Қорытындыда азаттықты, тәуелсіздікті жырлаудың эволюциясы, қадым замандардан үзілмей келе жатқан ұлы сарынның жалғастық сыры; тәуелсіздік жылдарындағы қазақ поэзиясындағы жаңа идеялық-көркемдік ізденістер, тың тақырыптық-танымдық арналар, тәуелсіздік және ел, жер, тіл тағдыры, мемлекеттік рәміздерді әспеттеу, шетелдегі қазақ ақындарының үні, мүшәйралар тағылымы, күрескер рухты тірілту, «Астана» ұғымының сыр-сипатын ашу; жеке жыр жинақтарындағы дәуір дидары, уақыт тынысы, кезең шындығы қалай ашылғандығы, т.б. негізгі тарауларда айтылған ойлар мен пікірлер аяясында тұжырымдалған.
Тәуелсізбін!
Тәуелсізбін, тәуелсізбін мен бүгін.
Келді, міне, азаттығым, теңдігім,
Бостандықта бойлығым мен ендігім,
Шешіл енді, шемең болған шерлі үнім!
Қарсы қарап қатал мынау заманға,
Айналдық біз қайтпас қайсар қамалға.
Алды бүгін тәуелсіздік тау, тасым,
Орман, көлім, өзендерім, далам да!
Таңам менің, қаным менің тәуелсіз.
Арым менің, жаным менің тәуелсіз.
Заңым менің, бағым менің тәуелсіз.
Әнім менің, дәнім менің тәуелсіз.
Тәуелсізбін- өзіме өзім құдаймын.
Тәуелсізбін- нұры-сынды күн, айдың.
Құласам да емін-еркін құлаймын.
Жыласамда емін-еркін жылаймын.
Тәуелсізбін- танып тұрмын өзімді.
Ұшырамын қанат байлап сөзімді.
Ешкім енді көкірегімен итеріп,
Ешкім енді шұқымайды көзімді.
Тәуелсіз ғой ойым менен ұғым да.
Уақыт, құсым қонды келіп тұғырға.
Тәуелсіздік алды бүгін, қараңдар,
Ойым түгіл, қайғым менен мұным да.
Заман өтті- қансыратып тонаған,
Заман өтті- қалтыратып қанаған.
Тәуелсіздік келді, міне, ақыры!
Зорға жеттім, зорға жеттім мен оған.
Өткенді ойлап- у мен зәрді ішем мен.
Өткенді ойлап- қайғы, мұңға түсем мен.
Тудық біздер көрінбейтін бұғаумен,
Жүрдік біздер көрінбейтін кісенмен.
Өз жерімде ала алмастан рұқсат,
Өзімізге жүрдік біздер құрық сап...
Үндетпестен тас тықты да көмейге,
Қойды сонсоң аузымызға құлып сап,
Қапаландық, жәбірлендік, зарладық,
Жат жұрт үшін жанымызды арнадық,
Қырылдық қой қорғап біздер Мәскеуді,
Ал Мәскеуден қорғана біз алмадық!
Таптап, қырқып жоқ етті де нуымды,
Жазирамды отқа салып қуырды.
Жуынды етті кәусар мөлдір суымды,
Шұлғау етті қасиетті туымды.
Мұның бәрін, мұның бәрін ұғынам.
Жүрек жара- зар заманның мұңынан.
Сол кезде мен азаттық деп, теңдік деп,
Бөрі болып айға қарап ұлығам!
Тәуелсізбін енді, міне, мен бүгін.
Келді кіріп азаттығым, теңдігім.
Бостандықта бойлығым мен ендігім!
Шешіл енді, шемен болған шерлі үнім!
Кеуделерді тарылтпасын кек қысып,
Кетеді одан өр далама өрт түсіп...
Құсқа айналып кеудемдегі жүрегім,
Сүйіншілеп келер күнге кетті ұшып!
Темірхан Медетбек
Достарыңызбен бөлісу: |