9-Дәріс. Этнос және ұлт әлеуметтануы
Дәрістің жоспары:
Этноәлеуметтанудың зерттеу аясы
«Этнос», «халық» «ұлт» ұғымдарының арақатынасы
Еліміздегі ұлтаралық саясат және Біртұтас Ұлт болу қағидасы
Ұлттық бірегейлік ұғымы
Дәрістің мақсаты этнос әлеуметтануының зерттеу аясымен, негізгі категорияларымен таныстыру және еліміздегі ұлтаралық саясат қағидаларын қарастыру.
Халықтардың шығу тегін, әркелкі орналасуын, мөдениеті мен тұрмыс жағдайын жеке ғылым - этнография немесе этнология зерттейді. Этнография мен әлеуметтану ғылымдарының байланысынан этнос әлеуметтануы пайда болған.
Қазақстан әлемдегі көп ұлтты мемлекеттердің бірі. Елімізде тегі, тілі, мәдениеті әр түрлі, бірак тарихи тағдыры ортақ 130 ұлт пен ұлыстың өкілі (этностар) тұрады. Мемлекетіміздің негізін қалаушы этнос - қазақтар. Екінші орында орыстар. Халқы 100 мыңнан асатын 6 этнос бар. Осы 8 ұлт бірігіп Қазақстан халқының 96%-ын құрайды.
Этнос әлеуметтануы аса күрделі әлеуметтік-этникалық қауымдастықтар мен ұлттық-этникалық қатынастар саласын қарастырады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы — 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен құрылған Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган. Бұл бірегей институт еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуының мақсатына айтулы үлес қосып келеді.
Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады.
Бүгінде республикада Қазақстан этностарының мәдениеттері, тілдері, дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Этномәдени бірлестіктердің өзінің саны тұрақты өсуде, қазір олар 800-ден асады, оның ішінде 28-і республикалық. 15 тілде газет-журнал, 8 тілде радиобағдарламалар 7 тілде телебағдарламалар шығады. Білім беру толықтай өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізілетін 88 мектеп жұмыс істейді. 108 мектепте 22 этностың тілі жеке пән ретінде жүргізіледі. Осымен қатар, балалардан басқа үлкендер де 30 этнос тілдерін оқуға мүмкіндік алған 195 этно-білім беру кешендері, жексенбілік және лингвистикалық мектептер ашылды. Қазақ және орыс театрларын қоспағанда елімізде тағы төрт ұлттық – өзбек, ұйғыр, корей және неміс театрлары жұмыс істейді. Әр жыл сайын Қазақстан этностарының тілдерінде бірнеше ондаған жаңа кітаптар жарық көреді. Жыл сайынға халықтық мерекелер Наурыз, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі, масленица, сабантой дәстүрге айналды.
Ұлттардың қалыптасуы мен дамуын әлеуметтану ғылымының бір саласы — этноәлеуметтану зерттейді. Этноәлеуметтану әлеуметтанудың маңызды саласы бола отырып, этностардың генезисін (пайда болуын, шығу-тегін), мәнін, функцияларын, этностардың дамуының және этносаралық (ұлтаралық) қатынастардың жалпы заңдылықтарын қарастырады. Ол ұлттар мен ұлыстардың әлеуметтік дамуы арқылы байланысқан, яғни өзара байланысқан этникалық және әлеуметтік кұбылыстардың әр түрлі этникалық қауымдастықтардағы этникалық процестердің кешенді мәселелерін зерттейді. Этноәлеуметтану сөйтіп, мәдениет пен тұрмыстың, құнды бағыт-бағдарлардың, еңбек қызметінің, жүріс-тұрыс тәртібінің, әдет-ғұрыптардың, салт-дәстүрлердің, ұлттық қатынастардың әлеуметтік себептерін ашуға тырысады, ұлттык ерекшеліктері бар кұбылыстар мен процестерді, атап айтқанда, жұмысбастылықты, көші-қон жөне еңбек мобильділігін, урбанизацияны, демографиялық және әлеуметгік ұдайы жаңғырып, жетілуді анықтайды.
Этноәлеуметтану терминдерінің негізіне «этнос» (гректің тайпа, халық деген мағына беретін сөзі) ұғымы алынған. Этнос - белгілі бір аумақта тарихи тұрғыда қалыптасқан, мәдени ортақ белгілері мен ерекшеліктері және өзіндік психологиясы бар адамдардың тұракты жиынтығы.
Этникалық қауымдастық - бұл шығу тегінің ортақтығымен және бірлесе өмір сүрудің ұзақтығымен өзара байланысқан адамдардың топтары. Адамдар жылдар, ғасырлар бойы ұзақ бірлесе тіршілік еткен әрекеті кезінде әрбір топ шеңберінде оларды бір-бірінен ерекшелендіріп көрсететін тұрақты және ортақ белгілер қалыптасады. Мұндай белгілердің қатарына тіл, тұрмыс мәдениетінің ерекшеліктері, қайсыбір халыктың немесе этностың (әр түрлі тілдерде жеке ғылыми әдебиеттерде «халық» және «этнос» терминдері синоним ретінде қолданылады) қалыптасу үстіндегі салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, тағы басқалар жатады.
Ұлт-адамдардың тарихи тұрғыда пайда болған әлеуметтік, экономикалық және рухани қауымдастығы, этнос типі. Ұлттық аумақтың тілдің ерекшеліктері, экономикалық байланыстар, психологиялық, мәдениет пен сана сезімнің ортақтығын сипаттайды
Ұлт дегеніміз — бұл адамдардың шығу тегінің, тілінің, орналасу аумағының, экономикалық жағынан қалыптасуының, сонымен қатар оның этникалық санасы мен сана-сезімінің ортақ көрінісінің жиынтығы, яғни психологиялық құрылымы мен мәдениетінің ортақтығы арқылы сипатталатын адамдардың ерекше қауымдастығы.
«Этнос», «халық» «ұлт» терминдері синоним ретінде, яғни мағынасы бойынша бір ұғым ретінде айталық қазақ халқы, қазақ этно-сы және қазақ ұлты секілді түсініктер ретінде пайдаланылады. Бірақ, олардың бір-бірінен кейбір айырмашылығы бар екенін айтқан жөн. Осы құбылыстардың ауқымы мен маңызы және оларды ажыратып, ұғыну ұғымдары мен терминдер өздерінің мән-мағынасы бойынша бірдей. Бұл орыс, украин, грузин немесе француз, неміс халықтарына (этностарына, ұлттарына), соған сәйкес осы ұлттар төңірегіндегі ұғымдар мен термин-дерге де қатысты. Қазіргі кезде көптеген ғалымдар, соның ішінде танымал оқымыстылар да бұл мәселеге дәл осы тұрғыдан қарайды. Л. Н. Гумилев «этнос» және «халық» ұғымдарын бір мағынада қолданады.
Ұлттық қатынастар бұл көп ұлтты қоғамның ішіндегі саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени, тілдік және басқа да қатынастардың синтезі. Ұлттық қатынастар әр түрлі деңгейде, яғни мемлекет аралық және мемлекет ішінде, ұлт ішінде және ұлтаралык, қоғамдық және тұлғалық денгейлерде жалғасып жатады.
Ұлтаралық қатынастар экономикалық, саяси, тілдік, мәдениет, экологиялық және басқа да ұлттар арасындағы қатынастар түрінде көрінуі мүмкін.
Ұлттық, этникалық қатынастар кез-келген қайсыбір этностардың өмірге қажетті мүдделерін жузеге асыруға бағытталған. Олардың өздері де осы мүдделердің тууына себепкер болады. Халықтардың ұлттық мүдделері сол халықтардың тіршілік етуінің әр түрлі жақтарын қамтиды, олардың өзіндік ерекшеліктерін сақтауға, экономикасын, мемлекеттігін, мәдениетін дамытуға және осындай жол арқылы сол халықтың басқа халықтармен қатынас орнату жүйесіндегі жағдайын реттеуге, экономикалық және саяси проблемаларын шешуге, рухани мәдениетін дамытуға ықпал етеді. Тоқ етерін айтсақ ұлттық мүдделер қайсыбір халықтың (этностың) өзін-өзі ұлт ретінде қалыптастыруының сан қилы көріністері мен даму сатыларына, сондағы жетілу мен өзгерістеріне қатысты болады.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарын атап өтті.
Елбасы көрсеткен тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағыты:
1. Бәсекелік қабілет
Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы.
2. Прагматизм
Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес. Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады. Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді. Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды. Ықылым замандардан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, ас та төк ысырапшылдыққа ұласты. Соның кесірінен, Жер-Ана жаратылғаннан бері шөбінің басы тұлпарлардың тұяғымен ғана тапталған даланың барлық құнары құрдымға кетті. Түгін тартсаң майы шығатын мыңдаған гектар миялы жерлеріміз экологиялық апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналды. Осының бәрі – жерге аса немқұрайлы қараудың ащы мысалы. Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек.
Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді. Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы. Бұл – заманауи әлемдегі бірден-бір табысты үлгі. Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялар пайда болады.
Өкінішке қарай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді. Бүгінде радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кетті. Енді айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады. Ең бастысы, олар елдің мүмкіндіктері мен шама-шарқын мұқият ескеруге тиіс. Яғни, реализм мен прагматизм ғана таяу онжылдықтардың ұраны болуға жарайды.
3. Ұлттық бірегейлікті сақтау
Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қандай қатері болуы мүмкін? Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгісін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ретінде қарастыруда болып отыр. Алайда, өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана.
Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді. Мысалы, жершілдікті алайық. Әрине, туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ, одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды. Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді. Осының бәрін егжей-тегжейлі айтып отырғандағы мақсатым – бойымыздағы жақсы мен жаманды санамалап, теру емес. Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын.
Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.
Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек.
6. Сананың ашықтығы
Көптеген проблема әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезімнің «от басы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайды. Бір қарағанда, жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапатармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпейтіндей. Еуропалық Одақтың 400 миллионнан астам тұрғыны ана тілдері – неміс, француз, испан, итальян немесе басқа да тілдерді сыйламай ма? Әлде 100 миллиондаған қытай мен индонезиялықтар, малайлар ағылшын тілін еріккеннен үйреніп жатыр ма? Бұл – бәзбіреулердің әншейін қалауы емес, жаһандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің басты шарты. Бірақ, мәселе бұған да тіреліп тұрған жоқ. Сананың ашықтығы зерденің үш ерекшелігін білдіреді. Біріншіден, ол дүйім дүниеде, Жер шарының өзіңе қатысты аумағында және өз еліңнің айналасында не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді. Екіншіден, ол жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз. Таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері, қысқасы, барлығы түбегейлі өзгереді. Біз бұған да дайын болуымыз керек. Үшіншіден, бұл – өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігі. Азиядағы екі ұлы держава – Жапония мен Қытайдың бүгінгі келбеті – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың нағыз үлгісі. «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі. Егер қазақстандықтар жер жүзіне үйден шықпай, терезеден телміріп отырып баға беретін болса, әлемде, құрлықта, тіпті іргедегі елдерде қандай дауыл соғып жатқанын көре алмайды. Көкжиектің арғы жағында не болып жатқанын да біле алмайды. Тіпті, бірқатар ұстанымдарымызды түбегейлі қайта қарауға мәжбүрлейтін сыртқы ықпалдардың байыбына барып, түсіне де алмай қалады.
Ұлттық бірегейлік ұғымы
Бірегейлік – [лат. identificare – ұқсастыру, барабарландыру] – біреудің бір нәрсемен барабар келуі, ұқсастығы.
Бірегейлік дегеніміз жеке тұлғаның өзін әртүрлі әлеуметтік топтар қауымдастықтар құрамына (этникалық, демографиялық, діни, саяси, кәсіби, аймақтық және т.б.) жатқызуы, немесе адамның қандай да бір топқа қатыстылығы. Жаһандану ұлттық және мәдени бірегейленуге аса қиын сын. Жаһандану заманында бірегейлік ғылымның да, күнделікті өмірдің де негізгі өлшеуішіне айналуда. Біріншіден, көптеген қоғамдар, адамдар және жеке тұлғалар бірегейлену дағдарысына ұшырап отыр, екіншіден, жаһандану барысында бірегейлену өзгеріске ұшырауда.
Тексеру сұрақтары:
Этнос әлеуметтануы нені зерттейді?
"Этнос" "халық", "ұлт", "этникалық топ" ұғымдарын салыстырыңыз
Ұлттық бірегейлік ұғымы сипаттаңыз
Әдебиет:
Бринкерхоф Д., Уейтс Р., Ортега С. Әлеуметтану негіздері: Оқулық. 9-басылым. Ұлттық аударма бюросы. Астана, 2018 жыл
Әбдікерова Г.О. Әлеуметтану. Оқу құралы. Алматы. Қазақ университеті, 2011 жыл
Әбсаттаров Р. Әлеуметтану: өзекті мәселелер. Алматы «Қарасай» баспасы, 2013 жыл
Биекенов К.Ү., Биекенова С.К., Кенжакимова Г.А. Әлеуметтану: Оқулық. Алматы, 2016 жыл
Садырова М.С. Әлеуметтану: өзекті мәселелер. Алматы, 2014 жыл
http://elib.kaznu.kz/book/ - пән бойынша әдебиеттердің электронды нұсқалары базасы
Достарыңызбен бөлісу: |