ДИДАКТИКАЛЫҚ ОЙЫНДАРДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ӘДІСТЕМЕСІ
Дидактикалық ойындарды ұйымдастыру педагогпен негізгі үш бағыт бойынша жүзеге асады: дидактикалық ойынды өткізуге дайындық, оны өткізу және талдау.
Дидактикалық ойындарды өткізуге дайындық төмендегідей:
тәрбиелеу мен оқыту міндеттеріне сәйкес ойындарды таңдау: білімдерін тереңдету және жалпылау, сенсорлық қабілеттілігін дамыту, психикалық үдерістерін ( есте сақтау, зейін, ойлау, сөйлеу) белсендіру және т.б.
таңдалған ойынның балалардың жас ерекшеліктеріне, тәрбиелеу мен оқыту бағдарламалары талаптарына сәйкестігін белгілеу;
дидактикалық ойынды өткізуге қолайлы мезгілді (ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті кезінде немесе сабақтан бос күн тәртібінің басқа мезгілдерінде) анықтау;
балалар басқа балаларға кедергі жасамай, асықпай ойнайтындай,ойнайтын орынды сайлау;
ойнаушылардың санын ( топтың барлығы, кіші топтар, жекеше) анықтау;
таңдап алынған ойынға қажетті дидактикалық материалдарды( ойыншықтар, әртүрлі заттар, суреттер...) дайындау;
тәрбиешінің өзінің ойынға дайындығы: ол ойынның барысын, өзінің ойындағы орнын, ойынға басшылық жасау әдістерін оқып білу және ұғыну;
балалардың ойынға дайындығы: ойын міндетін шешуге қажетті, қоршаған орта заттары мен құбылыстары туралы түсініктермен және біліммен байыту.
Дидактикалық ойындарды өткізуде атқарылатын жұмыстар:
балаларды ойын мазмұнымен, ойында қолданылатын дидактикалық материалдармен (заттарды, суреттерді көрсету, олар туралы ойын барысында білім мен түсініктерді айқындайтын балаларға қысқаша кеңес) таныстыру;
ойын барысын және ережесін түсіндіру, сонымен бірге тәрбиеші ойын ережесіне сәйкес, ережелердің орындалуына, балалардың жүріс-тұрысына назар аудару;
ойын әрекеттерін көрсету, ойын барысында тәрбиеші балаларды қимылдарды дұрыс орындауға, қарама-қайшы жағдайда ойын қажетті нәтижеге келтірмейтінін ( мысалы, егер балалардың біреуі көзді жұмудың орнына ашып қараса) дәлелдей отырып, үйрету;
тәрбиешінің ойындағы атқаратын рөлін, оның ойыншы, жанкүйер, төреші ретінде қатысуын анықтау. Тәрбиешінің ойынға тікелей қатысу шамасы балалардың жасына, олардың дайындық деңгейіне, дидактикалық мақсат пен ойын ережесінің күрделілігімен анықталады. Ойынға қатыса отырып, педагог ойыншылардың қимылдарына бағыт (кеңес, сұрақ, ескерту) береді;
ойын қорытындысын шығару – бұл ойынға басшылық жасаудағы жауапты сәт, мұнда балалардың жеткен нәтижелері есептеледі, нәтиженің тиімділігі анықталады, осы нәтижелерді өзінің дербес ойын әрекеттерінде қызығушылықпен қолдану ұсынылады. Қорытынды шығару кезінде тәрбиеші жеңіске жету жолы тек қана қиындықтарды жеңу, ынта және тәртіптілік арқылы болатынын түсіндіріп айтады.
Дидактикалық ойындарды ұйымдастыру мен жүргізу педагогикалық тұрғыдан бірқатар шарттарға байланысты:
1. Ойынның сабақтың дидактикалық мақсатына сәйкестігі.
2. Ойындардың мазмұны мен формасына қарай әртүрлілігі.
3. Ойынның балаларға түсінікті және тартымды болуы.
4. Ойынға қатысушылардың белсенді шығармашылық позициясы.
5. Ойынның эмоционалды болуы.
Осы шарттардан ойынды ұйымдастыруға мынадай әдістемелік талаптар қойылады.
1. Ойынның мақсаты және керекті көрнекті құралдар мен материалдар күні бұрын дайындалып отыруы тиіс.
2. Ойынға кірісер алдында оның жүргізілу тәртібі оқушыларға әбден түсіндірілуі қажет.
3. Ойынға топтағы балалардың барлығының қатысуын қамтамасыз ету керек.
4. Оларды ойын үстінде ойлай білуге, шешім қабылдай білуіне жетелеу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |