I Қарсы алу (Сәлемдесу) бөлімі.
Айтыстың бірінші бөліміне «Сәлемдесу-Қош келдіңіз» деген атау беріледі. Бұл бөлімде айтыскерлеp көрермендерге және бір-біріне «Қош келдіңіз», «Сәлем бердік» деген сияқты шумақпен амандасады. Көрермендерге сәлем беруді айтыскерлер кезектесіп те, немесе өзі де жалғыз айта алады. Бастауды әсерлеу, бейнелеу үшін маңызды қонақтарға (облыс бастығы, әкім, уәкілдерге) да бір шумақ арналады. Бұл бөлім қазақ айтысына да тән сипат. Ал Түркияда шайханаларда өткізілетін іс-шараларда жалпы «қарсы алуға» орын берілген. Бұның себебі шайханаларға келушілердің арасында ауызбіршілігінің болуымен түсіндіріледі. Бірақ шайханадан тыс ресми емес айтыскерлер жиналысында қарсы алу әдебін көруге болады.
Ресми ерекшелікте және одан да көп жарыстық қасиеті бар жиналыстарда немесе ерекше еске алу кештерінде болса айтыскерлер, іс-шаралар өтетін бағдарламаға бағынуы тиіс.
II Еске түсіру.
Ақындар бұл бөлімде өздеріне дейінгі өмір сүрген халық ішіндегі сүйікті ақындардың бейнесін суреттей отыра кезектесіп айтысады.
Өткенді құрмет тұту, аруақты ақындар мен батырларды еске түсіру, қасиетті жандарға пір тұта сөйлеп, арқаланып шабыт шақыру – қазақ айтыскерлік дәстүрінде де бар. Мысалы:
Мэлс:
Тағдыры айналатын тәтті арманға,
Ақынға шабыт келер шаттанғанда.
Сиындым Бекет ата аруағына,
Мәңгілік арқау болған дастандарға. [35, 259- б.].
Серікзат:
Ағайын, баста десең ал бастадым,
Мәресін танытайын марғасқаның.
Армысың, қалың елім, қандастарым,
Аман ба, жекжат-жұрат, мал-бастарың...
Шалкиіз, Бұқарлардың ізіменен,
Толғансам топты жарар қалмас па әнім?
Солардың сарқытындай сөз сомдасам,
Жүректен ақтарылар бар дастаным. [35, 119- б.].
«Еске алу» бөлімінде шебер айтыскерлер ескі айтыскерлердің шығармалары орнына өздеріне байланысты және ескі кезеңдерді түсіндірген шығармаларды да орындай алады.
III Дидарласу
Бұл екі ақынның жекпе-жекке шығып, бір-біріне сұхбаттасып, сөз найзасын сілтейтін айтыстың ең қызықты бөлімі. Ақын кездесуінің ең ұзаққа созылатын және ең көп өнер мен шеберлікті қажет ететін негізгі бөлімі. Төрттіктердің бөлісіп кезекпе кезек қарсылықты түрлі тақырыптарда өзара жырласады және түрлі құбылған қитұрқы ұйқас жоспарларына сәйкес өлең өрімін келтіріп, психологиялық тұрғыдан қақтығысып, бірін-бірі шенейді [30, 50 б.].
Бұл халық арасында көп тараған және шеберлікті, өткір әрі алғыр болуды талап ететін айтыс бөлімі. Халықтың қалауы бойынша немесе ақындардың өз арасындағы бәсекеге байланысты бір тақырып аясында әңгіме, дидарласу түрде өтеді. Екі ақын берілген ұйқаста, әріптес ақынның жырлаған тақырыбына байланысты айтысты бастайды.
Бұл жарыста ақындар бірнеше шумақпен бір-бірлерін таныстырады. Одан кейін тақырыпқа байланысты айтысады, өздерін асыра мақтайды. Бір ақынның екінші ақыннан жоғары болғанын шеберлікпен көрсетуге тырысады. Жарыстың кульминация кезінде бір-бірін кемсітетін, жақтырмағанын көрсететін шумақтарды айтады. Бұл кезең көрермендердің әуестікпен тамашалайтын кезеңі болып табылады. Айтысты жалғастыра ақындар бір-бірінен кешірім сұрап, қарсыласының жақсы, күшті жақтарын мойындап сөз сайысын бітіреді.
Әрине, қазақта арнайы ұйқас ұсыну шарты жоқ, бірақ айтыстың шырқау шегі, қызған бөлімі ретінде осы кезең дәстүрде бар.
Достарыңызбен бөлісу: |