Агрессия типі
|
Мысалдар
|
Физикалық – активті – тікелей
|
Адамның басқа адамдарға суық қару қолдануы, ұру немесе жарақаттауы.
|
Физикалық – активті – жанама
|
Дұшпанын жалдамалы адам арқылы көзін құрту немесе зиян келтіру.
|
Физикалық – пассивті – тікелей
|
Басқа адамға физикалық мақсатына жетуге кедергі жасау (мысалы, отырықты демонстрация).
|
Физикалық – пассивті – жанама
|
Қажетті тапсырмаларды орындаудан бас тарту (мысалы, отырықты демонстрация кезінде территорияны босатудан бас тарту)
|
Вербальды – активті – тікелей
|
Басқа адамның сөз арқылы намысына тию немесе төмендету.
|
Вербальды – активті – жанама
|
Басқа адам туралы келеке сөздер мен өсек тарату.
|
Вербальды – пассивті – тікелей
|
Басқа адаммен сөйлесуден, сұрақтарына жауап беруден бас тарту.
|
Вербальды – пассивті –жанама
|
Сөздік анықтамалар және түсінік беруден бас тарту (мысалы, жазықсыз сынға алынған адамға қорғаныс сөздер айтудан бас тарту).
|
Қоғамымызда жастар арасында агрессиялық мінездің өсуімен байланысты неге кейбір балалар агрессивті, ал басқалары ондай емес, неге кейбір балалар оның құрбаны болады деген сұрақтар арқылы зерттеушілер оның себептері мен көрінісіне назар аударып, агрессияны қалай болдырмауға немесе жоюға назарын аударуда. А. Басс және А. Дарки агрессияны бес түрге бөледі. Оны мынадай сызба түрінде ұсынады (2 сызба):
Сурет 1.1.2 - Агрессияның түрлері
Осы агрессияның барлық түрлерін бүкіл жастағы адам бойынан табуға болады, ал кей жағдайда бұл ерте жастан-ақ көрініс бере бастайды. Агрессиялы мінездің әртүрлі формасы мектеп жасына дейінгі жастағы балаларда да кездеседі. Психологияда вербальды және физикалық агрессияны бөліп қарастырады, олардың әрқайсысының тікелей және жанама түрі бар.
Оларға қысқаша сипаттама беріп кететін болсақ:
1. Вербальды агрессия.
а) жанама вербальды агрессия – құрбыларын айыптап, қорқытуға бағытталған. Бұл әртүрлі айыптау сөздер, шағым түрінде кездеседі («Маған Сауле тисіп кетті», «Айбек төсегін жинамады», т.б.); көпшіліктің көңілін өзіне аударып, айқайлау («Мазамды алмай, ары кет!», «Маған кедергі жасама», т.б.); агрессиялық фантазия түрінде («Егер тыңдамасаң, полиция келіп, сені түрмеге отырғызады», «Мен сені қуып жетіп, тістеп ұшаққа отырғызып, биік таудың үстіне апарып тастаймын, сол жерде жалғыз отырасың»,т.б.)
ә) Тікелей вербальды агрессия – балағаттау, қорлаудың вербальды формасы. Балалар арасында бұрыннан келе жатқан тікелей вербальды агрессияның дәстүрлі түрі - ашуын келтіретін келекелер («Торай», «Жора-ашқарақ», «Ұсқынсыз», «Сұмырай»,т.б.)
2. Физикалық агрессия.
а) жанама физикалық агрессия - өзгеге физикалық әрекеттер арқылы материалдық зиян келтіруге бағытталған. Бұл өзгенің іс-әрекетін, затын бұзуы (басқа баланың құрастырып отырған конструкторын бұзу, салып отырған суретін жырту, т.б.); біреудің затын талқандау, не болмаса бұзып тастау (бала біреудің ойнап отырған ойыншығын алып, еденге лақтырып сындырып, оның иесінің көз жасы мен үрейін бақылауы).
ә) тікелей физикалық агрессия - өзгеге тікелей физикалық әрекет арқылы шабуылдап, жарақаттауға бағытталған. Бұл қорқыту түрінде (бала құрбыларына жұдырығын көрсетуі); физикалық тікелей шабуыл (балалар төбелесі, тістеу, тырнау, шашын жұлу, суық құрал ретінде таяқты, шаншыларды қолдануы).
Адамның дамуы (биологиялық және әлеуметтік) әлеуметтік ортада да, адамның өз басында да бар көптеген факторлар әсер ететін күрделі, ұзақ және қайшылықты үрдіс. Адамзат баласында агрессивті мінез-құлықтың қалыптасуына қоршаған ортасы мен отбасылық ортасы ықпал етеді [34, 12-13 б.].
Агрессияны тірі ағзаға зиян келтіру деп қарастырамыз, сондықтан біз адамдар кей-кездері өзіне бақылай жасай алмай жаны жоқ заттарды қиратады және т.б. келеңсіз әрекеттер жасайды. Мысалы: жиһаздарды, ыдыс-аяқтарды сындырады, қабырғаға лақтырады. Мұндай іс-әрекеттерді тірі ағзаға зиян келмейінше агрессиялық мінез-құлық деп қарастырмаймыз. Егер сіз автокөлікті балғамен ұрып, қиратып тастасаңыз, бірақ сіз оның құнын төлесеңіз, агрессивті мінез-құлық зиян келтіру болып саналмайды. Егер сол автокөлік сіздің жауыңыздың меншігіндегі автокөлік болса, онда агрессивті мінез-құлық болып саналады. Мұндай іс-әрекеттер агрессивті мінез-құлық мысалы ретінде қарастырылады. Өзін-өзі өлтіру де агрессиялық мінез-құлық ретінде көрінеді. Бұл жерде агрессор өзінің мінез-құлқы ретінде көрініс беріп, өзі құрбан рөлінде болады. Агрессивті түрде бағышталған әлеуметтік ауытқулар жеке тұлғаға бағытталған әрекеттерден көрініс береді. Г. Кэплан жасөспірімдер арасында өзін-өзі сыйлауының төмендеуінен антинормативті мінез-құлықтың өсуіне әкеп соқтыратынын атап кетті [35 бойынша, 240-241 б.].
Агрессивтілік – басқа тіршілік иесін басуға және зиян келтіруге бағытталған дұшпандық, шамданған сипатты мінез-құлық. Теледидардағы көрсетілетін қатыгездіктер, қаталдық мазмұндағы хабарлар, фильмдер өсіп келе жатқан жас ұрпақтың мінез-құлқына өз ықпалын тигізбей қоймас. Мультфильмдердегі, экрандағы күш көрсетулер баланың мінез-құлқында агрессияның пайда болуына әкеп соқтырады. Бала достарымен, құрбы-құрдастарымен ойын кезінде сол көрген нәрселерін қайталауға тырысады. Ол байлық пен атақ-даңққа осылай жетуге болады екен деп миына сіңіреді.
Ғалымдардың есептеулері бойынша балалар 14 жасқа келгенше теледидарлардан 18 мың кісі өлтіру әрекеттерін көреді екен. Осылайша теледидар тәрбиесі мен ата-ана тәрбиесі арасындағы тәрбиелеу жолдары екі түрлі болып келеді. Қалыпты агрессия реакциясы бала өзін қауіпсіз сезінбегеннен, ата-анасына керек еместігін білуінен және мақсатына жете алмаудан, түңілуден, көңілі қалудан болуы мүмкін.
Агрессияның қауіпті жағдайы адамдарға бейімделу мен қорғану қызметін атқарады. Бала агрессиясы көбінесе өзінен кіші мен әлсіздерге, үй жануарлары мен ойыншықтарға бағытталады. Баланың тәртібінен өзіне көңіл бөлгізуге тырысуы, өкпеге қарсы іс-қимыл жасауынан, өзіне назар аударту үшін, кек қайтару үшін, билік, сәтсіздіктен қашуды байқауға болады. Демек, бала ата-анасымен қарым-қатынасқа зәру, ата-анасына жақын болғысы келу, өзін өкпе мен жан азабынан қорғауы. Ата-ана, тәрбиешілер немесе басқа да ересек адамдар баланы үнемі сынап отырса, ол жеккөру сезімімен өседі, егер кінәләп отрырса, ол өзін кінәлі сезініп өседі, ал мысқылдап отырса тұйықталады [36, 20-21 б.].
Біз жоғарыда агрессияны физикалық-вербальды, активті-пассивті, тікелей-жанама деп қарастырғанбыз, енді агрессияның соңғы дихотомикалық бөлінуіне тоқталып кетсек: өшпенділік және инструментальды агрессия деп екіге бөлінеді. Өшпенділік (дұшпандылық) агрессия, бұндағы басты мақсат агрессор өзінің құрбанына қайғы алып келу болып табылады. Өшпенділік агрессияны көрсететін адамдар шабуылдаған адамына жамандық пен зияндық алып келуге тырысады. Инструментальды агрессияға түсініктеме беретін болсақ, ол кезде агрессордың мақсаты зиян келтіру емес.
Анықтап айтатын болсақ, инструментальды зиян келтіруші агрессивті іс-әрекетті өзінің әртүрлі тілектерін орындауда инструмент ретінде пайдаланады. Мысал келтіретін болсақ, жасөспірімдердің арнайы құрылған топтары. Олар көшелерді мотоциклмен арнайы кезіп жүріп, адамдардың бағалы заттары мен ақшаларын жұлып алып кетеді. Бұл жерде физикалық зияндық құрбан болған адам қарсыласқанда ғана көрсетілуі мүмкін. Мақсаты физикалық зиян әрекеттерді көрсету емес, өзінің қажеттіліктерін (ақша, алтын, күміс, бағалы заттар, т.б.) қанағаттандыру.
Көптеген тәжірибелерде агрессивтілік деңгейінің сақталуын көрсетеді. Лонгитюдтік зерттеулердің нәтижелері бойынша баланың 8-9 жасында агрессивтілік деңгейі өзгеріссіз және оның өмірінің барлық ағымында ол күнделікті көрініс ретінде қалатынын көрсетті [37, 79-81 б.].
Көптеген авторлар өз зерттеулерінде агрессия мен агрессивтілікке әртүрлі анықтама береді: «өзінің жерін қорғау үшін» адамның туа біткен реакциясы (Лоренц, Арни), басшылық етуге қасарушылық (Мориссон), жеке тұлғаның, адамның қоршаған ақиқаттылыққа жауластық реакциясы (К. Хорни, Э. Фромм) және т.б.
Тұлға агрессивтілігінің жоғарғы деңгейі әлеуметтік мінез-құлыққа ықпал етеді, сонымен бірге қарым-қатынастағы конфронтацияны, қоршаған адамдармен кикілжіңді тудырады, қоршаған ортамен сәтті іс-әрекеттің болуына кедергі келтіреді. Агрессияның эмоциялық компоненті де мәнді, мұнда ашу-ыза алдыға шығады. Адам агрессиялық күйдің барлық сатыларында агрессияны дайындауда, жүзеге асыруда өте қатты ашу-ызаны бастан өткізеді. Эмоциялық компонент тек ашу- ызамен ғана бітпейді, қайырымсыз болу, кектену, ызалану сезімдері де көрініс береді.
Агрессияның ерік сапалары компонентінде еріктің барлық сапалары қатысады: мақсатқа ұмтылу, табандылық, шешім қабылдаушылық, батылдық.
Сонымен қатар, агрессия күрделі және қиын жағдайларда (фрустрация) пайда болып, психикалық күйзеліс тудыратын мәселені шешудің жиі қолданылатын әдісі болып табылады [38].
1.2 Жасөспірімдердің өзіндік сана-сезімінің қалыптасуының ерекшеліктері
Психологияда жасөспірімдік шақты қарастыратын әртүрлі теориялар мен тұжырымдамалар бар. Атап кететін болсақ, биогенетикалық теория С. Холл (1884-1923), Арнольд Гезелл (1880-1961); персоналдық бағдарлану тұжырымдамасы (тұлғалық) Э. Шпрангер (1882-1963), Шарлотта Бюллер (1893-1982); когнитивті теория Ж. Пиаже (1896-1980) – жастық ойлаудың спецификасы; психоанализ З. Фрейд (1856-1939); неофрейдизм Э. Эриксон (1902-1982), жасөспірімдердің (жастардың) психологиясын түсінуге үлкен үлес қосқан гештальтпсихологияның көрнекті өкілі К. Левин (1890-1947). Кеңес психологтары жасөспірімдер мен жастардың психологиялық дамуының заңдылықтарын, ішкі әлемін, әлеуметтік белсенділік формасы жөнінде қарастырған: Л.С. Выготский, Л.И. Божович, А.Н. Леоньтев, Д.Б. Эльконин П.П. Блонский, А.Е. Личко, Е.И. Рогов, А.В. Мудрик және басқалары қарастырды [61 бойынша, 8-9 б.].
Жасөспірімдік кезеңнің бала дамуындағы ерекше орны оның «өтпелі», «бетбұрыс», «қиын», «сыналатын» кезең деген атауларында көрініс тапқан. Бұл атауларда осы жаста болатын, өмірдің бір дәуірінен екіншісіне өтумен байланысты даму үдерістерінің күрделілігі мен маңыздылығы айтылған. Балалық шақтан ересектікке өту осы кезеңдегі дене, ақыл-ой, адамгершілік, әлеуметтік дамудың барлық жақтарының негізгі мазмұны мен өзіне тән ерекшелігі болып табылады.
Жасөспірімдік кезең деп 11-12 жастан 15-16 жас аралығындағы балалардың дамуын айтуға болады. Бұл кезең күшті психофизиологиялық даму мен баланың әлеуметтік белсенділігінің қалыптасуымен ерекше. Жасөспірімдік кезең драмалық қайғырулар, қиындықтар және дағдарысқа бай [62, 154 б.].
Жасөспірімдік кезең – балалық шақтан ересектікке өтетін, үнемі қиын, сыни қақтығыстық деп сипатталатын адам онтогенезінің күрделі кезеңі. Л.Ф. Обухованың психологиялық зерттеулерінде жасөспірімдер тұлғасының ерекшелігі психологиялық жаңа құрылымдардың түп тамыры кіші жаста қалыптасып, өзіндік жеке тұлғасына деген қызығушылықтардың күшеюі, сыншылдықтың саналы түрде бейнеленуі көрініс табады дейді. Ең негізгі мәнді өзгеріс тұлғаның өзіндік дамуында болады. Оның айрықша ерекшелігі өзіндік рефлексияның күштілігі болып табылады [63, 3-4 б.].
Жасөспірім жасындағыларды тиісті әдебиеттерде «ауысу жастары» деп те атайды. Ана тілімізде «жасөспірім» деген ұғымды өзге тілдердегі осы сөздің мағынасына дәл береді. Олай деп бағалайтыны, біріншіден, бұрынғы кездегі психикасы, мінез-құлқы өзгеріп, соның негізінде жаңа қасиеттер пайда болатынынан. Кейде мұндай өзгеріс аз уақыттың ішінде болуы мүмкін (бірақ, өзгеріске ұшырау жасөспірімдерде бір уақытта кездеспейді). Екіншіден, осындай психиканың жаңа саласының пайда болуынан бала қиналысқа ұшырайды, уайым шегеді (оның тәрбиеге көнуіне бөгет жасайды). Мұндай үлкен өзгерістерді психологтар түрліше дәлелдейді. Осы ғасырдың бас кезінде психолог З. Фрейд (Л.И. Божович) жасөспірім үлкендердің қамқорлығына көнбейтін «өзім барлығын орындаймын» дейтінін жыныстық қасиетінің салдарынан болатын санасыз әуесқойлық деп түсіндірді [64 бойынша].
Жасөспірімдік кезеңде тұлғаның өзін-өзі бағалауында жыныстық ерекшеліктер көрініс табады. Осыған орай, В.Н. Кузницинаның алған мәліметтерін көрсетуге болады. Ол сыртқы келбеттің және тұлғалық сапалардың мәнді белгілерін анықтауда жыныстық ерекшеліктердің болатынын анықтады: қыздар өз сыртқы келбетін бағалауда бет әлпеттеріне көп көңіл бөледі, ал жігіттер – бойы мен физикалық күшіне, оларда қыздармен салыстырғанда бет әлпеттің әдемілігіне қойылатын талап төменірек [65 бойынша]. Жасөспірімдік шақтың психологиялық спецификалық ерекшелігін қарастыра келе, Н.К. Крупская: «бұл жартылай бала, жартылай ересек психологиясы» деп дұрыс атап кеткен [66].
Жасөспірімнің өзін-өзі саналау үрдісі мотивациялық аумақтың өзін де қамтиды. А.Н. Леонтьев атап көрсеткендей, жасөспірімдік жаста оқушылардың мотивтерді салыстыру мәселесін, «маңыздылық» мәселесін шешуде «Мен үшін ең маңызды не?», «Өзге үшін ең маңызды не?», «Мен үшін ең бастысы не, ал онша маңызды емес не нәрсе (оқу, спорт, музыка және т.б.)?», «Мен неге бұлай істеймін, басқаша емес» деген сұрақтар толғандырады [67 бойынша, 270-273 б.]. Алайда, жасөспірімнің жеке тұлғалық құрылымындағы кең аялы танымдық қызығушылық – аса құнды білім алу, егер қажетті педагогикалық ықпал болмаған жағдайда, ол жасөспірімнің оқуға үстіртін қарауына негіз болады. Жасөспірімдік шақтың соңында болашаққа байланысты тиімді мақсаттар қою қабілеттері қалыптасады.
Кейде жасөспірімдерді тәрбиеге көнбейтін «дағдарыс» жасы деп те сипаттайды. Д.И. Фельдштейн жасөспірімдік кезеңнің дағдарыстық болатынын атап кеткен [68]. Қарым-қатынастағы қиындықтар түрлі мақалалар мен психотүзету бағыттарындағы кітаптарда жасөспірімдік жас және олардың мінез-құлқы жайында айтылып келеді. Көптеген мәліметтер мұндай феноменді қарым-қатынастағы қиындықтар ретінде дәлелдейді.
А.А. Бодалев және Т.А. Ковалев осы қарым-қатынастағы «субъективті қиындықтардың» нәтижесінде мақсатқа жетпеу, мотивтерді қанағаттандырмау, қалаған нәтижелерді ала аламау деп санайды [69 бойынша]. Л.И. Божович: «әрбір жас кезеңінің соңындағы жасерекшелік дағдарысы балалар қажеттіліктерінен туындайтын депривацияның нәтижесі болатынын» атап кеткен [70]. Бұл кезеңде сонымен қатар, тұрақты мінез-құлық формасы, жүріс-тұрысы, эмоционалды әсер ету тәсілдері жинақталады және білім, білік, дағды, «Менін» қалыптастыруға тырысып, жаңа әлеуметтік ұстанымды алады. Осылармен қатар, бұл жаста балалық әлемді түйсінуді жоғалтумен қатар, мазасыздық және психологиялық ыңғайыссыз сезімдер пайда болады.
Жасөспірімдік кезеңде тұлғаның дұрыс қалыптасуына өзіндік сананың ықпалы зор. Сана - дамудың ең жоғарғы сатысы және ол тек қана адамға тән психикалық процесс. Өзіндік сана-сезімнің қалыптасу мәселесі осы кезеңде мұндай көпфакторлы, көпжоспарлы үрдістің жаңа деңгейімен басқа сипатқа ие болуына байланысты ерекше маңызды. Ол жасөспірімдердің қабілеттері мен жеке ерекшеліктеріне ғана емес, сонымен қатар олардың бүкіл тіршілік әрекетін жүйелі түрде мақсатқа бағыттап, ұйымдастыруларына да байланысты анықталады.
Жасөспірімдердің өзіндік сана-сезімінің артуы, олардың өзін-өзі тануының сипатты белгілерінің бірі. «Өзін-өзі ересектерге ұқсатқысы келетін жеткіншекке қарағанда, жасөспірім өзін-өзі шынайы ересек ретінде түсінуге тырысады және «Мен қандай ересекпін?» деген сұраққа жауап іздейді [71].
Біздің уақытта жасөспірімдік кезең деп 11 жастан 15-16 жас аралығындағы жасты айтамыз. Л.С. Выготскийдің пікірінше, өтпелі кезең екі үрдістен тұрады:
табиғи – жыныстық жетілумен қоса, ағзаның биологиялық жетілу үрдістері;
әлеуметтік – қарым-қатынас, тәрбие, сөздің кең мағынасы әлеуметтену үрдістері.
Бүл үрдістер әрқашан бір-бірімен өзара байланысты:
әрбір баланың денелік (физикалық) және психикалық дамуының әртүрлі жүруі (бір бала 14-15 жасында ересек болып көрінсе, ал кейбіреулері – әлі кішкене бала секілді болады);
жеке биологиялық жүйемен және психиканың жетілуінде іштей тепе-теңсіздік болады;
әлеуметтік мүмкіндіктер уақыт өте денелік жағына сәйкес келмейді (денелік жетілуі айтарлықтай әлеуметтікке қарағанда тез жүреді) [72 бойынша].
Жасөспірімдік жас өтпелі кезең болып табылатындығы оның биологиялық жағынан. Әлеуметтік деңгейі балалық шағынан айтарлықтай ерекше емес. Жасөспірімдер – әлі оқушылар және ата-ана мен мемлекеттің қамқорлығындағы балалар. Жыныстық жетілу басты биологиялық фактор ретінде мінез-құлыққа тікелей емес, жанама түрде ықпал етеді.
Сонымен қатар, жасөспірімдерде өзін-өзі тану маңызды рөл атқарады. Өзін-өзі тану әсерленушілік емес, ол таным нәтижесі болып табылады. Яғни, өзін-өзі тану арқылы өзіндік сана-сезім қалыптасып, адамның өзіне тән, дамудың нәтижесі көрініс береді. Бұл жерде адам өмірлік тәжірибені игеру секілді, өз алдына болмыстың барлық жаңа жақтарын ашып қана қоймайды, сонымен бірге өмірді жан-жақты ойлаудың тереңдігі қаншалықты күрделі екенін көрсетеді.
Бұл үрдіс адамның барлық өмірі арқылы оның жан-жақты ойлауының өтуін, оның ішкі мәнісінің өте маңызды және негізгі мазмұнын жасайды. Оның өміріндегі әрекеттің және осы жағдайдың субъектісі ретінде өзгереді. Өйткені, ол сыртқы әлемнің және басқа адамдардың объектілерін таниды немесе бейнелейді. Бұл үрдіс әрдайым жеке адам ретінде субъектілердің қарым-қатынасының және қажеттілігінің ортасында болады.
К. Бютнер механизмдер саласында «болжам» деген ұғымды ұсынады. Аффективті үрдістердің когнитивті үрдістерге жанама түрде ықпал етуі [15]. Интеллектуалдылық және аффективтілік өзіндік сана-сезімнің пайда болуындағы күштің күрделі динамикалық білімін кеңес психологиялық мектебінің өкілдері әрі қарай дамытты. Қажеттілік аффективті жағдайды қабылдау үрдісінде тура және тікелей жобаланады. Сонымен қатар, өзінің қажетті аффективтік және когнитивтік үрдістері де бірыңғайлығын көрсетеді.
Отандық ғалым Ж.И. Намазбаева өзін-өзі танудың бірнеше жолдарын талдай келе, соның ішінде басқаларды тану арқылы өзін-өзі тануды ерекше бөліп көрсетеді. «Қарым-қатынас үрдісінде адамдар бірін-бірі танып, бірін-біріне баға береді. Өзгенің осындай бағалауы әр адамның өзін-өзі бағалауынан көрініс танытатын болады». Демек, өзгелердің берген бағаларын ескере отырып, адамдар өзін-өзі бағалайды, таниды [73].
Өзіндік сана-сезімнің компоненттері. Адамның өзіндік сана-сезімінің компоненттерін келесі түрде бөлуге болады:
- жас баланың айлық жасынан бастап дамуындағы және жасөспірімнің түйсіктерді ажырату басындағы, оның денесінің түйсіктерінен туатын сананың тепе-теңдігі және бастамасы немесе нышаны;
- әрекет субъектісі ретінде «Мен» деген сананың бастамасы. Бұл екі-үш жастағы балаларда пайда болады. Жас нәресте жіктеу есімдігін игергенде және балалар негативизмінің алғашқы фазасында туындайтын «Мен, Өзім» деген формулаларының айтылуы;
- өзін-өзі бақылаудағы берілген жағдайды талдап, қорытындылаудың нәтижесінде пайда болған және абстракты ойлаудың жеткілікті дамуын ұсынудағы сананың психикалық қасиеттері;
- ең соңында жасөспірім кезіндегі және жеткіншек кезіндегі жастар әрекет және қарым-қатынас тәжірибесін жинақтаудағы қалыптасатын әлеуметтік адамгершілік өзін-өзі бағалауы және қабілеттілігі, адам өзінің дене мағынасын тануда таным процестерін де ұсынады [74].
С.Л. Рубинштейннің айтуынша, сана адамның қасиеттерімен сипатталатын психиканың даму кезеңі. Адам санасы функциясының барысындағы ең жоғарғы деңгейі – өзіндік сана-сезімнің қалыптасуы мен жетілуі және «Мен» деген ұғымның пайда болуы. Сондықтан да өзіндік сана-сезім сананың ең жоғарғы жеке адамдық қатынас бөлшегі. Адамның өзіндік сана-сезімі жеке адам болмысының ақиқат-шындықта бейнелеуі. Адамның өзін-өзі көрсетуі әрдайым дәлме-дәл емес. Психологиялық негізде сана ең алдымен адамның қоршаған ортасымен және өзін-өзі тану үрдісі ретінде шынайы көрініс береді [75, 174-175 б.].
Сана адамның психикалық іс-әрекетін толығымен қамтымайды. Жалпы түрде сана мінез-құлықтың «реттеушісі» ретінде қызмет етеді.
Сана адам өміріндегі, қоғамдағы анықталған бір сипатты бейнелейді және ойланылған болмыс ретінде пайда болады. Адам өмірінің алдына қойылатын барлық индивидуалды, әлеуметтік, кластық және жалпы адамзаттық мәселелер өздерінің теоретикалық негіздерін қоғамдық-тарихи факторларында детерминацияланған рухани болмыс сияқты жеке адам табиғатының түсінігіне ие болады.
Сана және өзіндік сана-сезім – психология, философия және әлеуметтану ғылымдарының бірден-бір ортақ мәселесі. Сана – бұл психиканың дайындалған феномені тәрізді. Ол ұйымдастырылған ұжымның әлеуметтік қарым-қатынас үрдісінде жасалған материал белгісінде сезіледі және пайда болады. Физикалық «мен» деген бейнесін зерттеудегі жеке адам тәсілден, біз, аффективтік және когнитивтік үрдістердің өзара ықпал етуін, олардың өзіне тән санасын бейнелеу үрдісіндегі субъектінің индивидуалды - жеке адамдық ерекшеліктерінің рөлін көреміз. Бұл өзіндік сана-сезімнің құрылымындағы екі компоненттің өзгешелігін білдіреді. Физикалық «мен» бейнесі когнитивті құрылғы ретінде, эмоционалды және мағыналы қарым-қатынастың (өзін-өзі бағалау) аффективті құрылуы ретінде көрініс береді.
«Өзін-өзі тану» бастапқы көзқарастардағы заттық санадан гөрі психикалық әлемнің ең жоғарғы деңгейін бейнелейді, сондықтан да жеке адамның даму процесінде сәл де болса кешірек пайда болады. Олай болса, нәресте өзінің дүниеге келу аралығын да сезе алмайды. Өмірінің бастапқы кездерінде әдетте, ол қоршағандары қалай атаса, өзін де солай атайды. Ол алғашқы кездерде өзін басқа адамдардың оған деген қарым-қатынастарын субъект орнына, тез арада объект ретінде сезеді. Өзін-өзі тануы әрекет пен қарым-қатынас дамуы нәтижесінде пайда болады [76]. Өзіндік сана-сезімнің қалыптасуы индивидуализация үрдісімен, жеке адамның тұтастығының және даму күшінің үрдісімен байланысты.
Сана «Мен» және өзіндік сана-сезімінен тумайды. Ал өзіндік сана-сезім жеке адам санасының даму жолында туады. Өзіндік сезуге, өзін-өзі тануға қабілеттілік – адамның ерекше құндылығы, яғни өзіндік сана-сезімнің өзіне-өзі сана субъектісі, қарым-қатынас және қимыл қозғалысының тікелей қарым-қатынасында құралады. Олардың стратегиясы (бөлектенуі) - құрылым, интеграция және өзара қимыл-қозғалыстар. Ол ұғымды енгізу – онтогенездегі психикалық дамудың жалпы динамикасы ретіндегі бейнеленген дифференциалдық дәреженің құрылымы.
Кіші мектеп жасына қарағанда жасөспірімдік кезең (12-14) балалық шақтан ересектікке өтуге алғашқы қадам басуымен ерекшеленеді [77, 271 б.]. Сонымен қатар, жеке тұлғалық ерекшеліктері біршама тұрақты. Бұл тұжырым психикалық сфераның жаһандық жағдайдан туындайтынын, дифференциялдылығын және интеграциялылығын ұсынады. Егер сана басқалар туралы білім болса, онда өзіндік сана-сезім адамның өзі туралы білімі, ол өзін рухани «өзін-өзі және басқаларды көріп, білудегі жарық».
Өзіндік сана-сезім бейнесі суретінде екі бірдей бейне көрсетіледі. Сыртқы объект және субъектінің өзі жеке адамның өзіндік сана-сезім объектісі ретінде, бұл адам қалай өзін түсінеді, бақылайды және сезеді деген түрінде. Солай, ол өзіне белгілі болады және ол басқалармен оның көзқарасын ойластырады. Өзіндік сана-сезім арқасында адам өзіне индивидуалды ақиқат ретінде табиғаттан және басқа адамдардан бөлек ерекшеленетіндігін біледі. Ол тек қана өзін басқалар үшін емес және өзі үшін де бар екенін сезе алады.
Жеке адамның дамуындағы өзіндік сана-сезімнің айрықша көрінуі және жас ерекшелікке байланысты күрделене түсуі адамның жастық шағында ерекше маңызға ие. Өзіндік сана-сезімнің актілері, яғни өзін-өзі тануы, өзін-өзі бағдарлау және бағалауы осы жастық шақ кезеңінде нақтыланады. Сонымен бірге оның болашақ өмірі үшін қалыптасуына жол ашып береді.
Жастардың әлеуметтік қоғамдық жағдайда өз орнын табуы, өзінің болашағын жоспарлауы осы өзіндік сана-сезім ретінде жасалынады. Яғни, жастар өзін жеке адам ретінде, өзін өмірдің бір бөлшегі ретінде сезіне алады. Жас жігіттер мен қыздар өздерінің жеке адамдық абыройлықтарын және кемшіліктерін, жетістіктерін дұрыс бағалауына, қоршаған адамдармен өзара түсінушілігіне мүмкіндік береді. Оларды сәл де болса жағымды сыртқы әсерлерге ашылуын жасайды, өмірлік тәжірибеде басқа адамдармен алмасуда жеке адамның қалыптасуы үшін керектігін теңестіреді.
Бұл мәселенің өзектілігі жеке адамды тереңірек зерттеумен, жеке адам дамуындағы объективті және субъективті факторларды, рөлдерді талдауымен байланысты өседі. Сонымен қатар өзіндік бағалау рөлімен және жеке адамның ұжыммен өзара қатынасындағы қажеттіліктерге сәйкес келуімен, өзіндік сана-сезімнің жасерекшелік динамикасын зерттеумен жеке адамның интегративті құрылым секілді бұл үрдісте өзіне тиісті орынға ие болуы қажет.
Жасөспірімдік жас күрделі кезең деп саналады. Бұл күрделілікті жыныстық жетілумен, психофизиологиялық және психикалық ауытқушылықтармен, депрессиямен және нәтижесінде өзін-өзі бағалаудың төмендігімен байланыстырады [78, 50-51 б.].
Жасөспірімнің басты психологиялық жетістігі – өзінің ішкі әлемінің ашылуы. Бала үшін жалғыз танылатын ақиқат, шындық – бұл өзінің қиялын жобалап, ары қарай дамытатын қоршаған ортасы.
Барлық шетелдердегі психологтар әртүрлі жастағы балаларға өздерінің ойынша аяқталмаған әңгіме айтуды немесе сурет бойынша әңгімелер құрастыруды ұсынады. Нәтижесі бірдей, тәртіп бойынша, жасөспірімдер қимылдарды, қылықтарды, оқиғаларды бейнелейді, үлкен ересектер мен жастар – көбінесе ой толғауларға, сезім әсерлеріне тоқталады, сонымен қатар психологиялық контекске қарағанда әңгімелері көбірек ойландырады. Жасөспірімдердегі өзіндік сананың әлеуметтік реттеушілік қызметінің қалыптасуы өзіндік сана-сезімнің дамуының сапалы ауысуымен ерекшеленеді. Жасөспірімдік шақта ересек адамның ұстанымы қалыптаса бастайды, оның ересек болып көрінуін өзге адамдар да қабылдай бастайды. Жасөспірімдер бұл бағалы құндылықтарды өз бойына сіңіруге тырысады. Олар жүріс-тұрысының және іс-әрекетінің мақсаты мен дәлдігін қалыптастырады, өзіне және өзгелерге деген бағасына өзгерістер енгізеді. Мазмұны жағынан бұндай әрекеттер өзіндік, ішкі дүниеге көшірілген әлеуметтік сана болып есептеледі.
Н.И. Гуткинаның зерттеу жұмысында психологиялық үрдістің формальді түрде ұйымдастыру рөлі анықталады [79]. Психологиялық зерттеулер көрсеткендей, бұл әдістемелік және әдіснамалық жағынан өте күрделі. Мұнда біз салыстырмалы жас ерекшеліктің және лангитюдтық көрсеткіштердің айырмашылықтарына соқтығамыз. Салыстырмалы жас ерекшеліктік зерттеуде тәртіп бойынша, өзіндік сана-сезім дамуының дағдарысын белгілейді - «биік шың» қиындығы жасөспірімдік кезеңнің дамуында өтеді.
Әлеуметтік толғаудың реттеушілік қызметі негізінен жасөспірімнің өз кемшіліктерін және өзінің қабілеті мен артықшылығын зерттеуге арналады. Өз кемшіліктеріне ерекше ынталылықпен қарау жасөспірімдік кезеңінің өне бойына тән қасиет: кейде көпшілігінде өзіне риза еместік сезімдері артады. Жасөспірімнің өзі туралы көп ойлануы, өзінің ішкі дүниесін зерттеуі кіші балаларға қарағанда жаңа табиғи сезімді тудырады.
Жасөспірімнің өзі туралы ойлануы, оның өз құрбы-құрдастарының арасында жақсы қарым-қатынасқа жетуі мен жақын жолдастарын сыйлауы, дос табуға тырысуы маңызды стимул болып табылады. Ол өзі туралы және жолдастары арасындағы өзара қарым-қатынас туралы жиі ойлана бастайды. Жасөспірімдердің көпшілігі бір мезгілде бірнеше адамға еліктейді. Өзінің жеке тұлғасына қажетті бейнені олар әртүрлі адамдардың жақсы жақтары арқылы құрастырады. Бір адамды ойша бейнелеп, кейде біреулерден басқа бір қабілетті, соған ұқсас қасиетті бойына сіңіруге немесе ересектерге, өзінен үлкен балаларға және жолдастарына ұқсауға тырысады.
Кейде жасөспірімдердің басым бөлігі бір мезгілде ересектер мен жолдастарына ұқсағысы келеді. Кейбір жасөспірімдерге өз жолдастары өздерін ересектер секілді ұстап жүргендігі үшін қызықтырады. Мұндағы өзін-өзі тәрбиелеу: үлкен жасөспірімдерге өзінің реакциялары мен тәртібін қадағалап жүруі жатады. Олардың көпшілігі өзін-өзі жақсы ұстауға тырысып жатады. Керек болған жағдайда шынайылықты жасыру арқылы көңіл-күйінің төменділігін білдіреді және оны бақылайды. Өзін-өзі тәрбиелеуде жасөспірімдерде өзінің алға жылжуы жөнінде ойы қалыптаса бастайды немесе алдына қойған мақсатқа жете алмағаны үшін күйінеді, өзін-өзі сынай бастайды. Жасөспірімдік кезеңде «Мен» сезімі қалыптасады. Зерттеулер көрсеткендей 8-9 сыныптың көптеген оқушылары өзін-өзі тәрбиелеумен айналыса бастайды. Бұл шақтағы маңызды жаңа кезең – өз қызметінің басты нысанасы ретінде оның өзі болады. Бірде олар өзін-өзі ұстауға тырысады, екіншілері «Менін» жоғары қояды, үшіншілері жаңадан өзіне қажетті үлгі жасайды бастайды.
Көптеген психологтар «Мен» сипаттамасынан өзін-өзі сезіну негізінде қалыптасқан сезімталдық бейнені көреді. Дж. Ст. Милль «Меннің» пайда болуын нақты іс-әрекет есімен байланыстырды. Ал, Ч. Пирстің пікірінше, балада «Мен идеясы» өз денесінің қимылы мен заттардың араласу нәтижесінен пайда болады дейді [80 бойынша, 28-30 б.].
Идеал Менге ұмтылу жасөспірімдерде жоғарғы мотивтер мен сезімдерді, ерлік жасауға ұмтылуға және тәрбиелеуге жақсы мүмкіндіктер туғызады. Жоғары сынып оқушыларында қоғам өміріндегі өз орны туралы түсініктері, өзін тұлға ретінде тану белсенді түрде қалыптасады, бұл өз кезегінде өзін-өзі танудың жоғарғы деңгейін құрайды [81].
Өзіндік сана және «Мен» бейнесі жасөспірімдік жастың маңызды психологиялық үрдісі – өзіндік санамен және бірыңғай «мендік» бейненің қалыптасуы болып табылады. Өзіндік сананы қалыптастыру өтпелі жастың квинтэссенциясы мен басты қорытындысы.
Психологиядағы биогенетикалық шкала өзіндік сананың өсуі мен өзінің «Меніне» қызығушылығын жыныстық жетілуімен байланыстырады. Дене күшінің өсуі, денесінің сыртқы бітімінің өзгеруі жасөспірімді өзіне және өзінің денесіне қызығушылығын арттырады. Сонымен бірге денелік пісіп жетілу бір мезгілде әлеуметтік символ есебінде ересектікке өту болып табылады.Оның әлеуметтік рөлдерінің құрамдық өзгеруі мен килігу дәрежесінің артуы осыған тіреледі. Бұл сұрақтың қойылуы – психиканың дамуының заңды нәтижесі болып табылады.
Дербестіктің өсуі – сыртқы басқару жүйесінен өзін-өзі басқаруға көшу. Бірақ, басқарудың барлық түрі нысан туралы хабарды талап етеді. Өзін-өзі басқаруда бұл туралы хабарлар, яғни өзіндік сана болып табылады. Өзіндік сананың дәрежесі, қиындық баспалдақтары және тұрақты «мендік» интеллектіліктің дамуымен тығыз байланысты.
Жасөспірімдердің жасы өскен сайын (жасына қарап емес, дамуының жылдамдығына қарай) олардың айтқан әңгімелерінің психологиялық мазмұны толғандырады және оның сыртқы «оқиғалық» маңызы төмендейді. Адамдардың бір-бірін қалай қабылдайтындығы туралы әлеуметтік зерттеулер жүргізілгенде, адамның қабылданған бейнесі жасының өсуіне байланысты өзгеретіндігін көрсетті. Л.В. Бороздина - І, Ү, ҮІІІ, Х сынып оқушыларында өздерінің таныс құрбыларына баға беруін олардың бастысы өзіне ғана тән даралығының көрінуін ұсынған, 5 - сынып оқушылары 1-сыныптағы оқушыларға қарағанда мұғалімдерге байланысты фактілерді екі есе кеш білдіреді, 8 - сынып оқушыларында төмендей бастайды, олар жолдастары, мұғалімдері мен ата-аналарына деген қатынасын көрсетеді. Бұл тенденция 10 – шы сынып оқушыларында жалғасады. Жоғары сынып оқушыларының мінездемелеріне жағдайлық ерекшеліктерден гөрі жеке тұлғаның бейнелік ерекшеліктерін аса көрсете бастайды [82].
Жасөспірімдік жасқа дейін өзінің басқалардан бөлектігіне тек кикілжің жағдайларында ғана көңілдерін аударады. Ол өзі сыйлайтын адамдардың қылықтарының жиынтығымен астарланады. Сана мен өзіндік сана-сезімінің дамуы үшін өзінің тұрақтылығын түсіну маңызды. Жасөспірімдік кезеңде жағдай өзгереді, жастың өсуі мен уақыттың субъективті өзгеруінің жылдамдығы артады. Бұл тенденция үлкен жастық кезеңде де жалғасады. Ересек адамдар уақыт туралы айтқанда, оның жылдамдығын баса көрсететін теңдеулер іздейді, бозбалалар статистикалық бейнелерді (жоғары көтерілетін жол, биік жар) сипаттайды [83].
А.В. Петровский сана құрылымында төрт негізгі сипат байқалатынын көрсетті:
сана қоршаған дүние жөніндегі білімдердің жиынтық бірлігі, оның құрылымына барша танымдық үрдістер енеді.
санада субъект пен объектінің айырмашылықтары бекітіледі. Органикалық әлем тарихында тек адам өзін басқалардан бөлектеп, олармен салыстыра алады.
мақсат - болжау әрекетін қамтамасыз ете алады. Адам табиғат берген заттың формасын өзгертеді, сонымен бірге өзін өзгерту ісі заңдық сипатқа ие саналы мақсатпен ұштастырылып, іс-әркеттің сипаты мен тәсілдерін алдын-ала белгілейді, ерік күшіне бағындырады.
осыдан сана қызметі: мақсат қалыптастыру, себеп-салдарын анықтау, еріктік шешім қабылдау, іс-әрекеттің орындалу жолын айқындайды және сана құрылымында әрекетке орай қатынастар орнығады.
Жасөспірімдерде ересектердің субъективтілік жағдайы объективтілік белгілермен бекиді. Жыныстық тұрғыда пісіп жетілуі, басқа жынысты адамдармен қарым-қатынасқа құштар болуы, сүйіспеншілік және өзара достық сезімдерінің пайда болуы, т.б. Мүшелерінің дамуындағы үйлесімділік тепе-теңдігі бұзылып, бұл жағдай көбінесе ашушаңдыққа, сабырсыздыққа, жұмыс қабілетінің төмендеуі мен ұқыпсыздыққа алып келеді. Жасөспірім өзінің ішкі әлемімен, өз күйзелісі, өз ойлары және сезімдерімен өмір сүреді. Бұл жерде ересектердің көмегі, түсінуі, оның сезімдері мен ынтасына құрметпен қарауы өте маңызды [84, 56-57 б.].
Сонымен қатар ересектер жағынан жасөспірімнің «Меніне» қолдау жасалу қажет. «Мен» - бейнесі кейбір объективті бірлестіктердің ағысуы мен қасиеттердің өзгеше түсінуі ғана емес, сонымен бірге бұл әлеуметтік тұжырым, жеке адамның өзі-өзіне қатынасы, өзіне үш түрлі өзара қатынасты компоненттерден тұратын: танымдық – өзіне білу, өзінің қасиеттері мен санасы туралы; эмоционалды – бұл қасиеттерді бағалай білу және осыған байланысты өзіне-өзі жақсы көру, өзін-өзі сыйлау т.б. сезімдер; мінез-құлықтық – өзіне деген практикалық қатынас, демек алғашқы екеуінің туындысы. Американдық психологтар Р. Симмонс пен Розенберг көлденең кесу тәсілі бойынша зерттеу жүргізіп, үш жас топтарының 8-11 жас аралығында, 12-14 жас аралығында, 15-17 жас аралығындағы өзіндік «мендік» бейнелерін салыстырды. Бұл жерде 12-14 жас аралығындағы топ өзіндік сананың қалыптасуында ерекше орын алады. Бұларда өзін-өзі бақылау, эгоцентризм күшейе түседі. «Мен» бейнесінің тұрақтылығы азаяды, өзін-өзі сынауы сәл ғана төмендейді және кейбір қасиеттерді өзінше бақылауы көп мөлшерде өзгереді. Жас балаларға қарағанда жасөспірімдер көбінесе ата-аналары, мұғалімдері, құрбылары өзі туралы нашар пікірде деп ойлайды. Бозбалалық шаққа өткенде бұл суреттеулер өзгере бастайды [74 бойынша]. 15 жастан бастап өзін-өзі сыйлауы жоғарылайды, қысылуы азаяды, өзіне-өзі баға беруі тұрақтанады. Басқа елдерде жүргізілген зерттеулерде осыны дәлелдейді. Мысалы: «Мен» бейнесі ФРГ-да 12, 16, 19 жастағы гимназистер арасында жүргізгенде көпшілік өзгерістер 12 жастан 16 жас аралығында болатындығын, ал одан кейін тұрақтанатындығын көрсетті. Оған «мендік» бейненің қалыптасуы негіз болады. Тек өзіне ғана тән ерекшеліктері болатынын, психосексуалды идентификация кезеңінің бітуі, жастық дағдарыстың өшуі, сол сияқты өмірге әртүрлі көзқарастар қалыптасады және саяси өзін-өзі анықтау жалғасады (кәсіп таңдау мәні туралы, т.б.). Жоғарыдағы мысалдар негізінде, агрессияны мінез-құлық ретінде ғана емес, танымдық, эмоционалды және ерік компоненттерін көрсете отырып, психикалық жағдай ретінде қарастыру қажет. Кейбір психологтар, мысалы Лазарус агрессияның негізгі қоздырушысы қорқыту деп санайды, яғни қорқыныш күйзелісті тудырады, ал агрессия күйзеліске қарсы реакция болып табылады [85 бойынша, 195 б.].
Қандай да бір газет, журналдар, радио-бағдарламалар не болмаса, қандай да бір телебағдарламаларды агрессия немесе зорлық-зомбылық оқиғаларынсыз көз алдына келтіру мүмкін емес секілді: жыл сайын американдық қарттардың 4% өздерінің отбасы мүшелерінің зорлық-зомбылық оқиғаларының құрбаны болады (Paqelow, 1984); балалардың 16%-ның хабарлауы бойынша, оларды үлкен әпке-ағаларының ұрып-соғуын мәлімдеген (Straus et al, 1980); АҚШ-та жыл сайын миллиондаған зорлық-зомбылық қолданылған қылмыстар тіркелген, олардың ішінде 20 мыңнан астамы қастандық пен кісі өлтірушілік болып табылады (Bereau of Census, 1988); 15 жастан 34 жасқа дейінгі қара нәсілділердің өлімінің ең негізгі себебі – зорлық-зомбылықты қолдану арқылы өлтірілу болып табылады (Butterfield, 1992).
Агрессия – кез-келген мінез-құлық, жүріс-тұрыс формасы. Басқа бір жанды балағаттауға, біреуді сөгуге, тіл тигізуді көздеп, басқа тіршілік иесіне зиян келтіруі.
С.Т. Холлдың пікірі бойынша, «бала толыққанды дамуы үшін» өз халқының сезімдері мен көзқарастарын басынан өткеруі қажет [86 бойынша, 18-19 б.]. Бұны келтіріп отырған себебіміз, баланың «қиын бала» атануына өз халқына тән мәдениетпен, салт-дәстүрмен тәрбиеленбеуі де, ғылыми тілмен айтқанда, этнопсихологиялық ерекшеліктердің ескерілмеуі де өз әсерін тигізуде. Агрессивтілік деңгейі әлеуметтендіру үрдісіндегі оқып-үйретумен қатар, әлеуметтік жауапкершілік нормалары және агрессия актілері үшін жаза қолдану тәрізді аса маңызды мәдени-әлеуметтік нормаларға бағдар тұту ретінде де айқындалады. Бұл жерде жағдаяттық өзгермелілік (айналадағылардың ниет-пиғылдарын өзіндік қабылдау, кері байланыс алу мүмкіндігі, қару-жарақтың араңдатушылық ықпалы, т.б.) маңызды рөл атқарады. Агрессивті әрекет аутоагрессия сипатында (мысалы, өзіне өзі қол жұмсау, т.б.) субъектінің өзіне қарсы бағытталуы мүмкін.
«Агрессия» термині көбінесе теріс эмоциялармен ойға байланыстырылады. Агрессия (латынша - agressio – шабуыл жасау) – бұл физикалық немесе психологиялық түрде басқа тіршілік иесін басуға және зиян келтіруге бағытталған дұшпандық, шамданған сипатты мінез-құлық [18, 108 б]. Біздің келтірген анықтамаларды агрессияның үлгісі ретінде қарастырған жөн. Оны эмоция, мотив, құрылғы секілді зерттеу дұрыс болмас.
Агрессия көп жағдайда субъектінің фрустрацияға (нақты немесе ойдан шығарылған кедергі) жауап әрекеттерінде көрініп, ашу-ыза, өшпенділік, жек көру және т.б. эмоциялық ахуал сипатына көшеді. Бұл тәрізді реактивті агрессияның әр ыңғайдағы көрініспен (экспрессивті агрессия, импульсивті агрессия, аффективті агрессия) біреуге мақсатты-саналы түрде зиян келтірумен сипатталатын өшпенділік агрессиясын және әрекет ету мақсаты бейтараптылықты, ал агрессия оған қол жеткізу құралы ретінде пайдаланатын инструменталды агрессияны айыра білу қажет.
Бұқаралық әлеуметтік құбылыстар кезінде (террор, ұлттық кемсітушілік, діни идеологиялық қақтығыстар секілді) дамитын агрессия түрлеріне олардың таралуы мен өзара индукциясы, өздері жасаған жау бейнесінің үйреншікті сипаттамасы жатады. Субъектінің агрессивті мінез-құлқы – жеке тұлға агрессивтілігінің салыстырмалы түрдегі табанды ерекшелігі ретінде қарастырылады.
М. Мид бірлестікті қарастыра отырып, өте қызықты бақылау жасады. Бірлестікте бала жағымсыз тәжірибе алған болса, ереже бойынша оның тұлғасы жағымсыз сипатта қалыптасады. Ересектермен өзара әрекеттесу стилі келесідей болады: шешесі баласын ана сүтінен ерте айырады, көп уақытын жұмысқа арнайды, анасымен қарым-қатынас жиі болмайды. Тәрбиелеудің арты қатаң түрде болады: жазалаулар көп болады, балалардың бір-біріне деген қатыгездіктеріне ата-ана онша мән бермейді. Нәтижесінде, балада мазасыздық, күдікшілдік, күшті агрессивтілік, эгоизм және қатыгездік сапалары қалыптасады [87, 1-2 б.].
Агрессияның кейбір көрінісі қозғыш психопатия, паранойя, эпилепсия және т.б. осы секілді жеке тұлғаның даму үстіндегі патопсихологиялық белгілері ретінде көрінуі де ықтимал. Агрессивтіліктің өзін-өзі бақылауын қалыптастыруда және агрессивті актілерді кідірте тұруда басқа адамды бірегей құндылықтардың иесі деп танып, оны түсінуге тырысу, жаны ашу тәрізді субъект қабілетінің түп негізінде жататын эмпатия, сәйкестендіру және орталықсыздандырудың психологиялық үрдісінің маңызы зор.
Жастардың ауытқушы мінез-құлқы екі категорияға бөлінеді. Біріншіден, бұл психологиялық ауытқуы анық немесе жасырын психопотологиялық болып келетін мінез-құлық, екіншіден, қандай да бір әлеуметтік және мәдени нормаларды бұзатын әлеуметтік нормаларға қарсы мінез-құлық. Осының барлығы көп жағдайда жасөспірімнің санасы мен психологиясына әсер ететін көптеген факторлардан тұрады. Ондай факторларға жеке дара әлеуметтік-психологиялық және әлеуметтік факторлар жатады [88, 19 б.].
Әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан келгенде жекелеген адамдардың агрессивті мінез-құлықтар жиынтығының бұқаралық сипаттағы құбылыс ұғымының шеңберіндегі тұлғааралық агрессияның – топтық агрессияға айналуының мәні бар.
Агрессивті мінез-құлық – адам әрекетінің ерекше формасы, мұндай мінез-құлық субъектінің нұқсан келтіру мақсатымен өзінен басқа адамға немесе адамдар тобына өз артықшылығын білдіріп, қыр көрсетуі немесе күш қолдануға тырысумен сипатталады. Агрессивті мінез-құлық қарқындылығы мен пайда болу дәрежесі бойынша: жеккөрушілік, жақтырмаушылықтан – тіл тигізуге (вербальды агрессия) және дөрекі түрде күш қолдануға (физикалық агрессия) дейін барады.
Шетелдік психологияда агрессивті мінез-құлықтың пайда болуының себеп-салдарының сан алуан түсіндірмелері кездеседі. Агрессивті мінез-құлықтың нақты көріністерін түсіну үшін жеке тұлғалық және ұжымдық әрекеттің жалпы құрылымындағы оның орнын айқындап алған жөн. Мысалы, агрессивті акт субъектінің қорғаныстық жауабына ұқсамауына, аффектінің салдары еместігіне немесе агрессивтік мінез-құлық өзіндік мақсат-мүдде мен мәнге ие болып, ерекше жеке тұлғалық және ұжымдық іс-әрекетке (ауытқыған, теріс мінез-құлық) көшуіне т.б. назар аудару қажет. Вульф пен Берон 2 топтың агрессивті тәртібін салыстыра отырып, белгілі бір қорытындыға келді. 1 топқа 20 кез-келген таңдалған университет студенттері, 18 жастан 20 жасқа дейінгі ұл балалар. Ал, 2 топқа сол жастағы темір тордағылар, сол уақыттағы абақтыдағы өте қатаң тәртіптегі адамдар. Олардың биографияларында төтенше агрессиялық іс-әрекеттер тіркелген. Неміс психологы К. Левиннің айтуынша қазіргі қоғамда екі дербес топ бар: ересектер (үлкендер) мен балалар. Олардың әрқайсысы басқа ешкімде жоқ артықшылықтарға ие. Жасөспірім болса осы екеуінің арасында: ол енді балалар тобына жатқысы келмейді, ересектер тобына қарай ұмтылады, бірақ ересектер оны өзіне қабылдай бермейді.
Дәл осы тұста К. Левин жасөспірімге тән ерекшеліктің негізін көре алды. Оның ойынша, екі топ арасында қашықтық ұлғайған сайын, соғұрлым өтпелі кезең қиыншылықтарға толы болады [89 бойынша, 43-44 б.]. Жасөспірімнің өзіндік сана-сезімінің қалыптасыуына қоғамдық сананың рөлі ерекше. А.Т. Спиркиннің пікірінше, адамның өзіндік сана-сезімі, адам қалыптасқан кезден басталады және ертедегі дәуірден кейінгі даму кезеңдеріне байланысты. Бұл көзқарасты қабылдасақ та, өзіндік сана-сезімінің айырмасы ретінде әлеуметтік-психологиялық мінез-құлық сана-сезімнің дамуына әсер етеді.
Өзіндік сана-сезімнің құрылымынан мынаны бөліп көрсетуге болады:
а) Өзінің «менін» жақын және алшақ мотивтері мен мақсаттарын саналы түрде түсіну;
ә) өзін шынайы және қалайтын сапаларын саналы түрде түсіну («Реалды Мен» және «Идеалды Мен»);
б) өзі туралы танымдық және когнитивті көзқарастар («Мен бақылаушы объект ретінде»);
в) өзіне деген сезімталдық, эмоционалды көзқарастар.
Осыған орай, өзіндік сана-сезімнің төмендегідей жақтарын қарастыруға болады (Л.Д. Столяренко бойынша):
- өзіндік таным (өзін интеллектуалды аспектіде тану);
- өзіне қатынасы (өзіне деген эмоционалды қарым-қатынасы).
Л.Д. Столяренко сана құрылымын төрт деңгейде бөліп көрсетеді:
тікелей-сезімдік деңгей - өзін-өзі түйсіну, ағзадағы психосоматикалық үрдістерге өзіндік уайымы, психикалық күйлері, нәтижесінде жеке адамның қарапайым өзіндік идентификацияға қол жеткізуі;
тұтастай-бейнелі, тұлғалық деңгей - өзін-өзі саналы түрде түсіну әрекетінің бастамасы ретінде, өзін-өзі уайымдаудан, өзін-өзі жетілдіруден, жағымды және жағымсыз идентификациясынан, «Өз менінің» аутоидентификациясын қолдаудан көрінеді;
рефлексивті–интеллектуалды–аналитикалық деңгей - жеке адам өзінің ойлау процестерінің мазмұнын саналы түрде түсінуі, нәтижесінде өзін-өзі бақылау, өзін-өзі талдау, өзін ой елегінен өткізуі, өзіндік рефлексия;
мақсатқа бағытталған әрекеттік деңгей - қарастырған үш деңгейді өзіндік деңгейде талдау, нәтижесінде жүріс-тұрыстық реттеу, көптеген мотивациялық функциялардың түрлері, атап айтқанда, өзін-өзі бақылау, өзін-өзі регламентациялау, өзін-өзі бағалау, өзін-өзі жетілдіру, өзін-өзі сынау, өзін-өзі тану, өзін-өзі көрсету арқылы танытады [90, 136 б.].
Бүгінгі таңда мектептің, жоғарғы оқу орындарының басты мақсаты, білімді, мәдениетті, шығармашыл, белсенді және адамзаттық құндылықтары толысқан тұлға қалыптастыру болып табылады. Жеке тұлғаның қалыптасуы мен дамуы бастауыш сынып жасындағы балаларда қарқынды жүретіні белгілі. Өйткені, барлық қабілет-қасиеттердің негізі мектепке дейінгі кезеңде қаланып, кейін олар тереңдей түсетіні психология, педагогика, психофизиология ғылымдарында теориялық және тәжірибелік тұрғыдан дәлелденген.
Өзіндік сана-сезім адамның практикалық әрекетімен тығыз байланыста сыртқы дүниемен өзара әсерін болжайды. Адамдар басқалар арқылы өзін таниды, өздерінің қылықтары мен пікірлерін қалыпты жағдайда деп санайды, басқалардың альтернативті реакцияларын, мотивацияның компоненттерімен салыстырады. Мысалы, жеке адамның қасиеттері, логикалық қалыптар мен байланыстар нақты өмірде автоматты түрде таралған. Өзіндік сана-сезім сферасында қажеттіліктер өзін көрсетуді дәріптеуден туындайды, егер тұрақты бағалаулар болса, онда индивид нақты өмірде өз сезімін жоғалтады, ал оның рефлексивті «Мені» ақпаратты бағалауы болып табылады.
В.С. Мерлин былай деп жазады: «тұлғаның іс-әрекетке бейімделу механизмдерінің мәні мынады: талаптану деңгейі сәттілікке немесе сәтсіздікке байланысты өзгеріп отырады». Ол өзін-өзі бағалауды жеке адамның сәтсіздікті немесе сәттілікті басынан кешірудің шартты факторларының бірі деп санайды [91, 32-53 б.]. С.М. Жақыповтың ойынша, бейімделудің жоғарғы деңгейі адамның тұлға ретіндегі «жүйелі қасиеттері» болып табылады. Тұлға өзгерген әлеуметтік ортаға түскенде психологиялық ерекшелігі бар бейімделуде белгілі бір қиындықтарға кезігеді. Осы ерекшеліктер, адамның әлеуметтену үрдісі арқылы тұлғаның психологиялық ерекшеліктеріне айналады. Сөйтіп, тұлғаның биологиялық факторларына негізделген жеке ерекшеліктерімен қоса, тұлғаның бейімделу үрдісіне негізделген жеке ерекшеліктері пайда болады. С.М. Жақыпов тұлғаның әлеуметтік ортаға негізделген жеке ерекшеліктері бейімделу үрдісінің динамикасын және ортаға бейімделуінің деңгейін көрсетеді деп айтқан [92].
Өзіндік сана-сезімнің өмірлік функциясы - индивидтің өзі туралы қажетті мағлұмат беріп қана қоймай, нәтижелі түрде өмірлік бағалауға көмек береді, өзінің сезімінің тұтас бейнесін көрсетеді. Мысалы, өзін-өзі құрметтеу, өзіндік сана-сезімін антологиялық тұрғыда қарастырса, оны танымдық аспектіде де қарастыруға болады. Өзіндік сана-сезімнің формасы танымдық формада өте күрделі.
Өзіндік сана-сезім – бұл сананың өзіне бағытталуы, ал сана объектісі-өзіндік сана-сезім. Р.Чамата пікірінше, адамның туылғаннан бастап өзіндік сана-сезімінің көріністері бар. Ағзаның бірлігі мен жекеленген жүйке жүйесі жеке адамның ең негізгі материалы болып табылады. Өзіндік сана-сезім бұл әр түрлі баспалдақтан өтіп дамиды. Мәселен, жасөспірімдік жастағы балалар өмір тәжірибесінің жеткіліксіздігіне қарамастан отбасындағы жақын адамдардың ақыл-кеңестерінен гөрі құрбыларының пікірімен көбірек санасады және соны ескереді, оларға еліктейді [93 бойынша, 150-151 б.].
Жеке адамның дамуы жоғары болса, оның әрекеті мен қылығы да жоғары болады, оның өмірлік жолының дұрыс болуы өзіндік сана-сезімге байланысты. Өзіндік сана-сезімді адамның жан дүниесінің айнасы ретінде көрсетуге болады. Жасерекшелік психологиясында ерте балаң жасқа өткен кезде өзіндік сана-сезімнің саналы өзгерісі әлеуметтік және дара белсенділігінің дамуымен анықталатынын қарастырған. Таным үрдістері сыртқы дүниедегі таным объектілері арқылы адам өмірінде басқа адамдар бар екенін сезінеді. Бұл үрдістердің барлығы қажеттіліктер, субъектіге жеке адам секілді қарым-қатынас, өзіндік сана-сезімнің динамикалық бірлігі, білім және оған деген қарым-қатынасы, интеллектуалдылығы және аффективтілігі тәрізді талай көзқарастарды шетел және кеңес психологтары өз еңбектерінде қарастырған. Сонымен бірге, олардың негізгі қызметі – оқу болып табылады [72, 86-87 б.]. Әртүрлі мектептерде Л.С. Выготский, А.Л. Леонтьев, С.Л. Рубинштейн, В.И. Мясищев, А.А. Бодалев т.б., өздерінің көзқарастары бойынша дамытуға көптеген еңбек сіңірді.
Адамның өзіне қызығушылығы «Мен» - ұғымы арқылы анықталады. Психологтар көзқарасы бойынша, адамның «Мені» бұл өте жоғары және интегралды мағлұмат, оны динамикалық жүйелі психикалық үрдістер арқылы сезінеді.
Мен және өзіндік сана-сезім бұл бір тұтас дүние. Адамның «нағыз менін» қарастырсақ, белгілі бір мақсатта ойластырылған, басқа біреуі өз менін даралық ретінде қалдырса, онда арнайы мәнін жоғалтады. Декарт бойынша «Мен» - танымның абстрактілі субъектісі, Локк бойынша – ішкі сезімдер, Юм бойынша – өзін-өзі сезінудің бірін-бірі ауыстыруының жиынтығы, Фихте бойынша – іс-әрекеттің жалпыланған субъектісі [80 бойынша, 28 б.].
Адамның мәні бұл өмірдегі жағдайларға байланысты өзгереді. Өзіндік сана-сезімнің дамуына адамзатқа жалпы инвариантты негіздер бар. Ол тарихи өмірден маңызды ортадан келе жатқан өзін-өзі бақылау мен мінез-құлқын басқару. Күрделі жүйеде оның қоғаммен және басқа адамдармен қарым- қатынасы. Өзіндік сана-сезім өмірде бар екеніңді сезіну, өзінің қоғамдағы орнын анықтау, өзінің мүмкіндіктері мен бастан өткізгендерін сезіну. Өзіндік сана-сезім психологиялық әрекетте жеке адамның өмірінде оның қозғалысының ситуативті бірлігі мен байланысын өзінің «Мені» арқылы түсінеді. Субъект ретінде басқа субъектіден өзінің айырмашылығын анықтайды.
Өзіндік сана-сезімді психологияда үрдістер арқылы өте кең мағынада нәтижелі түрде қарастырады. Біріншіден, өзіндік сана-сезім танымның динамикалық бірлігі, ол әрдайым қозғалыста болады. Екіншіден, өзіндік сана-сезімді процесс ретінде түсіну үшін нақты әрекетте өзіңді тану нәтижесі, өзіндік қарым-қатынас және өзін-өзі басқару деңгейі құбылыстарының себебін білу. Үшіншіден, мұндай өзіндік сана-сезім ішкі динамикалық процесс, оның ішкі қатынас айырмашылығы, оның детерминантты жүріс–тұрысына әсер етеді. Төртіншіден, өзіндік сан-сезімді құбылыс ретінде, психикалық жағынан мүмкіндігін қарастырады.
И.М. Сеченов өзіндік сана-сезім тұжырымдамасында адам шексіз көзқарастарды өз деңгейінен алады. Олардың біреуі жәй ғана именшек, ал екіншісі дененің ішкі дүниесінен және анықталмаған терең сезімі бар. Өзіндік сана-сезімнің қасиеті жеке адамды қалыптастыруы.
А.А. Меграбян пікірінше, өзіндік сана-сезімді заттық сана бойынша байланыстырады. Біріншіден, белсенді әрекеттің басында өзінің «менін» жоғалту бұл деперсенолизация деген атпен анықталады. Екіншіден, адамның тепе-теңдік санасын жоғалтуы. Бұл адам тұнық санасын сақтайды, дұрыс бағытта болады. Мұнда заттық сананың бұзылуы «Мен» сана- сезіміне және өзіндік санасының тепе-теңдігіне нұқсан келтіреді.Үшіншіден, өзіндік сана-сезім бұл психиканың қасиеттерін түсіну. Жеке адамның қасиеттерін анықтау үшін сұрақ-жауап, эксперимент немесе байқау әдістері жүргізіледі. Бұл адамның өзін-өзі тануы мен әлеуметтік ортада көрініс беруін анықтайды. Төртіншіден, әлеуметтік адамгершілікті бағалау өзінің психикалық қасиеттерін саналы түрде сезіну.
Өсіп қалған дербестік сезімі мен жасөспірімнің психологиялық мүмкіндіктері арасында пайда болған қайшылықтар оның әрі қарай психикалық дамуына алып келеді [89, 40 б.].
Достарыңызбен бөлісу: |