С.Жүнісовтің "Ақан сері"дилогиясындағы Ақан образы:
Қазақ әдебиетінің кешегі мен бүгініне зер салып қарар болсақ, халықтың рухани өмірінде ерекше орны бар сал-серілер мен әнші-күйшілердің өмір жолы, шығармашылық шыңдары туралы шығармалар баршылық. Қазақ халқының сал-серілік өнерінің ірі өкілдері Сегіз сері, Ақан сері, Жаяу Мұса; Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Біржан сал тағы басқа өнерпаздардық тұлғасы жазушылардың шығармашылық көзқарасымен әдеби кейіпкер ретінде болмыс бітімімен әдебиетіміздің жаңа қырынан орын алды. Әдебиетіміздің осынау бейнеленген тұлғалардың ішінде Солтүстік Қазақстан өңірінен шыққан қазақ халқының әйгілі әнші-композитор, ақын Ақан сері тағдырының жан-жақты, әрі әр қырынан көрініс беруі жайдан-жай емес. Қазақ қаламгерлері Ақан образына көп көңіл бөлді. Оның өмірі қазақ әдебиетіміздегі драма жанр кейіпкерлерінің бірі саналады. Ғабит Мүсіреповтің әйгілі "Ақан сері-Ақтоқты" драмасы мен 1935жылы жарық көрген Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов қосылып жазған "Ақан-Зайра" драмасы Ақан бейнесін көркем суреттей алды. Проза жанрында сакен Жүнісовтің "Ақан сері" дилогиясын, Тәкен Әлімқұловтың "Көк қаршыға" повесінде ақын өмірінің қайшылықты тағдырын, әлеуметтік шындығын сипаттайды.
Т.Әлімқұлов секілді көш алдында дараланған ақын-жазушыларымыз осы тақырыпта қалам тартты. Ірілі-ұсақты сол шығармалардың қай-қайсысы да осал болған жоқ, әдебиетімізге сүбелі дүние ретінде қосылып тақырып салмағы, жанр жүгін ауырлата түсті. Ал осындай қас жүйріктерден кейін тәуекел етіп Ақан тұлғасын сөз етудің жауапкершілігін пайымдап көрейікші. С.Жүнісов тәуекел етіп қана қоймады. Ақан сері жөнінде үлкен эпикалықшығарма жазуды қолына алды. Табанды жазушы діттеген мақсатына жетті. Ол қазақ даласын сұлу әндерімен тербеткен дара туған өнерпаз туралы екі кітаптан тұратын тағылымды шығарма ны дүниеге әкелді.
Ақан сері өскелең өмірдің ащылы-тұщылығын, жақсылығын терең сезініп өз шығармашылығында арқау ете білген өнер тұлғасы болды. Оның шығармашылығының бағыты әр салалы: біріншісі - әншілігі. Көп салалы халық әндерін, халық композиторларының әндерін әсем де әсерлі, ойнақы етіп тыңдаушысын қанағаттандыра білсе, әнді жай орындамай домбыраның қоңыр даусымен сүйемелдей білу әншінің дарындық қыры менсыры еді. Үшінші саласы ақындық өнерінің өзі, оны өз заманының шыншыл суырып салма, жағымсыз емес, өмір сүйгіш, махаббат, аңшылық, саятшылдық және мансапшы ел билеуші, арамза молдаларды,үстем тап өкілдерінің озбырлығын сынауы, әшкерелеуі. Ал өмірдің шындығын ақындық тілмен емес терең тебіреністі сүйіспеншілік лирикалық әндермен орындауы төртінші сала болса, ақынның композиторлығы - алғашқы өнерлерінен кейін қалмайтын бесінші сала. Ақын ән мәдениетіне көптеген жаңарған, тынысы мол әр салалы тақырыпты, щоқтығы биік әндер қалдырды. Өмірді тудырған немесе сұлулығы мен әндері бір ғасырдан артық кезеңді бастан кешіріп, өміршеңдігін танытып келеді. Оған себеп болған Ақанның бойындағы ананың сүтінен дарыған, әрі халқының өнер, білім мәдениет мектебінен дәріс алған деп түсінетін. Оның қашан да ғашықтық, өмір сүйгіш, ынтазарлық махаббат лирикасымен ерекше нәзік сезім иірімдері, сыршыл сазды, әсем әндері, домбыраның қоңыржай сиқырлы үндері адам даусымен үндесіп, тыңдаушысын сиқырлы үнмен баурап алып кетеді.
"Ақан сері" романы автордың ізденісін, аталмыш тақырыпқа зор дайындықпен келгенін байқатады. Оталық кейіпкер - Ақан серінің серілік қасиетін танытар көптеген мінез қырлары, оның ақындық, шешендігі, талғамды тектілігі, өзіне ғана тән кісілік қасиеттері, аңшылық, саятшылығы, әнші-серілігі, қыз жанын жаулап алар сыпайылылығы, бәрі-бәрі де қамтылып, нанымды ашылып отырады.
Жазушы Ақанды ортасынан бөліп алып даралап көрсетпейді. Оның әлгіндей қасиеттерін әртүрлі талас-тартыстарда, жиын-тойларда, дау-дамайлы мәселерде аңғартып иотырады. Ел іші Ақанды осындай дара бітім-болмысына бола ерекше қастерлейді. Халықтың Ақан серіге деген ықыласы, ерекше махаббаты да шығарма өң бойында жиі бой тастап отырады. Сондай бір сәттеАқан төңірегінен өзінің досы әнші Файзолланың Ғазмзын іздеп жүреді. Жалпы өмірде қарапайым сері ел ішін даурықтырып, міндетін артпайын деген оймен, елеусіз ғана бір ақсақалдан жөн сұраса, ол мұның кім екенін біліп қалып:
"... - Айналайын жаным, күнім! Е, Алла-тағала бар екенсің ғой! О, жасаған ризамын, ризамын бергеніңе. Тура менің үйіме мына жаман қараша үйіме әкелуін қарашы. Айналайын - деп, аттың шылбырына оралып оң жағына бір, сол жағына бір шыққан шалда ес қалмады, - Жо-жоқ, енді ешқайда бармайсың, Файзолла үйі ешқайда қашпайды. Біздің үйге келген қонақ ешқайда баспайды, қазір Әлекең жалғыз тоқтысын сойып тастайды. Сөзінің соңғы жағын қуанышпен әндетіп, Ақанның қолтығынан демептүсіруге айналған шалға сері де тақпата жауып берді. Үй иесінің мақамына салып соның ұйқасымен даусын көтере тұрып: - Отағасы-ау, бейуақытта қонақ жұрт мазалап тосыннанесік ашпайды. Жасағанның ертеңде күні бар, сыбаға ешқайда қашпайды. Ел жатпай тұрып табайық, осында Ғазиз сынды жолдас бар ед жастайғы, сонда барып түнейік, бүгінше мұрсат беріңіз, тамақ емес, тынығу қазір бас қайғы.
Шал сәл ойланып қалды да, тағы өлеңдетті.
- Ақанжан, сен ат басын тірегенде үйіме, әкем тіріліп келгендей қуандым көрдегі, сендей азаматты түсіріп ала алмаса, қайда бұл шалдың қазақшылықтан көргені, тым құрымаса төрімде тізе бүгіп, ишаратпен кетпесең, алдыңда тұрған мына Әлтайдың имансыз боп өлгені! - дегенде Ақан амалсыз түсті аттан." (5, 91 б.)
Ел ақсақалы Әлтайдың аузымен айтылған бұл сөздерде бүкіл халқының серіге деген қалтқысыз ықыласы жатыр. Сері мен ақсақал арасындағы аяқасты туа қалған осы диалогты жазушы шебер пайдаланып, халық қасиетін, жомарттылығын, ақынжандылығын, сөзді ұтымды қолданар тапқырлығын көрсетер жанды суретке айналдырып жіберіп отыр.
Жалпы ел мүддесі, ел тілегі Ақанға жат емес. Халқының ащы зарын, мұң-қайғысын әніне қоса білген Ақан, орайы келген тұстарда оған арашасы да бола алады. Оның патша мұрагері алдында, би-болыс, атқамінерлер алдында сөз сөйлеген Ақан аузына жазушы мынандай терең, мағыналы, кесек түйдектелген сөздерді салады:
"...- Қазақ, қазақ болғалы, жасыл бақты, тау-тасты, өзенді-көлді, құмдауыт шөлді, жалпақ түзді мекендеген еркін өскен ерке халық еді. Аузынан шырқалған ән, тілінен мәнерлі сөз, астынан сәйгүлік ат түспеген сері, жаны жайлау көңілі ояу, сергек халық еді. Құс әншісі бұлбұл мен сандуғаштан ән үйреніп, көл еркесі аққу, қазға даусын қоқан жазира жасыл дала, көк аспандай кең, қара жердей жомарт, бұлақтай таза, таудай асқар, күміс көлдей тұнық халық еді. Сырттан бейсауыт адам келсе, қол қусырып қарсы алар, досының басына күн туса қайғысын бөлісіп, барын беріп байлығын жұмсар кең пейілді, жүрегі таза халық еді... " (5, 268 б.)
Бұл сөздерді Ақандай өнерпаздардың халқына деген шексіз махаббаты, халық мінезін - қасиетім деп ұққан үлкен жүректі сезімі жатыр.
С.Жүнісовтің "Ақан сері" романы Ақан өмір сүрген кезеңін, тарих сабақтарын әр тараптан таразылайды. ел әңгімелеріне ден қояды. Жазушының "Ақан серісінде" тарихылықтан гөрі көркем ойлау үстем болып тұр. Көркем, тарихидеген екі сөз анықтауыш қызтетін атқарғанда да шежіре - тарихилық негізі үшін бір ұғымға қамтылған. Біздің ойымызша, С.Жүнісов тарихи шежіре жазуды емес, жазушылық шығармашылық еркіндікті пайдалануды, бірақ соның өзінде тарихи негізден алшақтап кетпей, белгілі дәрежеде реальды жағдайлардан ауытқымауды көздеген. С.Жүнісовтің бұл шығарманыжазуына, атағы мәшһүр әнші ақындыжазуына себеп, ең алдымен жазушының Ақан сері туралы жас кезінен естіп, білгені, құлағына әбден сіңісті болғаны әсер етсе керек. Автор аттың бабына, сынына, Құлагердің мерт болу жағдаятына ерекше назар аударады. Көкше жеріне, ел-жұрт жағдайын, тамаша табиғатына зор мән береді. Тұтас алғанда, "Ақан сері" романы үлкен дайындық, асқан жауапкершілікпен келген. Роман табиғатының ерекшеліктерімен бірегейлігі де осында.
Роман негізінен әуелеп ұшқан аққу үніндей дауысы бар, қазақтың біртуар ақыны, әнші композитор, сегіз қырлы, бір сырлы серісі- Ақан (Ақжігіт) Қорамсаұлының өмірін арқау еткен. Тарихи -өмір баяндық шығармада халқымыздың әншілік табиғаты, әннің әлеументтік салмағы ашылады. Ақан әнші басынан өткен трагедиялық хал, мұны Біржан сал да басынан өткізген. Демек, Ақанға тиген қамшы -қазақ әнші, композиторларына, қазақ халқына тиген таяқ. Автор соны Ақан айналасына жиналып ән салатын, өнер жастары Ғазиз, Естай бейнелерімен беріп отыр.
Бұрыннан өмірі мен өнері, ақындық сипаты белгілі Ақанның өнерпаздық қасиеті және ұлан ғасыр серілік жәйттері бұл романның ұтымды қырларын көрсетеді.
"Жаны сұлулыққа құштар, өлеңін, өнерін тек қана халқына, еліне арнаған, әділдік, теңдік жолында өмірін қиюға дайын тұратын ақын болмысын тұлғалауда жазушы тартымды, тосын суреттерді шебер қиюластырады. Серінің жүрегіне дерт салған Балқадиша, нәзік жанды, сын мінез, ақылды да зирек Ақтоқтыға байланысты беттер, ақынның серілігін, саятшылық өнерін тамылжыта суреттейтін тұстары, өзінің өнер айдында соңына ерген, рухани шәкірттері Сұлтанмұрат, Аяған, Бәтжандарға қатысты жан тебірентерлік іс-әрекеттер, барлығы жиылып келгенде Ақан бейнесін дарылай түседі". (7,142-143б.), - деп Қ.Әбдезұлы романды сипаттай отырып, жазушы шеберлігін айшықтап көрсете кетеді.
Романда Ақанның тек серілік өмірі ғана суреттелмейді, бұл шығармада халықтың ақын, композитор, әнші ұлының әділетшіл қамқорының іс-әрекеті арқылы XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ даласындағы әлеуметтік жәйттерді, қоғамдағы рулық тартыстар мен таптық қайшылықтарды, патша -отаршылық саясаттық қарым-қатынастармен далаға бірге келген қым-қуыт өзгерістерді қисынды, дәлелді, әсерлі суреттеген. "Жолаушылап келгендей әдейі ат басын тіреп, өз үйінде басынып, жолына кесе-көлденең тұрған мына қожа-моллаларға Ақанның жыны түсіп, арқасы қозды. Сырттай кектеніп, зығыры қайнаған Нұртаза секілді ел билеген шонжарлар жұмсап отырған қолжаулық, надандардың бетін қайтарып алмаққа бекінген сері көзі шоқтай жанып, Шәкейдің қолындағы домбыраны алды. Алды да бір-екі шертіп, қожаларға кекесімен қарады.
- Ақиреттен сөйлеп, шариғат айтатын шамаларыңыз болса қағысуға мен даяр. Дөмше молда ел бұзар, күмше молда ен бұзар, уелі өздеріңіздің кім екендеріңізді, жолдарыңызды біліп алыңыздаршы. Байқаймын, от тығуға емес, соқтығуға келген екенсіздер..." (4,230б.) Шариғат жолын білмей, соқыр молла болып жүрген байлардың қолшоқпарларының сазайын осылай береді.
Ұлы дарын душар болған, қазақ даласындағы өктемдік, феодалдармен шонжарлардың сұмдық әрекеттері романда айқынырақ әшкереленген. Сол тұстағы жалпы ауыл салтына халық ахуалына ата дәстүрлік әдет-ғұрыпқа тән қазақи, анайы мінезге тән сипаттарды, сән-салтанатты даңғаза байлар тұрмысы мен жоқшылықтан зардап шеккен жарлы - жақыбайлардың күйкі тіршіліктері де роман сюжетінен айқын көрініс тапқан. Романның өн бойынан Ақан басындағы ауыр хал кезеңнің күрделі көріністері нанымды сипат алады. Осы жерде Қ.Әбдезұлының мына сөзін мысалға келтіруге болады: "Қызылжар қаласындағы еріксіз мойынға мінген діни оқу міндетін артқа тастап, алтын бесік, сұлу мекен Сырымбетке қайта оралған ақынның алдынан елді тұмшалаған, тұншықтырған әлеуметтік шындық, қоғамдық орта өзінің ьжан ауыртатын бар көрінісінен көлегейлеп шығады. XIX ғасырдың екінші жартысындағы дала өмірі, Сахара тіршілігі жас албырт ақынның көңіліне шабыт, дарынына қуат дартқанымен, осы өмірдің екінші жағы, әділетсіз әлеуметтік орта, қатыгез қоғамдық жүйе енді Ақан сері тағдырына сергелдең әкеледі. Жаны қалаған өлеңді айтып... Жарқылдап топты жарған Ақан сері өмірінің күнгейінен, көлеңкесі көп тағдыр белестері роман ішінде шынайы көрініс береді." (7,141б.) Романда ел суреттері, дала дидары, қарапайым адамдардың өмірге өнерге құштарлықтары терең сезіледі. Жазушы еңбегі арқылы жүйелі, нанымды өріс алатын Ақан бейнесі қиын да күрделі бола тұра халыққа жақын, көпке силы. Шығармадағы өмір өрісі, өнер-өнегесі Ақан сері бейнесі төңірегінде жаңа сипатқа ие болады.
Ақан бейнесі - уақыт перзенті ғана емес, халқымыз тарихындағы ақын-әнші, өнерпаздардың жиынтық үлгісі, ұнамды белгілерінің бірі.
Ақан алдымен өмірге, айналасына, табиғатқа ойлы, әсемпаз көзбен жіті қарайтын парасатты ақын сезімтал, ғажап әнші. "- Мына қарашы, Ақтоқты. Мына қос уыс шөпте бір-біріне ұқсамайтын неше түрлі балауса бар. Сырттай қараса түрі көп емес сияқты. Ал зер салып қарашы, осында тоқсан түрлі шөп бар. Мынау бүлдіргеннің жапырағы, мынау раң, мынау қымыздық, атқұлақ, жыланқияқ, мына бірі қоза сияқты... Ағаштың бауырына не бір шөптер араласыр өседі? Мұның маңында сал да, күн де, көлеңке де, ылғал да жетеді. Ал, гүлдердің сан түсті бояудан көйлек киген неше түрі бар емес пе, қарашы... Ақын да арадай бағбан. Ол гүлдің қанатын сындырмайды, аялайды, арадай ұшып жүріп ән салып, гүл жырын, әсемдік жырын жырлайды. Менің гүлім сендерсіңдер- балауса қыздар. Маған әрқайсысыңның бір тал шашың, кірпігің, айдындай ашық көзіңнің жанары, селт еткен қабағың, қиылған қасың, ыстық лебің, лүпілдеген жүрегің, дірілдеген ернің- бәрі де жыр." (4, 76 б.) Автордың суреттеуінше, Ақан- әсем табиғатты, адам қасиетіне тән сұлулыққа дәйім іңкәр әсемпаз, әстет, жаны сүйген аруларды артықтайтын, асыл жар үшін жан қиюға әзір ғашық жан.
Сонымен қатар Ақан ескі салт-сана шырмаған ауылдың қалыптасқан сорақы дәстүрі- қызды теңіне қосуға ерік бермей, сүймеген біреуге қалың малға зорлықпен сатушы өктем, надан қауымға қарсы қыр көрсетуші, өзінше әрекет жасушы, батыл да дархан азамат. Қыздарды саятшылыққа баулып, еркіндікке, азаттыққа шақырып, барынша тәуелсіз болуларына жағдай жасайды. Елдің қарсылығына қарамай ескі салт-дәстүрмен емес жаңаша көзқараспен еркін өмір сүруді армандайды. Надан халықтың көзін ашып, өмір талабына сай тіршілік етуге, жаңаша ойлануға бағыттауға тырысады. Ақан- бұл романда ескі әдеп-ғұрыпты, қанау, зорлық тұтқасын берік ұстаушы өктем, топас топтардың ел алдында өлтіре мінеп әшкерелеуші, зұлматты жақтаушы дін иелерінің бет пердесін жыртып, пасықтығын паш етуші күрескер.
Ақан образын ашуда С.Жүнісов романында үстем орта, ел билеушілер, атқа мінерлер арасында болған қақтығысты терең ашып көрсетеді. Нұртаза, Азнабай, Жанбота, Батыраш сияқты бай-болыстардың қарапайым халықтарға тізесін батырған қиянатшыл адамдардың жиынтық бейнелері көрсетіледі. Профессор Қ.Абдезұлы романдағы Ақан образына былай сипаттама береді:
"Ақан болмысы шиеленіскен өмірі мен басынан өткен қиыншылықтарына қарамай өз биігінде болды. Ақан тірі кезінде аңызға айналған тұлға. Ал, Ақанды аңызға айналдырған оның қиыншылыққа толы өмірінің өнеріндегі таңбасы. Ақан серінің өмірінде кездескен ауыртпашылықтары аз болған жоқ. Бәтима, Ұрқия сынды жарларын өлім айырса, Ақтоқтыдай сүйгенінен тірідей айырылуы, өмірінің қызығы, мәні болған Құлагерінен, құмай тазысы Басаралысыдан, ұшқыр қырандары Көкжендеті мен қараторғайы- бәрінен бірінен соң бірінен айырылуы- бір адамның, "Бір айналдырғанды шыр айналдырады" дегендей қиын тағдыр болды. Бірақ Ақан осындай қиын тағдырын өнерімен жеңе білді. "(2 , 143 б.)
Ақан Қорамсаұлы - халқымыздың ән-өлең дәстүрін өз ортасында, халқы арасында өрістетуші. Әншілік өнерді өзін қосқан дос, серік қыз, жігіттерге үйретуші, ерекше әншілік мектебі бар ұстаз. Ақан сері - ауыл айналасындағы елдерге ән мен, өлеңімен, аңшылық, мергендік өнерімен сауық-сайран құрушы, "дала театрының" жетекшісі. Сері, саятшы, ұлы дарын иесі Ақан жарым-жақыбайдың мүшкілі қалін ойлайтын батагөй, достарына қилы тағдырына араша түсуші, жарлы-жалқы серіктеріне қалың беріп , немесе қалыңсыз да жар құштырған қамқор жан.
Ақан ақын, өнерпаз. Ақынның бұл қасиеті дилогияның әр тарауларынан байқалып тұрады."Ақанның әсем, сазды әндері "Сырымбет", "Үштоты", "Құлагер", "Балқадиша", "Мақпал", қай-қайсысы болса да сұлулықты сүйген, соған табынған жанның, өмірдің әсем құбылыстарынан түйіндеген ойларының көріністері. Оларда әйелге деген өжет мінездің қара күштің ешбір белгісі жоқ, қайта сыйластық, адамгершілік , адамдық мінездері суреттеледі. Әйелді төмен етекті санаған заманда оларды осынша ардақ тұтып, төбесіне көтерген Ақан гуманизмінің сырын да осы әндер айқындайды." (2, 209 б.) Бұл әндер қазақ қыздарының аянышты тағдырларынан сыр шертеді. Мәселен оның "Сырымбет", "Балқадиша", "Құлагер", "Үштоты", "Қараторғай" атты өлеңдерінің жазылу тарихы романда көркем суреттелген. Ақтоқтыдан айырылып, Сырымбет саласында жаралы аңдай қала береді. "Ызыңдаған жел өтінде, Сырымбеттің төбесіндегі жалаңаш таста отырған Ақанның бойы тоңазып, қалтырағандай болды. Ауық-ауық күрсінген сері сонда да ағаш ішіне ықтасынға кірмей, жел ызыңына домбырасын қосты. сүйгеніне қосыла алмай, жалғызсырап, иесіз тауда оңаша отырған әнші саусағы домбыра пернелерін бойлап, төменгі сағақта үздік дірілдеп тұрып қалады. Қоңыр бұралған қос ішек те, ақын қайғысын бөліскендей мұңды үнмен егіліп, баяу күрсініп, сыңсығандай болды..." (4,164б.) Міне, осылай "Сырымбет" әні өмірге келді. Әрбір тыңдаған адамның жүрегінен орын алатын ән тарихы екі ғашықтың жүрегінен жаралған еді. Дегенмен, романдағы Ақан қанауға, қысымшылыққа, озбырлыққа құрылған қоғамда өзінің мақсат-мұраты, махаббаты үшін қаншама қасарысып, қымыл әрекет еткенімен, Ақтоқтыға ара түсе алмады. Ақынның ару қызға деген махаббаты сәтсіздікке ұшырап, қара басы қиын-қыстау жағдайда қалады.
Асыл жарынан айырылған қалың қайғыдан қан жұтып, жан азабын тартады, күңірене түсіп, қатты күйзеледі. С.Жүнісов сол сәттегі қайғылы, зарлы ақынның кейіп-кескінін: "Бұлар қасына кеп, ымырттай түнеріп үнсіз жайғасқанда да, Ақан селт еткен жоқ. Мойнына жағын сүйеп, құшақтаған домбырасын алдына алып, әлгі әнін баяу тарта береді." (4, 150 б.) - деп сипаттайды.
Әрине, мазасыз махаббат болған жерде мұң бар, сағыныш, қайғы-қасірет те болады. Бірақ бұл сезімдер ақын жүрегіне жара сап, рухани, моральдық жағынан күйзелткенімен, біржолата күйзелтіп тастамайды. Қайта соның әсерінен туған ән ақынға көтеріңкі рух беріп, ертеңгі жарқын болашаққа құлшынтады. Сондықтан ақын жанды қаһарман өмірден, жарық дүниенің қызығынан күдер үзбей, болашаққа бет түзейді, Ұрқияға үйленеді, Тастан байдың талақ еткен тоқалы - Қадишаның тағдырына араша түседі, ел ісіне араласады.
Сол себепті романдағы Ақан портреті: оның көзімен көріп, құлағы естіген, кейде өзі тікелей араласқан, қоғамдық, өмірлік жағдайдйң тікелей нәтижесі болып табылады.
Қалың малдың құрбаны болып, надан адамдардың құрсауына түсіп, қанаты қайырылған балапанға ұқсайтын қыз тағдыры қиын-ақ қой. Осы қыл арқанның бір ұшы буынына түскен қаншама сұлулар бар. Сол сормаңдай арулардың шерлі тағдыры Ақанды бейжай қалдырған емес. Сондай қыл шылбыр нәзік мойнына түскен Балқадиша сұлудың қайғысына қапа болған серінің көмейіне "Балқадиша" әні сайрап келе қалды. Бұл ән талай нәзік жандылардың жүректерін қанжылатты.
Осы тұстағы тағы да жазушы суреткерлігіне, ән табиғатын түсіне білетін аңғарымпаздығына еріксіз тәнті боласыз.
"... Қас қарайып барады. Желсіз мақпал түн Көкше жерін баяу бүркеп келеді. Қос ішекті баяу шертіп уілдеген сері әлден уақытта барып, мақпал түндегі жұмсақ, қоңыр үнмен құстай қалқыған жаңа, жібек әнді толқыта салды:
Ба-ра-ды, Қараторғай қанат қағып,
Астына қанатының маржан тағып, - деп жолды ұзақ, қалқыта созды да, ендігі жол бөгеліп барып, қайта жалғады.
Бірге өскен кішкентайдан қарағым-ай,
Айырылдым қапияда сенен нағып?!
Қараторғай,
ұштың зорға-ай,
Бишара-ай шырылдайсын, жерге қонбай!
Кешқұрым майда самал тербеген Қоскөлдің толқынындай жұмсақ әрі тұңғиық "Қараторғай" әні қырандай қалықтап, Көкше даласынан асып, бүкіл қазақ жеріне қанат қағып бара жатқандай әр буынын соза тебірене салғанда қанаты талмайтын жеңіл, сырлы ән тұла бойды шым-шымдап шымырлап қорғасындай балқытады." (5, 360 б.)
Атақты "Қараторғай" әнінің шығуын серінің көңіл толқынысын жазушы осылай тебірене суреттейді. Бұл суретте шерлі көңіл, мұңы да, қорғасындай балқытар саз әуені де, көкірек сырын дөп басқан талғампаз сыршылдық та бәрі-бәрі астасып жатқандай.
Ақанның "Үштоты" әнінде сұлулармен жай тілдесіп, олардың бас қайғыларына ортақтасады. Байлардың үш қызына арналған бұл ән, қыздар сұлулығын дәріптейді.
Сұлуға деген ақын көңілі мөлдір. Оған салса махаббатқа ешбір кедергі, тежеу болуға тиіс емес. Ақан туындылары жастардың махаббат еркіндігін ту етіп аспанға көтеретін асқақ арманның ойы мен күні. бас бостандығы жоқ қазақ қыздарының көз жасына суарылған мұңы мен мүддесінің қайнары. Бірін-бірі сүйген екі жастың дегендеріне жеткен шақтарын табиғи жырлайды.
Ақан сері өмірінің қайғылы, шиеленісті тағдыры - Құлагерге байланысты. "Құлагер" әні - Ақан шығармашылығының шыңы.
Ақанның алты алашқа тағының жайылуы, біріншіден өнекрі болса, екіншіден осы Құлагердің ат шабыстарында бәйгенің алдын бермеуі еді. Сағынай байдың бәйгеге қосқан Құлагер аты шамалаған уақытта межелі жерге келмегенде автор оны: "...Ақанның арқасынан мұздай тер шып-шып шықты. Кең жазық маңдайында бөрткен тер маржандай мөлдіреп, тынысы тарылып, кешкі таза ауа жетпей барады...Сары аттың үстіндегі Ақан көзі қарауытып, теңселіп кетті. Түк көрмей, түк естімей, көзінің алды бұлдырап, тұнып барады." (4, 343 б.) - деп сипаттама береді.
"Баспа - бас қызға бермес жануарым" деуінің өзі Ақан үшін Құлагердің қаншалықты қымбат екендігін білдіреді. Ақан құлагерді:
Ор болып қалушы еді шұапқан жерің,
Шаттанып тұрушы еді қосқан елің.
Атығай - Қарауылға олжа салған,
Бота тірсек, қыл сағақ, сондан керім,-
деп тұлпарын тамаша суреттейді. Тұлпары Құлагердің мерт болуы ақын жанына қатты батады.
Кейбір шығармаларда ақын туралы жазылса да оның шындық, творчествалық толғанысы суреттелмей көбінесе ол білгір, шешен ретінде көрінеді. С.Жүнісов романында Ақанды табиғатпен, хайуанатпен ұшыратса да, ақынша толғандырады, ақынша сөйлетеді. Ақанның қилы-қилы адамдармен, ғашықтарымен, достарымен, Құлагерімен тілдескен сөздерінен ақындық, шешендік, тапқырлықты танимыз. Ақанның серілік даңқын әні мен саятшылығы ғана емес, ғашықтық сырлары да шығарған. Автор ақынның ғашықтық жайттерін ізгі сезімдерге бөлей суреттеп оқырмандарға Ақанның да досы, оның ғашық болған қыздары шын, пәк махаббатты ардақтайтын асыл жзандар бейнесін де шебер әрі нанымды сипаттаған. Автордың суреттеуінде Ақанның бір кездеҚадишаға көз тастауы, одан кейін Қадишаның қайын сіңлісі Ақтоқтыға егіле ғашық болуы, кейін Ұрқияны алып қашып, адал жар етуі - бәрі шын, дәлелді таза сезім, түсініскен құштар жүректерден туған махаббат екені реалистік сипатпен берілген. Асылы, Ақанның ғашықтық ғаламаттары жастық пен достық сырлары өмірден өрбіген шынайы, мөлдір сезімнен туған. Ғашықтық хикаяларынан туындаған керемет ән әуендері қалың, дүйім халықтың ойынан шығады, жан-жүректі, көңілді тербейді. Терең тамырлы достықтан, шынайы сүйіспеншіліктен туған ән-әуендер - өмірді жырлайды, адам мен оның махаббатын ардақтайды, нәзік сезім мен тұңғиық сырды әспеттейді. Ақан сезімі, сыры - көңілдің нұры, сезімнің сыры арқылы қалың көпшіліктің дәл жүрегінен кедергісіз орын алды. Ақын басындағы тағдыр - талайы, ғашықтық мұң шері - ұлт тарихындағы, өнер өлкесіндегі жекеленген өнерпаздар басындағы ауыр хал еді.
Демек, жазушы С.Жүнісов Ақан сері бейнесі арқылы сол кездегі қоғам, кезең көріністерін ғана емес, тарихымен тағдыр-талайы мол - өнерпаздар, өнер адамдарының өмірінде терең сезім, сыршыл, сипаттар мен бедерлі өрнектелген.
"Ақан сері" романындағы негізгі жүйелер, қым-қуыт шиеленістер, оқиғалар, бастарына еркіндік іздеген, ақындай абзал, ардагер жар іздеген осынау қыздар, қалыңдықтар төңірегінде ширатылған желідей болып тартылған. Сүймеген адамға, малға сатылған, асыл да сұлу әнші әрі ақылды Ақтоқтыға ғашық Ақан оны алып қашады. Бірақ зорлық күштер қызды Ақаннан тартып әкетеді. Сүйген қосағы, жары Ұрқия баладан қайтыс болады. Досы әрі әнші Сұлтанмұрат жар етіп алған Қадишаны Науан хазірет секілді қанбүріккен діншілер қорлықпен өлтіреді. Осының бәрі үшін арпалысқан, сері Ақан, қатты қайғырады. Ақын кеудесін ыза кернейді. Әділетті еркін серілікті, халқына дархандылықты аңсаған Ақан серіге зоршылық таптар қара ниет байлар, шонжарлар, би болыстар қарсы өшпенділік отын тұтатады. Серінің қыр соңынан түседі. Жазықсыз әкесі Қорамсаның малын тартып алады. Бұл топтағы сорақы бейнелер - Тастан, Бақтыбай, Нұртаза, Сүлеймен, Науан, тағы басқалар. С.Жүнісов осы залым, сұрқыя пенделердің ұсқындарын, бет-пішіндерін іс-әрекеттері арқылы тамаша бейнелеген.
Ақан жарынан аайырылып, жаны жүдеген серінің ендігі жансерігі қанаты - Құлагер. Құлагердің тұлпарға біткен, адамнан зерек сергек мінезін, асқан жүйріктігін әсерлі сипаттайды.
Бастысы, әрине Ақан ман оның айналасы, Құлагер төңірегіндегі данқ пен дақпырт, ел суреттері мен адамдар қарым-қатынасы болып табылады. Бұл жайттар жазушы еңбегінен алуан ізденіс, дерек көздері, көркемдік құпиялар енгізінде бедерлі де нанымдыөріс алады.
Ақан, Ақтоқты, Ұрқия, Құлагер - бұл романдағы абзал бейнелер. Ақан үшін Құлагер сірә, ең сүйкімді, асыл да қадірлісі. Романдағы Ақан, Құлагер тұлғасын - өмірден алынған, халық тариқын, халықтың тұрмысын кеңінен көрсетеді. Автор осы бейнелер арқылы кезең, уақыт сырларын ашады, өмір мұратын, халық орнын, өнерпаздық сипатынада зор маңыз береді.
Ақан сері көптеген әндері көңілі кеткен, ықыласы құлаған ақмаңдай қыздарға байланысты туған. Тарихи өмір баяндық шығармада сол көркемөнер туындыларының тарихын тарату - Ақан өмірінің драмалы сәттерін ашуға жатады. Осыдан келіп романда Ақтоқты, Ұрқия, Балқадиша, салуа секілді қыздардың образы жасалады. Көркем образға келудің жолы әр қилы . Нақты тарихи факт болмағанымен, ол әндердің әрқайсысының кімге арналып, , қалай туғанын зерттеген ғалымдарымыз бар. салыстыра қарағанда, С.Жүнісовтің романыңда өмірлік деректің ізімен бұлжытпай жүріп отрудан гөрі, шығарманың драмалық қуатын арттыра түсу үшін бір қыздың басындағы оқиғаны екіншісіне көшіріп, өзінше жазушылық концепция ұстанғанын аңғарамыз. Тарихи шығармалар тәжірибесіне жүгінгенде, М.Әуезовтың Абай - Еркежан линиясынан бас тарқанын, С.Мұқантың бірыңғай пландағы ақылды екі әйел бір романда ауырлық етеді деп Айғанымды ерте көз жұмдыратынын білеміз. Сол секілді Сәкен де Ақан ән арнағанқыздардың бейнесін көркемдік жинақтауға түсірген. Ақан бастан кешкен трагедия - Ақтоқты мен Ұрқияға байланысты. Ел арасында Ақан сері мен Ақтоқты оқиғасына байланысты айтылып келген әңгімелер көп. Ақан өмірінде қанша әйел кездескенімен де дәл Ақтоқты оқиғасындай шиеленісті, шытырман болмаған секілді. Бұл Ақанның Ақтоқтыға деген махаббатының биіктігін, беріктігін танытады.
Ең негізгісі, жазушы еңбегінен кезең-уақыттың тынысы, Ақан, Біржандар арқылы өнерпаздар мұраты мен тағдыр-талайы терең танылады. Өнер адамының өмірі, "ер қанаты - ат" сипаты, ғашықтық хикаяларымен дәуір дидары, қоғамдық құбылыстар негізінде көркем де кестелі, шынайы сипаттарға ие болады.
Романның қай тұсын алсақта, ол табиғат көрінісі болсын, мейлі кейіпкердің түр сипаты, мінезі, қақтығыс сөздері немесе саятшылық, ғашықтық сырлары бәрі-баршасы шебер суретші қолымен нақышталғаны сезіледі. С.Жүнісов өткен заман сырларын ғана емес, ескі ауылдың тұрмыс күйлерін, мүлік, бұйым пішіндерін, этнографиялық өзгешеліктерін, сол өңірдің жер-су, өсімдіктер атауларын, тіпті рулардың мінез-құлықтарына дейін әбден түп-түбіне жеткізіп тәптіштеп, тартымды жеткізе білген. Автордың мұндай келкі, аталы туынды жасау үшін Ақан туып-өскен, серілік құрып, сайран салған ел мен жерді, әлеуметтік ортаны, Ақан өмірін көп жылдар бойы шынайы іздегенінен білеміз. Талмай ізденгенінің арқасында осындай қазақ әдебиетінің ортасынан ойып орын аатын шығармаға қол жеткізді емес пе? Академик-жазушы З.Қабдолов С.Жүнісовтың төрт томдық шығармалар жинағының алғы сөзінде: "Алдымен Сәкен Жүнісов - туған жерге тамырын терең жіберген дала жыршысы. Дала болғанда, ғажайып Сарыарқаның - ғаламат сұлу Көкшетау даласының жыршысы ", - дей келе, "Сәкенге тән тағы бір ерекше сипат - батылдық. Мәселен, "Ақан сері" дилогиясы, М.Әуезовтің атақты "Абай жолынан" кейін ақын туралы тағы бір эпопея жазам деу шынында да ессіз ерлік емес пе? Сәкен бұл ерлікке барды және мұнысы сәтті шықты."(6, 6 б.) - деп баға беруі де автор үшін үлкен жеңіс, еңбегінің жемісі.
Ал романның тіліне келер болсақ, "Ақан сері" дилогиясының тілі жатық, жарасымды тіл. С.Жүнісов адамдар мен табиғат құбылысын, жан-жануарлар сырларын дәл әрі нақты бейнелей білген. Қазақ халқының тіл байлығын жетік меңгеріп, сұлү сөздерін меруерттей тізе білген. Халықтың маржан сөздерін әсем де көркем қиюластыра, шебер сөйлете алған. Жазушының көркем тіліне, кейіпкер толғанысын, ішкі сезім күйін берудегі әдіс-тәсілдерді шебер қолдана білетіндігіне көп мысал келтіруге болар еді. Бірінші кітаптағы елдің мазасын алған дала көкжалы Біршектің жырқыштықтығы бейнеленуі, қасқыр психологиясын дәл бере білуі сөз жоқ, С.Жүнісовтің қаламгерлік сипатын аша түсетін сәтті көріністер, сөзге жан бітіру, көркемдік бояуларды ұтымды пайдалану дегеніміз осы. Белгілі әдебит сыншысы Р.Бердібаев өзінің "Қазақ тарихи романы" деген еңбегінде С.Жүнісовтің "Ақан сері дилогиясына зор баға беріп, осы қырлары жөнінде былай дейді:
"С.Жүнісов шығармасының тілі - негізінен жатық, жарасымды тіл. Автор адам мен табиғат құбылыстарын дәл суреттей біледі. Жазушының халықтық тіл байлығының меруертін еркін игеріп, шығармасына еселеп қолдана білетіндігі аңғарылады."(20, 205 б.)
Осы соңғы жылдары тағы бір көрнекті сыншы-ғалымымыз С.Қирабаевтың "Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті" атты зерттеу кітабы жарық көрді. С.Қирабаев бұл аралықтағы шығармалардың ішіндегі ең үздігі ретінде С.Жүнісовтің "Ақан сері" дилогиясын да атап, жан-жақты тоқтала кетеді. "Ақан сері" романы да қазақ әдебиетінің озық туындыларының қатарына кіреді. Мұнда беймезгіл заманда өмір кешкен өнер адамының жан дүниесі жарқын бейнеленген. Ол үлкен өнер иесі есебінде әрқашан халық ішінде көрініп, оның өмір азабын жеңілдетуші, рухани демеушісі боп көрінеді. Сұлулықты сүйе білген Ақанның әндері де, өлең-жыры да, ол кешкен серілік өмір десол сұлулықтың нышаны. Қанша қысым қастандық жасалса дасұлулық, өнер өлмейді. Ақан да кейінгі ұрпаққа өлмейтін өмір қалдырды. Сәкен романы бүкіл рухымен бізге осыны ұғындырады..."(36, 162 б.)
С.Жүнісов "Ақан сері" дилогиясының баяндау жүйесіне тоқталмас бұрын, алдымен Т.Рахымжановтың мына сөзіне тоқтала кетсек: "Сөз жоқ, көркем шығармада автор сөзі, авторлық баяндау - оның құрылымын ұйымдастырушы негізгі тәсіл болып табылады. Демек, көркем шығарманың алтын діңгегі - автор. Әйтсе де, қоғамдық құбылыстар менадам жанының қыртыс-қатпарларынын терең суреттеген эпикалық туындыда барлық оқиғалар тек автордың атымен баяндалмайтыны белгілі. Қаһармандардың ой-өрісі, дүниеге қарасы , мінез-құлқы бір-біріне қарама-қайшы сан алуан тағдырлар тоғысып, өзара қақтығысып, кереғар келіп жатады. Әрине, оның бәрін авторлық жалаң баяндаумен беру мүмкін емес. Сол себепті проза жанрынында кейіпкер сөзі елеулі орын алады."(9,192 б.) Әрине, шығарманың қалай баяндалуы авторға тікелей байланысты. С.Жүнісов романында кейіпкердің сөзін беру барысында әр түрлі амал-тәсілдерді қарастырған. Диалогтар "Ақан сері" романының көркемдік құрылысын аша отырып, жазушының баяндауында әр қырынан көрінген. "Мұнда диалогтардың түрлері көп. Соның ішінде суретті, роман оқиғаларына драмалық өткірлік беретін диалогтардың типтерінде атап өтуге болады."(9, 192 б.) - деп Т.Рахымжанов "Жұлдыз" журналына шыққан "Романның баяудау жүйесі" мақаласында көрсетіп кетеді. Романда диалогтар белгілі оқиғаларды, іс-әрекеттерді кейіпкерлердің өзара әңгімелері арқылы ашылады. Оқиғаны қайталап сұрақ қою барысында, ойдың тоқтап қалып, уақыт кеңістігінде қайта оралуы жиі кездеседі. Мәселен, романда елдің бәріне тісін, тырнағын батырған азулы Біршекті соғып алған саятшылықтан қайтқан Ақан жолай Тастан үйіне түсіп, сол жерде саятшылыққа қайта тоқталып, қасырмен болған қызық әңгімесін қайта баяндайды.
Романдағы ақын диалогынан сол кездегі, сол замандағы сорақы қылықтар ашылады. Көршілес отырған қарауыл мен керей руларының арасындағы тыныс-тіршіліктері, талас- тартыстары Ақан айтқан "Азнабай мен қасқыр" туралы ертегісі арқылы көрініс табады. Азнабай болыс тіл білмес қарқырдың өзін керей еліне қарсы айдақтап жіберуі, автордың рулар арасындағы бітпес алауыздықты, бір-бірін көре алмас күншілдікті әшкерелеуді басты мақсат етті.
Әгімедегі Ақан мен қасқыр арасындағы диалог: "Ал енді сүттен ақ, судан таза бола тұрып, осы жүрісің не? Далада ордалы қасқыр жұбын жазбай бірге жортады. Сен болсаң үнемі жалғыз шабасың малға. Қаншығыңнан басқа серінің де, досың да жоқ. Бөрілермен аразбысың?"
"Дүниедегі ең мықты да, ақылды да адам дейміз. Оның да аласы мен құласы бар",- дейді Біршек. " - Сен мені кінәлама. Мен түгілі , бір Шөбектен тараған Багалы, Мырзалы балаларынын қарашы. Қасқырдан бетер емес пе, бірін-бірі атарға оғы, қабарға аузы жоқ."- деп ағайын арасындағы туындаған алауыздықты әшкерелеумен аяталады.
Романнан алынған мына диалогта:
"- Әй, Ақан, -деп сөзді Мұқанәлі іліп әкетті. - Елде бұзылмаған ештеме қалмады. Қаймағы бұзылмаған жалғыз дін, мұсылманшылық ақ жол еді. Ол да бұзылып барады. Дін десе, дін иелерін көрсең тітіркене түсетін, не жының бар?
- Тоқтат әрмен тантымай! Не айтып келесің, дорба ауыз, -деп Ақан қалшылдап кетті. - Тағы да тістерінің қанын жаға келген екенсіңдер. Не айтып отырсыңдар...
- Ақан шырағым, сап-сап! Ел сөзін естіп, мына тақалған дауды басайық, ел керден кетсе де, діннен безбесін, мұсылман баласы бір-бірімен қырғи қабақ болмасын деп ара ағайын болып келдік, - деп еді Ғабдрахман" (4,26б.) Бұл жерде диалогтар жүйелі дамиды: біріншіден пайымдау, одан кейін барып қарсылық көрсетіледі. Романның баяндау жүйесінде диалогтағы ойдың қозғалысына кейіпкер сөзіне, автор айрықша назар аударады.
Романдағы диалогтардың қысқа болып келуі, ой тұжырымға бай, икемді болып келуі, өмірлік ситуацияға ерекше мән беріп тұр. Кейіпкерлер бірінің сөзін бірі іліп әкету арқылы болған оқиғаны автордың баяндауынсыз Ақан сері романының ауқымы мол, тынысы кең. Автор қазақ халқының салт-дәстүрін, мінез-құлқын, жақсы қасиеттерін айта отырып, ел арасындағы ынтымақтастық пен достықты паш етеді. Осы жерде жұртшылық ой -мүддесімен қаламгердің өмірге деген көзқарасы іштей тоғысып жатады. Осындай жағдайларда автор ойымен кейіпкер сөзінің арасы бір-бірімен шиеленісіп, өріліп кеткенге ұқсайды.
Автордың ақын психологиялық жан дүниесін терең ашуға тырысады. Романдағы Ақан бейнесі арқылы психологиялық мінездеме берудегі ең бастысы - портрет болып саналады. Туындыдағы Ақан портретінен сегіз қырлы, бір сырлы, табиғи таланты өте көп, өнер иесін көре аламыз. Т.Рахымжановтың айтуынша: ""Ақан сері" романындағы автордың объективтік жан дүниесін ашуға, характерін әлеуметтік қақтығыстар, қарама-қайшылықтар арқылы, шыңдап, шынықтыруға көмектеседі. Содан соң роман фабуласының тағы бір ерекшелігі - ондағы оқиғалардың дамуы, шиыршық атып, шиеленісуі басты тұлға - Ақан серінің мінезі арқылы көрініп отырады. Бұл ретте портреттің де атқаратын қызметі мәнді. Портрет әр түрлі персонаждарды өмір тәртібі, мінез-құлқына қарай даралауға, сюжеттік желілердің өзара кірігіп, эпизодтардың біртұтас, тығыз орналасуына елулі әсер етеді." ( , 49 б.)
С.Жүнісов "Ақан сері" романында ұсақ-түйек жайттарға көп мән бермей, Ақанның басынан өткен көп қиыншылықтарды жеті бейнелеген. Ақынның басынан кешірген трагедиялары аз болмаған. Айдай сұлу Ақтоқтыдан айырылып қалуы, сүйіп қосылған жары Ұрқияны жер қойнауына беруі, баласындай әлпештеп қараған Құлагердің мерт болуы бәрі адам төзгісіз қайғы -қасіреттер еді. Автор осы жайттарды ерекше бір шабытпен шебер баяндай білген. Ақан өміріндегі осы қасіреттің ең үлкені - тұлпары Құлагердің мерт болуы.
Арқа өмірінің атақты байы - Сағынайдың асына жиналған әр елдің беделді адамдары еді. Үш жүздің бәрін шақырып, тек қарауыл елінен ешкімді шақырмайды. Бірақ ауыл адамдарының қарсылығына қарамай Ақан шақырылмаған асқа жалғыз барады. Ақаннсың шақырылусыз келуі, ел жуандары Нұрмағамбет пен Батыраштарға ұнамайды. Паң Нұрмағамбетке Ақанның тілінің ащылығы, өз өзін еркін ұстауы, серілігі ұнамаса, Батырашты Құлагердің атақ даңқы ішіне қызғаныш отын ұялатады. Осы тұстағы Батыраш пен Ақан арасындағы тартыс ру мен ру арасындағы бітпес жауластықтың бастамасы сияқты әсер қалдырары анық.
"Ал С.Жүнісовтің "Ақан сері" дилогиясында проза жанрының баяндау жүйесінде ертеден бері еніп, уақыттың талай тезінен өтіп, ерекшеленген "диалог-мінездеме", "диалог-дау" жиі кездеседі. Оның да жөні бар. Өйткені С.жүнісов бұл романына кіріспестен бұрын: "Ажар мен ажал", "Өліара" және тағы басқа пьесалар жазып, диалог құруға әбден төселген қаламгер болатын." (30,194б.) Т.Рахымжановтың бұл тұжырымындағы "диалог-дау" романда көптеп кездеседі.
Ақан Ұрқияны алып қашып кеткенде, Нұртазаның қаны қарайып Қорамсаға және оның жақтастарына айбат көрсетіп, қоқан-лоқы көрсетуі, және де екі елді татуластырудың орнына екі ортаға Көбен бидің "Ақан найсап ел ішіне у сеуіп отыр, ертең бар жасымыз сол умен уланады" (5,214б.) - деп от салуы да диалог-дауға жатады. Тағы да тоқалы Қадиша мен Тастанның арсындағы диалогтарды да жатқызуға болады.
Ақанның әншілік өнерімен қоса, саятшылық, мергендік, атбегілік, құсбегілік қасиеттері көп. Ат баптап, құс ұшырып сатшылық жасау Ақанның ең сүйікті істерінің бірі. Романда С.Жүнісов Ақанның сүйікті тұлпары Құлагерді қалай баптауы, Басаралының Біршекті қалай ұстағаны, Көкжендеттің қыралығы керемет бейнеленген. Жазушы ақынның тұлпары, қыран құсы, құмай тазысы арқылы серінің серілік тұлғасын ашуда романға ерекше көркемдік шешім берген.
С.Жүнісовтің шеберлігі сол, Басаралы мен Біршек арасындағы тартысты тамаша суреттеп, ақынға "Азынабай мен қасқыр" ертегісін айтқыза отырып, халық арасындағы әлеуметтік, таптық мәселелердің де бетін ашып кетеді. Ақан Біршекті тілге тиек ете отырып, Азнабай мен Жанбота сияқты болыстардың Көкшетау жерінен шыққан Біржан салға көрсеткен өктемдіктерін осы ертегі арқылы әжуалап, болыстарды күлкі қылып, байларға тісін батырып алады.
Ақан серінің серісі болса, Көкжендет қыранның қыраны. Көкжендет тырнағынан ұшқан құс та, жүгірген аң да құтылмайтын қырағы. Дилогияның екінші кітабында Ақанның елден жырақтап қалған кездері қыран құсы Көкжендет ақын мен ұлы Ыбан екеуінің асыраушысы болады.
Иесінің көңіл-күйін айттырмай сезетін, ақынның ыңғайына қарай қимылдайтын сәйгүлік Құлагердің қастындықпен өлтірілуі Ақан өміріндегі орын толмас қайғы болды. Батыраштың көре алмаушылығының, ішінің тарлығы Құлагердің түбіне жетті. Ақанды қанатынан айырған Сағынай асына шақырылмай баруы, орыс оязының әйелі Анна Ивановнаның келуі, оның қазақ халқының салт-дәстүрін, кең байтақ даласын, дала халықтарының мәдениетін, Ақан серінің өнерін жоғары бағалауы автордың көркемдік шындықты аса дарындылықпен шебер суреттеуі көрініп тұр. құлагердің қастандықпен өлтірілуі қарауыл елінің ғана емес, бүкіл қазақ халқының қанатын қайырып кетті. Құлагерінен айырған Ақанды болыс-байлар жайына қалдыра қоймады. Қыр соңынан қалмай, Басаралының, Көкжендеттің түбіне жетіп, Ақанның бар құндылықтарынан айырады. Ақын осындай қайғы-қасіреттерді көтере алмай өмірден баз кешіп кетеді. Оның елден, туған-туыстан жырақтап кетуі, ешкімнің ақын жан дүниесін, ішкі сезімін түсіне алмауында болды. Өмір ден баз кешкен ақын жүрегі қан жылады.
Сонымен, С.Жүнісов "Ақан сері" романымен сол Ақан өмір сүрген заманның шындығын көтере білді. Ақанның қайғы-қасіретке толы өмірімен айналасындағы жанашырлары, өнер сүйер халық арасымен елді аяусыз қанайтын бай-болыстардың ортасында болған әлеуметтік тартысты суреттей отырып, сол заманның ащы шындығын көтерген. Тарихи шындықты көркемдік шындықпен ұштастыра келе ел тағдырын, өнерге деген қазақ халқының сүйіспеншілігімен қоса, надандардың Ақанға деген жауыздықтарын айқын әрі нақты көрсеткен.
Қамшының сабындай келте ғұмырының соңына қарй Ақан сері інісі Әйбергеннен, сүйген жары - Ұрқиядан айырылып, ел билеген жуандардан қағажу көріп, Омбы қаласына келген патша тағының мұрагері - Цесаревичтен де меселі қайтып, үлкен жан күйзелісіне ұшырайды. Ағайын-туыстары Мұхамбет, Рамазандармен іштей суысып, жоқ-жұқана тұрмыстың, жалғыздықтың зарын тартады. Ел үшін зорлык-зомбылық, би-болыстардың парақорлығы, ояз кеңсесінде қызмет істейтін патша чиновниктерінің екі жүзділігі, рухани дағдарыстар Ақан психологиясының бір бөлігі - портреттен де көрініс береді.
"Бұл күні Ақанның түсі келмеді. Ұйықтамағандікі ме, ...екі көзі қан талап, өңі қуарып, қос ішінде шалқасынан түсіп жатып алды. Көзі ілініп ұйықтамайды да, тек дөңбекшіп, анда-санда, күрсінетін сияқты." (5, 369 б.)
С.Жүнісовтің бұл портреттік суреттемедегі шеберлігі - қоғамдық құрылысқа, өзіндік талан-тағдырына, ағайын-туыстың тоңмойын, томырық мінез-құлқына риза болмаған ақынның моральдық, рухани күйзеліс сыртқы кескін-келбетіндегі өзгерістер арқылы бере білуінде. Мұндағы түн баласында ұйқысы шала болғандықтан: "қанталаған көз", қаны қашып "қуарған жүз" сияқты портреттік детальдар, "анда-санда үһілеп", арлы-берлі дөңбекшіген дне өмірден, ел билеушілерінен, бірте-бірте жаттан, жақыннан да түңілген ақынның психологиялық күй құбылыстарын дәлме-дәл береді.
Сол сияқты "Ақан сері" дилогиясында: Ақтоқты, Қадиша, Әйберген, Әлібек батыр, Ғазиз ақын және т.б. екінші, үшінші қатардағы кішігірім кейіпкерлердің портреттері де олардың ішкі жан қозғалыстарына орайластырып сипатталады.
Ғалым Ж.Дадебаев "Өмір шындығы және көркемдік шешім" деген кітабында: "Ақан сері Қорамсаұлының өмірі мен ортасының шындығына қатысты бүгінгі күнге дейін жұртшылық назарынан тыс қалып келген көптеген деректер бар. Солардың ішінде Ақан мен Ақтоқты, Ақан мен науан қазірет, Құлагердің мерт болуы туралы мағлұматтардың мазмұны ерекше назар аударады. С.Жүнісов өз тарихи романының өмірлік негізі ретінде осылай деректерге сүйенген. Сонымен бірге автордың Ақан серінің өмірі хақында айтылмаған халық ауыз әдебиеті үлгілерін түгел қабыл алмағаны да рас. Мысал мына бір деректе. аңыз-әңгіме жүйесінде сақталған хабарларға көңіл бөлейік."(2, 199 б.) аңыз-әңгімелерге сүйенсек, Ақтоқты мен Ақан екеуі қашқан уақытта, Ақан Атқтоқтыны алдына міңгестіріп, Есілден өтіп бара жатқанда қуғыншылар қуып жеткен кезде, Ақан сері Ақтоқтыға қанжар салып өлтіріп өзі өзеннен жүзіп шығып, құтылып кетеді деп айтылады. Бірақ С.Жүнісов романында Ақтоқтыны аман қалдырып, Ақанды кіршіксіз таза қалпында алып қалады. Халық ақынын Ақтоқты ажалдан құтқарып қалады.
С.Жүнісов өз туындысында: Нұртаза болыс, Сүтемген бай,ояз Коновалов, Науан қазырет, және т.б. бірталай ұнамсыз геройлардың портрет галериясын жасаған.
"Ақан сері" романының баяндау жүйесіне тән бір қасиеті: жазушы ұнамсыз кейіпкерлердің өзіндік ерекшелітеріне, мінездеріне, тәртібіне қарай біріктіріп суреттеген. Мәселен, Қараөткел қаласындағы ояз Коноваловтың кеңсесін күзететін қараауылдардың, қазақ жұртынаннедоимке алым-салығын жинайтын полиция, жандармдардың, кең сахара саяхатқа келген патша мұрагері Цесаревичті қаумалап, қастандықтардан қорғайтын офицерлер мен солдаттардың портретінде: темір, болат, мырыш тәрізді металдардың түрлері бүтіннің бөлшегі ретінде сипатталады.
"Қарашы жүз шақты адам - бірнеше пәуеске, тарантасты ояз арбалары, жан-жағында, арқасында шошайған мылтық, күнге жарқылдаған қылыш асынған жандарал, казак әскерлері бар, түс ауа сау етіп Шыңғыс ауылынан келіп түсті. ...Іштерінде омырауларында саусылдаған медалі, значоктарын таққам станица атамандары да бар." (5. 237 б.)
Роман ақынның аянышты тағдыры мен аяқталған, яғни жазушы Ақан образын сомдауда реальды жағдайды - заманның ахуалын ескерген. Тағы аңды жеңе білген Ақан заманға қарсы тұра алмады, ақыры, мылқау баласы Ыбанмен аскеттік сүруге мәжбүр болды. Бұл мәселе академик Серік Қирабаевтың : "Ақан серінің жалғыздығы - бүгінгі күні орыс әдебиеттануында "Челевек в мире отчуждения" яғни өскен ортасынан жеру, қоғамынан түңілу, жатсыну, жалғызсырау формасы болып табылады.", - деген сөзі шешімді түсіндірер ретінде қабылдауға тұрарлық.(18, 166 б.)
Ақынның әнші, домбырашы, ақындық, серілік өнері мен шығармащылығы алдындағы дарын иелері Біржан салдың, Балуан Шолақтың Естайдың, Иманжүсіптің, Құлтуманың, т.б. әнші-композитарлардың әншілік-композиторлық шығармашылығының қалыптасып дамуына, шыңдалуына әсері тиді.
Ақан есімі - мәңгі жастықтың симболы. Лирикалық шығармалары - әдемілік пен махаббаттың асыл өрнектері, поэтик образдың сарқылмас көзі. Ақанның бойын билеп, жүрегінен жарып шыққан әндері мен өлеңдері нағыз сентиментализм.
Ақанның осы күнге дейін жеткен өшпес мұрасы, әндері, қазақ халқының жүрегінен мәңгі орын алары хақ. Бүгінгі ұрпақта, келер ұрпақта ақынның өнерін өлтірмей - ғасырдан ғасырға жалғастырылуы еш күмәнсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |