Дипломдық ЖҰмыс 5В011700-«Филология:қазақ тілі мен әдебиеті»


Диплом жұмысының құрылымы



бет6/7
Дата28.11.2022
өлшемі47.46 Kb.
#465933
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7
Диплом

Диплом жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, негізгі екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттерден тұрады.

II тарау Ш.Х.Сарыбаевтың қазақ тілін оқыту әдістемесі бойынша ғылыми еңбектері

    1. Ш.Х.Сарыбаевтың қазақ мектебінде қазақ тілін оқыту әдістемесі бойынша ғылыми еңбектері

Ш.Х: Сарыбаев 1893 жылы, наурыз айының 11-күні Батыс Қазақстан облысының Орда ауданына қарасты Қарашағыл деген мекенде дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласады. 1913 жылы Шамғали Орынборда мұғалімдер даярлайтын Хұсайния татар мектебіне оқуға қабылданады. Сонда өздігінен орыс тілін үйреніп, татар әдебиетін біліп шығады. Мектепті 1916 жылы бітіріп, Қазалы қаласына келіп бала оқытумен айналысады. Орынбордағы Хұсаиния медресесінде білім алады. Қазалы қаласында бала оқытады. Шымкентте уездік халық ағарту мекемесіне басшылық жасайды. Ташкенттегі Қазақ ағарту институтында сабақ береді. Алматыда Қазақ педагогикалық техникумын ұйымдастырады. Өмірінің кейінгі кезеңдерінде Алматыдағы Қазақ журналистика институтында, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында, Қазақ мемлекеттік университетінде қызмет етеді. Ол жыр дүлдүлі Жамбыл туралы алғаш мақала жазған адам ретінде де белгілі. Өткен ғасырдың 20-40 жылдары оқу-ағарту саласында күрделі кезең болды. Жазу таңбасы өзгерістерді бас­тан кешті. Ахмет Байтұрсынұлының әліппесімен сауат ашқан жұрт шамалы уақыттан соң латын қаріпін, сәлден кейін кирилл жазуын меңгерулеріне тура келді. Осындай жағдайда оқулықтар да қайта жазылып жатты. Халыққа пайдалы осы жұмыстардың басы-қасында Шамғали Харесұлы да жүрді. Тілге қатысты көптеген мақалалар жазды. «Орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту әдістемесі» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Бұл әріптестері атап көрсеткендей, қазақ тілін оқыту әдістемесінен арнайы қорғалған тұңғыш ғылыми жұмыс болатын. Шамғали ағамыз өмір сүрген уақыт ғылымның «балғын» кезеңі еді. Тіл білімінің теориялық мәселелері түп­кілікті шешімін таппаған. Соған қарамастан ғалым басқа да үзеңгілестерімен бірге қазақ тілінің мектептерде дұрыс оқытылуына мән берді. Бұл ретте алғашқы оқулық­тардың, бағдарламалардың, оқу құралдарының өмірге келуіне қомақты үлес қосты.
Шамғали Харесұлы Сарыбаев – ХХ ғасырдың 20 жылдарында А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ тіл білімі корифейлерінің ізін баса келген ғалымдардың бірі.
1918 жылы Шымкентте уездік халық ағарту мекемесіне басшылық жасайды. Кеңес өкіметі орнаған жылдары Ташкенттегі Педагогика институтында қазақ тілі пәнінен оқытушылық қызметте болады. Өз заманының зиялы азаматы ретінде Ш.Х. Сарыбаев өзінің мұғалімдік тәжірибелерінен түйген келелі ойларын сол кездегі «Жаңамектеп», «Еңбекші қазақ », « Еңбек» т.б. сияқты баспасөз беттерінде жариялап отырады. Оның «Сауатсыздықпен күресу жолдары», «Тіл құралды оқытудағы тәжірибелер», «Қазақ мектептеріндегі орыс тілін оқыту жайы» тәрізді мақалалары жарияланады.
Ұстаз-ғалым елді сауаттандыру үшін қазақ тілінің қадірін арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударады.
Шамғали Сарыбаев 1923-34 жылдары Ташкентте Орта Азия коммунистік университетінде ұстаздық қызмет атқарады. Ал 1934 жылы Қазақстанға қайтыр оралып, Алматыдағы сол кездегі Журналистика институтында 1937 жылға дейін дәріс береді. Жоғары оқу орындарында қызмет еткен жылдары оның қаламынан қазақ тілі мен оның оқыту әдістемесінің әртүрлі мәселелеріне байланысты ғылыми мақалалары жазылып, жарияланады. Ғалым кейін 1954 жылға дейін Абай атындағы КазПИ-де қызмет істейді.
Ш. Сарыбаевтың алғашқы еңбектерінің бірі Е.Қожантаев пен Ғ.Табынбаевпен бірігіп жазған «Үлкендер үшін әліппе» 1921 жылы Ташкент қаласында жарыққа шығады. ХХ ғасырдың 20 жылдарындағы сауат ашу науқаны басталған тұста бұл әліппенің қазақ жастарының сауатын ашудағы маңызы ерекше болған. Кейін 1931 жылы Ташкент қаласында қазақтың мақал-мәтелдерін жинап бастыруда үлкен еңбек еткен ақын Ө. Тұрманжановпен бірге «Бірінші басқыш мектепке арналған әліппе кітабы », 1932 жылы Қ.Оспанұлымен бірге «Екпінді күш 1 –класс үшін әліппе кітабы», 1933 жылы А.Әлібайұлы, М.Долайұлымен бірге жазған «Ана тілі /бастауыш политехника мектептерінің 3-4 кластары үшін / » атты оқу құралдары басылады. Ғалымның 1944 жылы қорғаған «Орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту методикасы» атты кандидаттық диссертациясы – қазақ тілін оқыту әдістемесі бойынша алғашқы ғылыми еңбек еді. Әдіскер ғалым кейін қазақ тілі әдістемесінің, жоғары мектептерге арналған бағдарламалардың авторы болды. Шамғали Сарыбаевтың қазақ тілі мен әдістемесі, педагогикаға қатысты 100- ге жуық ғылыми мақаласы, он шақты монографиясы бар. «Түрліше жазылатын бір мәнді сөздер туралы», «Емле жүйелері», «Ы, і-нің жазылуы туралы», «Қосымшалардың өзгеруіндегі қайшылық», «Грамматикалық мағына деген не?», «Табыс жалғауының тасалануы», «Төрт етістік (отыр, тұр, жатыр, жүр)», «Қосылып жазылмайтын сөздер», «Сызықшаның бастауыш пен басқа мүшелер арасында жазылатын орындары», «Қазақ тілі әдістемесінің кейбір мәселелері» атты еңбектері бүгінгі таңда да өзектілігін жоя қоймады. Керісінше, латын негізді жазуға көшу барысында маңызы арта түскен еңбектердің қатарында саналады. Бүгінде Шамғали Сарыбаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған ғылыми
Осылайша мектепке оқулық жазу сияқты жауапты да күрделі істерді істеу қажеттілігі туып тұрған заманда, соның үдесінен шығуды көздеп , ғылымдағы негізгі тырнақ алды туындыларын арнаған ғалым кейін іргелі ғылыми мәселелермен де айналысады.
Қазақстанға келгеннен кейін ғалым қаламынан туған «Түрліше жазылатын бір мәнді сөздер туралы», «Емле жүйелері», «Сызықшаның бастауыш пен басқа мүшелер арасында жазылатын орындары», «Грамматикалық мағына деген не?», «Табыс жалғауының тасалануы», т.б. сияқты тіл білімінің өз кезеңіндегі өзекті мәселелеріне арналған ғылыми мақалалары жарыққа шыға бастайды.
А.Байтұрсынұлының « Тіл танытқышынан » сусындап өскен бұл кездегі ғалымдар түркі тіл білімі үшін ең маңызды саналатын күрделі теориялық мәселелерді көтере алғандығымен де ерекшеленсе керек. Айталық, автор қаламынан шыққан «Грамматикалық мағына деген не? » « Төрт етістік (отыр, тұр, жатыр,жүр)», «Қосылып жазылмайтын сөздер» атты мақалалардың көтерген жүгі жеңіл емес еді.
1920-1930 жылдар мектеп ісі үшін, жалпы ағарту саласы үшін аса ауыр жылдар болғанын атап өту парыз. Бұл заман салған ауыртпалықтармен қатар, жазу таңбасының қайта-қайта өзгеруімен де байланысты болды. Ахмет Байтұрсынұлының реформаланған әліппесімен сауатын ашып қалған қазақ жастарына аз жылдың ішінде латын қаріпін, одан да көп ұзамай Кирилл жазуын меңгеру қажеттілігі туындады. Осы ретте мектепке арнап оқулық , оқу құралдарын жазу, емлені реттеу, оның негізгі принциптерін белгілеу сияқты күрделңі мәселелер ғалымдар алдында тұрған келелі міндеттер болды.
Ш.Х. Сарыбаев та мұндай күрделі мәселелерден шет қала алмады. «Емле жүйелері», «Ы,і-нің жазылуы туралы», «Қосымшалардың өзгеруіндегі қайшылық» т.б сияқты мақалаларын ғылым осы мәселеге арнаған.
Ғалым 1944 жылы «Орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту методикасы» атты тақырыпта кандидаттық дисертация қорғайды. Бұл жұмыс қазақ тілін оқыту әдістемесінен арнайы қорғалған тұңғыш ғылыми жұмыс еді. Кейіннен «Жоғары мектептер программаларын»( Т. Қордабаевпен бірге), «Қазақ тілі методикасының программасын » жазады.
Жоғары оқу орындарында қызмет етіп жүрген жылдарда әдістемелік негіздегі өзінің негізгі туындылары жазады. «Қазақ тілі методикасының кейбір мәселелері» атты еңбегі соның куәсі.
1956 жылы Ш.Сарыбаевтың «Қазақ тілі әдістемесінің кейбір мәселелері» деген кітабы шықты. Бұл еңбектің қазақ тілінің әдістемесін дамытуда өзіндік үлесі болғаны анық.
Қазақ тілінің әдістеме саласына айрықша көп еңбек сіңірген ғалымдардың көрнектісі – Ш.Х. Сарыбаевтың қазақ тілін оқыту мәселесіне қатысты еңбектерін бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады:
1. Қазақ тілін орыс мектебінде оқыту мәселесі.
2. Қазақ тілін қазақ мектебінде оқыту мәселесі.
3. Фонетиканы оқыту мәселесі.
4. Орфография және оның принциптерін оқыту мәселесі.
5. Етістіктің грамматикалық категорияларын оқыту мәселесі.
6. Сөз таптарын оқыту мәселесі.
Қазақ тілін орыс мектебінде оқыту проблемасын Ш. Х. Сарыбаев 1933 ж. бастап, арнайы қарастырып, 1943 ж. «Методика преподавания казахского языка в русской школе» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Жиырмасыншы жылдардан бастап әр түрлі деңгейде сөз болып келе жатқан бұл мәселе сол уақытқа дейін ғылыми тұрғыдан арнайы зерттеу объектісі болған жоқ еді.
Ғалым-тілші орыс мектебінде қазақ тілін оқытудың ғылыми негізін салып қана қоймай, оқытудың практикалық мәніне де назар аударды. Сол себепті өзінің сабақ оқытудағы іс-тәжірибесін бөлісе отырып, 1941 ж. «Орыс мектебінде қазақ тілін оқыту тәжірибесінен» деген еңбегін жазды.
Әдіскер-ғалымның бұл сала бойынша ұсынған құнды пікірлері баршылық:
1. Сөйлеуге үйрету грамматиканы меңгерумен тығыз бірлікте жүргізілуі керек.
2. Автордың пікірінше, тілді оқытуда маңызды орын алатын мәселе – сөз. Сондықтан сөз нақтылы атаулардан басталып, тіркес, сөйлем құрамында алынуы қажет. Сөздің мағынасы түсінікті және есте жақсы сақталатындай болғаны жөн.
3. Оқушыға үйретілетін сөздер дұрыс сұрыпталған соң, басты көңіл бөлетін мәселе – сөздік қор. Тіл үйренушінің сөздік қоры үнемі жетіліп отыруы керек және жаттандылықтан алыс болуы қажет. Сөздік қор құр жаттанды сипат алмауы үшін нақтылы заттармен, өмірдегі құбылыстармен байланысты қолданылуы керек.
4. Тілді меңгерту оқушының есту, көру, сезіну, ойлау қабілеттерімен қатар жүргізілуі керек.
Ғалымның бұл пікірі оның жиған тәжірибесі мен білімінің молдығын дәлелдей келіп, тілді оқыту саласындағы көрегендігін көрсетеді. Қазіргі кезде методика ғылымында маңызды орын алған сөйлесім әрекеті мен оның түрлерінің жиынтығын және комплекстік әдістің ерекшеліктерін тілші сол кезде-ақ танып білген. Бұл – кез келген тілді игеру үшін қолданылып жүрген тиімді амалдардың бірі.
5. Оқытылатын тіл мен ана тілінің байланысын ескеру, олардың сәйкес материалдарын тауып, оларды тілді үйрету үшін жан-жақты пайдалану т.б.
Ш.Х. Сарыбаевтың қазақ тілін орыс мектебінде оқыту мәселесіне арналған пікірлерін арнайы сөз еттік. Ғалым-тілшінің одан басқа да әдістеме ғылымына сіңірген еңбегі көп (Сарыбаев, 1936; Сарыбаев, 1956а; Сарыбаев, 1956б).
Тілші Шамғали Ха­ресұлы Сарыбаев – жиырмасыншы ғасыр басында рухани кеңістігімізде тілдің ғылыми-методологиялық іргесін қалауға, тіл білімінің жан-жақты дамуына ерекше үлес қосқан аса көрнекті педагог-ғалым. Ол – Қазақ Елінің рухани әлемінде тіл мен әдебиеттің, діл мен мәдениеттің өркениетке жетуіне аянбай еңбек еткен тұлғалардың бірі. Шамғали Харесұлы – лингвистика, фольклористика, педагогика, психология салаларына қатысты елеулі еңбектер қалдырған, оқу, білім, ғылым методологиясын анықтап-айқындаған, әдіснама мен әдістеме ілімдерін байланыстыра зерттеп, методиканың өзекті мәселелерін саралап, талдаған, халықты сауаттандыру үшін оқулықтар жазған, ұрпақ білімін өрістету жолында соңына мол мұра қалдырған ғалым. Тіл білімінің көрнекті ­маманы Шамғали Сарыбаев 1893 жылы 3 ­наурызда Батыс Қазақстан облысы Орда ауданында дүниеге келген. Көрнекті тілшінің өмірбаяны Ә.Әбдірахманов пен Е.Ділмұхамедов­тың мақаласында былай баяндалады: «1913 жылы Шамғали Орынбордағы «Хусаиния» атты жәдит медресесіне келіп түседі, онда жүріп орыс тілін үйренеді. Ол татар әдебиетінің ­Абдулла Тоқай, Қаюм Насри сияқты классиктерінің шығармаларын өте көп оқиды, татардың ірі жазушысы Ғалымжан Ибрагимовпен танысады. «...Хусаиния» медресесін бітіріп шыққан соң, Түркістан маңындағы Жаңа Икан қыстағында русско-туземная школаның мұғалімі болып қызмет еткен. Мектеп жабылған соң, Қазалы маңына келіп ауыл мұғалімі болып істейді. Шамғали осы кезде Ғани Мұратбаевпен танысады, содан бастап екеуі айрылмастай дос болады. 1918 жылы Шамғали Ташкентте болған Түркістан Республикасы ағартушыларының 1 съезіне делегат болып қатысады». Шамғали Харесұлы педагогтық, ғылыми-әдіскерлік жолға үлкен ұстаздық мектептен өтіп, дайындықпен келген. Ғалымның педагогикалық мұрасы бастауыш мектеп қандай болу ­керек, мұғалімге қойылатын талап қандай, ­шебер мұғалім бейнесі қалай қалыптасады деген сұрақтар төңірегінде өрби келіп, мектеп қабырғасындағы бала тәрбиелеуді жолға қою, оқу-білім ісін жақсарту, жақсы ұстаз даярлау мен бала оқыту, білімді маман әзірлеу, ізденгіш шәкірт тәрбиелеу сияқты мәселелерді кеңінен қамтиды. Көрнекті тіл маманы Шамғали Сарыбаев лингвистика, методика, педагогика, психология, фольклористика, аударма мәселелерімен айналысқан. Осы тұрғыдан келгенде, тілші білім беру ісінде баланың, оқушының, ересектердің қабілеті мен мінез-құлқын, сұранысы мен талабын, ойлау жүйесі мен өмірлік тәжірибесін ескеріп отыруды, әр адамның психологиясын, жай-жағдайын, көңіл-күйін, сезім-сенімін біліп оқытуды басты ұстанымдар деп есептейді. Тілді меңгеруде оқушылардың психологиялық ерекшелігіне ден қою арқылы адамның ойлау, қабылдау, пайым­дау, талдау қабілетін кеңейтіп, оның ішкі жан дүниесін байытуға болатынына айырықша мән береді. Педагог-ғалым Шамғали Сарыбаев­тың оқу-ағарту ісіне қатысты елеулі мұрасы – сауат ашу жолындағы іргелі еңбектері мен оқулықтары, түзген бағдарламалары мен «Әліппе» құралдары. Тілшінің жазған әліппелері төменгі сынып оқушыларынан бастап ересектерге дейінгі білім сатыларын қамтиды. Олар ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында елді сауаттандырудың қоғамдық-әлеуметтік талаптарына жауап берген, сол кезеңдегі оқу мен білім берудің сапасын арттырған, білім беру жүйесін дұрыс жолға қойған елеулі еңбектер болды.
Осы кезеңдердегі Ш.Х.Сарыбаев­тың педагогикалық көзқарастары мен ұстаздық тәжiрибелерi «Сауатсыз­дықпен күресу жолдары», «Тiл құралды оқытудағы тәжiрибелер», «Мектеп тәжірибелері» атты мақалалары «Жаңа мектеп», «Еңбекшi қазақ», «Еңбек» атты газет-журналдарда жарияланған. Ғалым Шамғали Сарыбаевтың артына қалдырған мол мұрасы тіл білімінің теориялық және әдістемелік мәселелерін қатар игеруге арналған. Ғалымның теориялық тұрғыдан талдап, зерделеген тіл білімінің салалары – фонетика, морфология, грамматика мәселелері. Ш.Сарыбаев «Түрлiше жазылатын бiр мәндi сөздер туралы», «Емле жүйелерi», «Грамматикалық мағына деген не?», «Табыс жалғауының тасалануы», «Төрт етiстiк» атты мақалаларында септік, етістік категорияларының құрамдық көрсеткіштерін, олардың грамматикалық категориялармен байланысын, қимыл етістіктерінің қызметін саралап талдайды. Аталмыш мақалалар лингвистикадағы көкейтесті мәселелерді ғылыми қағидаттар негізінде дәйектегенімен құнды. Тілші фонетиканың объектісі –дыбыстарды сөз еткенде, ең алдымен, олардың жасалу ерекшелігіне, дыбыстау мүшелерінің қызметіне көңіл аудару қажеттігін айтады.
Мәселен, Шамғали Сарыбаев дауыссыз дыбыстарды жасалу орнына қарай ажыратқанда, тіс дыбыстарын тіл-тіс дыбыстары деп атаған дұрыс, сонда оларды меңгеру тез әрі оңай болады деп есептейді. Бұл мәселе жөніндегі пікірін ғалым: «Бұлай деуіміздің себебі: тіс дыбыстарының бірін айтқанда, мысалы т-ны айтқанда, тілдің ұшы мен жоғарғы күрек тіс соқтығады. Сүйтіп, т-ны дыбыстау үшін тіл мен тістің ортақ «еңбегі» бар. Олай болса, тіс дыбыстары деп аталып жүрген дыбыстарды тіл-тіс дыбыстары деп атасақ, ол дыбыстар танымал болар еді, танымалдық аттарынан да білініп тұрар еді. Аттарынан заттары білініп тұрса, ондайларға түсіну оңай болмақ» деп түйіндейді. Дәйекті, қарапайым тілмен баяндалған зерттеу нысанын оқушы да, мұғалім де тез ұғынып, жеңіл игереді. Мұндай пікір-көзқарастар Сарыбаевтың дауысты-дауыссыз дыбыстар, етістік, етіс, шақ категорияларына қатысты еңбектерінде де жалғасын табады.
Ш.Сарыбаевтың пунктуация мәселелеріне арналған еңбектері қазақ ті­лінің сөздік қорын сақтай отырып, емле ережелерін дұрыс қолдануға арналған. Жазу сауаттылығы мен емле жүйесі, олардың басты ұстанымдарын айқындау мәселелерін қарастыратын тілші зерттеулері – жазуда латын әліпбиіне негізделген емлені біріздендіруге бағыт беретін бағалы еңбектер. Осыған байланысты ғалымның қаламынан туған «Емле жүйелерi», «Ы, І-нің жазылуы туралы», «Қосымшалардың өзгеруiндегi қайшылық», «Грамматикалық тақырыптарды оқытқанда, орфографияны қатыстырып отырудың жолдары», «Күнделік керектер», т.б. осы сияқты еңбектері мен мақалалары тіл ғылымының көкейкесті мәселелерін қозғауымен маңызды. Педагог-ғалым Шамғали Сарыбаев­тың артына қалдырған бағалы, мол тілдік рухани мұрасы қазақ тілін оқыту әдістемесі мәселесіне арналған. Тәжірибелі әдіскер методика ғылымын бағдар мен бағдарламаға, оқулық пен оқу құралдарына, тақырып пен тақырыпшаларға, тапсырма мен нәтижеге ажырата келіп, оларды бір – бірімен сабақтастыра қарастырады.
Ұстаз теориялық қағидаларды тәжірибе арқылы тексеріп, сабақ беру үстінде берілген материалдың оқушыға қаншалықты түсінікті екенін бағамдап отырады. Бұл – сабақтың сапасын арттырудың бірден-бір ұтымды тәсілі. Осы ретте Алаш арыстарының бірі, қазақ тіл білімінің ғылыми негізін салушы Құдайберген Жұбановтың: «Білімге айналмаған ғылым – пайдасыз ғылым. Ғылымды білімге айналдыратын – мектеп» деген кемел ойы еріксіз еске түседі. Қызмет етiп жүрген жылдардағы тәжірибесін жинақтап, тілші 1944 жылы «Орыс мектептерiнде қазақ тiлiн оқыту методикасы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Аталмыш диссертация – қазақ тiлiн оқыту әдiстемесi саласына арналған тұңғыш ғылыми еңбек.
Шамғали Сарыбаевтың әдістеме іліміне қатысты зерттеулері екі саланы қамтиды. Бірі – қазақ мектептерінде қазақ тілін оқыту әдістемесі, екіншісі – орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту әдістемесі. Жалпы әдістемелік еңбектер әр түрлі мақсатта, әр түрлі бағытта жазылады. Кейбір зерттеулер жалпы бағыт беру тұрғысынан айтылып, мәселенің ғылыми тетігі айқындалмайды. Енді бірде тақырыпты оқытудың амал-тәсілдері көрсетіліп, алынған тақы­рыптың басқа мәселелермен бай­ланысы берілмей жатады. Кейде ұсынылған тақырып толық қамтылмай, мәселені меңгерудің бірер үлгілері ғана айтылып, қалғаны мұғалімге қалады. Әдістеменің бұл амалдарының қай-қайсысы да қажеттілікке және сұранысқа орай өз орнымен қолданылады. Ғалым Шамғали Харесұлы ең­бек­терінде берілген әдістеме түрі,
- біріншіден, тақырып пен оған байланысты мәселелерді толық және жан-жақты сөз етеді. «...Методика екі түрлі жолмен баяндалады: бірінші жол – грамматикалық тақырып алынады да, методика сол тақырып бойынша жазылады, мұның арқасында оқулықтағы тақырыптың мазмұны бөлшектелмейді, методика тақырыптағы тақырыпшаларды түгел қамтиды» дей келіп, тілші өз кітаптарында осы түрді жүзеге асыратынын айтады. Бұл тілшінің оқыту ісіне жоғары талап қоя отырып, әдістеме ілімінің басты қағидаларын терең игергендігін аңғартады.
- Екіншіден, Ш.Сарыбаев оқытушы тұлғасына, мұғалім шеберлігіне, оның білімі мен білігінің дамуына қажет факторларды анықтап, кемшіліктерді көрсетіп, одан шығудың жолдарын көрсетеді. Мысалы, әдіскер Ш.Сарыбаев мұғалім туралы бірде: «Кейбір мұғалімдер үйреткенін су сияқты, оқушылардың ұғымын ыдыс сияқты көріп, сабақ үйрету үшін айтылған сөздердің бәрі шайқалмастан, төгілместен ыдысқа құйылғандай болады деп түсінеді. Ондай мұғалім сабақ тақырыбын құр сөйлеп, түсіндірумен ғана қанағаттанады. Сабақ тақырыбын меңгеру үшін, құр сөйлеп түсіндіру жеткіліксіз» десе, келесіде оны мынадай деп суреттей келіп: «Адам тұратын үйдің қалай салынатындығын ауызша айтқан адамның бәрі бірдей үй салатын шебер болмайтыны сияқты методикалық ережелерді жаттап алған мұғалімдердің бәрі бірдей пәнін ойдағыдай оқыта алмауы мүмкін. Мұғалімдер тілдік тақырып пен оны оқыту методикасын бірінен-бірін айыра да біліп, сонымен бірге бірімен-бірін байланыстыра да білулері керек» деп түйіндейді. Үшіншіден, Шамғали Харесұлы сабақта тақырып,тақырыпшалар, оларға қажет әдістемелер, тілдік материалдар, пікірлер, көрнекіліктер, ситуациялар, яғни «сабақ барысында болатын моменттердің бәрі бірдей»\Ш.С.\ қамтылып, ескерілуі жақсы методиканың кепілі деп біледі. Шындығында, қазір комплекстік оқытудың тиімді екені өмірде дәлелденіп, ғылыми-практикалық жағынан толық іске асырылғаны аян.
-Төртіншіден, тиімді методиканың басты ұстанымдары – сабақтастық, жүйелілік, сатылай дамытушылық, түрлендірушілік, сәйкестендірушілік, қызықтырушылық деп есептей келе, тілші ғалым: «тақырыпшаларды оңай жерінен бастап, бірте-бірте қыйынына қарай сатылай көрсету дегеніміз - методикалық қағыйда болады» деп, әдістеменің қазіргі уақытта ұтымды саналатын заңдылықтарын сол кездің өзінде дәл таныған.
- Бесіншіден, ғалым жаңадан сан әдісін іске қосып, салыстырмалы әдістің қолданымдық түрлерін өзгертті. Қайталау әдісін түрлендіре отырып, әдіскер: «Қайталану біркелкі болмай, түрліше болу керек. Балалар ұғымының түрлілігіне, мұғалімнің сабақ беру сапасына, тақырыптың оңай-қыйындығына, оқушылардың сабаққа көңіл қоюына қарай сабақ барысындағы қайталау әлденеше рет құбылып отырады» деп түсіндіреді.
-Алтыншыдан, тілшінің әдіскерлік пікірлерінің ішінде ерекше орын алатын – ойды жинақтап, түгел айтуға; қажет ойды түйіндеп айтуға баулитын әдіс-тәсілдер. Ол: «...кез келгенін айттырмай, бір шетінен бастап ретімен саната көрсете айттырамыз. Бұлай еткенде оқушылар ойына алғанын түгел айтуға үйренеді. Түгел айтуының себебі – мұнда әрі реттік, әрі көрнекілік қасиет бар» дейді. Тілші ойдың рет-ретімен, жүйелі жеткізілуіне ерекше мән береді.
-Жетіншіден, тілші-ғалым қолдан­ған тіркестер мен терминдер – тіл білімі тарихында лингвистикалық сөздік қорды тың ұғыммен байытқан, рухани құндылықтарымызды жаң­ғыртқан, қазақтың сөз байлығын кеңейт­кен бірліктер. Мысалы, дыбыстарды айыра таныту жолы, ретімен саната көрсету, үдетпелі жолмен жинақтау, тілсіз схема, жабық схема, бас тақырып, қосалқы тақырып, тақырыпшалық талдау, жыйнақ талдау, шумақ талдау, үлестік талдау, шумақтық үлес талдау, жыйнақтық үлес талдау, т.б. тәрізді сөздердің мағынасы мен мәнін, қолданымы мен қызметін түсініп, сөз байлығымыздың бір арнасы ретінде пайдаланған жөн. Себебі бұл тілдік парадигмалар ұлттың рухани тамыры болып табылатын қазақи төл ұғымдарды білдіреді. Шамғали Сарыбаевтың әдістемелік еңбектерінің өзіндік ерекшелігі – қажет мәселелерді ірі-ұсақ демей, түгел қамтып, жинақтап, талдап беруінде. Барлық проблема бір-бірімен байланыста, ұштаса, сабақтаса оқытылғанда ғана нәтижелі болады. Әдіскер-ғалым өз еңбегі туралы былай дейді: «Бұл айтқанымыз жалпы методикадан қашу емес, қайта әр тақырыпшаға сәйкес жалпы методиканы (дидактиканы) жалпы методикаға айналдыру, атап айтқанда, дидактикалық ережелерді методикалық қалыпқа түсіру болып шығады». Тілшінің осы айтқанын растайтын еңбек ана тілі мұғалімдеріне арнап жазған 1933 жылы баспадан шыққан «Күнделік керектер» атты кітабы. Ф.ғ.к., доцент Майра Шорақызы Сарыбаева мен ф.ғ.д. Құралай Бимолдақызы Кудеринова «Латын жазулы еңбектер: Ш.Х.Сарыбаевтың «Күнделік керектері» атты мақалада бұл кітап туралы: «...бізді қызықтырған «Күнделік керектер» – құнсызданған қазіргі өзекті мәселеге арналады. Тақырыбының өзі қызық: «Тыңдау жолдары», «Баяндамаға қалай даярлану керек», «Қалай баяндамалау керек?», «Тыңдағысы келмеу неліктен?», «Тыңдап отырып, демал», «Өзіңмен өзің болып кетпе», «Еліктіре де, тексерте де сөйле», «Таныстан жатқа, бөлшектен бүтінге», «Қалай сөйлеген сөз қонымсыз болады?» деп, еңбектің мәні мен сипатын ашады. Сонымен қатар ағартушы-педагог Ш.Сарыбаев халықтың рухани байлығы болып табылатын шешендік сөздерді, ұлттық құндылық болып саналатын ақын-жыраулардың шығармаларын сақтау, жинау, дәріптеу үшін де атсалысқан. Ол халық ауыз әдебиетін, оның ішінде, ақын-жыраулардың поэзиясын жинақтап, оны мәдени, көркем құндылықтарымыздың бірі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен. Тілші поэзия алыбы Жамбыл ­Жабаев өлеңдерін жинап, «Жамбыл – теңі жоқ алып ақын» деген баға беріп, газетке жариялаған. ­Газетке алғаш шыққан Жамбыл Жабаев ­туралы мәліметті тілші И.Ұйықбаев «Ана тіліміздің жанашыры» атты мақаласында атап көрсетеді: «Халық поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаев жөнінде түңғыш дерек Ш.Сарыбаевтың «Қазақ әдебиеті және оны жинау жолдары» деген мақаласында айтылады». Осы мәселе жөнінде Шамғали Сарыбаевтың өзі: «...1923 жылы болса керек. Алматыға қарасты Ұзынағаш деген жерде жүздеген үй тігіліп, Жетісу батырақтарының тойы болды. Жетісу обкомының бірінші секретары Бәрібаев Жұбаныш жолдас мені шақырып алып, мыңдаған кедей- батырақ, орта шаруаларға ойын-сауық ұйымдастыруды тапсырды. Облатком председателі Ораз Жандосов арқылы Жетісудағы жергілікті ұйымдардың көмегімен сол тойдағы ақындарды жинап, өлең айтқызып, домбыра тарттырмақшы болдым. Ақындардың арасында жүріп, олардың қандай өлең білетіндерін, қай жылы туғандығын, дауыстарының қалай екендігін және бұлардан басқа да мағлұматтарын ­жинап алдым» деп жазады.
Шамғали Харесұлы – қазақ тілінің тұңғыш әдіскер ғалымы. А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ тіл білімі корифейлерінің ізін баса келген ғалым.
Шамғали Харесұлының ана тіліміз бен туған әдебиетімізге қосқан үлесі жайлы әңгімелегенде оның «ұлтшыл» атанып қудалауға ұшырағанын айтпай кетуге болмайды. 1937 жылдың 28 қазанында «Қазақ әдебиеті» газетінің № 43 санында «Ұлтшыл фашистердің асырандысы» атты мақала жарық көреді. Авторы - Қанапия деген азамат. Онда, ол Алматыдағы Марксизм-Ленинизм институты мен Журналистика институтында Шамғали Харесұлы Сарыбаев қазақ тілінен сабақ беретінін, ол өзі баяғы «Ғалия» медресесін оқып шыққан молда екенін, 1921 жылы Жетісу губерниясында Казинпростың директоры болғанын, оны бұл қызметке тағайындаған Алашорда лидерлері Байтұрсынов, Дулатов екенін, Ш.Сарыбаев Алашорданың сенімді адамының бірі болып есептелетінін тізбелеп жазады. Одан әрі Алашорданың тас-талқаны шыққан кезде Сарыбаев Қазақстаннан қашып кеткені, қайда болғаны белгісіз, «ұлтшыл», «фашист» қазақ халқының қаніпезер дұшпаны Жүргенов Өзбекстаннан Қазақстанға келгенде сол Сарыбаевты «Құрметті қызметкер» етіп өзімен бірге ертіп келіп, өте тәжірибелі мұғалім ретінде оны Қазақстан Журналистика институтына орналастырғанын айтады. Сонан мақала авторы Ш.Сарыбаевтың оқыту әдістерін баяндайды: «...Ол қазақ тілінен бастап сабақ бергеннен-ақ халық жаулары Құлымбетов, Жүргенов, Сейфуллин, Майлиндерді дәріптеп, мадақтай кірісті. Қазақ тілінен жат жазу (диктант - Б.С.) бола қалса Сарыбаевтың жаздыратыны сұмырай Сейфуллиннің, Майлиннің, Жансүгіровтің сөздері болып келеді»,- дейді. Мақала соңында автор: «... Сарыбаев мұғалім ғана емес, ол өзінше әрі ақын, әрі жазушы. Бірақ, оның жазған шығармалары басынан-аяғына дейін контрреволюция екені даусыз... Сарыбаев жөнінде КИЖ студенттері талай рет мәселе көтерген болатын. Бірақ, осы уақытқа дейін тиісті нәтиже шықпай жатыр. Ұлтшыл фашистердің асырандысы Сарыбаев алшаңдап басып, КИМЛ мен КИЖ-де әлі оқытушы болып жүріп жатыр. КИМЛ мен КИЖ-інің студенттері Сарыбаевтың тез аласталуын тиісті орындардан қатты талап етеді», - деп аяқтайды. Міне, бұл - оқыған, көзі ашық зиялы азаматтарды «жаптым-жала, жақтым күйе» амалымен ашықтан-ашық қудалаудың, оны оп-оңай «халық жауына», «саяси қылмыскерге» айналдырудың дәстүрлі жолдарының бірі болатын. Өйткені, мұндағы аталып отырған Уфадағы «Ғалия» медресесінде жас ұстаз Шамғали Харесұлы оқымаған, оның білім алған жері - Орынбор қаласы да, оқыған оқу орны - сондағы мұғалімдер даярлайтын, татарша-орысша білім беретін «Хұсайния» медресесі еді. Аталған мақаладағы аты-жөндері қара күйе жағылып аталған Алаш қайраткерлерінің бәрі де осындай үйреншікті әдіспен, өтірік жаламен жауапқа тартылған. Атылған, қуғын-сүргінге ұшыраған, итжеккенге айдалған. Бір таңғалатыны - Шамғали Харесұлы осындай ізіне шам алып түскен қудалаудан, басына төнген бәле-жаладан, үлкен қауіп-қатерлердің бәрінен аман қалған. Қайта керісінше, одан соң да көп жыл бойы өз Отанына, туған халқына барынша адал қызмет еткен. Оның қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағасын алып, өнегелі ұстаз «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. «Қазақ КСР-інің мектептеріне еңбегі сіңген мұғалім» деген құрметті атаққа ие болған. Еңбегінің зейнетін көрген.

Түйіндей айтқанда, қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның кеңестік кезеңіндегі алғашқы қырық жылдағы табыстары жайлы айтқанда халықтың сауатын ашуда, елімізге жоғары білімді мұғалім мамандар даярлауда ерекше үлес қосқан белсенді ағартушы, шебер ұйымдастырушы, қайраткер-ұстаз Ш.Х.Сарыбаевтың қастерлі есімі ілтипатпен аталады.


Педагог Шамғали Харесұлы Сарыбаевтың зерттеу еңбектері – өзінің рухани тамырын сақтай отырып, әлемдік озық мәдениет пен өркениеттен үлгі ала білетін, ой-санасы алғыр, бәсекелестікке қабілетті ұлт пен ұрпақ қалыптастыру жолында өзекті болып табылатын маңызы зор, пайдасы мол, адам жанын рухани ­байытатын, педагогика ілімінің өрісін кеңейтетін еңбектер. Күрделі дәуірмен бетпе-бет келіп, тоталитарлық жүйенің қыспағына қарамай, ұлттық сананы оң бағытта дамытуға ықпал еткендер көшінде Шамғали Сарыбаев есімі де бар екені даусыз.
Шамғали Сарыбаев – халық ағарту ісінің кең өріс алуына елеулі үлес қосқан ұлағатты ұстаз, шебер әдіскер, ізденімпаз мұғалім, талантты тәрбиеші, парасатты педагог, білімді де білікті ғалым. Ұлт руханияты мен біліміне мол еңбек сіңіріп, танымы терең, тағылымы мықты ұрпақ тәрбиелеуге бар өмірін сарқа жұмсаған, ұлт биігіне көтерілген тұлғаның туған халқымен бірге жасары күмәнсіз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет