548
Сүлеймен қарақшы
Қойшы, сонымен, бүкiл Өзбекстан мен Тәжiкстанды бес
ай адақтап, молданы қолға түсiре алмадым. Арада бiр жыл
өткенде
оған деген ашуым басылып, ол уақиғаны ұмытқандай
едiм. Бiр күнi жазға салым Тәшкендегi Әстi имам мешiтiнiң
шайханасына барып қалсам, әлгi сабаз қақ төрдегi нар үстiнде
шәй iшiп отыр. Менi көрiп, тiл-ауыздан айырылды. Ал менiң
басылып қалған ашуым бұрқ етiп қайта көтерiлiп кетпесi бар ма?
Шынымды айтсам, ол ашу — анау жас қатынымды қызғанғаннан
көтерiлетiн...
Көрген сәтте-ақ әлгi молдаға жетiп бардым да, сол жағын
ала малдас құрдым. “Қалай, пiрiм, амансың ба?” деп едiм, тiлi
жұтылғырдың сөйлеуге шамасы келмей, басын изеген болды.
Мен шайханашыны шақырып, екi табақ палау мен екi бөтелке
арақ әкелуiн өтiндiм. Ол аталған нәрселердi заматта әкелдi. “Же!”
— дедiм молдаға палауды көрсетiп. Қатты әбiржiген ол, екi табақ
палауды да апыл-ғұпыл жеп қойды. Оны жеп болғанда бөтелкенiң
бiрiн ашып, кесеге толтыра құйдым да, “Iш!” — дедiм. Сорлы
қорыққанынан кесе тола арақты сiмiрiп салды. Екiншiсiн де
сөйттi. Содан маған бiр, жанын солар сақтап қалатындай айналада
толып отырған жұртқа бiр, алақ-жұлақ қарады. “Болдың ба?” —
деп сұрадым мен. Ол басын изедi. “Болсаң, иманыңды үйiр”, —
дедiм де, қонышымдағы ұзын екi жүздi
қанжарымды суырып
алып, әлгiнiң басын тiземе бастым да, тамағынан орып-орып
жiбердiм. Орғаным былай тұрсын, қой бауыздағандай тамағын
осып, басын кесiп алдым да, шайхананың ортасына лақтырып
жiбердiм. Мойнынан қаны атқылаған бассыз дене орнынан ұшып
тұрды да, екi-үш қадам жасап, нардан аунап түстi.
Ой, сондағы шайханадағы жұрттың дүрлiккенiн көрсең.
Бiреулерi тесiкке, бiреулерi есiкке қарай қашты. Лап етiп, бiрден
қашқандары сондай, есiк
пен тесiкке бiразы кептелiп, сыртқа
шығып кетуге мұршалары болмай, бiрiнiң үстiн бiрi басты. “Ей,
сендердiң ешқайсыларыңа тимеймiн. Неге қашасыңдар?!” —
деп айқайласам да, құлақ асар бiрi жоқ. Екi шайханшық сарт
көмiр салатын үлкен жәшiкке кiрiп тығылып жатыр. Оларға да
“қорықпаңдар”, — деп айқайладым. Есi кеткен екеуi жәшiкке
түсiп алып, үстерiнен қақпағын жауып алды.