120
Сүлеймен қарақшы
Топыш тағы әлденелердi айтып, ұзақ сөйледi. Оған Елеусiн
қосылып, әңгiме түннiң бiр уағына дейiн өрбiдi. Жiгiттер тарқар
алдында Сүлеймен бүй дедi:
— Әй, Топыш, Қасқабай. Менiң сендерге масыл болып жата
бергенiм жараспас. Өз тамағымды өзiм табуға әрекет жасайын.
Сондықтан да сендерге бiр нәрсе айтайын. Өздерiң де қысқы
суықта мұз шайнап,
жазғы аптапта шөп сауып, қараңғылықты
жолдас, қапасты дос қылып, түн жортқан жансыңдар ғой. Осы
жолы маған iлессеңдер де, iлеспесеңдер де ықтияр өздерiңде.
Еркiлерiңнен тыс қинау жоқ. Мен сонау Шыршықтағы Елсапаға
кетсем бе деймiн. Ақыры қазiрше елге қайтпаймын. Бұған қалай
қарайсыңдар?
—
Сенi жалғыз жiберiп, жын ұрып па бiздi? Бүйтсек, саған
деген ақ жүрегiмiз қайда? Елсапа барымташыны көрмесек те,
сырттай бiлемiз. Бiз сенiмен бiргемiз, Сүлеймен, — дедi Қасқабай.
—
Олай болса, ертең кешке аттанайық. Тобымызға басқа
ешкiмдi қоспай-ақ қоялық. Осы төртеумiз де жетемiз.
Бәрi осыған келiсiп тарасты. Топыш пен Елеусiн кеткен соң
Сүлеймен дейтiн атына “қарақшы” деген жаңа лақапты қосып
алған ол, Қасқабайдың әйелi
салып берген қалың төсектiң
жастығына басы тиiсiмен-ақ қор етiп, ұйқыға батты.
Ертесiне қасына жаңа серiктер ерткен Сүлеймен бесiн ауа
Жылыбұлақтан Шыршыққа қарай аттанды.
Олар Қақпақ пен
Қосмоланы айналып өтiп, Аюбас жонын баса, екi күнде Шыршық
жағасындағы Қайыршақты жырасына жеттi. Ары қарай Өлеңтi
ойпатындағы Елсапа ауылына түстi. Елсапа ауылында жоқ
екен. Өкiмет ауысқалы берi көлденең көк аттыдан секемденетiн
Елсапаның туыстары “бұлар қайдан келген адамдар?” дегендей,
оның қайда екендiгiн ашып айта қоймады. Тек Елсапаның iнiсi
Нұрсапа ғана Сүлейменнiң кiм екенiн бiлген соң:
— Баяғыдай бес қаруларыңды сайланып,
асу-асу белдерден
өтiп келе беретiн әдеттерiңдi әлi тастамапсыңдар-ау, ә. Әлде
сендердiң елдерiңде жаңа өкiмет әлi орнай қоймаған ба? Бiзде ол
әбден күшiне мiнiп, Ташкеннен берi қарай дүркiн-дүркiн әскерiн
аттандырып, жұрттың зәресiн алып бiттi. Сол құрғыр әскер “кiм
бай, кiм ұры” десе болды, бәрiн қамап, соттап, құртып тынды.