******
Өнерлі жігіт өрде озар,
Өнерсіз жігіт жер соғар.
******
Ақылдыны алысым деме,
Ақылсызды жақыным деме.
******
Арлы арына қараса,
Арсыз жеңдім дейді.
******
Құтты қонақ қонса, қой егіз табар.
Құтсыз қонақ қонса, қойға қасқыр шабар.
******
Жандыда балық үлкен,
Жансызда қамыс үлкен,
Қайырсыз мың сомнан,
Қайырлы бір сом артық.
******
Базар ақшалыға - базар,
Ақшасызға - назар.
Сол сияқты сын есімнің –ғы, -гі, -қы, -кі жұрнақтары арқылы да туынды антонимдер жасала береді. Мысалы: бастапқы-соңғы, бұрынғы-қазіргі, үйдегі-түздегі, сыртқы-ішкі, күндізгі-түнгі, қысқы-жазғы, жоғарғы-төменгі, ертеңгі-кешкі, алдағы-кейінгі, биылғы-былтырғы т.б.
Етістікке тән мынадай антонимдер бар: а) түбір күйінде кездесетіндері: озу-қалу, күту-келу, қону-ұшу, шашу-жинау, бару-қайту, жату-тұру, ашу-жабу, кіру-шығу, ұту-ұтылу, жеңу-жеңілу, қуану-ренжу, мақтау-даттау, көшу-қону, күлу-жылау, сату-алу, ысу-суу, шабу-ілбу, даму-тоқырау, қату-жібу, ауыру-сауығу т.б. ә) туынды түбір күйінде кездесетіндері: қартаю-жасару, жоғарылау-төмендеу, татуластыру-жауластыру, айырылу-қосылу, күшею-бәсеңдеу, баю-кедейлену т.б.
Зат есімге тән антонимдер де негізгі және туынды түбір күйінде кездеседі: туынды түбір күйінде кездесетіндері: аласы-бересі, байлық-жоқтық, кісілік-иттік, аштық-тоқтық, тарлық-кеңдік, ұтыс-ұтылыс, азшылық-көпшілік, кіріс-шығыс, алыс-беріс, сыпайыгершілік-арсыздық т.б.
Тілде қарама-қарсы ұғыммен қатар кейде аралық ұғым да кездеседі. Мәселен, ұтыс пен ұтылыстың арасында тең, біткен мен бітпегеннің арасында шала, жеңу мен жеңілудің арасында итжығыс деген аралық ұғымдар бар. Бұлар антоним біткеннің бәріне тән емес, кейбіреулерінде ғана ұшырайды. Аралық ұғым- кереғар екі ұғымды тең ұстап тұрады.
Тілдегі антонимдер қарама-қарсы құбылыстарды біріне-бірін шендестіріп салыстыру арқылы күшті стильдік мән тудырады. Сол себептен антонимдер өте-мөте мақал-мәтелдерде жиі қолданылады. Антонимдерді қолданудың негізгі үш жолы бар:
Антонимдер бір сөйлемнің өз ішінде салыстырылып айтылады. Мысалы: Қорлық өмірден ерлік өлім артық. Ер бақыттың қонғанын білмейді, ұшқанын біледі. Еріншек егіншіден елгезек масақшы озады. Ақымақ бұзуға бар, түзеуге жоқ. Өлі арыстаннан тірі тышқан артық. Досыңның асын қасындай іш.
Антонимдер іргелес сөйлемде қарама-қарсы қойылып шендестіріледі. Мысалы: Тоқшылықта жеген тоқпан жілік, Ашаршылықта көзіңнен бір-бір ұшар. Көп ақымақтың ағасы болғанша, бір ақылдының інісі бол. Жауластырмақ жаушыдан, Елдестірмек елшіден.
Антонимдер ыңғайласып, кезектесіп қатар жұмсалады. Мысалы: Арымақ, семірмек көңілден. Палуанға оң, терісі бірдей. (Ы.Алтынсарин). Бір суып, бір ысып, Барады іш пысып (Абай).
Қарсы қойылып айтылғанның бәрін антоним деп тануға болмайды. Кейде синоним сөздерде бір-біріне салыстырылып айтыла береді. Мысалы: Гүрілдеп келген жаудан, күлімдеп келген қас жаман. Қауіп бар жерде қатер бар. Қауіп қайдан болса, қатер содан. Өлім бар жерде қаза бар. Бет көрсе жүз ұялады.
Антоним сөздер көбінесе бұрынғы халық ақындарының щығармаларында жиі кездеседі. Мысалы: -ды, -сыз аффикстері антоним болады.
Ер жігіт бірде малды, бірде малсыз,
Арғымақ бірде жалды, бірде жалсыз.
-лі, -лы, -сіз, -сыз аффикстері арқылы:
Куәлі істі куә табар,
Куәсіз істі күмән табар.
Тіліміздегі антонимді аффикстер фразеологияны да қамтиды. Олар көбіне мақал – мәтелдерде жиі ұшырасады. Мысалы, Жақсыдан шарапат, Жаманнан кесапат. Бұл мысалға қарап сөздердің бірігуінен деп те, жұрнақ арқылы да антонимді жұп болып тұр деп айтуға кішкене болса да қисынға соғады.
Қазақ тілінде антонимдер көбінесе сын есімдерден болады, онан соң етістіктерде, зат есімдерде, үстеулерде азды – көпті кездеседі.
Жан-жақты дамып, кемелденген тілде белгілі бір ойды әр түрлі мақсат-мүддеге қарай неше саққа жүгіртіп, сан алуан тәсілмен қолдануға болады. Қазақ тілі синонимге қаншалықты бай болса, антонимге соншалықты кедей емес екендігін байқаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |