320
Сүлеймен қарақшы
адам болмаған кезде кiсi ойына нелер келiп, кетпейдi десейшi.
Есiне сонау Қоқанда қалған Дилда түстi.
Қамалғалы берi ол
жайында көп ойланған. Бiрақ дәл бүгiнгiдей қатты ойлаған жоқ-
ты. “Байғұс-ай, қалай күн көрiп жүр екен? Бәрiнен бұрын не
туды екен? Маған кектенгендер бiр зияндық iстеп жүрмесе игi
едi оған. Пұсырманқұл бас-көз боп жүрсе жарар едi. Ауылдағы
Балдықызымның, Құлажанның жағдайы нешiк? Елге келгенде
Тәңкi мен Құлтаннан, жұртты
аштыққа ұшыратқан өкiметпен
алысам деп жүрiп, қолға түсiп, олар-ға жолыға да алмай қалдым.
Әттең-ай, азаттықтың бағасы биiк екен-ау. Ендi жатысым мынау,
бiрi — ер, бiрi — кер, бiрi — төр, бiрi — көр сотталушылардың
арасында. Ендi елiмдi, балаларымды қашан көрермiн?!”
Әсiлi, Сүлеймен өз тағдыры жайында көп ойламайтын.
Оның қатал мiнезi пендешiлiк ойларға аса сирек жол беретiн.
Езiле сағынуды, елжiрей аңсауды ол жек көретiн. Бүгiн де елi
мен Балдықызды, Дилданы бiраз ойлап жатты да, оларды лезде
жадынан шығарды.
Осы баракта бұлар жиырма күндей жатты. Әжетханасы да,
жуынатын жерi де iшiнде. Жуынатын жерi дегенде, кең бөлмелi
монша емес. Бұрышта — күндiз-түнi бiр тоқтамай ағып тұратын
кiшкене құбырлы су. Үнемi кең дала төсi мен тау-қыраттардың
етегiнде бұрқырап
ағатын өзен-суларға жуынып, адам көзiнен
сәл қашықтау тұсқа дәрет сындырып үйренген қазақтарға мына
тар қапас қамаудан бұрын — осы екi нәрсе жүдә қиын соқты.
Дегенмен “адамға үш күннен соң, көр де жат емес”. Бұған да
бойлары үйрендi.
Алғашқы күннiң ертесiне қамалушылардың барлығын
бiр-бiрлеп түрме бастығы шақыртқан.
Орысша бiлмейтiн
қазақтарға Микай перәуәдшiк. Алғашында: “Сендердi түрме
бастығы шақырып, сөйлесетiн болса, мен переводчик болам”,
— деген Микайдың сөзiнен кейiн, әрi қазақтар орыстармен сол
арқылы сөйлескен күннен соң бәрi оны “перәуәдшiк” деп атай
бастаған. Сүлеймен түрме бастығының алдында Микаймен бiрге
бiрнеше мәрте болған-ды. Алдында өздерiн күнiге неге шақырта
беретiндiгiн ұқпаған бұлар кейiнгi күндерi оның көңiлiнде бiр
пиғылдың жасырынып тұрғанын сезе бастаған. Ол сонысын
кеше анық бiлдiрдi.
— Так, Маменов, садись, — дедi бастық бұл кiргенде түсiн
жылытып.