Дәрістер кешені


БЕЙІМБЕТ МАЙЛИН ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫ



бет19/20
Дата26.09.2024
өлшемі82.16 Kb.
#504024
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20
lektsiya

БЕЙІМБЕТ МАЙЛИН ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫ
Б.Майлин қазақ әдебиетінің кеңестік кезеңіңдегі аса дарынды өкілдерінің бірі. Шығармашылық жолын төңкерістен көп бұрын бастаған Майлиннің шығармаларында советтік дәуірдің алғашкы жылдарындағы қазақ ауылындағы түбірлі өзгерістердің көркем көрінісі жасалынады.
Бейімбет (Бимұхамбет) Жармағамбетүлы Майлин 1894 жылы қазіргі Қостанай облысының Таран ауданында туылған. Әкесі Жармағамбетте, атасы Майлы да кедей шаруалы адамдар болған. Әкесінен жастай жетім қалған Бейімбет шешесі Күлғизар мен әжесі Бойдастың тәрбиесінде өседі. Әжесі Бойдас кезі келгенде өлең де шығарып жіберетін сөзге ділмар жан екен. Бұл үйде ақындар, жыршылар жиі қонақ болып, ұзақтаңға небір дастандар жырланып, суырып салма айтыстар болып, өлеңдер айтылып тұрған. Оның үстіне шығыстың қиссаларын жақсы көретін әжесі кейіннен Бейімбет ауыл молдасынан хат таныған соң ұзақ таңға жыр-дастандар оқытып, тындайтын болған. Осының бырлығы жас Бейімбеттің сөз өнерін сүйіп, әдебиет жолына түсуіне ықпал жасады.
Әуелі ауыл молдасынан сауат ашқан Бейімбет кейіннен Арғынбай қажының медресесінде екі жылдай дәріс алады. 1933 жылы Троицкідегі «Уазифа» мектебінде, оны бітірген соң Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқиды. Медреседе окып жүргенде татардың Ғалымжан Ибрагимов, Мәжит Ғафури сияқты белгілі жазушыларымен танысады. Осында шығып тұрған «Садақ» атты қолжазба журналға белсене араласып, өзінің алғашқы прозалық туындысы «Шұғаның белгісі» әңгімесін жариялайды. Өлеңдері «Айқап» журналында, басқа да басылымдарға шыға бастайды. Осы жылдарда ол қазақ, татар, башқұрт, орыс әдебиеттерімен кеңірек танысып, әдеби сауаты арта түседі.
Денсаулығына байланысты Бейімбет медресені аяқтай алмай, 1916-1921 жылдарда ауылда бала оқыту, мұғалімдікпен айналысты. Осы кездерде 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына арналған, төңкерістен кейінгі кездердегі қазақ ауылының тұрмысын суреттейтін бірсыпыра өлеңдер жазды. 1922-23 жылдары Орынборда шығып тұрған «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке келеді. Газетте редактор болып істейтін революционер акын Сәкен Сейфуллиннің қарамағында жұмыс жасау Бейімбеттің шығармашылық жолына үлкен өзгерітер әкеледі. Еңбекші таптың саяси мүддесін көздеген өлеңдер жаза бастайды. «Еңбекші қазақ» газеті бетінде өлең-әңгімелері жиі жарияланады. «Шұғаның белгісін» қайтадан өңдеп, «Қызыл Қазақстан» журналында бастырады. 1923-1925 жылдары Қостанайда шығып тұрған «Ауыл» газетінде істейді. «Раушан-коммунист» повесі осы кезде жазылады. 1934-1937 жылдары «Қазак әдебиеті» газетінде редактор болды. 1937 жылы халық жауы деген жаламен ұсталып, 1938 жылы ақпанның 25-і күні атылып кетті.
Б.Майлин аз өмірінде аса өнімді еңбек етіп, елуге тарта кітабын шығарды. Жазушының артына қалдырған әдеби мұрасы көпке дейін жабық ұсталып, елуінші жылдардың соңына қарай ғана туған халқымен қайта қауышты. Қазақ халқының үстіміздегі ғасырдың жиырмасыншы, отызыншы жылдарындағы үлкен саяси өзгерістер тұсындағы тұрысының көркем шежіресі іспеттес болуымен де Б.Майлиннің шығармалары бізге қымбат. Б.Майлин ауылдағы қазақ кедейінің жыршысы болды. Оның шығармаларында қазақ кедейінің мінез-құлқы, тұрмыс-тіршілігі, арман-мүддесі бұрын болмаған деңгейде жан-жақты да терең суреттеліп, өміршең типтік бейнелер жасалды.
Б.Майлиннің ақындық қызметі 1912 жылы жазылған «Мұсылмандық белгісінен» басталады. Мұнда ауылдағы дүмше қожа-молдалар ажуаланған. Төңкеріске дейін жазған көп өлеңдерінде («Мұқтаждық», «Мал», «Байлыққа» т.б.) ауылдың ауыр тұрмысы, әлеуметтік теңсіздік жырланады. Ақын ел ішінде әділетсіздіктен туындап жаткан келеңсіз құбылыстарға наразылык білдіреді. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы Бейімбет шығармаларындағы халықтық сипатты күшейте түсті. Осы кезде жазылған «Қанды тұман» өлеңінде қараңғыға қамалған қалың елдің аянышты халі суреттеледі. Ақынның шығармашылығында ұлт-азаттық, ағартушылық, демократтық сарындар түпкілікті қалыптасып, жаңа биіктерге бет алды.
1917жылғы төңкеріс Бейімбеттің шығармашылығына жаңа леп әкелді. Ақын революцияның қазақ даласына азаттық әкелгеніне шүбәсіз сеніп, оны барынша жырға қосты. «Кедей», «Жауыз кім?», «Кедейге», «Құтты болсын», «Мейрамың», «Бүгін», «Гүлденсе ауыл-гүлденеміз бәріміз», «Жанартты қазір жырды ауыл», «Коллективтің жырын айт», т.б. сияқты өлеңдерінде жаңа заман әкелген ауылдағы өзгерістерді, ондағы кедейлердің тұрмыс-тіршілігін зор шабытпен жырға қосты. Қазақ ауылында жүріп жатқан ұжымдастыруды әлеуметтік теңсіздіктерді жоюға, тез дамып, жаңаруға жеткізетін бірден-бір жол деп білді.
Мыркымбай бейнесі Б.Майлиннін ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетінің кеңестік дәуірінің алғашқы кезеніндегі ауыл кедейінің реалистік, типтік бейнесін жасаудағы үлкен табыстарынын бірінен саналады. Ақынның өз кейіпкерін қызыл сөздің қызығына түсіп кетпей, не құрғақ баяндауларға ұрынбай, табиғи күйінде диалогтар арқылы қысқа да нұска мүсіндеуі шын шеберлікті танытады. Оның үстіне Бейімбет поэзиясына тән жылы юмор шуағын шашып Мырқымбай бейнесін онан сайын жандандырып, әрлендіріп, табиғи күйге түсірген.
Б.Майлиннің біраз өлендері әйел теңдігі такырыбына арналған. «Қыздың сәлемі», «Кашқан келіншек», «Ақсуаттың жанында» сияқты өлеңдерінде кертартпа салтқа негізделген қазақ қыздарының аянышты тағдырлары суреттеледі. Ақын әйел теңсіздігін әлеуметтік теңсіздіктің бір көрінісі ретінде қарап, бұған кінәлі байлыққа мас болған бай-федалдар деп біледі. Төңкеріспен бірге келген әйел тендігін ақын шабыттана жырлайды. «Азат әйел», «Ғазиза», «Шал мен қыз», «Ажар» сияқты өлендерінде жаңа заманда теңдікке жетіп, бақытты өмір сүре бастаған жастарды жырға қосты. Ақынның кейіпкерлері өз бақыты үшін күресе алатын күрескер қыздар дәрежесінде көрінеді.
Б.Майлин поэма жанрында да өнімді еңбек етті. Оның поэмаларының дені әйел тақырыбына арналған. Алғашқы поэмаларының «Рәзия қызда» (1919) махаббат еркіндігі жырланады. Бай қызы Рәзия қарапайым қызметкер Әліммен көңіл жарастырады. Әкесі қарсы болғанына қарамастан қыз сүйгенімен қалаға қашып кетеді. Қаланы большевиктерден ақтар басып алған кезде қыздың әкесі Әлімді көрсетіп, аттырады. Рәзия сүйгенімен бірге өледі. 1923 жылы жазылған «Маржанның» бас кейіпкері де сүйгеніне қосыла алмай қайғылы күй кешеді. Оның «Айдың қызы», «Қашқан келіншек», «Өтірікке бәйге», «Сағындық», «Кемпірдің ертегісі», «Қанай», т.б. поэмалары да казақ қыздарының өмірінен қысқа-қысқа эпизодтарды көркемдеп алдыңа ұсынғандай әсер қалдырады. Бейімбет поэмалары көбіне қысқа көлемді келіп, оқушысын жалықтырмайды.
Б.Майлиннің шығармаларында проза жағының салмағы ауыр. Ол осы салада өндіре жазып, небір тамаша классикалық үлгілер жасады. Бейімбеттің жазушылық үлкен дарын иесі екендігі, шеберлігі оның алғашқы туындысы «Шұғаның белгісінен» айқын көрінеді.
«Шұғаның белгісі» әйел теңсіздігі тақырыбына арналған. Байдың қызы Шұға мен кедей жігіт Әбдірахман бір-біріне ғашық болады. Бірақ екеуінің қосылып, шаңырақ көтеруіне қыздың әкесі Есімбек бай қарсы тұрады. Басты себебі - бай мен кедейдің әлеуметтік жағынан тең болмауы, байдың кедейді менсінбеуі. Есімбек Әбдірахманның ауылға келуіне тиым салады. Ақырында түрлі жала жауып жер аудартады. Арманына жете алмаған Шұға сүйгені Әдбірахманды бір көруге зар болып, күйіктен қайтыс болады.
Совет үкіметі жылдарында басшылық қызметке көтерілген қазақ әйелінің шырғалаң өмір жолы «Раушан – коммунист» повесінде де жан-жақты көрініс табады. Раушан да Қазан төңкерісінен кейін от басы ошақ қасынан шығын, кеңес қайраткері дәрежесіне дейін өседі. Оған да бұл жыл оңайшылыққа түспейді. Өзіне тән тұрмыс-салтымен өмір сүріп жатқан қазақ ауылына Совет өкіметі әкелген жаңалықтар ескі мен жаңаның күресі түрінде көрінген. Жалпы Б.Майлин нені суреттесе де әсірелеңкіреп, жалаулатып, жазудан аулақ. «Раушан-коммунисте» де төңкерістен кейінгі жылдардағы ауылдағы тап тартысы шыпайы көрінеді. Советтік құрылысты алғашында халыктың қабылдамауы, оның ссбептері, кейіннен Раушан секілді бірлі-жарым белсенді адамдардың шығып, осы бағытта күрес жүргізуінің барысында ғана орнағандығы шығармада шебер шешімін тапкан.
«Раушан-коммунист» повесі – Бейімбеттің ғана емес, жиырмасыншы жылдардағы қазақ кеңес әдебиетінің де тартымды табысы.
Шығарма совет өкіметінің алғашкы кезеңіндегі қазақ ауылының шым-шытырық оқиғаларға толы бейнесін, дәуір шындығын шынайы бейнелей алғандығымен де құнды.
«Айранбай» мен «Шапайдың хаты» әнгімелерінде де теңдікке жеткен кедейлерді суреттейді. Алғашқы әңгімесінде Айранбий бай туысынан түңіліп, коммунистер жағына шығады; екіншісінде Тоқберлі байдың есігінде елу жыл бойы жалда жүрген Шапайдың Совет өкіметінің арқасында еңбегінің өтемін өңдіріп алғандығы айтылады. Екі әңгімеде де жазушының идеялық бағыты айқын: бай мен кедейді теңеген совет өкіметі жағында. «Сары ала тон» әңгімесінде Сейпен байдың дүние-мүлкін тәргілеп, бөліске салған кедейлерді көреміз. Сандыктан шыққан сары ала тон – байдың өзі де кимеген касиетті киім. Омырауында патшадан алған медалъ тағылған сары ала тонды енді ауыл кедейлері бірінен соң бірі киіп, қор қылады; қызық көреді, күлкі болады, Б.Майлиннің біраз шығармалары колхоз такырыбына жазылған. «Қызыл әскердің үйі», «Ұлбосын», «Қара шелек» әңгімелерінде ауылдағы шаруашылыққа бірігу, колхоз болып ұжымдасып жұмыс жасай бастау бейнеленеді. «Көктеректің бауырында», «Колхоз қорасында» ісі өрге баса бастаған колхоз шаруашылығы суреттеледі. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры», «Арыстанбайдың Мұқышы» сияқты әңгімелерінде ауылдағы колхоздастыру кезеңіндегі түрлі асыра сілтеушіліктер әшкереленеді. Ауылда жүргізілген саяси науқандардың ешбір дайындыксыз жүргізілуінің салдарынан небір сорақылықтарға апарып соқтырғандығын суреткер сол күйінде бейнелей алған. Кейіндеу жазылған «Қырманда» повесінде түрлі қиындықтардың бәрін жеңіп, шаруашылығы өрлей бастаған колхоздың тұрмыс-тіршілігі көрінеді.
Жазушының бірсыпыра шығармалары 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, Қазан төңкерісі, Азамат соғысы такырыптарына арналған. Кедейдің көрген қорлығы, оның әділетсіздік жолындағы күресі «Қанды кек», «Өлім тырнағында», «Бір суреттің тарихы», әңгімелерінің өзегін құрайды. «Қанды кекте» кедейшіліктен көрмеген зорлық-зомбылығы қалмаған ауыл кедейлерінің 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске шығуы, Қайрақбай секілді кедейдің Ыбраш сияқты зорлығы шектен шығып кеткен обыр болысты өлтіруі шынайы көрініс тапқан.
Саяси күрестің күшеюі салдарынан болған небір аласапыран оқиғалардың зардаптарын басынан өткерген ауыл кедейлерінің мүшкіл халі Бейімбеттің біраз әңгімелерінде көрінеді. «Сексен сомда» қазақ даласында құрыла бастаған түрлі партиялардың елден жылу жинағаны, оның күнін әрең көріп отырған қарапайым халыққа ауыр тигендігі әңгімеленген. «Құда жорға» әңгімесі де осы тақылеттес. Астындағы атын тартып алған ұлтшылдарға деген Жамантектің ашу-ызасы қатты. «Заман», «Ол бір түс қой», «Сейіттің сыры» әңгімелерінде бұрын дәурені жүрген, бүгін күні мүшкіл би-болыстар әжуаланады. Енді олардың біразы тонын айналдырып киіп алып, колхозға кіріп, іштей іріту істеріне кіріскен («Сары ала тон», «Көк теректің бауырында», «Азамат Азаматыч» т.б.).
«Азамат Азаматыч» романы - дәуір шындығын кең қамтыған кесек туынды. Романға кедейлер қатарынан шыққан алғашқы зиялылардың қиын да күрделі өмір жолы арқау болған. Кедей Күркілдектің баласы Қожалақ советтік балалар үйінде тәрбиеленіп, жаңа заманға лайықты атын өзгертіп Азамат атанып, Қарасай қаласына келіп, совет қызметкері болып қызметке кіріседі. Жас кызметкер қалада іштей жасырын жүріп жатқан тап тартыстың арасына түседі. Советтер жағында Азамат Азаматыч қарсы таптардың түрлі алдау-арбауларын басынан өткізеді. Совет өкіметінің жауы Рақым Шегіровтің балдызы Мариямға үйленеді. Мариямның әсерімен біраз уақыт советке қарсылардың ықпалында да болады. Соңында олардың бәрінен де қол үзіп, халық үшін қызмет етуге белді біржола буады.
Азаматтардың жолы - ауыр жол. Жазушы да оны әсірелеп, боямалап, оңайлатып көрсетуден аулақ. Романда Азаматтың жеке басының семьяда, қызметтерде қалыптасу процесі нанымды суреттеледі. Сондыктан да «Азамат Азаматыч» қазак әдебиетіндегі реалитсік прозаның елеулі табыстарының қатарында.
Б.Майлин драматургия саласында да айтарлыктай еңбек етті. Оның «Шаншар молда», «Неке қияр», «Талтаңбайдың тәртібі», «Келін мен шешей», «Көзілдірік» сияқты комедияларында ел арасындағаы кейбір ескі, керітартпа салттар, адамның бойындағы жағымсыз қасиеттер бірде жылы юмормен әжуа етілсе, енді бірде ащы сатираға айналып, аяусыз мінеліп жатады. Бейімбеттің комедиялық шығармалары көбіне өрескел оқиғаларды сын садағына алған, қысқа көлемді келеді. Бұл шығармалар қазақ драматургиясындағы комедия жанрының алғашқы үлгілерінен саналады.
Жазушының қаламынан соғысқа дейінгі дәуірдегі қазақ әдебиетінің драматургия саласындағы айтулы табыстары қатарынан орын алатын «Аманкелді» (Ғ. Мүсіреповпен бірге жазылған), «Жолбарыс», «Біздің жігіттер», «Майдан», «Шұға» секілді шығармалары өмірге келді. Бұлардың негізгі тақырыптары 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс («Жалбыр», операға жазылған либретто), Қазан төңкерісі мен Азамат соғысы («Аманкелді», «Біздің жігіттер»), байларды тәркілеп, кедейлерді колхоздастыру («Майдан»), әйел теңдігі («Шұға»). Б.Майлиннің драмалық шығармалары осы саланың қалыптасып, дамуында айтарлықтай роль атқарады. Оның пьесаларының күні бүгінге дейін қазақ театры сахнасынан түспей келе жатқандығы өміршеңдігінің белгісі болса керек.
Сонымен, Б.Майлин - қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушы көрнекті өкілдерінің бірі. Ол көркем әдебиеттің барлық саласында дерлік қалам тартып, артында мол әдеби мұра қалдырды. Сан қырлы дарын иесі суреткердің шығармаларында Қазан төңкерісінің алды, кейінгі кездеріндегі аласапыран оқиғаларға толы қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігі өзіндік өрнек тапты. Ол қазақ ауылының өмірін неғұрлым жан-жақты, кеңінен қамтып бейнелеуде үздік үлгілер жасады; ол сомдаған реалистік бейнелер өзінің өміршеңдік сипаттарымен ерекшеленеді. Б.Майлиннің шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорынан берік орын алған.
Әдебиеттаер тізімі:



    1. Кенжебаев Б. Жылдар жемісі. Әдеби мақалалар мен естеліктер.

    2. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. Алматы: Білім, 2003.

    3. Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы: Санат, 2003.

    4. Мәшһүр-Жүсіп Қ. Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік.Монография. Павлодар, 2007.

    5. Майлин Б. Ел сыры. Алматы: Жазушы, 1994.

    6. Нұрғали Р. Қазақтың жүз романы. Астана, 2004.

    7. Қазақ әдебиетіндегі қысқаша тарихы. Алматы: Қазақ университеті, 2002.

15 дәріс




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет