3. Бейімделу (адаптация) - тіршілік ету жағдайына адамның өз тұлғасын қолайлау әрекеті. Тәрбиелену және оқу барысына байланысты қоғамда белгіленген ережелерге оқушылардың өз тәртібін сәйкестендіру болып табылады.
Мектеп өмірінің алғашқы кезеңіне баланың сыныптағы және үйдегі мінез-құлқын реттеп отыратын мұғалімнің жаңа талаптарына баланың бағынуы, сондай-ақ оқу пәндерінің мазмұнына қызыға бастауы тән. Баланың бұл кезеңнен қиналмай өтуі- оның мектепке жақсы даярлықпен келгендігінің белгісі. Бірақ 6-7 жасар баланың барлығы бірдей емес. Олардың көпшілігі бастапқыда қандай да бір қиыншылықтарға кездеседі және бірден мектеп өміріне етене араласып кете алмайды.
Көбінесе үш типті қиыншылық жиі байқалады:
1. Жаңа мектеп режимі ерекшеліктеріне байланысты (дер кезінде ояну және тұру керек, сабақты жіберуге болмайды, барлық сабақтарда тыныш отыру талап етіледі, үй тапсырмаларын орындау қажет және т.б.). Тиісті дағдылар болмаса, балада әдеттен тыс шаршау, оқу жұмысын бұзу, режимдік сәттерді жіберіп қою пайда болады. 6-7 жастағы балалардың көпшілігі психологиялық-физиологиялық жағынан қажетті дағдыларды қалыптастыруға даяр болады. Тек қана мұғалім мен ата-аналар бала өміріне қойылатын жаңа талаптарды түсінікті де айқын жеткізуі, олардың орындалуын әрдайым тексеріп балалардың жеке-дара ерекшеліктерін есепке ала отырып, мадақтау мен жазалау шараларын қолданып отыруы қажет.
Біріші сынып оқушылары бастан кешіретін қиыншылықтардың екінші типі мұғаліммен, сыныптағы жолдастарымен, семьяда болатын қарым-қатынастардың сипатынан туындайды. Балаларға мүмкіндігінше жылы шырай таныта және мейірбан бола отырып, мұғалім қайткенмен беделді де қатал тәлімгер болып табылады, ол белгілі бір мінез-құлық ережелерін ұсынып, одан ауытқудың қандайын болса да тоқтатып отырады.
Бірінші сынып оқушысы көбіне жаңа ортаға үйренісе, балалармен бірден таныса алмайды, өзін жалғыз сезінеді.
Қиыншылықтардың үшінші типін бірінші сыныптағы көптеген оқушылар оқу жылының ортасына таман сезіне бастайды. Алғашқыда олар сабақ басталардан көп бұрын мектепке қуана барды, кез келген жаттығуларға ықыласпен кірісті, мұғалімнің берген бағасына мақтанысты: олардың білімді игеруге жалпы даярлықтары сезіліп тұрды. Бірақ бірінші сыныпта оқу процесі әдетте балалар белгілі бір даяр білім мен анықтамалар алып, оларды есте сақтап, қажетті жағдайларда қолданылатындай етіп жасалған. Әдетте, бұл білімдерге деген қажеттілік арнайы қарастырылмаған. Әрине, мұндай жағдайларда баланың ақыл-ой ізденісінің өрісі тар, таным дербестігі айтарлықтай шектеулі болады. Осыған ұқсас сабақтарда оқу материалдарының өзіне ықылас нашар қалыптасады, балада оқуға деген алғашқы құштарлық өте бастайды да, осының нәтижесінде селқостық пен немқұрайдылыққа салынады.
Достарыңызбен бөлісу: |