184
Сүлеймен қарақшы
Оған көнбесе, қанын судай шашамын. Бұдан соң тағы айт, елдегi
басқа адамдарға да тыныштық берсiн. Осы айтқандарымды
орындамайды екен, өз обалы өзiне.
Сүлеймен үйден шыға қарагерiне барды. Оның мойнынан
құшақтап бiраз тұрды да, ерттеп, үстiне қонды. Сөйтiп баяғыда,
орыс попын өлтiрген кезде өзi Келеске
қарай асқан Қазығұрт
асуына қарай ат басын бұрды.
Сүлеймен бұл жолы Шыршыққа баратын бағытын өзгертiп,
Қазығұртты айнала өтiп, Сырлы даласына тартты. Сонда оның
өз алдына қандай мақсат қойғаны белгiсiз. Әйтеуiр жолай
кездескен елдерге “Құдайы қонақпын” деп үш қонып, Жылғаға
тұяқ iлiктiрдi. Көзiн ашқалы бергi ғұмырында “қазақ жерiнiң бәрi
тау-тасты болып келедi” деп ойлап жүрген ол, Бағаналы тауын
бөктерлей батысқа жүрген
сайын көде мен жусан, тарғыл мен
құмшөп қана өсетiн мидай жазық даланы көргенде таң қалды.
Ел де сирек. Iлгерiде ауыл қариялары: “Сырдың бергi жағы мен
Әлiмтау маңын жайлайтын сiргелi мен қоңырат елдерi құмдауыт
даланы жайлайды. Адамдары жазда еттi құдық iшiнде ұстайды.
Малдары жусан жеп семiредi” деп отырушы едi. Ол кезде бұл
әңгiмеге онша мән бермейтiн.
Кешеден бермен сол әңгiме
есiне түсiп, дәл мынадай, көз жетер жерде бiр шоқы жоқ мидай
сайын даланы мекен еткен адамдардың тiршiлiк нышандары тау
жақтыкiне қарағанда бiршама бөлектеу болатынын ұқты.
Кеше түнде арық сиырдың ырсиған қабырғаларына ұқсайтын
сайлы-жонды белдер мен далиған құмдауыт атыраптың нақ
түйiсер тұсында орналасқан Бақабұлақ ауылындағы сiргелi
елiбай Жошы дегендiкiне қонып едi.
Жошы көргенi көп, естi
кiсi екен. Сүлейменнiң ауылындағы бұрынғы атқамiнерлердiң
бiрсыпырасын танитын болып шықты. Сол кiсiден шөл даладағы
адамдардың тұрмысы туралы әжептеуiр әңгiмелер есiткен.
Кетерiнде Жошы: “Қандай ауылға тап болсаң да, бiр күннен
артық қонба. Қазiр баяғыдай мамыражай заман емес.
Құдайы
қонақ түгiлi, Құдайды да көзге iлмейтiн жаңа өкiмет құтырып тұр.
Жапан далада да абай болғайсың. Бiрте-бiрте малынан айрылып
бара жатқан кейбiреулер қу тамаққа сеп болатын атау iздеп, ой-
қырды кезiп жүр. Естуiмше, Жылға жақта ма, жоқ Қатағантөбе