Поэма жанрында Абай дәстүрін жалғастыруы. Қазір әдебиетіміздің тарихында орны ойсырап тұрған, елге ежелден белгілі болған ақын, жазушыларымызды еске алғанда, ең алдымен Шәкәрімді атауымыз орынды деп білеміз. Өйткені ол – Абайдың нағыз мұрагерлерінің бірі болғанда – бірегейі.
Олай дейтініміз, Абай шәкірттерінің ішінде көп жасағаны да, көп жазғаны да – Шәкәрім. Ол - әрі лирик, әрі эпик ақын және прозаик, ол – композитор және музыкант, орыс және шығыс классиктерімен қазақ оқушыларын таныстырған шебер аудармашы, ол – терең ойшыл әрі бармағынан бал тамған сегіз қырлы өнерпаз, үлкен мәдениет қайраткері.Шәкәрім ауылдан ұзап шығып, ешбір оқу орнында оқымаған адам. Оның мектебі де, университеті де – Абай. «Өлеңмен сөзді шеберлеп, айтқаным мақұл болар деп», анық ақындық өнер жолына түскенде, он тоғыз жасында жазған өлеңін өзі құрбылас талапты жастарға арнап, оларды Абайдан үлгі-өнеге үйреніп, тәлім алуға шақырады.
Ақынның барлық жазғандарын бұл арада атап айтып жеткізу мүмкін емес. Жазғандары өте көп болған. Шәкәрім бір әңгімесінде: «Отыз жас шамасында бір айдай тілім байланып, сөйлей алмай қалдым. Осы кезде жеті жастан бастап жазған өлеңдерімді өртеп жібердім. Артынан Абай ұрысты, өзім де өкіндім»,-дейді екен. Және бір сөзінде: «Абай қазақ шежіресін жаз деп, 19 жасымнан қазақ шежіресін жинай бастадым. Абайдың ұқтыруы және сол кісінің ел-елге кісі жіберіп,хат жазып жинатқан мәліметтері де шежіреде бар»,- дейді. Сөйтіп, 19 жасынан бастап, қазақ шежіресін жазу жұмысына кірісіп, Абайдың көзі тірісінде аяқтаған. Бұл еңбегі 1911 жылы «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» деген атпен жеке кітап болып басылып шыққан.
Проза жанрындағы еңбектері. Шәкәрімнің көркем прозаның шағын үлгісінде жазылған «Шын бақтың айнасы», «Бәйшешек бақшасы», «Мәнді сөздер» атты шығармалары бар. Бұл туындылардың бір ерекшелігі, қысқа әңгіме, толғаныс түрінде жазылған және өмірлік тәжірибеден түйген философиялық тұжырымдар мол. «Әділ-Мәрия» романы Шәкәрімнің көркем проза саласындағы ең күрделі шығармасы.Романда жастардың бас еркі мен махаббат бостандығы мәселесі көтерілген. Оқиғалар бас кейіпкерлер төңірегінде, қазақ ауылының ғасыр басындағы тыныс-тіршілігін көрсетеді. Әділ мен Мәрияның өз бақыттарына жету жолындағы күресі әрі сол кезеңдегі тарихи дәуір шындығы қатар алынып суреттеледі.Ғашық жастарға жанашыр Байжан, Асан, Ержан, Серікбай, Зылихалар әділетсіздікке қарсы тұрады. Ағайынды Асан мен Үсен арасындағы тартыстан, біз, романның композициялық құрылымының ерекшелігін көреміз. Жазушының көркемдеу құралдарының байлығын, шығарма тілінің кестелілігін көрсетеді.
Әдебиеттер тізімі:
Әбдиманұлы Ө. ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті Алматы: Қазақ университеті, 2002. -430 б.
Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы әдебиет –Алматы:Білім, 1993. –248 б.
Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы –Алматы:Қазақ университеті, 2002. –360 б.
Әбдіғазиев Б. Ш.Құдайбердиев – Алматы: 1990
№ 6 дәріс
Достарыңызбен бөлісу: |