Есенбай Дүйсенбайұлының «Қырық хикметі» топтамасында қазақ халқының саяси-идеологиялық, отарлық, ғаламдық жат ықпалдарға ұшыраған, иман шарттарының орындалуынан ауытқыған мүшкіл хал-ахуалын сынай, өкіне жырлаған.
Ақын халықтың жат ықпалдардың әсерінен ауытқыған жағдайын күйіне толғаған:
Ақша мен атаққа ауып жас алаңым,
Шылыммен арақ болды асағаным.
Шындықты жұрт көзінен тасаладым,
Шайтанмен сейіл-сұхбат құрдым кеше.
Қойныма қолшоқпар мен тас аламын,
Бақастың істерімде аса мәлім.
Бастығым шаш ал десе, бас аламын,
Обал менен сауапты ұрдым кеше [15. 139-140 бб.].
Қарын тойса, қанағатты тоба ғып,
Отыра алмай кәрі-жасы омалып.
Адал еңбек ат-көлігін доғарып,
Адамдардан ар-абырой жоғалып.
Заман келді бәрі ақшаға қараған,
Итше ырылдап бірін-бірі талаған! [15. 142 б.].
Ақын мұсылмандық бес парыздың бірі Меккеге қажылыктың да бұрынғы абыройлы арнаулы сапарлауының («Бір тәкия қалдырған Құнанбайша Құдайына құлдықпен ораларды») да қазіргі заманғы «Қазақтағы қажылық құр мақтанға?» айналған сипатын күйзеле сынайды:
Арқаланып не өзін, бай туысын,
(Жамағаттың осылай айтуы шын)
Қажылыққа біздер де барып жүрміз,
Саяхаттап туристей қайту үшін.
Алматы мен Меккені салғатырып,
Қажы деген атақты алға астырып.
Асып-тасып аспаннан түсер едік,
Қара жерде арақты жалғастырып... [15.159 б.].
Ақын Әлімжанов Баянғадидің өлеңдерінде фәнидегі пенделер арасындағы таусылмайтын қақтығыстарға, жауласуларға күйзеледі. Өзара кінәласкан. жұлмаласқан пенделер әрекеттерінің психологиялық зардаптарын («Бытырлатып үземіз кеп аямай жанымыздың нәзік жалғас жібін біз») айта келе, жалған дүниенің өткіншілігін, бәрін де бақылаушы ұлы Жаратушы Алла құдіретін сезінуді дәлелдейді:
... Неге сонша жауласамыз жат болып,
Бір емес пе бәріміздің түбіміз?!
Өкпелейміз өзімізден өзгеге,
Міндетсиміз бірер ауыз сөзге де.
Алтын үшін алысқанда табарың -
Ақыреттік алты құлаш кездеме.
Соның бәрін біле тұра, дүние-ай,
Таласамыз біреу таққан жезге де! [22. 6 б.].
Адамдардың осынау жалт етіп өте шығатын фәнидегі аз ғұмыр кезеңінле тіршілік қозғалысындағы ұсақ-түйектердің бәрін байтарын қатыратын рухани азапты сықпыттарына «Неге біздер мұңаямыз жүжіліп, Адамнан да заманнан да түңіліп. Миқата боп неғыламыз мәңгілік ой жетпейтін тұңғиыққа үңіліп» күйзелген лирикалық қаһарман осының бәрінің иесі де, киесі де Жаратушы жалғыздың құдіретін ұмытпауды ескертеді:
... Төбемізден күле қарап тұрғанда
Кәрі күшті, рахымы мол ұлылық!!! [22.6 б.].
Қазіргі қазақ поэзиясындағы сыншыл лирикалық өлеңдер діни-ислам дүниетанымы ұғымдарын негізге ала отырып, әлеуметтік кайшылыктар,жағымсыз қасиеттер мен кұбылыстар орын алып отырған адамдар коғамы ортасындағы келеңсіздіктерді әшкерелей жырлайды. Ақын Серік Ақсұңқарұлының «Шайтанкөлге барған кезде», «Жұмақ», «Қабыл мен Әбіл», «Сайтан мен періште» атты өлеңдерінде адамзат ұрпақтары арасындағы жақсылық пен жамандық жағаласқан, әділетсіздік, өктемдік, алаяқтық мол орын алып келе жатқан тіршілік шындығын мұңды-шерлі, өкінішті ойлармен толғайды.
Лирикалық қаһарман - фәнидегі жалғандықтың, әзәзілдіктің салтанат құрған, дәурені жүріп тұрған сипатын көріп әбден түңілген замандастарымыздың көркем жинақталған тұлғасы. Бақидағы жұмақ ұғымына барабар, сипаты фәнидегі келісті тұрмыс суретін бейнелеуі де арам жолмен байлық жинаған сырты «сымбатты» жасанды, жылтыр шындық келбетін көз алдымызға әкеледі:
Жүзімі мөлдіреп,
Алмасы албырап,
Бұрқанып шарап патшасы.
Айқара ашық жатыр ғой Жұмақ қақпасы.
Кез болып қалдым тосында,
Сығалап едім, бәрі де көңіл хошында.
Осында - күллі қағылған мен соғылған,
Оңбағандар мен сорлағандар да осында.
Көзімді телміртіп, көзімді бұзған,
Аллаға жетсем, сені де жыр ғып айтам бір.
«Періште ғана барады!» дейтін жұмақта
Сақылдап күліп «Сайтан жүр!» [16.216 б .].
Бұл - қазіргі тұрмыс шындығын бақидағы жұмақпен баламалап шартты поэтикалық мағынамен бейнелеген сыншыл өлең. Алдаумен, арбаумен. тонаумен жұмақ сипатты молшылық тұрмыс жасап алғандар ортасындағы лирикалық қаһарманның хал-ахуалы өмір шындығына сай бейнеленген: «Тозақта менмін, жанбайтын отқа салмақ да, салсаң да суға батпайтын менмін - осында» [16.217 б .].
Ақын адамзат ұрпақтарының ғасырлар бойы өзара жауласқан, бірін-бірі өлтірген күншілдік, іштарлық, қараулық, қатыгездік, кісі өлтірушілік, т.б. - бәрінің бастауында тұрған Адам Ата мен Хауа Ананың үлкені Қабылдың бауыры Әбілді өлтіруінен басталған қызғаншақтық-күншілдік қасіретінің мәңгілік зардаптарына күйзеледі. «М. Мағауинге» деп арнау қойылған «Қабыл мен Әбіл» өлеңіндегі лирикалық қаһарманның мұны жалпыадамзаттық ортақ қасірет жыры боп төгілген:
... Қалай ғана шайқалды екен тұнығым,
қайтіп енді ақталады ол маған?
Бір құрсақта бірге жатқан құлынын,
өлтірді екен қалай Қабыл - оңбаған?!
... Ел көзінен шуақ іздеп сабылдым,
ендігі бұл қарекетім кеш, білем:
Жазықсыздан жан тапсырған
Әбілдің Кіндігінен нәсіл жоқ деп естігем...
... Жүрегімде сауал менен нала көп,
сенің-дағы шерің екен сол, Аға:
кісі өлтірген Қабыл деген Қарабет
адамзаттың арғы атасы бола ма?!![16. 238 б.]
Ақындардың адамзат ұрпақтарының арасында орын алып келе жатқан имандылық жолынан ауытқушылықтардың себепкері әуелде жүргендерінде Адам Ата мен Хауа Ананы азғырып жолдан ауытқытқан. Олар Алланың сынағымен жер бетіне түсірілгенмен олардың ұрпақтарын азғындатуын тоқтатпаған Ібіліс сайтан ықпалынан ажырау тілек-мүнәжаты да үнемі жырлануда. Дәулетбек Байтұрсынұлының Аллаға сиынған осындай өлең шумақтары бар:
... Адамға бердің бәрін бағындырып,
Көбейіп... тайраңдады тағын құрып.
Күнәкәр пенделерің азғындауда,
Ібіліс әкетуде табындырып...
Сәулесіз өткен күнге өкінемін,
Кірлерін жүрегімнің кетіремін.
Адасқан мынау әлсіз құлдарыңның,
Иманмен жарқыратқын көкірегін! [17.50 б.].
Қазіргі қазақ поэзиясындағы сыншыл сарынды діни-исламдық өлеңдерде әртүрлі ағымдарға, секталарға кірген адасқандар әшкерелене сыналуда. Ақын Серік Қалиевтің «Алла діні - аманат», атты өлеңінде исламды бұрмалап жүрген жалған діндар-қаскүнемдер сыналады, исламның ақиқат жолына адал болу уағыздалады:
... Жаратқанға жалынып жыладың ба?
Жайнамызға жалп етіп құладың ба?
Бар амалың жойылар, мүше болсаң,
Ат қойып, айдар таққан бір ағымға.
Мұны естіп жынданасың,долданасың,
Ісіңе дәлел таппай қор боласың.
Қайтпексің сен мүше боп кіргенағым,
Пайғамбар заманында болмағасын.
... Қасақана көлгірсіп, қас алдайды,
Нәпсісінен тәкаппар аса алмайды.
Алла діні - аманат адамдарға,
Аманатқа қиянат жасалмайды! [18, 68-69 бб.].
Ақын - қазіргі замандағы имансыздыққа баулып тәрбиелеп жатқан мәңгүрттер ортасын сынайды. «Өнімдер» атты өлеңдегі ұрпақтарды жетесіздікке, имансыздыққа қалыптастырып жатқан адамзат ортасындағы сорақылықты әшкерелейді:
Нәпсілерге қадалған оғы тура,
Ібілістен шамам жоқ көп ұтуға.
Жеткіншекті жетектеп, жетесіз қып,
Дәлізіне тозақтың тоғытуда.
Жеткіншектер желбіреп кекілдері,
Шақырсаң да бұрмайды бетін бері.
Қызық бүгін селтеңдеп секіргені,
Керек пе ертең өкіріп, өкінген!?
Көл-көсір боп шалқыған көңілдері,
Ию-қию, у да шу өмірлері.
Мейірімсіз, имансыз, ибасыздар –
Шайтандардың шығарған өнімдері [19. 69 б.].
Достарыңызбен бөлісу: |