I. Жүргізуші-оқытушы: Мұсабай Д.
Тарих пәнінің мұғалімі Апсатарова Жанар Менің баяндамам тақырыбы «Елбасы және қандастар»
«Көш келеді!
Ағайын, көш келеді!
Қарсы алдынан шық енді өскен елі,
Бауырлармен қауышу оңай ма екен?! –
Екі көзден еріксіз жас келеді», деп ақын ағамыз Исраил Сапарбай жырлағандай, тәуелсіздік тарихындағы баға жетпес байлықтарымыздың бірі – қазақ көші, яғни Алаш баласы азаттық алған тұста, алыс-жақын шетелде өмір сүріп жатқан қандастардың атажұртқа оралуы.
Осы бір ұлы көштің жолын ашып, жөн-жобасын көрсеткен адам – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Ең әуелі айтарымыз, еліміз тәуелсіздігін жариялаған тарихи дата – 1991 жылы 16 желтоқсан күнінен дәл екі апта өткенде, яғни 1992 жылдың 1 қаңтар күні Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев отандық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы шетелдерде өмір сүріп жатқан этностық қазақтарға арнап «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» («Егеменді Қазақстан». №1 (20076). 01.01.1992 ж.) атты тарихи сәлемін жолдады.
Осы сәлем-хатта: «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақ алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. Туған жердің түтіні де ыстық дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы 711-ші қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық» дегені, алыста жүрген ағайындарға атамекенге шақырған үндеу іспеттес әсер етсе, 1992 жылы 29 қыркүйек күні Дүние жүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайында: «Әрбір адамының бірі атамекеннен жырақта жүрген қазақтан басқа халық жоқ. Бірақ бәріне тән, бәріне ортақ нәрсе – сағыныш, атамекенді аңсау. Сол себепті, еліміз «Көші-қон туралы» заң қабылдады. Осы арқылы сыртта жүрген отандастарымыздың елге оралуына байланысты көптеген жеңілдік жасау көзделген. Қысқасы, тәуелсіз Қазақстанның кең құшағы сіздерге әрқашан ашық бауырлар. Сондықтан да, дүние жүзіндегі қазақтар қай елде жүрсе де, өзін Қазақстанның өкілі сезінетіндей, қазақ азаматы сезінетіндей, жағдай жасау – біздің болашақтағы мәртебелі міндетіміздің бірі» деп атап өткен болатын.
Осылай Нұрсұлтан Әбішұлының алыстағы ағайынды ақжарылқап атажұртқа шақырған ақ тілегі, сыртта жүрген қандастардың атамекенге деген аңсарын оятты, олардың тұлабойында сан ғасырлар бойы тұнып жатқан сағынышын жандырды. Оятып қана қойған жоқ тәуелсіздіктің елең-алаң ауыр шақтарында ештеңені елең қылмай атажұртқа ат басын бұрғызды. Осылай елі сүйген, елін сүйген Елбасы азаттықтың алғашқы жылдары шет мемлекеттерге барған әрбір сапарында, сол елде өмір сүріп жатқан қандастарын әрқашан назардан тыс қалдырып көрген жоқ.
Нұрсұлтан Әбішұлы 1993 жылы қазан айында Моңғолияға ресми сапармен барады. Құрметті қонақты өлке қазақтары он екі қанат киіз үй тігіп күтіп алып, қолына үкілі домбыра ұстаған Меруеш Башай атты қарындасымыз Елбасына арнау айтқан екен. «Бұл арнауда атажұрттан алыста жатқан елдің сағынышы, аңсауы, өксігі, үміті, назы, базынасы да бар еді. Ақбоз үйдің алдында жырды тыңдаған Президент Н.Назарбаев кәдімгідей толқыды».Бұл оқиғаны ол кезде телеэкран арқылы бәріміз көрдік. Толғаудағы «Қанды бұғау қақырап, Қайта оралды көк Туым, Алыстағы ағайын, Келші деген жетті үнің...» деп келетін тіркесті бейжай тыңдау мүмкін еместін.
Атам қазақ көп айтатын «Көш жүре түзеледі» деген сөз бар. Расында қазір көш түзелді. Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстанға сырттан 1 084 692 қандас-қазақ көшіп келіпті. Бұлардың ішінде ең көбі Өзбекстаннан келген қандастар саны – 542 658 адамды құраса, келесі орынға Қытай Халық Республикасынан көшіп келген 355 501 қандасымыз ие болып отыр, одан кейін Түрікмен топырағынан қоныс аударған 74 706 қандасымыз үздік үштікті түйіндепті. Бұлардың сыртында Моңғолиядан 55 937 адам, Ресейден 16 816 адам, Ауғанстаннан 13 330 адам, Ираннан 8 645 адам, Қырғыз Республикасынан 7 372 адам, басқа елдерден 9637 адам тәуелсіздік жылдары атажұртына оралған екен. Нақтырақ айтсақ, шеттен оралған қандастар еліміздегі қазақ ұлтының 12%-ын құрайды.
Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, үлкен мереке тәуелсіздіктің 30 жылдық тойы атажұртына оралған әрбір қазақ үшін даталы мереке, тарихи оқиға болары анық. Ұлттық көштің ұлы мұратын іске асырған Нұрсұлтан Әбішұлы – қазақтың дарынды әншісі Майра Мұхамедқызы айтқандай, Отанға оралған әрбір қазақтың қамқоры һәм тірегі.
Достарыңызбен бөлісу: |