76
Сүлеймен қарақшы
Мыңдаған адам тағы да гуiлдесiп кеттi. Бiрақ қанша гуiлдесе
де, төбеге шыққан бiрде бiр балуан болмады. Сiрә, ортаға
шығуға ешкiмнiң жүрегi дауаламай тұр-ау.
Әлден соң қадiрлi
қонақтар отырған шатыр жақтан белуардан жалаңаштанған екi
орыс төбеге қарай жүрдi. Топырлап тұрған жұрт оларға жарыла
жол бердi. Бермегенде қайтсiн, екеуiнiң жалаңаш ұсқыны
тiптен қорқынышты. Екеуi де апайтөс кеуделi, жалпақ иықты.
Бұлтыңдап ойнаған қолдарының бұлшық еттерi олардың орасан
қара күштiң иелерi екенiн айқындап тұрғандай. Бастарының да
үлкендiгiн қайтерсiң. Жүздерi сұсты.
Кез-келген адам олармен
күреспек түгiлi, тура қарауға да именетiндей. Екеуi алшаңдай
басып төбе басына шықты.
— Мынау тұрғандар Берной ұлығының түйе балуандары. Ендi
қазақ арасынан шығатындар бар ма?! — деп айқайлады қазы.
Жаңа ғана гуiлдескен жұрттың үндерi шықпай, сiлтiдей тынды.
Ойпырмай, еш болмаса күрк деп жөтелген бiр кiсi болсайшы.
Мыңдаған қаракөз анау екеуiне тесiлiп, мыңқ демей тұр.
— Уа, күшiмiз кемiп, қуатымыз азаяйын дегенi ме бұл?
Осынша қазақ арасынан мыналарға иық тiрестiрер, күш сынасар
бiреудiң болмағаны ма?! — деп саңқ еттi қазы.
Жұрт дүр етiп, бiр қозғалды да, қайтадан жым-жырт болды.
— Шық, Сүлеймен! — дедi Көбек тiстене сыбырлап. — Шеш
шапаның мен көйлегiңдi! Мына екi кәпiр қабан мен қабыланнан
күштi емес шығар.
—
Мен қорқып тұрғаным жоқ, нағашы. Менiң алдымда бiр
қазақ шыға ма деп тұрғаным ғой.
— Уа, болсаңдаршы! Бар ма, бiреу?. Жоқ әлде, бәйгенi мына
қос орысқа шаппай беремiз бе? — дедi қазы тағы жандаусы шыға.
— Бар! Бар, балуанымыз! Қазiр жетедi жаныңа, — деп
айқайлады Көбек.
— Қане, жiбер ортаға!
— О, әруақ!
Бар екенсiң-ау, арысым!
— Бәсе, осынша қазақ тұрып, екi кәпiрге шаппай бәйге
бергенiмiз ұят-ты.
— Жеңiлсең жер көтередi. Шық, бауырым!