71
Сүлеймен қарақшы
тақия секiлдi кигiзiлiп қойған погондары бар. Белiнде салбыраған
қылыш. Көбек бастаған топ шыға берiсте олармен қарама-қарсы
кездесiп, шетке ығысып кетуге үлгере алмай қалғандықтан, ұлық
пен болысқа қол берiп амандасуға мәжбүр болды. Ұлық бiрiнен-
бiрi өткен, еңгезердей-еңгезердей Сүлеймен, Құлажан, Нұржан
үшеуiне аңтарылып қарап тұрды да, бұлардың ұсынған қолдарын
алды. Құлажан мен Нұржанды қайдам, Сүлеймен ұлықтың
қолын алғанда алақанына құдды бiр жұп-жұмсақ әйелдiң қолы
тигендей болды. Мұнымен күлiмсiрей, құшырлана амандасқан
оның қолын Сүлеймен де ықыласпен алайын деген ниетпен сәл
ғана қысып қалды. Ұлық “ой” деп
дауыстап жiбердi де дереу
қолын тартып алды. Содан соң: “Ох, какой сильный казах. Ох,
какой здоровый казах”, — деп қолын ауырсына сiлтеп, басын
шайқай, Керiмбайдың соңынан iшке кiрiп кеттi.
— Мына орыс не айтты? — дедi Құлажан Көбекке қарап. —
Сүлеймендi жақтырмай, кәпiрше бiрдеңе дедi ғой.
— Менi түсiндi дейсiң бе? Одан да кеттiк өзiмiздiң үйге. Сол
жерде ет жеп, қымыз iшейiк.
Ордабектiң бәйгешiлерi мен шабандоздарына арналып
тiгiлген үйдiң iшiнде ешкiм жоқ. Жiгiттер той қызығын қызықтап
кетсе керек. Бұлар үйге кiрiп, ендi жайғаса бергенде: “Ас-ауқат
керек пе?” — деп аспаздың бiрi есiктен сығалады. “Қазiрше
осы бесеумiзге арнап әкеле бер”, — дедi Нұржан. Көп кешiкпей
орталарына
дастархан жайылып, буы бұрқыраған табақ-табақ
ет келдi. Көбектен бас-қалары ашығып қалған екен. Ләм деспей
бiрден тамаққа бас қойды.
— Сүлеймен, бағанағы Нұралының сөзiнен кейiн ертеңгi
күрестен қорқып отырған жоқпысың? Сен белдесер балуандар
аюдай
орыстар екен, — дедi Көбек.
— Өзiмен ұстасқан қазақтың бәрiн жеңiп бiттi ғой. Ендi
орыспен де бiр күресiп көрсiн де,— деп күлдi Нұржан
Сүлеймен жауап қатпай, иығын қомдады.
Аналар болса
әрдеңенi айтып, мұны келемеждеп бiраз күлiсiп отырды.
Араларындағы қу тiлдi Битбай жұртты тағы күлдiрейiн дедi ме:
— Мен бiлсем, бұдан балуан шықпайды. Неге дейсiндер ме?
Шын балуан болатын адам аз жеп, көп қимылдаушы едi. Мынау
аз қимылдап, көп жейдi ғой. Алдындағы ауқаттан түк қойған
жоқ. Бiз бiр табақ палау мен бiр жiлiк ет жегенде, бұл екi табақ
ас жеп, сүйектердiң майына дейiн шағып, жаланып өлiп барады.