогтың ұйымдастырып және басқаратын оқу қызметінің субъекті ретінде қарастырылатын адамның (баланың) интеллектуалдық және тұлғалық даму деңгейінде өзгеруді меңгеруін туғызуы болып табылады. Жекелеп айтқанда, білім берудегі психология «білімді, икемділік пен дағдыларды меңгеру заңдылықтарын зерттейді, осы процестердегі жеке айырмашылықтарды зерттейді, оқушылардың өз бетімен шығармашылық ойлауын қалыптастыру заңдылықтарын, бала психикасында оқыту мен тәрбиелеу әсерінен пайда болатын өзгерістерді зерттейді», яғни, жаңадан пайда болған психикалық өзгерістерді қалыптастыру. Ал, кеңінен алғанда, ғылымның зерттеу пәні - ол объектте нені зерттесе сол болып табылады. Келтіріліп отырған анықтама білім берудегі психологияның зерттеу пәнінің күрделігі, көп аспектілігі мен біртекті еместігін дәлелдейді.
Білім берудегі психологияның қазіргі уақытта даму ауқымы одан сайын кеңейіп отыр. Мысалы, отандық педагогикалық психология оқытуды басқарудың психологиялық механизмдерін зерттейді (Н.Ф. Талызина, Л.Н. Ланда және т.б.) және білім беру процесін жалпы зерттейді (В.С. Лазарев және т.б.); іс-әрекеттердің жинақтап қорытылған тәсілдерін меңгеру процесін басқару (В.В. Давыдов, В.В. Рубцов және т.б.); оқу мотивациясы (А.К. Маркова, Ю.М. Орлов және т.б.); осы процестің табыстылығына әсер етуші жеке психологиялық факторлар, мысалы ынтымақтастық (Г.А. Цукерман және т.б.), оқушылар мен мұғалімдердің жеке тұлғалық ерекшеліктері (В.С. Мерлин, Н.С. Лейтес, А.А. Леонтьев, В.А. Кан-Калик және т.б.). Жалпы, білім берудегі психология оқу процесін басқарудың психологиялық мәселелерімен, танымдық процестерді қалыптастыруды (ең алдымен, теоретикалық ойлау) зерттейді, оқушы тұлғасын қалыптастырудың жалпы контекстінде «оқыту процесінде ой еңбегі дамуының неғұрлым жоғары деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін ой еңбегі дамуының сенімді өлшемдерін іздейді, педагог пен оқушының өзара арақатынас мәселелерін, сонымен қатар оқушылар арақатынасын қарастырады»..
Жалпы, білім берудегі психология оқу-тәрбие іс-әрекетінің, білім беру процесінің әртүрлі жағдайларында адамның интеллектуалдық және тұлғалық дамуының психологиялық ерекшеліктері мен заңдылықтарын жүйелеп баяндап, зерттейді. Білім берудегі психологияның нақты міндеттеріне:
оқушының интеллектуалдық және тұлғалық дамуына оқытушылық және тәрбие берушілік әсердің механизмдері мен заңдылықтарын ашу;
оқушының әлеуметтік мәдени тәжірибені меңгеру механизмдері мен заңдылықтарын анықтау, оның оқушының жеке санасында сақталынуы (нығаюы) және әртүрлі жағдайларда пайдалануы;
оқушының интеллектуалдық және тұлғалық даму деңгейі мен оқытушылық және тәрбие берушілік ықпалдың (еңбектестік, оқытудың белсенді формалары және т.б.) формалары мен әдістері арасындағы байланысты анықтау;
оқушылардың оқу қызметін ұйымдастыру мен басқару ерекшеліктерін және осы процестердің интеллектуалдық, тұлғалық даму мен оқу-танымдық белсенділікке әсерін анықтау;
педагог қызметінің психологиялық негіздерін, оның жеке-психологиялық және кәсіби сапасын зерттеу;
дамыта оқытудың, атап айтқанда, ғылыми, теоретикалық ойлаудың механизмдері мен заңдылықтарын анықтау;
білімді меңгеру заңдылықтары, шарттары мен өлшемдерін анықтау, олардың негізінде әртүрлі міндеттерді шешу процесінде қызметтің операциялық құрамын қалыптастыру;
игеру сапасы диагностикасының деңгейінің психологиялық негіздері мен оның білім беру стандарттарына қатыстығын анықтау;
білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде білім беру процесін ары қарай жетілдірудің психологиялық негіздерін жасау.
Достарыңызбен бөлісу: |