186
Сүлеймен қарақшы
— Уай, адамсыңдар ма, әлде жынсыңдар ма? —
дегеннен
басқа сөз түспедi.
Үшеуi жауап қатпады. Тек “берi кел” дегендей қол бұлғады.
Сүлеймен жүрмедi. “Қап, әнеукүнi ауылдан шығып бара
жатқанда мылтығымды лақтырып кеткенiмдi қарашы. Бейтаныс
елдiң көзiне мылтықпен көрiнбей-ақ қояйын деп едiм. Мейлi,
мыналардың мылтығы жоқ екен. Тиiссе, бiр сойыл мен екi
қылышқа бiрдеңе қылармын. Алдымен атыма мiнейiн.
Сосын
қоржындағы кеше Жошы берген келте шоқпарды қолға алайын.
Қамыс iшiнде тағы бiреулер болмаса, бұл үшеуiне бой бермеспiн”
деген Сүлеймен жалт бұрылды да, үзеңгiге аяғын сала бергенде
ер ауып түстi. Жаңа бұлақ басына келгенде, аз-кем демалып
аламын ғой деп, қарагердiң тартпасын босатып қойғанын есiне
алмапты. Ауып қалған ермен бiрге өзi де шалқалай құлаған оның
бiр аяғы ат сауырына түскен ердiң үзенгiсiнде қалып қойды.
“Ой, әкеңнiң…” деп айқайлап жiберген ол, одан тыпырлап аяғын
шығарам дегенше, анау үшеуi жүгiрiп, бұған таяп келдi. Бағына
қарай,
олар қасына келiп қалғанда, аяғы үзеңгiден ажырады.
Содан төңкерулi қоржындағы келте шоқпарды ала салып, атып
тұрды. Мұны құлаған жерiнде бас саламыз деп дәмеленген
аналар ендi бата алмай, үшеуi үш жақтан қоршай бастады.
Шоқпарын сығымдай ұстаған Сүлеймен олардың әрқайсысына
барлай қарады.
— Оу, неғылған жансыңдар?
Бетiн тұмшалағандар жауап берудiң орнына мұның “қай жерiнен
ұрып құлатсақ екен?”
дегендей, қаруларын оңтайлай, бiрте-бiрте
жақындай түстi. Қарсы алдындағының
көзi құтырынған иттiң
көзiндей қып-қызыл екен. Тiптi жанарында адамдық сезiм де жоқ
секiлдi. Бiртүрлi өлi көзқарас. Түймесiз шибарқыт шапанының
ашық омырау тұсы мен етегiнiң астынан көрiнген денесiнiң
арықтығы сондай, көзге тiптi қораш шалынады. Қалған екеуi де
мәз емес. Жел шайқаса құлап қалатындай әлжуаз. Бiрақ соларына
қарамай, мұны түтiп тастамайынша қайтатын беттерi жоқ тәрiздi.
Түрлерiне қарап, олардың қатты ашығып жүрген адамдар екенiн
бiлген Сүлеймен: