Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің негізгі мақсаты – қазіргі антропоцентристік бағыттың ғылыми теориялық қағидаларына сәйкес Сәкен Жүнісовті тілдік тұлға ретінде танытатын ұлттық құндылықтарды оның көркем туындыларында сөз қолдану даралығын анықтау арқылы көрсету. Сондай-ақ жазушы көркемдік әлемін бейнелеуші көркем мәтін тілін, прозалық шығармаларындағы кейіпкерлер дүниетанымын, жазушының тілдік қолданысын этностың ұлттық танымымен байланысты концептілік құрылым ретінде тұжырымдау. Аталған мақсатты орындауда алға қойылатын міндеттер:
жазушы прозасындағы ұлттық танымдық лингвомәдени көрсеткіштердің мәнін ашу;
С.Жүнісов тіліндегі символдар жүйесін нақты тілдік деректермен дәйектеу;
автор қолданысындағы метафоралар бейнелілігін айқындау.
Зерттеу нысаны. Сәкен Жүнісов көркемдік әлемінің танымдық деңгейі.
Зерттеудің дереккөздері ретінде Сәкен Жүнісовтің әр жылдары жарық көрген мынадай шығармалар жинақтары – «Өшпейтін іздер» (1968), «Жапандағы жалғыз үй» (1990), «Заманай мен Аманай» (1990), «Ақан сері» (1981), «Өткен күндер белгісі» (1981) пайдаланылды. Сонымен бірге С.Жүнісов шығармашылығы зерттелген ғылыми әдебиеттерден қажетті деректер алынды.
Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздерін тіл біліміндегі когнитивтік лингвистика негізін қалаған В.Гумбольдт, Г.В.Колшанский, Ю.Д.Апресян, Н.Д.Арутюнова, Ю.Н.Караулов, В.А.Маслова сияқты ғалымдар мен қазақ тіл білімінде осы саладағы Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Е.Жанпейісов, М.Серғалиев, Ж.Манкеева, Қ.Жаманбаева, А.Ислам, т.б. ғалымдардың еңбектері құрайды. Сонымен бірге когнитивтік лингвистика, этнолингвистика, лингвомәдениеттану және жекелеген ақын-жазушылар шығармалары тілі бойынша жазылған прагмалингвистика бағытындағы зерттеу жұмыстарының ғылыми тұжырымдары басшылыққа алынды.
Зерттеудің әдістері мен тәсілдері. Зерттеу барысында салыстыру, жинақтау, тілдік стилистикалық және концептуалды, лексика-семантикалық, контекстік талдау әдістері қолданылды.
Достарыңызбен бөлісу: |