4 дәріс.
Франк мемлекетінде феодализмнің дамуы
1. Франктердің Галлияны жаулап алуы
2. Меровингтердің франк мемлекетінің құрылуы
3. Салий шындығы бойынша франктердің шаруашылық тұрмысы мен қоғамдық құрылысы
4. Каролингтердің франк монархиясы
5. Каролинг мемлекетінде феодалдық қатынастардың дамуы
6. Франк империясының ыдырауы. Верден бөлінісі
Рим империясының территориясында құрылған варварлық королдіктердің ішінде ең ірісі де, қуаттысы да франктер королдығы болды. Франктер уақыт өткен сайын бургундтарды бағындырды, Галлиядан вестготтарды ығыстырды, Италиядағы лангобардтарды жаулап алды және Рейннің арғы бетіндегі герман тайпаларын түгелге жуық өз қоластына бағындырды.
Басында франктердің өздері де Рейннің арғы бетінде өмір сүрді. Олардың ата-бабалары Тациттің жазбаларында әртүрлі аттармен кездеседі: хамаволар, сугамбрлар, батаволар және т.б. Франк деген атау III ғ. ортасында төменгі және орта Рейндік герман тайпаларының жиынтық атауы ретінде пайда болды. Аудармасы «ержүрек», «еркін» деген мағынаны білдіреді. Олар басында Римдіктермен жауласқанымен, кейінірек достық қатынас орнатты. 451 жылғы каталаун шайқасында франктер ғұндарға қарсы римдіктер жағында федераты ретінде соғысты.
Франктер екі топқа бөлінді:
1. Салий франктері (Рейннің төменгі ағысы бойында орналасқан).
2. Рипуарлық франктер (Маас өзенінен шығысқа қарай орналасты).
Галлияның батысына қарай жылжыған салий франктері күшті болды. Олардың маңыздылығы әсіресе V-VI ғасырдың басындағы король Хлодвигтің кезінде өсті. Салий франктерінің басында болған Меровингтер әулетінің ролі күшті болды. Бұл әулеттің негізін салушы Меровей («теңізде туған») болып есептелді.
Солтүстік Галлияны франктердің жаулауының нәтижесінде 486 жылы Франк королдығы дүниеге келді. Меровингтер әулетінің үшінші өкілі Хлодвиг (481-511) өзінің билігін барлық франктерге таратты. V ғасырдың соңынан VII ғасырдың соңына дейін Франк державасының бірінші кезеңі – Меровингтер дәуірі басталды.
Батыс Рим империясының орнына пайда болған Франк мемлекеті ерте ортағасырлық Еуропа территориясындағы ірі мемлекеттердің бірі болды. Өз дамуының шарықтау шегінде оның құрамына қазіргі Францияның, Белгияның, Люксембургтің барлық территориясы және Нидерланды, Германия, Италия, Испания территорияларының аймақтары кірді. Франк мемлекетінің 400 жылдық тарихы қазіргі Батыс Еуропа елдерінің тарихының алғышарттары іспеттес.
Хлодвигтің патшалық құруының тарихы епископ Григорий Турскийдің VI ғасырдың екінші жартсында жазылған «Франктер тарихы» атты еңбегінде жан-жақты көрсетілген. 486 жылы Хлодвиг бүкіл Солтүстік Галлияны жаулап алады. Суассона қаласына жақын жердегі шешуші шайқаста франктер Рим әскерін талқандайды. Осы ұрыстан 22 жыл өткен соң Хлодвиг Галлияның басым бөлігін иеленген еді.
Хлодвигтің тұсында Аквитания (507), оның ұрпақтары тұсында Бургундия (534) жаулап алынды. 536 жылы остготтардан Прованс тартып алынды. VI ғасырдың ортасында Франк патшалығы Галлиядағы Рим провинциясының барлық территориясын құрамына қосты. Рейннің жағалауындағы біршама герман тайпаларын да өзіне бағындырды. Алемандар, баварлар, сакстер, франктерге жыл сайын салық төлеп тұрды. Франк патшалығы Еуропа құрлығындағы барлық варварлық мемлекеттердің ішінде ұзақ өмір сүрді және құрамына көптеген территорияларды қосып алды.
Vғ. аяғы мен VІ ғ. басындағы Франктердің шаруашылық және қоғамдық құрылысы жөніндегі негізгі дерек «Салий заңы» деп аталатын Салий франктерінің сот жинағы. «салий заңы» -феодализм генезисінің күрделі дәуіріне жататын қызықты деректердің бірі және ол кіріспеден, 65 тараудан, қорытындыдан тұрады. Заң екі бөлімнен тұрады. 486-596 жылдары жазылған негізгі бөлім және Ұлы Карл тұсындағы «қосымшалар».
«Салий заңы» бойынша франктердің негізгі шаруашылығы жер шаруашылығы болған, мал шаруашылығымен де айналысқан әсіресе шошқа өсірген. Сонымен қатар балық аулау, бал арасын өсіру, бау-бақша т.б. айналысқан екен.
«Салий заңы» бүкіл мемлекет аумағындағы бірыңғай тәртіпті нығайтуға үлес қосты. Франктердің заңы бойынша қылмыстың көпшілігі ақшалай айыппен өтелетін. Адамдар заң алдында тең болмады: адам өлтіргендігі үшін салынатын айып мөлшері кімді, кандай адамды өлтіргендігіне байланысты әр түрлі болды. Франктің өмірі галлдар мен римдіктердің өмірінен кымбат бағаланды. Жауапқа тартылған адамның кінәсі дәлелденбесе, оны «құдай сотына» салатын. Мысалы, жалаңаш қолмен қазанда қайнап тұрған судан сақина алуға мәжбүр етілді. Егер кінә тағылып отырған адамның қолы көп күймесе, ол адамның ақ екендігінің белгісі деп саналды. Сондықтан оған құдай жақ болып отыр деген тұжырым жасалатын.
Франктердің пұтқа табынушылығы олардың Галлиядағы билігін нығайтуына көмектесе алмады. Ондай көмекпен халық арасындағы ықпалы мен беделі күшті христиан шіркеуі ғана қамтамасыз ете алатындығын франк басшылары түсінді. Сондықтан Хлодвиг 498 жылы өзінің жасақшыларымен бірге христиан дініне енді. Алғашында бұл дінді қабылдағысы келмеген франктер оған Хлодвигтен қорыққанынан кірді. Христиан діні франктер мен римдіктерді жақындастырып, бір халыққа айналдырды. Шіркеу басшылары жарлықтар шығаруға көмектесіп отырды. Хлодвигтің кеңесшілеріне айналып, оның беделін көтеріп, билігін нығайтты.
Хлодвиг оның қарымтасы ретінде шіркеудің байлығын қорғап, оған жер үлесі мен бағалы сыйлықтар беріп отырды. Әрбір елді мекенде шіркеулер ашылды. Дінбасылары халыққа құдай сөзін жеткізіп, оларды құдайға құлшылық етуге шақырды. Христиан дінін арқасында франктер римдіктердің бай мәдениетін меңгерді.
Хлодвиг 511 жылы 27 қарашада қайтыс болды. Хлодвиг өлгеннен кейін Тьерни, Хлодомир, Хильдебер және Клотар атты балалары патшалық мұраны өзара бөлісіп алды. Нәтижесінде Хлодвиг ұрпақтары тұсында патшалық бөліне бастады, ал мұрагерлер арасында күрес өршіді.
«Майордом» латынша «үйдің үлкені», «басшысы» дегенді білдіреді. 511 жылы Хлодвиг өлгеннен кейін оның мұрагерлері жер мен билік үшін қиян-кескі күрес жүргізді. Ел біресе бөлшектеніп, біресе қайта бірігіп, тұрақсыз жағдай орнады. Меровингтер әулетінен шыққан корольдердің билігі әлсіреп, майордомдардың ықпалы күшейе түсті. Король майордомдарды сарай шаруашылығын басқаруға тағайындайтын. Біртіндеп майордом қызметі әкеден балаға мұра ретінде кала беретін мемлекеттегі ең жоғарғы лауазымды қызметке айналды.
Майордом Карл Мартелл 715-741 жылдары корольмен санаспай-ақ өз билігін жүргізді. Оның билігі кезінде араб әскерлері Испаниядан өтіп, Галлияға шабуыл жасады. Бірақ оларды франктер 732 ай жылы Пуатье түбінде талқандады. Арабтар тарапынан төнген қауіп Карл Мартелді күшті атты әскер құруға итермеледі. Атты әскер қатарына қабылданғандар майордомнан тұрғылықты шаруаларымен қоса жер үлестерін алды. Ол жерден түсетін табыска иесі өзіне ат пен қару-жарақ сатып алуға міндетті еді.
Алғашында жер жауынгердің меншігіне мәңгілік емес, тек әскерде қызмет атқарып жүрген кезінде ғана берілетін. Кейін ол жер үлестері әкеден балаға мұра ретінде берілетін болды. Сөйтіп оның балалары да әскери қызметті жалғастыруға міндеттенді. Атты әскерлеріне жер үлестіру үшін Карл шіркеу иеліктерінің біраз бөлігін тартып алды.
Карл Мартелдің жерді сыйлыққа үлестіріп беруі Еуропада жаңа қоғамдық құрылыс - феодализмнің қалыптасуының бастауы болды.
741 жылы Карл Мартелл өлген соң майордомдық оның баласы Қортық Пипиннің қолына тиді. Ол Меровингтерді құлатып, король атағын алуды аңсады. Пипиннің корольді тақтан күшпен құлатып, өзін король деп жариялауына да болатын еді. Бірак ол таққа заңды жолмен отыруды дұрыс деп үйғарды. Бұл мақсатына жету үшін ол кұдай атынан сөйлеуге құқы бар Рим папасын пайдаланды.
Лангобардтардан қысым көріп жүрген Рим папасы франктердің көмегіне зору еді. Сондықтан ол Пипиннің король атағын алуына келісім берді. 751 жылы папаның келісімі бойынша, франк ақсүйектерінің Суассонадағы жиналысында Пипин ресми түрде франктер деп жарияланды. Ол 768 жылға дейін корольдік етті. Меровингтер әулетінің ең соңғы королі III Хильдерик монастрға қамалып, сол жерде қайтыс болды.
Қортық Пипин папаның жақсылығына жақсылықпен жауап қайтарды. Ол Италияға, Лангобард корольдігіне карсы екі рет жорық жасап, жаулап алған жерлерін Рим папасына сыйлады. Ол жерде 756 жылы Папа мемлекеті құрылып, 870 жылға дейін өмір сүрді. Римдегі қазіргі Ватикан мемлекеті сол «Пипин сыйлығының» жұрнағы болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |