182
Сүлеймен қарақшы
— Бiз парызымызды орындадық.
Сенi босатқан бiз екенiн
ешкiм бiлмес. Ал ендi өз жайыңды өзiң ойлан. Сiрә, елден бiраз
уақыт кетуiң керек шығар.
— Сонда маған тағы “тауға барып, басмашы бол” дейсiңдер
ме? Ой, бiрақ, басқа амал жоқ екен ғой. Әлде Түлкiбасқа,
Жұмабайдың ауылына кетсем бе екен?
— Оның болмайды-ау. Түлкiбас дегенiң мынау тұрған жер.
Сыбысың жетсе, мына мiлисалар iздеп тауып алады. Шыршыққа
кет. Үйренiп қалған жерiң. Әрi таныстарың да көп.
— Айтпақшы, менiң қарагерiм қайда?
— Оны “жүрiске шыдамды, белi мықты қазанат екен” деп
Құлтан мiнiп алған. Қарагердi қайтесiң? Қос атты ал да, бүгiн
түннен қалмай жүрiп кет. Бүгiн түнде Қазығұрттан,
ертең
Келестен бiр ассаң, ешкiмге ұстатпай кетесiң.
— Жоқ, мен Құлтанның басын кеспей кетпеймiн. Басқа-
басқа, менiң кiм екенiмдi Кендiр мен Әрiпбай, сен екеуiң жақсы
бiлесiңдер. Өзiмдi талай қатерден
аман алып қалған қарагердi
Құлтан жақыбайдың тақымында жүргенiн ойлап, iшiм күйiп
өлермiн. Жүрейiк. Ауылға бiз жеткенше түн ортасы болар.
Одан арғы iстi жалғыз өзiм iстеймiн. Ауылға жете, үй-үйлерiңе
тараңдар. Осы жақсылықтарыңды бек ұмытпаспын.
Сүлейменнiң алған бетiнен қайтпайтынын бiлетiн Кендiрлер
үндемей, аттарына мiнiстi. Шоқыта жүрген бұлар Бадам
жағасындағы қырқаның үстiне шыққанда:
— Айтпақшы, Кендiр, Ордабек
болыстың ақбоз жорғасы
қайда қазiр? — деп сұрады Сүлеймен.
— Ә, оны мынау Тоғыс пен “Маятас” кәлхүзiне бастық болған
Көшкiнбай мiнiп жүр. Бiрақ ол Құлтандай емес, ағайынға онша
тiзе батыра бермейдi. Түсiнiгi бар ол кiсiнiң.
— Алдында “әртiл” дедi, қазiр “кәлхүз” дейдi. Ойпырмай,
заман не болып барады өзi?
— Жаңа өкiметтiң бiлгiштерiнiң айтуларына қарағанда,
“келешекте жұрттың қазаны да ортақ болады” дейдi ғой. Кәлхүз
сол ортақ қазанның иесi болса керек…
Төте жолмен жүрген Сүлеймендер ұзамай өз ауылдарына да
жеттi. Ауыл шетiнде бәрi тарасты. Серiктерiмен қош айтысқан