Зерттеудің объектісі–Публицист Еркін Қыдырдың шығармашылығы және оның «Егемен Қазақстан», «Астана ақшамы», «Оңтүстік Қазақстан», «Ақиқат» , «Қазақстан» ұлттық телернасы, ютуб және әлеуметтік желілерде жариялаған материалдары болып саналады.
Диплом жұмысының зерттелу деңгейі. Қазақстан тәуелсіздік алғанынан кейін ақпараттық айдыны босап, жаңа газеттер мен телеарналар пайда болып, жаңа кәсіби мамандарға зәру болғаны ақиқат. Еркін Қыдырдың ұлттық университеттің журналистика факультетін бітірген тұсы еліміздің егемендік алғанымен пара пар келген еді. Жас жігіттен ел ағасына айналған Еркін Қыдыр публицистикасы тәуелсіз Қазақстанда үлкен резонанс тудыра білген, материалдары жарияланған соң қоғамда талқыланып, оқырмандар іздеп оқитын үлкен тұлғаға айнала білді. Публицист Еркін Қыдыр шығармашылығының қоғамға пайдалы тұсы өте көп. Ол негізінен ұлт, тіл, саясат, болашақ, қазақтың мүддесі секілді қазаққа жақын тақырыптарды қозғайды. Әрі материалдары оқырманның жүрегіне мірдің оғындай дәл тиеді. Еркін Қыдыр негізінен өзі де зерттеуші, журналист, публицист. Оның мұрасы газет беттерінде, баспасөздің архивтерінде, телевизияның қорларында жатыр. Ол күнделікті газет беттерінде тарих жаза білген кәсіби маман. Сондықтан да Еркін Қыдырдың публицистикасы заманның келбетін ашуға үлкен көмегін тигізеді.
Диплом жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспе беттен, екі тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттерден тұрады.
ЕРКІН ҚЫДЫР. ПУБЛИЦИСТ
ЖУРНАЛИСТ ЕРКІН ҚЫДЫР ҚАЛАМЫНАН ТУҒАН МАҚАЛАЛАРДЫҢ ӨЗЕКТІЛІГІ
Қазақ журналистикасы мен публицистикасында өзіндік орнымен ерекше көзге түсіп, жұлдызы жарқырап жанған журналистердің бірі һәм бірегейі Еркін Қыдыр. Ол 1962 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында дүниеге келген.Журналист боламын деген бала күнгі арманы орындалып, 1984 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Университет бітіре сала, 1985-1990 жылдары Шымкент облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жемісті еңбек етті. Ең алдымен Еркін Қыдырдың еңбек жолына тоқталып өтсек ол 1990-1996 жылдары республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі болды.1996 жылдан «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары, бірінші орынбасары.2007-2008 жылдары «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ директоры, 2008- 2016 жылға дейін акционерлік қоғам вице-президенті (басқарма төрағасының орынбасары) болды.2016 жылдың сәуір айында «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды.2017 жылғы наурыздан бастап республикалық «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарып келеді. Еркін Қыдыр ақпарат саласында атқарған жемісті қызметі нәтижесінде 1999 жылы Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты атанса, 2010 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағына қол жеткізді. Ол, сонымен қатар, «Ақпарат саласының үздігі», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерінің иегері.«Ұсақталма, Үкімет», «Отырар», «Кәусар кез» кітаптарының авторы (1999)[5, 41].
Қазақстанның тәуелсіздік алуымен жас журналистер мен қаламгерлер еліміздің белді газеттерінің тұтқасын ұстап, еліне адал қызмет ете бастады. Олар негізінен ел мен жер, тіл, билік, үкімен пен халық т.б. мәселелер төңірегінде көптеп материалдар жариялады. Өзінің өткір мақалаларымен халықтың ыстық ықыласына бөленген талантты журналистердің бірі – Еркін Қыдыр болатын. Ол еліміздің Бас газеті «Егемен Қазақстанды» басқарған жылдары ол газет жаңа дейгейге көтерілді. Ол туралы мамандар Еркін Қыдырдың кәсібилігіне байланысты: «Еркін Қыдыр басшылық қызметте болған кезеңде газеттің тиражы үздіксіз өсуіне үлес қосты. Атап айтқанда, 2000 жылғы 34 мыңдық таралым 2016 жылы 210 мыңнан асып түсті. Ол сондай-ақ осы жылдарда редакция қызметкерлері үшін 2 тұрғын үй кешені, 2 жатақхана және 8 қабаттық кеңсе ғимаратының салынып, пайдалануға берілуіне тікелей атсалысты. Акционерлік қоғам әр жылды табыспен қорытындылап отырды. Ол сонымен қатар, «Ақпарат саласының үздігі», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерінің иегері. 1997-1998 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жоғары тәртіптік кеңестің мүшесі болды.2016 жылдан «Нұр Отан» партиясы партиялық бақылау комитетінің,2015 жылдан Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі өкілетті органның Этика жөніндегі комиссиясының мүшесі» деп жоғары баға береді[6, 27].
Журналист Еркін Қыдырдың шығармашылық лабораториясына тоқталатын болсақ, ол негізінен публицистикалық стильде жазады. Оның материалдары өмірден алынып, нақты фактілерден, билік пен халық арасындағы қарым-қатынас, ел мен тілдің жағдайы секілді мәселелерден тұрады. Мәселен, оның «Ұсақтама Үкімет» атты кітабында осы мәселелер кеңінен талданғаны көрініп тұр десек артық айтқандық емес. «Ұсақтама Үкіметте» автор үкімет пен жергілікті биліктің ел экономикасын реформалаудағы ізденістері мен іркілістері, ірі лауазым иелерінің әдебі мен бет-бейнесі, құқық саласындағы қолбайлаулар, сондай-ақ мемлекет басшыларымен елімізде және шетелдерде түрлі іссапарларда болғандағы көңілге түйгендер жөнінде оқырмандарға тың мағлұматтар беретін қызықты сыр шертеді. Шетелдермен саяси және экономикалық байланыстар орнату мақсатында болған жоғары дәрежедегі келіссөздердің мән-жайына нақты деректер негізінде қанықтырған [7, 58].
Публицист, журналист Еркін Қыдыр туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Егемен Қазақстан» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары Еркін Қыдырды жақсы білесіздер. Оның экономика және саяси тақырыптарға жазған жарияланымдар дестесі өздеріңізге жақсы таныс. Еркін республика аймақтарының өміріне жақсы қанық. Сол себепті оның жазған мақалаларында жергілікті мәселелер мемлекеттік биік деңгейден екшелінеді. Ол нарықтық экономика, шаруашылықты жүргізудің осы заманғы әдіс-тәсілдеріне де жетік. Газет басшыларының бірі бола тұра таза әкімдерлікпен айналысып кетпей қолынан қаламын тастамауының өзі Еркіннің жақсы қасиеті деуіміз кереу. Осылай жұмыс істей бер енді, Еркін» деп жылы тілегін 1999 жылы 26 шілдеде арнаған екен.
Ал Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртаза да Еркін Қыдыр туралы «Ұлтына құрмет лебі бар» деген тақырыппен: «Президент сыйлығының лауреаты, белгілі журналист Еркін Қыдырдың бұл кітабы еліміздің тәуелсіздік алғанынан бері «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде жарық көрген үздік мақалаларының жинағы. Қай кезде болмасын өзіндік шынайылығымен, әділ көзқарасымен ерекшеленген автордың Қазақстан Республикасының еңселі ел, тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу кезеңінде билік басында отырған ірі лауазым иелері туралы, қоғам мен саясат туралы, халықтың әлеуметтік жағдайы мен тыныс-тіршілігі туралы жазған өткір сындары мен журналистік сараптамалары оқырманға түсінікті, қарапайым тілде жазылған, көз алдынан өткен көріністей әсер қалдыратын, көпшілік пікірін ұйымдастырып, адамдардың санасына сәуле түсіретін ерекше, тың дүниелер. Мемлекетіміздің жаңа тарихын келесі ұрпақтарға жеткізетін, қазақ журналистикасының дамуына үлкен үлес қосар мықты кітап деп есептеймін. Қоғамымызда орын алып отырған әр түрлі оқиғаларды жан-жақты саралай келе, автор қарапайым халық мүддесін қорғауды басты мақсат етіп алған. Еңбектерінің қайсысына болмасын көз жүгіртсеңіз, өз ұлтына деген құрмет пен сүйішпеншілік лебін аңғарасыз» деп Еркін Қыдырдың шығармашылығына өте жоғары баға береді [8, 63].
Еркін Сағындықұлы Қыдырдың «Ұсақтама үкімет» атты кітабын талдап көрсек келесідей материалдарға көз жеткіземіз. Оның «Үкімет: ұмытқаны мен ұтқаны», «Ескі үкіметтің алғашқы бомбасы», «Сөзге сараң үкімет», «Үндемейтін үкімет», «Белгілілердің берекесіз бейнелері», «Жұрт ертең сен туралы не айтады? Билік тізгінін ұстағандардың барлығы бірдей басшы борышына адал ма?», «Кабинетшіл реформаторлар», «Қаратай Тұрысов кешірім сұрады, ал Үкіметтің ұяты неге оянбайды?», «Премьер-министр демалыста. Оның орынтағына көз салушылар көбейіп барады», «Төртінші билік, төрге шық!», «Өндіріс өрге басса, жайма базарға жай түсе ме?», «Теңге тағы сынға түсті», «Жүз күннің жүгі», «Үкімет отаншылдарға үміт артса», «Әкім бол, халқыңа жақын бол!», «Елге етене Елбасы», «Қызмет екеу болғанмен, басшы – біреу», «Әкім мен төраға – бір қызмет», «Терещенко не демек болды екен?», «Әкімдердің аяғы үзеңгіде», «Әкім болдым-ау, қанша күнге?», «Жеке жауапкершіліктен жалтармаймын», «Жанам деген жүрекке от берейік», «Бейнет пен бедел», «Табыс көзі – тәртіпте», «Бас қамын ойлаған басшылар ел қиналып жатса да айылын жияр емес», «Билікке деген сенім әкімдер әрекетімен өлшенеді», «Күншығыстағы қуатты ел», «Қызмет қолдың кірі емес», «Депутат атын жамылып», «Билік тасасында байлық бар», «Жездем әкім болды, мен де жерде қалмаспын», «Ұлыққа емес, сотқа бар», «Басшы болдың ба – бас қамын ұмыт», «Сыбайластардың сағы сынған жоқ» т.б [9,45].
«Абай телеарнасында» «Сенде бір кірпіш дүниеге» атты хабары бар. Сол бағдарламаға елдің алдында жүрген белгілі азаматтар өз ойларын ортаға салып, елдің бүгіні мен ертеңі туралы ой бөліседі. Сол бағдарламаға Еркін Қыдыр да қатысқан болатын. Оның інжу-маржан ойларын осы жерге түсіріп, талдап көрсек дұрыс болушы еді деп ойлаймыз. Еркін Қыдыр ол бағдарламада «Ұлы Абайдың бұл сөзі үлкен мәнмен айтылған. Егер кірпіш дұрыс қаланса, адамның болашағы дұрыс жоспарланады, дұрыс бағытталады, адам дұрыс кетігін таба білуі керек. Абайдың бұл сөзі үлкен даналыққа толы мәнді сөз. Әр кірпіш дұрыс қаланса, қоғам мен мемлекет дұрыс болады. Әр кірпіш дұрыс жатса, одан кейінгі кірпіштердің де дұрыс қалануына себепші болады» дейді. Ол бағдарламада журналист Еркін Қыдыр қазіргі қоғамда «жаман» болмаудың бірден-бір жолы білімді болу екендігіне кеңінен тоқталады. Сонымен қатар ол білім алу мен баланы дұрыс оқыту мәселесіне де ерекше тоқталады. Ел ішіндегілер кей жағдайларда оқыту деп шартты түрде оқытқанды айтатын сияқтымыз. Қазіргі заманда диплом бөлек, мамандық пен кәсіп бөлек болып кеткен заман болды. Осыдан туындаған мәселе қажеттілігі жоқ мамандықтар қаптап кетті. Яғни, қолдарында дипломы көп, қажет емес мамандықтар көбейді. Қоғамда дипломы көп жұмыссыздар пайда болды. Дипломы бар бірақ мамандығы бойынша емес, басқа салада еңбек етіп жүргендер пайда болды. Демек, қоғамда «оқу үшін оқу керек» дегендер де көбейді. Бұл бағдарлама ютуб арнасында бар. Қызық болса, ашып кеңірек танысуға болады[10, 58].
Еркін Қыдырдың публицистикасы туралы айтатын болсақ, Еркін Сағындықұлы ұлтжанды журналист. Оның мақалаларында ел мен оның тағдыры бірінші орында. Жалпы, Қазақстан тәуелсіздігінен соң қазақ баспасөз кеңістігі босап қалғаннан кейін оны ақпараттық тұрғыда толтырып, мықты кәсіби мамандар керек болды. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін сәтті аяқтаған Еркін мырза ақпарат саласына бірден кірісіп, ел мен жер тағдыры тақырыбында қалам тербеуге кірісті. Еркін Қыдырдың «Отырар» кітабында еліміздің ежелден-ақ өркениет ордасына айналған Отырар шаһары, оның өткені мен осы өңірдің бүгінгі тынысы туралы сыр шертіледі. Отырардан шыққан ұлы бабамыз әл-Фарабидың, бабтардың бабы – Арыстан бабтың аңызбен астасқан ғұмыры жасампаздық істерімен, таратқан ілімдерімен ұштастырылып беріледі. Ұлы қолбасшылар – Шыңғыс хан мен Әмір Темір жорықтары заман тұрғысынан ой елегінен өткізіледі. Отырарлықтардың ерлік шайқастары ешкімді де бейжай қалдырмайды. Сонымен қатар Тұрғанбай датқа, Қажымұқан, Өзбекәлі Жәнібеков, Ақжан Машанов, Кемел Ақышев және өзге де Отырармен өзектес тұлғалар туралы материалдар тың мәліметтерге толы[12, 36].
Еркін Қыдырдың публицистикасы ар алуан десек артық айтқандық емес. Әсіресе, автор үкімет пен әлеумет тақырыбына әбден жақсы машықтанғаны байқалады. Мәселен оның «Үкімет: ұмытқаны мен ұтқаны», «Үкімет ұсақтап кетпесе», «Ескі үкіметтің алғашқы «бомбасы», «Сөзге сараң үкімет», «Үндемейтін үкімет», «Жұрт ертең сен туралы не айтады, үкімет?», «Кабинетшіл реформаторлар», «Қаратай Тұрысов кешірім сұрады, ал Үкіметтің ұяты неге оянбайды?», «Премьер–Министр демалыста. Оның орынтағына көз салушылар көбейіп барады» , «Төртінші билік, төрге шық», «Үкімет отаншылдарға үміт артса», «Әкім бол, халқыңа жақын бол!», «Қызмет екеу болғанмен, басшы – біреу», «Әкім мен төраға – бір қызмет», «Терещенко не демек болды екен?», «Әкімдердің аяғы үзеңгіде», «Әкім болдым-ау, қанша күнге», «Бас қамын ойлаған басшылар ел қиналып жатса да айылын жияр емес», «Билікке деген сенім әкімдер әрекетімен өлшенеді» т.б. әлеуметтік-экономикалық тақырыптар аясында көптеген публицистикалық материалдар жариялаған [13, 56]. Өздеріңіз байқағандай, журналист Еркін Қыдыр негізінен Үкімет пен әкімдер жайлы көп жазады. Оның «Үкімет ұсақтап кетпесе», «Сөзге сараң үкімет», «Үндемейтін үкімет» атты мақалалары негізінен сыни бағытта жазылғаны көрініп тұр. Рас, Қазақстан үкіметі кейбір жағдайларда ұсақталып, кейде сөзге сараңдық та танытып жатады. Ал, кейде тіпті Үкіметіміз үндемей кететін жағдайлар көптеп кездеседі. Мәселен, ел мен жер тағдыры, теңгенің құнсыздануы мен доллардың өсуі, мұнай бағасының тұрақсыздығы, елдегі экономикалық жағдай мен инфляция, тұрғын үй бағасының қымбаттауы айта берсек осындай әлеуметтік мәселенің барлығы да үкімет бақылауы тиіс проблемалар ғой. Журналист Еркін Қыдыр осы тұрғыда тақырыпты да, мәселені де өте сәтті көтеріп отыр десек артық айтқандық емес. Негізінде, үкімет халықтың жағдайын жақсарту мақсатында тынбай еңбек етуі керек. Кей жағдайларда журналистер үкіметті сынамай қойса, үкімет өзінің негізгі міндетін ұмытып кетпесі үшін журналистер өздерінің мақалаларында осылай сынап жатады. Бұл дұрыс та. Журналистиканы төртінші билік деп осындай жағдайларда айтатынымыз сондықтан болар. Журналист Еркін Қыдыр өзінің «Үкімет: ұмытқаны мен ұтқаны» атты мақаласында: «Қазақстан тәуелсіздік алып, өз қолы өз аузына жеткелі атқарушы билік талай рет ауысты. Арманда кеткен бірі жоқ. Себебі, қолынан ешкім қақпады, қабақ түйіп көз алартқаны болмаса, алдын кесіп өткендер де кезікпеді, яғги мақсат белгілеп, мүмкіндікті танытуға жеткілікті мерзім, толық мұрсат берілді. Сөйткен Үкімет етігімен су кешіп, елдің қамын жеді ме? Ағымдағы мәселелер бір-екі ай, бір-екі жыл бедеріндегі шешуге тиіс, атқаруға міндетті шаралар астарында тасасында мемлекетіміздің негізі – қазақ ұлтының негізгі мүддесі ұмытылып қалған жоқ па? Үкіметтің апта сайын өтетін мәжілісінің күн тәртібіне үңілгенде осындай ауыр сауал еңсеңді езеді. Үкіметтің немкетті, салғырт көзқарасын сезе ме. тіпті шетел инвесторының өзі момын қазақты мүйіздеу, шеттету, ысыруға қаймықтай кірісіп кетеді. Үкіметтің Америка, Жапония несиесін алып қана қоймай, тәлімдерін үйренуі, іске асыруы нәтижесінде елдің экономикалық ахуалы түбі бір қалыпқа түсер. Сонда қазақ мүддесі қарын тойғасын ғана еске алынуы керек пе? Оның санын, өсімін көбейту, шұрайлы аймақтарға қайта қоныстандыр, сырттан келетіндеріне жағдай туғызу, тілін, ділін, өнерін, салт-дәстүрін, ата кәсібін сақтап, жетілдіру жайымен қанша туыс, қанша көрші болса да Өзбекстан мемлекеті айналыспайтыны белгілі. Бұл Қазақстан үкіметінің міндеті. Өйткені, ұлт мүддесіне, ертеңіне қатысты іргелі істердің , бағдарламалардың іргесі бүгін қалануы тиіс. Ертең ес жиып, етек жапқан соң кірісеміз дегенде азып-тозып, рухы жасып, селдіреп-сетінеген, қасиетін, ерекшелігін жоғалта бастаған ұнжырғасы түскер ұлтқа кезігуіңіз мүмкін. Сондықтан да ғасыр айрығында біздің үкіметтің ұсақталмайтын ұлы міндетінің бірі осы болса керек» деп жазуы біраз мәселенің бетін ашып, үкіметтің жұмысына көңіл толмаушылық, халықтың алаңдаушылығын жеткізген болатын [15, 65]. Журналистің «Сөзге сараң үкімет» атты мақаласына тоқталатын болсақ, қоғамдағы біраз мәселенің беті ашылары сөзсіз. Автор «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» дегендей, үн-түнсіз жұмысын атқарып жатыр. Әйтсе де, басын құмға тыққан түйеқұс тәрізді, айтары жоқ болған соң аузын буып алған Үкімет деген сияқты сыйықсыз теңеулер аз айтылмады. Тіпті Парламент төрағасы да бұл үкіметті толық алмастыру керек жарияға жар салғанда да Үкімет айтыс-тартыс, дау-дамайға барған жоқ. Депутаттар арасында үгіт жүргізіп, қол жинауға да тырыспады» деуі Үкіметтің халықтың проблемасын шешуге қауқарсыз екендігін алға тартып, біраз мәселелін басын ашып айтқаны көрініп- ақ тұр. Әрине, Қазақстанда үкімет көп ауысады ғой. Тарихта үкімет көп жасақталды да. Бірақ автор қазақша сөйлеп, қазақтың мәселесін қазақша талқылайтын үкіметтің жоқтығын алға тартып, ел мүддесін айтқанда мемлекеттік тілде айтылып, жазылуы тиіс дегенді де айтып өтеді. Автор үкіметті «сөзге сараң» деп оның болмыс-бітімін нақты ашып, мәселені нақты көтере білуімен оқырмандардың есінде қалды [17, 85]. Журналист Еркін Қыдырдың «Үндемейтін үкімет» атты материалы да өз алдына халықтың көңілінен шығып, көп оқылған материал болып саналады. «Нұрлан Балғымбаев қызметке кіріскен алғашқы айларда-ақ ескі үкіметтің алғашқы бомбалары жарыла бастады. Ол Жаңатас пен Қаратауда, Кентауда жарылған еді. Баса айтар бір мәселе – Балғымбаев Үкіметі бұл жарылыстарға су сеуіп, уақытша өшіре тұруды көксеген жоқ, дағдарысқа ұшыраған өндірісті тірілту, жан бітіру тұрғысынан келді. Премьер Балғымбаев елдегі жағдайды толық бақылап, халықтың үнін естеді деп тілейік. «Үндемейтін үкімет» халықтың үніне құлақ асатын мықты үкіметке айналсын деп тілейік» деп жазады өз мақаласында. Қазіргі қоғамда үкіметтер халықпен байланысудың мықты стратегияларын ойлап тапқаны белгілі ғой. Мына заманда үкімет пен әлеумет бірін-бірі түсінуі үшін қоғаммен байланыс мамандарына қатты мұқтаж [18, 96]. Еркін Қыдырдың еліміздегі журналистика, баспасөз тақырыбында жазған материалдары да кездеседі. Оның «Төртінші билік, төрге шық!» атты мақаласы осы тақырыпты қамтиды. «Баспасөз – қуатты қару» десті кешегі коммунист көсемдер. Олар сол қаруды тек өз мақсаттарына пайдаланатын. Бағыт беріп, жөн сілтеп, коммунизм мұраттарынан ауытқымауын қатаң бақылайтын еді, сол үшін қаншама адам жалақы алатын. Тоталитарлық заманда ақпарат көздері билік иелерінің қолындағы құрал болса, демократиялық қоғамда ол биліктің бір буынына айналуы тиіс. Екі ғасырдан астам тарихы бар АҚШ Конституиясына енгізілген ең бірінші түзетуде «конгресс сөз немесе баспасөз бостандығын шектейтін бірде-бір заңды қабылдамауы тиіс», - деп жазылған екен. Қазақстан Республикасының Конституциясының 20-бабында «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне епілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады. Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар» деп көрсетілген. Яғни, демократиялық қоғамның іргетасын қалардағы айналып өтуге болмайтын басты қағиданың бірі осы» деп жазады өз мақаласында. Рас, БАҚ өз деңгейінде төртінші билік деген статусты ресми түрде алғаны қашан. Дегенмен автор өз мақаласында төртінші биліктің деңгейін сөз етеді, һәм әлеуметтік тұрғыда өз бағасын береді [20,35]. Автор «Төртінші билік, төрге шық!» деп тақырып қойып, «Егемен Қазақстанның» кезекті нөміріне жариялап жіберуі де батылдық десек артық айтқандық емес. Себебі, Қазақстанның ішкі жағдайында сөз бостандығы мен демократиялық мәселелер Бас газетте көп жариялана бермейтін. Автор өз кезегінде батырлық танытып, еліміздегі сөз бостандығы мен цензура жайын кеңінен талқылап, «қазақ сөзін төрге шық!» деуі үлкен ұранмен айтылғандай болды. Сонымен қатар автордың «Әкім мен төраға бір қызмет» атты мақаласы да өз алдына үлкен мәселе көтеріп тұрғандығы көрінеді. Автор: «Шымкент облыстық Кеңесінің сессиясында тұрақты комиссиялардың құрамы қайта қаралып, олардың төрағалары қайта сайланды. Бір ерекшелігі – бұдан былай төрағалар комиссияға бұрынғыша өндірістен қол үзбей тиіп-қашып жетекшілік жасауды доғарды. Енді олар кеңес аппаратының белді мүшесіне айналды. Жалақысы жоғары, кабинеті кең, міндеті де үлкен. Мұның өзі Кеңестердің билік жүгенін уыстан шығармау үшін жасаған әркеттері. Бірақ жекелеген, лауазымды адамдарға жайлы, тыныш орын қажет болды деп, жорамал жасап жүргендердің сөзіне де құлақ аспаудың реті жоқ. Қалай болғанда да бұл не мақсаттан туындаған шешім екенін түсіне алмағандар көп.Сонымен, қазір Шымкент облысы әкімінің аппаратында 99, ал облыстық Кеңесте 40 адам қызмет атқарды. Облыстық Кеңес аппаратына ұстау үшін бюджеттен бір жылға екі миллион 800 мың сом қаржы бөлінген. Жалақы алатын төрағалары сайланған жеті тұрақты комиссия облыстың әлеуметтік-экономикалық және рухани өмірін түгел қамтыды. Бірақ олар қайшылыққа толы күрделі, қайнаған өмірге белсене араласып, тікелей басшылық жасамады. Жауапкершілікті өз мойнына алмады.Олай болса, Кеңес аппараты тұрақты комиссиялар арқылы әкімшілік қызметінің барлық саласына сырттай бақылау орнатып, анықтама сұраумен, мәлімет жинаумен айналысатыны түсінікті. Егер әкімдер заңға томпақ келетін қадам жасаса немесе шешім қабылдаса, оларды тәртіпке шақыратын сот пен прокуратура бар емес пе? Сонда Кеңес аппаратының тек әкімшілікке бақылау жасау үшін ғана құрылғаны ма? Заңға сәйкес, облыс әкімі онсыз да сессияда депутаттар алдында есеп беріп отыруына міндетті. Оның қалт басқан қадамын ашық әшкерелеп, тіпті сенімсіздік көрсетіге де мүмкіндік бар. Ендеше, басы артық, кедергісі көп аппараттың қажеті бола қояр ма екен деген сұрақты жиі естіп жүрміз. Атқару комитетін таратып, Кеңесті қайта құрғанда аппарат ықшамдалады, билік бір қолға беріледі деген болжамның бос сөз болып шыққаны ма? Онда әкімнің басқару жүйесінің не керегі бар?Шымкент өңірінің әкімдері Ташкент облысында болып, екіжақты байланыстың сенімді көпірін салып қайтты. Сол сапарда аңғарғанымыз, Өзбекстанда Кеңес төрағасы мен хакім қызметі бір адамның қолына берілген екен. 1990 жылдан кешеге дейін Өзбекстанда және бізде Кеңес төрағасы атқару комитетіне де басшылық жасап келгені анық. Ал енді 1992 жылғы наурыздан бері Өзбекстанда Кеңес пен оның атқару комитеті хокимятқа айналып, бұрынғыша, яғни Кеңес төрағасы кезіндегідей жеке-дара басқару жүйесі енгізілген. Десек те, жеке-дара басқару кезінде әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмағандықтан, асыра сілтеу, белден басу, тіпті диктатура етек алмас па екен деген қауіп те бар.Өйткені әкімшілік қызметіне қатаң, әділ бақылау орнатуға тиіс сот пен прокурорды кабинетіне шақырып алып, сілікпесін шығаруды, олардың ісіне араласуды, кадрларды іріктеуді өз қолына алуды баяғы партия билігі кезіндегідей көксеп жүрген дөкейлер қазіргі аппараттар аз емес. Сондықтан да, сот билігін күшейту, олардың дербестігін арттыру – Жоғарғы Кеңес сессиясының назарынан тыс қалмас деп сенемін. Сессияны өзі басқарып отырған әкімнің қызметіне қара қылды қақ жара баға беретін депутаттарды табу да мынадай аласапыран заманда аса қиын шаруа. Әрине, былыққа батқан, кқпке тізе батырған әкімді Президент бір жарлықпен босататыны белгілі. Бірақ халық үні әрқашанда Президент құлағына тие ме, мәселе сонда.Қорыта келгенде, басқару аппаратын уақыт талабына сай икемдеу, ықшамдау, Кеңес пен әкімшіліктің, сот билігінің ара жігін әлі де болса айқындай түсі сияқты көкейкесті мәселелерді бір облыстың тәжірибесінде, бір мақаланың ауқымында саралау мүмкін емес. Сол себепті бұл тақырып халық қалауларын, көпшілік қауымды бей-жай қалдырмас деген ойдамын» деп мақала жазып жариялауы үлкен мәселенің бетін ашып көрсетуі деп білеміз. Сондай – ақ Еркін Қыдырдың «Билікке деген сенім әкімдер әрекетімен өлшенеді» [18,44 ]деген мақаласы да өз кезегінде халықтың арасында оқылым бойынша сұранысқа ие болған мықты мақаланың бірі болатын. Автор: « Әкім. Қазақтың сөздік қорында ежелден бар осы есімдік тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ бүкілқазақстандық сипатқа, мәнге ие болды. Ол жетпіс жылдан астам саяси және атқарушы билік символына айналған хатшы, төраға деген атауларды ығыстырып қана қоймай, елдің санасына тәуелсіз, жаңа сипаттағы мемлекеттегі атқарушы биліктің синонимі дәрежесіне жетуі тиіс еді. Қалың жұртшылық қашанғы әдетінше жаңаға үрке әрі үмітпен қарады. Елдің ежелгі басылымы «Егемен Қазақстан» осы тұста көпшілік атынан «Әкім бол, халқыңа жақын бол!» деген аманат айтты, тұрақты айдар ашқан еді. Ел аманатын ту еткендер де, биліктің беделін ту-талақай еткендер де шықты әкімдер арасынан. Өйткені бұл жаңа үрдіс болатын, қателіктер кезікті, әкім таңдауда ағаттықтар да орын алды. Себебі адам аласы ішінде, бес саусақ бірдей емес.1992 жылы ақпанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жарлықтарымен облыстарға әкімдер тағайындады. Билік буындарында шыңдалған бұрыннан белгілі тұлғалармен қатар облыс басшылығына көпшілікке беймәлім тың адамдар да тартылды. Мысалы, Тараз қаласындағы жаңашыл университеттің ректоры, экономика ғылымының докторы Марс Үркімбаев еліміздегі халқы көп, күрделі күрмеуі де көп Оңтүстік Қазақстан облысының алғашқы әкімі болып тағайындалды. Бұл тәуелсіздік нышаны болатын, соны үрдіс еді. Өйткені бұрын ректор бір-ақ күнде облыс басшысына, яғни бірінші хатшыға айналса, ол ертегілер әлемінің оқиғасы деп қабылданатын. Трест басқарған, ірі кәсіпорындарға жетекшілік еткен немесе бизнесте айтулы табысқа жеткен бұрын беймәлім болған тұлғалар өздеріне жүктелген сенімді абыроймен атқарады, кейбірі әлі де үлкен саясат аулынан алыстаған жоқ, ал енді біреулері саяси карьерасына сол кезде-ақ нүкте қойып кетті.Оңтүстік Қазақстанның тұңғыш әкімі профессор М.Үркімбаев бұрынғы бірінші хатшыларға мүлдем ұқсамайтын жаңашылдықтың, нарықтың адамы болатын. Бизнесті сүйемін деп жұрт көзінше көп айтатын, қазақшасынан ағылшыншасы басым басшы күлімсіреп қана сөйлейтін, яғни үстел тоқпақтамайтын, тіпті американдықтарша шапка киіп жүреді екен, яғни ол бұрынғы бірінші хатшыларға мүлдем кереғар тұлға болған екен. Сондықтан қазақы менталитеті басым өлке оны түсіне қабылдай алмапты. Еліміздің тарихында тұңғыш рет профессор Үркімбаев отставка сұрап, өз еркімен қызметтен кеткен кісі. Ал бұрынғы бірінші хатшылар ерден аударып тастағанша аттан түспейтін. Біраз уақыттан соң ол еліміздің экономика министрі болып тағайындалды. Шымкентте мұнан кейін де талай су ақты, талай әкім ауысты. Оңтүстікте екі жыл сайын бір басшы ауысса, керісінше бастыс аймақта, мәселен, Батыс Қазақстан, Ақтөбе өңірлерінде өзгертулер ондай көп болған жоқ. Өзге де облыстарда басшы кадрлар тұрақты қалпында қалды.Осы жолдардың авторы сол тұста «Егемен Қазақстанда» «Әкім болым-ау, қанша күнге?»[20,45] деген тақырыпта сараптама мақала жариялаған еді. Ол мақалада әкімдердің және оның командасы мүшелерінің бойында уақытша, маусымдық қана мақсат көздеп, бүгінмен ғана өмір сүруге дағдылану сияқты кертартпа құбылыстар көп байқала бастағаны туралы айтылған. «Қой көрмеген қойды қуалап жүріп өлтіреді» демекші, бұрын басшылық мектебінен өтпеген, облыстағы немесе астанадағы қолдаушысының күшімен әкім орындығына жайғасқан кейбір даңғаза жандар құдай берді екен деп кеудесіне нан пісіп, өзін жарты патша сезініп, қатарына сезікті, қолының бүрі бар адамдарды жинағаны өтірік емес. Олар үшін Тұңғыш Президентіміздің Жарлықтары, Үкімет қаулылары, түрлі заңдарды білу өмірлік қажеттілік емес, ең бастысы өзін қызметке тағайындаған облыстағы басшысының көңілін табу, аңысын аңдай болатын. Өзі мүдделілік танытқан кез келген шешім, құжатқа заңгерлер сараптамасынан өткізбей-ақ қол қоя салу, айттым-бітті деп құқық қорғау органдарына доқ көрсету, әкімдік қызметті коммерциялық құрылымдағы жұмысымен жымдастыра жүргізу де сол тұста кең етек алды. Өйткені төменгі әкімдер тағдыры жоғары әкімге тәуелді болды. Ол жұмыстан кеткен жағдайда, бәрі де қызмтті тапсырады, тіпті командасы да түгел ауысуға тиіс еді. Кішкене ауданда жиі алмастыруға кадр қайдан табылсын, «көшеде жүрген пақырды әкім бол деп шықырды» дегендей, өмірбаянында күдікті жайттар көп, тіпті бұрын істі болған немесе тек өзінің фирмасының, қарақан басының жайын күйттеу, жең ұшынан жалғасу үшін ғана қызметке келген, жұрттың сөзін жүре тыңдайтын белгісіз бейнелер қаптап кеткен.Сонда да елдің «ойпырм-ай, кешегі компартия кадр саясатына қандай мән беріп келген еді, кездейсоқ адамдарбилікке қол соза алмайтын» деген сияқты жиі айтылып жатты.Елдегі маман дайындау саясатында, мемлекеттік қызмет, басқару жүйесінде шұғыл реформа қажет екендігін Н.Назарбаев терең түсіне білген және осы тұрғыда біршама маңызды қадамдар жасады. Атап айтсам, 1998-1999 жылдары «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдар қабылданған еді. Мұның бәрі еліміздің тәуелсіздігін нығайту, атқарушы биліктің беделін бекемдеу үшін жасалған қадамдар. Түгел түзеліп кетпесе де, басшылар енді айылын жиды, себебі оларға нақты талап қойылды, қатаң бақылау орнатылды. Әкімдер институты пайда болғалы бері, Тұңғыш мемлекет басшысы олармен жиі кездесіп тұратын. Сендер бәрің де менің командамның мүшесісіңдер, сендерге сондықтан да артылар міндет, сенім жүгі ауыр дегенді ол жиі қайталайтын. Еліміздегі облыс, қала, аудан, ауыл әкімдерінің саны 2600-ге жуық. Олар халықпен күн сайын етене жұмыс істеп жатқан атқарушы билік буынының өкілдері. Нұр-Сұлтанда қабылданған оңтайлы шешім жер-жердегі әкімдер күш салып, іске асырмаса, өмірге енгізбесе, тек қағаз бетінде қалады. Жұртшылықтың атқарушы билікке деген сенімі басшылар, яғни әкімдер әрекетіне қарай қалыптасады. Әкім адал, ізденгіш, жаңашыл әрі жанашыр, іскер болса, Үкіметке де, Мемлекет басшысына мың алғыс.Әкімдік жүйе өтпелі кезеңнен өтті, қазір құқықтық негізі қаланған, тәжірибесі шыңдалған билік институты қалыптасып үлгерді. Ел де, Мемлекет басшысы да оларға үлкен сеніммен қарайды, елде жүріп жатқан реформаларды баянды етудегі олардың орны бөлек. Нұр-Сұлтанға ойласуға жиналған әкімдер ауыл-аймаққа үлкен аманат арқалап жүргенін тағы да түйсініп, тас бекем түйініп, аттанса екен деймін» деуі де әкімдердің табиғатын кеңінен ашып бергендігінен хабар береді[27, 36].
Достарыңызбен бөлісу: |