Алғашқы қауымдық діндер. Оларды алғашқы діни наным-сенімдер немесе рулық-тайпалық діндер деп те атайды. Оларға жататындар: фетишизм, тотемизм, магия, анимизм, шамандық немесе бақсылық.
Ұлттық діндер.Бір ұлттың немесе халықтың көлемінде ғана таралған діндерді ұлттық діндер деп атайды. Қазіргі заманғы ұлттық діндерге индуизм, сикхизм, конфуцийшылдық, даосизм, синтоизм және иудаизм діндері жатады.
Дүниежүзілік немесе әлемдік діндер. Бір халықтың не ұлттың шеңберінен шығып, басқа да халықтардың арасына кеңінен тараған және әлемдік құбылысқа айналған діндерді дүниежүзілік немесе әлемдік діндер деп атайды. Оларға жататындар: буддизм діні, христиан діні, ислам діні.
Дін - әлемдік өркениеттегі барлық құрылыстарға тән тарихи, саяси-әлеуметтік, дүниетанымдық және психологиялық құбылыс. Дін дегеніміз – дүниедегі түрлі табиғи және әлеуметтік құбылыстарды ең жоғарғы жаратылыстан тыс күш иесі – жаратушы құдайдың құдіреті арқылы түсіндіретін қоғамдық сананың ерекше формасы. Дін туралы арнайы ғылымды – дінтану дейміз. Дінтану ғылымы дінді теологиялық, философиялық-әлеуметтік, биологиялық, психологиялық және әтнологиялық ( грек тілінде ethnos – халық, logos – ілім ) тұрғылардан бөліп қарастырады. Теология (көне грек тілінен teos – құдай, logos – ілім) немесе конфессионалдық ілім (көне грек тілінде konfessio – мойындау, ғибадат қылу; белгілі бір дінді мойындайтын діни бірлестік) адам және жаратушының, адам мен Абсолюттің, адам мен біздің түсінігімізден тыс күштердің қатынасын зерттейді, дінді оның қағидаларының өзіне сүйеніп негіздейді
Діни ұйымдар
Діни ұйымдар дегеніміз – кәсіби дін қызметкерлері басқаратын және қалыптасқан басқару жүйесіне ие, наным-сенімдері мен ғұрыптарының ортақтығы негізінде пайда болған, бір дінді ұстанушылардың рәсімделген бірлестігі. Діни ұйымдардың көлемі әр түрлі болып келеді, діндарлардың бірнеше ондаған адамдарды біріктірген жергілікті ұйымдарынан бастап, қатарларында жүздеген миллион діндарларды біріктірген және бүкіл әлемге таралған діни ұйымдарға дейін бар. Бұл ұйымдардың міндеті – діндарлардың діни қажеттіліктерін қанағаттандыру, ғибадат етуді ретке келтіру, осы ұйымдардың тұрақтылығын қамтамасыз ету. Сонымен қатар діни ұйымдар діни емес міндеттер де: саяси, құқықтық, әлеуметтік, қайырымдылық міндеттер және тағы басқаларын атқаруы мүмкін. Мұндай міндеттерді атқару діни ұйымдарға қоғамның рухани және әлеуметтік өмірінде өз беделін сақтап, арттыруға көмектесіп отырады. Қоғамның дамуы барысында діни ұйымдардың құрылымы күрделіленіп, міндеттерінің ауқымы кеңейді, діни ықпалын сақтау үшін күрес күшейтілді. Әлемдік діндердің пайда болуына байланысты қоғам өміріндегі діннің алатын орны мен атқаратын қызметі заңдастырылып, шіркеу пайда болды.Діни ұйымдардың европалық елдерде жалпы қабылданған ресми атауы – шіркеу. Мәселен: Рим-католик шіркеуі, Орыс православие шіркеуі, лютеран шіркеуі және т.б. Ал ресми діни ұйымнан түрлі діни мәселелер бойынша келіспеушіліктің нәтижесінде бөлініп, одан өзгеше ұстанымда және оппозицияда болған діни ұйымдарды сектадеп атайды.
Достарыңызбен бөлісу: |