ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАР, ТҮРЛІ АҒЫМДАР МЕН КӨРКЕМДІК ИДЕЯЛЫҚ, ЖАНРЛЫҚ-СТИЛЬДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕР
Діни-ағартушы ақындар бағытының күрделі сипаты. Бұл бағыттағы ақын-жазушылар негізінен діни білім алып, шығыстық өркениетті мұрат тұтқандықтан замана сыры, қоғамдық-әлеуметтік өзгерістерге сол көзқарас тұрғысынан қарайды. Сондықтан да, олардың көпшілігі батыстық үрдістен өріс алған Ресейдегі қоғамдық өзгерістердің шынайы себебін, олардың сан қырлы сыр-сипатын нақты ажырата алмағанын ашық айту керек. Бұлардың шығармашылығында ел қамын ойлаған тынышсыздану, халықты қайтсем түзу жолға салам деген қиналыс бары рас, бірақ бұл халден арылар нақты жолды олар түптеп көрсете алмады. Өз заманына қарай ілгерішіл ой-пікірлері мол болғанымен, кейбірі көбіне біржақтылыққа бой ұрып, жалаң түрдегі діншілдікті насихаттау жолымен кетті.
Шығармаларының мазмұны, басты белгілері. Ортақ сипаттардың молдығы. Діни- ағартушы бағытта шығармашылық мүмкіндіктері әр түрлі ақындар еңбек етті. Бірақ шығармасының мазмұны, түрі әрқилы, идеялық көзқарастары сан алуан, шеберлік деңгейі түрліше болғанымен, бұл бағыттағы ақындарға тән бірнеше басты белгілер бар. Бірінші белгісі – бұлар – діни мектептерде оқып мұсылманша білім алған ақын-жазушылар. Олардың орыс оқуымен, орыс жазушыларының шығармаларымен атүсті ғана таныстығы болды. Екіншіден, бұлар – шығыс әдебиетін, оның түрлі әдеби мектептерін жетік біліп, озық үлгілі дәстүрін, көркемдік тәсілдерін өз бойына үйір етіп, өз шығармаларын сол деңгейде жазуға талпынғандар.
М.Қалтаев мұрасы. Өлеңдерінде адамгершілік пен имандылықты насихаттауы. Мақыш Қалтаев Ақмола – Қараөткел маңында туған. Жасында мұсылманша оқыған, әбден жетілген молда, ғұлама болған. Меккеге барып қайтқан. Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау облыстарында, Тройцкі жағында молда болып, бала оқытып жүрген. Бұрынғы Семей, Жетісу губернияларындағы қазақтар арасын әдейі аралап көрген.
М. Қалтаев – молда ақын. Оның дүние, қоғам тануы, көз қарасы көбінше діни, кей ретте мәселені талдау, түсіндіру тәсілі шариғатша. Жүрегі – ұлтжанды. Бірді-екілі өлеңдері либералдықпен шектесіп жататын сәттері де бар.
Жалпы алғанда Мақыштың ізгілік, ағартушылық, демократтық пікірі басым. Қазақтың Қазан төңкерісінен бұрынғы молда ақын жазушыларынан қазақ өмірінің бірталай күрделі мәселелерін қозғаған, реалистік бағытқа бірталай көтерілген, сыншыл реализмге жақын келген осы - Мақыш Қалтаев деуге болады.
Мақыш соңғы кітабын «Бар оқиға» деп атаған. Дүниеде, тұрмыста, елімізде, қазақ арасында бар, болған, болып жатқан оқиғаларды, өз көзімен көрген, іздестіріп білген, көңіліне түйген жайларды жазған. Осы ретпен Мақыш қазақтың әлеуметтік хал-жағдайын, шаруашылық, мәдени тұрмысын, ғұрып-әдетін көп сөз етеді. Тағы бір үлкен кітабы «Қалтай ұлының қазақ ахуалын бәйіт еткен мәнзумасы» - қазақтың хал-жайын баян еткен өлең-жыры деп келеді. Қазақ өмірін Мақыш таңырқап, қызықтап, дәріптеп баяндамайды. Көбінше, сын көзімен қарап, қоғамдық даму тұрғысынан шенеп-мінеп баяндайды. Кейбір ескіні, кертартпаны сынайды. Жақсыны, жаңаны құптайды.
Достарыңызбен бөлісу: |