Поэмалары. Автордың сыншылдық көзқарасы. Сұлтанмахмұт поэзиясындағы білім, ғылым тақырыбы – ХХ ғ. басындағы ақындардың басты тақырыбына айналған. Ақынның оқу-білімге деген құштарлығынан туындаған шығармалары қазақты қараңғылықтан оятып, ұлттық сана-сезімге, ұлт-азаттық рухының қалыптасуына ықпал етті. Сұлтанмахмұт поэзиясындағы ағартушылық тақырып тек насихаттық, үгіттік аяда қалып қоймай, терең ой, нәзік сезімге құрылуы оның өзіндік артықшылығы мен осы ағымдағы стильдік ерекшелігін көрсетеді.
С.Торайғыровтың «Таныстыру» (1918) мен «Айтыс» (1919) поэмалары ұзақ уақыттар бойы қалың оқырманға беймәлім болып келді. Бұл екеуі де ұлттық рухтағы Сұлтанмахмұттың азаматтық бет-бағдары айқын көрінетіндіктен де кеңестік кезеңде ұлтшылдықты уағыздайтын шығарма деп танылып, «қамауға» алынды.
Сұлтанмахмұттың «Кедей», «Адасқан өмір» поэмалары монологқа құрылған болса, «Таныстыру» мен «Айтыс» диалог түрінде жазылған.
«Таныстыру» бастан-аяқ алашорда қайраткерлерін марапаттауға арналған. Поэмада халық үшін қалтқысыз қызмет жасап жүрген ұлтжанды азаматтардың еңбегін ел атынан сөйлеген «оқыған» жоғары бағалайды. «Таныстыруда» қазақ азаматтары шетінен мақтала бермейді. Сол кездегі елге танымал кейбір кісілердің атқарып жүрген істерінің өз мүмкіндіктерінен көп төмен екендігін, оларға халықтың көңілі тола бермейтіндігін де аттарын атап тұрып ашық айтып салады. Бұл ретте Мұқащ Боштаев, Жақып Ақбаев, Райымжан Мәрсековтер қатаң сынға алынған.
«Айтыс» - Сұлтанмахмұттың өмірінің соңғы жылдарында жазылып, аяқтай алмаған туындысы. «Таныстыруда» негізгі идея екі адамның пікір жарыстыруы арқылы ашылса, «Айтыста» екі ақынды айтыстыру барысында мәселені өткір қояды. Айтыс десе қызықпайтын, делебесі қозбайтын қазақ жоқ. Поэмаға елге етене таныс дәстүрлі айтыс формасының таңдап алынуы бір жағынан, оқырман жүрегіне тура жол табуды көздесе, екінші жағынан, ақынның шығармашылық ізденісін де байқатады. С.Торайғыров - тек көркем шығарма жазумен ғана айналысып қоймай, қоғамдық, мәдени өмірдің түрлі салаларында белсенділік танытқан қайраткер. Ол жаңа өмір үшін күресте баспасөздің мүмкіндігін барынша пайдаланды.
Романдарының жазылу ерекшелігі. XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетіне роман атты жаңа жанрдың енуіне, дамуына С.Торайғыров айтарлықтай үлес қосты. Оның «Қамар Сұлу», өлеңмен жазылған «Кім жазықты» романдары қазақ әдебиетінің тарихындағы алғашқы романдар қатарына жатады.
«Қамар Сұлу» романы 1914 жылы жазылған. Алғаш рет 1933 жылғы жинаққа енген. Кейінгі жинақтарға үзбей еніп келеді. Тақырыбы – ғасыр басында қазақ қызының ауыр халі, теңсіздігі. Роман екі жастың қосыла алмай, ғашықтық жолында опат болуымен бітеді. Роман тілі шұрайлы, көркем. Бірақ алғашқы романдардың бірі болуына байланысты тәжірибе кемдігінен болған кемшіліктен де ада емес. Әйтсе де, шығарманың қазақ әдебиетіндегі роман жанрының пайда болуы, дамуы саласындағы рөлі ерекше. Шығарма қазақ әдебиеті тарихындағы өзінің орнын әрқашан сақтай бермек.
Әдебиеттер тізімі:
Әбдиманұлы Ө. ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті Алматы: Қазақ университеті, 2002. -430 б.
Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы әдебиет –Алматы:Білім, 1993. –248 б.
Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы –Алматы:Қазақ университеті, 2002. –360 б.
№10 дәріс
Достарыңызбен бөлісу: |