Сүлеймен қарақшы
Бұл уақиға осылай болған. Көп кешiкпей он бесшақты мiлиса
келдi. Соңдарынан ерiп, мiлисаханаға бардым. Сол жолы тағы
да үш жылға сотталдым. Бiрақ тағы үш-ақ ай отырдым. Иә,
Дүйсенбек, жұрт аңыз қылып айтатын бұл қылығым ерлiк емес.
Осы үшiн өмiр бойы өкiнiп келемiн. Жалпы, атыс-шабыспен
өткен бар өмiрiме өкiнемiн. Десем де, момынның мүддесi үшiн
күрескенiмдi ойлап, сәл жеңiлденем.
— Соншама қауiп-қатердi бастан өткерiп жүргенiңiзде,
қорыққан кезiңiз болды ма?
— Қорқу, үрку деген — маған жат нәрсе. Тiптi оның не екенiн
осы жасыма дейiн бiлмеймiн. Ешнәрседен қобалжып, сескенген
емен. Дегенмен бiр рет қатты абыржығам. Бекаба жөйiттi көрген
кезде. Өйткенi ол маған адам емес, мақұлық тектес болып
көрiнген. Әрi қарусыз едiм.
— Елге қылған жақсылығыңыз да аз болмады-ау...
— Жақсы адам жасаған жақсылығын айтпайды. Ондайым
болса, оны көргендер айта жүрер.
— Ашығын айтсам, сiздi бiреулер шын қаһарман ретiнде
сыйлайды, ал кейбiреу қорыққанынан асты-үстiңiзге түседi.
Сайып айтқанда, қай жерге барсаңыз да, төр сiздiкi. Ал ендi
сiз өзiңiз бұрынғы өткен кiсiлердiң қайсыларын құрметтедiңiз.
Қазiргi қариялар мен жастар арасында сыйлайтындарыңыз бар
ма?
— Iлгергi қариялардан айтсам, Ордабек болыс пен Естемес,
Досалы билердi қатты құрметтедiм. Ондай тектi жаратылған
адамдарды қанша жерлердi шарласам да көрген емеспiн.
Сиқымдағы Құлажан мен Нұржандай, шегiрдегi Сыдықтай
шабандоздар ендi қайтып туылмайды. Парманқұл мен
Қараман сияқты ержүректер өмiрге келмейдi ендi. Бауыржан
Момышұлымен де талай табақтас болдым. Ол да қазақ маңдайына
бiткен ерен тұлға. Қазiргi қариялардан өзiңнiң туысың,
көсемсөздi Аманкелдiнiң Садығы мен Ұлтанбектiң Бекмырзасы,
өз жақыным Шаңбай дәу, Нарымбеттiң Тұрғанбегi, ауылдағы
Жолдықара балуан, сiргелi қайшылыдағы суырып салма ақын
Ырыспанбеттiң Ыбрайы жаныма жақын адамдар. Жастардан
өзiңнен бастап iнiмдей жақсы көретiн бiраз жiгiттер бар…
550
Сүлеймен қарақшы
Бұдан кейiн де мен көп сұрақ бердiм. Сүкең бәрiне қысқа, әрi
нақты жауап бердi. Түнгi сағат он екiден асқанда көсiле сөйлей
бастады. Содан таңғы сағат төртке дейiн тоқтамады. Сонда өткен
өмiрiнiң бәрiн бәрiн айтып өттi десем де болады. Әр әңгiмесiн
өкiнiшпен аяқтап, қайта-қайта күрсiндi. Торығып отырып, сыр
айтты. Сiбiр түрмесiнде қаза болған жас кезiндегi достары —
Төрекелдi, Аязбек, Ажандарды еске алып, аһ ұрдi. Оның сол түнi
неге сонша iштей ауыр күйзелiстi бастан кешiрiп отырғанының
мәнiсiн ұқпаппын.
Сағат таңғы беске таяғанда жатуға ыңғайландық. Сүкең тысқа
шығып келдi. Реңi күреңiтiп, бiртүрлi қобалжыған кейiппен кiрдi
үйге. Кiре сала:
— Дүйсенбек, жаңа далаға шықсам, ақбоз атты, қара киiмдi
елес— шалым тура сенiң есiк алдыңда тұр. Бұрын көрiнгенде
ылғи күлушi едi. Ал бүгiн қабағы қатулы. Маған қолымен аспанды
көрсеттi де, өзi көкке көтерiлiп, зым-зия болды. Бүгiндiкке
осылай екi рет көрiндi. Дұшпан арасында, жау iшiнде отырған
жоқпын... Неге қайта-қайта келе бердi екен ол? — дедi.
Мен ештеңе дей алмадым. Салынған қатар төсекке қисайдық.
Ұйықтай алмадым. Сүкең де ояу жатты. Қайта-қайта Алланы
аузына алып, жиi-жиi күрсiндi.
Таңертең сағат жетiде колхоздың таңғы нарядына баруым
керек болғасын, үйден алты жарымда шығып кеттiм. Мен
кеткенде Сүкең де тұрып, киiнiп жатқан-ды. Содан нарядты
өткiзiп, колхоздағы басқарма мүшелерiне қажеттi тапсырмалар
берiп, сағат тоғыздан аса үйге келдiм. Сүкең есiк алдында отыр
екен.
— Ерте келгенiң жақсы болды. Маған машина тауып берсең
болар едi. Шыршықтағы екiншi жеңгеңдi көрiп қайтсам деп едiм.
— Сiз үшiн бәрi дайын, Сүке. Шайланып алайық та.
Қырқыншы жылдардан кейiн еш жерде жұмыс iстемесе де,
Сүкең атақ-даңқының арқасында өз несiбесiн өзi тапқан. Ал,
соңғы кездерi оны ел асырап жүргенiн бiлетiнмiн. Оның түрлi
деңгейдегi хатшылар мен бастықтардың, сот төрағалары мен
прокурорлардың, совхоз директорларының үйлерiне қонаққа
баратынын да бiлем. Даңқты Сүкеңнiң үйлерiне неге келгенiн
551
Сүлеймен қарақшы
әлгi кiсiлер айтқызбай-ақ сезедi. Әлбетте, Сүкең өзi ешқашан
ештеңе сұрамайды. Әлгiндей кiсiлер оны разы етуге өздерi
ықыластанады.
Бiршама уақыттан соң Сүкеңе шапан-шаттығын жауып,
колхоздың “ЗИС” маркалы жүк машинасын арнайы бөлдiрiп,
шопырға оны баратын жерiне дейiн апарып тастауды тапсырдым.
Машина кабинасына зорға сыйған Сүкең кетерде:
— Дүйсенбек, биыл алпыс тоғызға келдiм. Он алты жас-қа
дейiнгi өмiрiмдi есептемегенде, қалған ғұмырымның барлығы
дала мен тау арасында қыран сияқты қалықтаумен өттi. Осыған
орай кейде ойлаймын, ажал маған үйде емес, далада тап болады-
ау деп. Қош болғайсың. Бұрындары кездескен кездерiмiзде
артық-кем қылық көрсетiп, ағат сөйлеген жерiм болса кешкейсiң,
iнiм, — дедi.
— Сiз маған ешқашан әбестiк көрсеткен емессiз, Сүке, —
деппiн аузыма басқа сөз түспей.
Ол аттанып кеттi. Мен кеңсеге келдiм. Кабинетке кiрiп жайғаса
бергенiмде, мана Сүкеңдi алып кеткен машинаның шопыры кiрдi
алқынып. Жүрегiм бiр жаманшылықты сезгендей:
— Не болды? Сүкең қайда? — дедiм абдырап.
— Ол кiсi жолда... Анау қыр басына шыға бергенiмiзде бiрден
жүрегi тоқтап... жүрiп кеттi... — дедi ол ентiгiн баса алмай.
Асып-сасқан мен кеңсенiң бiрталай қызметкерiн алып, “ЗИС”
тұрған қырға бардым. Сүкең кабинада шалқайып отыр. Реңi
боп-боз. Демi жоқ. Сол қолы рөл үстiнде жатыр. Рөлдiң бiр шетi
майысып қалыпты. Жарықтық, жүрегi тоқтап бара жатқанда
соңғы рет ышқынып, рөлдi бiр ұрса керек. Рөл құрыш темiрден
жасалған ғой. Оны дәу балғамен ұрып әзер майыстырасың. Ал
Сүкеңнiң соққысы...
Мiне, Сүкең осылай дүниеден өтiп едi...
...Бұл күндерi ел арасында Сүлеймен туралы естелiктер
жылдар саңлауынан сығалап жеткен аңыздардай жаңғырып тұр.
Бiрақ сол аңызға айналған қаһарман бейне туралы естелiктер
жыл өткен сайын көмескiленгендей ме, қалай, бүгiнгi ұрпақ оның
қарақшы деген атынан басқа нақты кiм болғанынан бейхабар
болып барады. Осы еңбек оның қандай тұлға болғанын сiздерге,
құрметтi оқырман, айқындап берген де болар.
...Көзi кетсе де, атқарған iсi ауыздан кетпеген, бiртуар қаһарман
тектi ер Сүлеймен, сенiң де есiмiң тарихта жүрсiн!..
МАЗМҰНЫ
БIРIНШI БӨЛIМ .................................................................................... 3
ЕКIНШI БӨЛIМ
...................................................................................... 88
ҮШIНШI БӨЛIМ
................................................................................. 245
ТӨРТIНШI БӨЛIМ
............................................................................... 421
ЭПИЛОГ ОРНЫНА
.............................................................................. 536
Момбек Әбдіәкімұлы
СҮЛЕЙМЕН ҚАРАҚШЫ
Корректор
Мақпал Қалдыбекқызы
Дизайнер
Азамат Санкибаев
Мұқаба дизайны
Атаберді Кочербаев
Таралымы 2000 дана
Достарыңызбен бөлісу: |