82-бап. Мұнай операцияларын жүргізудің шарттары
1. Мұнай операцияларын жүзеге асырушы жер қойнауын пайдаланушы мұнай операцияларын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, сондай-ақ келісімшартта айқындалған тәртіппен және шарттарда жүргізуге міндетті.
2. Жер қойнауын пайдаланушы барлауды немесе өндіруді жүргізу кезінде кен орындарын игерудің оң тәжірибесін және бекітілген жобалау құжаттарының талаптарын басшылыққа алуғa міндетті.
3. Барлауды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының кен орындарының қорларын сынамалы пайдалануды жүргізуге құқығы бар.
Сынамалы пайдалануды жүргізу талаптары мен мерзімін жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
4. Кен орнындағы мұнайдың қоры, сондай-ақ мұнайдың алыну деңгейі Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясында жер қойнауын мемлекеттік сараптауға және бекітуге жатады.
83-бап. Көмірсутек шикізаты кен орындарын барлау және сынамалы пайдалану
1. Барлау далалық геологиялық-геофизикалық зерттеулерді, құрылымдық бұрғылауды, іздеу және барлау ұңғымаларын бұрғылауды, байқаудан өткізу мен сынауды қамтиды. Барлау іздеу жұмыстарының бекітілген жобасы бойынша жүргізіледі, онда ұңғымалардың саны, орналасқан жері және бұрғылау мерзімі, олар шешетін міндеттер, қажетті зерттеулер кешені мен көлемі негізделеді.
2. Мұнай және газ-мұнай кен орындарындағы барлау процесінде осы Заңда белгіленген тәртіппен бекітілген сынамалы пайдалану жобасына сәйкес ұңғымаларды сынамалы пайдалану жүргізіледі.
3. Сынамалы пайдалануды сынамалы пайдалану жобасын белгіленген тәртіппен бекітпей, сондай-ақ сынамалы пайдалану жобасының талаптарын бұзып жүргізуге тыйым салынады.
Заңымен'>84-бап. Көмірсутек шикізаты кен орындарын өнеркәсіптік игеру
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Көмірсутектердің кен орны немесе шоғыры өнеркәсіптік игеру объектісі болып танылады, оны қабылданған игеру нұсқасына сәйкес пайдалану пайдаланудың барлық мерзімінде рентабельді деп танылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Көмірсутектер кен орындарын игеруді жүргізу пайдалы қазбаларды барлау мен өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды әрі кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Егер:
1) мұнай кен орнын барлау бойынша - жұмыстар орындалған, қажет болған жағдайда шоғырларды сынамалы пайдалану немесе кен орнының ауқымды учаскелерін тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру болса, ал газ кен орны бойынша кен орнын тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалану жүргізілген болса;
2) көмірсутектер қорларының және олардың құрамындағы басқа да ілеспе компоненттерінің мемлекеттік сараптамасы жүргізілген болса және қорлар пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансына алынған болса;
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) жоба өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен келісілген болса;
4) өнеркәсіптік игеруге арналған жобалау құжаттары белгіленген тәртіппен бекітілген болса, көмірсутектердің кен орындарын (шоғырларын) өнеркәсіптік игеруге жол беріледі.
4. Кен орнын өнеркәсіптік игеру бекітілген тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру жобасына, игерудің технологиялық схемасына және өнеркәсіптік игеру жобасына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Жер қойнауын пайдаланушылар көмірсутек шикізатының кен орындарын өнеркәсіптік игеруді жүзеге асыру кезінде геологиялық және маркшейдерлік бақылаулардың және тиісті құжаттаманың толық, жүйелі және сапалы жүргізілуін, оның сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
6. Өнеркәсіптік игеруді, тәжірибелік-өнеркәсіптік игеруді тиісті жобалау құжаттарын белгіленген тәртіппен бекітпей, сондай-ақ жобалау құжаттарының талаптарын бұзып жүргізуге тыйым салынады.
7. Өнеркәсіптік игерумен байланысты жұмыстарды жер қойнауының жай-күйіне мониторинг жүргізбей және кен орнын игеруге бақылау жасамай жүзеге асыруға тыйым салынады.
8. Табиғи газды өндіруге арналған келісімшартта табылған кен орнынан өндірілетін табиғи газды жеткізіп беру жөніндегі мәмілелер жасалғанға дейін табиғи газды өндіруді бастауды талап етуге құзыретті органның құқығы жоқ екені, ал жер қойнауын пайдаланушының өндіруді бастауға міндетті емес екені көзделуі мүмкін. Бұл ретте, егер келісімшартта өзгеше көзделмесе, келісімшарттың қолданылу мерзімі табылған табиғи газ кен орнынан өндірілетін табиғи газды жеткізіп беру жөніндегі тиісті мәмілелер жасалған кезге дейін үзіледі.
Егер жер қойнауын пайдаланушы табиғи газды жеткізіп беру жөніндегі мәмілелерді бір жыл ішінде жасаспаса, құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушының үшінші тұлғамен қисынды шарттар бойынша газ жеткізіп беруге, оның ішінде үшінші тұлға жер қойнауын пайдаланушымен мәміле жасасуға келіскен жағдайда, жеткізіліп берілетін газды отандық не шетелдік тұтынушыларға кейін қайта сату мақсатында шарт жасасуды талап етуге құқылы. Егер жер қойнауын пайдаланушы және құзыретті орган айқындаған мұндай үшінші тұлға осы мәселе бойынша келісімге келмеген жағдайда, олар бұл даудың сот тәртібімен шешілуін талап етуге құқылы.
85-бап. Ілеспе және (немесе) табиғи газды жағу
1. Мынадай жағдайларды:
1) авариялық жағдай қатері немесе оның туындауы, персоналдың өміріне немесе халық денсаулығына және қоршаған ортаға қатер төнуі;
2) ұңғымалар объектілерін сынау, кен орындарын сынамалы пайдалану кезінде;
3) технологиялық жабдықты іске қосу-баптау; технологиялық жабдықты пайдалану; технологиялық жабдыққа техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары кезінде газды технологиялық еріксіз жағу жағдайларын қоспағанда, ілеспе және (немесе) табиғи газды алау етіп жағуға тыйым салынады.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларда және бекітілген техникалық регламенттерде көзделген мұнай мен газды өндіруге, жинауға, дайындауға, өңдеуге және тасымалдауға, механизмдердің, жабдық пен құрылыстардың бүлінуіне байланысты іс-шаралардың барлық технологиялық кешені бойынша технологиялық жабдықтың жұмысындағы кез келген істен шығумен (ауытқумен) байланысты болған жағдайларда, ілеспе және (немесе) табиғи газды алау етіп жағуға рұқсатсыз жол беріледі.
Бұл ретте, жер қойнауын пайдаланушы мұндай жағу туралы мұнай және газ саласындағы, жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдарды он күн ішінде жазбаша хабарландыруға міндетті.
Мұндай хабарламада ілеспе және (немесе) табиғи газды жағу себептері және жағылатын газдың көлемі туралы мәліметтер қамтылуы тиіс.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда, iлеспе және (немесе) табиғи газды алау етiп жағуға мұнай және газ саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен әдiстеме бойынша есептелген нормативтер мен көлемдер шегiнде жер қойнауын пайдаланушы жобалау құжаттарын сақтаған жағдайда, жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен келiсiлген мұнай және газ саласындағы уәкiлеттi органның рұқсаты бойынша жол берiледi.
Ілеспе және (немесе) табиғи газды алау етіп жағуға рұқсат беру тәртібін Қазақстан Республикасының мұнай және газ саласындағы уәкiлеттi органы белгілейді.
4. Ұңғыма объектілерін сынау кезінде газды жағуға бекітілген жобаға сәйкес әрбір ұңғыма объектісі үшін үш айдан аспайтын мерзімге жол беріледі.
Кен орындарын сынамалы пайдалану кезінде газды жағуға үш жылдан аспайтын жалпы мерзімге рұқсат берілуі мүмкін.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Технологиялық жабдықты іске қосу-баптау кезінде газды жағу іске қосу-баптау жұмыстарымен байланысты кезең ішінде жүзеге асырылады.
Техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары кезінде газды жағу жабдықтарды пайдалану кезінде газды технологиялық тұрғыдан еріксіз жағудың көлемінен аспайтын, реттелетін көлемде жүзеге асырылады.
6. 2012.13.01. № 542-IV ҚР Заңымен алып тасталды (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
86-бап. Ілеспе және (немесе) табиғи газды кәдеге жарату және өңдеу
1. Ілеспе және (немесе) табиғи газды өңдемей және (немесе) кәдеге жаратпай мұнай-газ кен орындарын өнеркәсіптік игеруге тыйым салынады.
2. Көмірсутек шикізатын өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қоршаған ортаға зиянды барынша азайтуға, көмірсутек газын жағу көлемін барынша азайтуға, ілеспе газды, оны өңдеуді қоса алғанда, ұтымды және кешенді пайдалануға бағытталған іс-шараларды жүргізуге міндетті.
3. Егер келісімшартта өзгеше белгіленбесе, ілеспе газ мемлекеттің меншігі болып табылады.
4. Ілеспе газды өңдеу жөніндегі міндеттемелер осы Заң қолданысқа енгенге дейін жасалған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдаланушы мен құзыретті органның арасындағы бөлек келісіммен ресімделеді және көмірсутек шикізатын өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшартқа қосымша болып табылады.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Ілеспе газды өңдеу тиімсіз кейбір кен орындарында жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдардың келісуі бойынша мұнай және газ саласындағы уәкілетті органның шешімімен оны технологиялық мұқтаждықтарға пайдалану, қат ішінің қысымын сақтау, арттыру мақсатында қатқа айдау жолымен өңдемей кәдеге жаратуға рұқсат етіледі.
6. Көмірсутекті кен орнын өнеркәсіптік игеру жөніндегі жобалық құжаттамада ілеспе газды өңдеу (кәдеге жарату) жөніндегі бөлім міндетті түрде қамтылуға тиіс.
7. Мемлекеттің маңызды стратегиялық ресурсы ретінде ілеспе газды ұтымды пайдалануға қол жеткізу мақсатында көмірсутек шикізатын өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар мен мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган ілеспе газды пайдалану жөніндегі жобаларды бірлесіп игеруді жүзеге асыра алады.
8. Жер қойнауын пайдаланушылар мұнай және газ саласындағы уәкілетті органның бекітуіне және жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдармен келісуге жататын ілеспе газды өңдеуді дамыту бағдарламаларын көздеуге міндетті, олар ілеспе газды жағу немесе қатқа кері айдау (кәдеге жарату) көлемдерін қысқарту жолымен қоршаған ортаға зиянды әсерін төмендету мақсатында әр үш жыл сайын жаңартылып отыруға тиіс.
Бағдарламалардың орындалуы туралы есептерді жер қойнауын пайдаланушы мұнай және газ, қоршаған ортаны қорғау саласындағы және жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органдарға жыл сайын жіберуге тиіс.
9. Осы баптың 1-тармағының күші 2004 жылғы 1 желтоқсанға дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша мұнай операцияларын жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушыларға, егер олар 2004 жылғы 1 желтоқсанға дейін мемлекеттік органда бекітілген (келісілген) немесе 2006 жылғы 1 шілдеге дейін құзыретті органда және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органда келісілген болса, ілеспе және (немесе) табиғи газды кәдеге жарату жөніндегі бағдарламаларды іске асыру мерзімдері аяқталғанға дейін қолданылмайды.
87-бап. Мұнай операцияларын жүргізу процесінде авариялар мен өзге де қауіпті оқиғаларды болғызбау жөніндегі іс-шаралар
1. Мұнай операцияларын осы Заңға сәйкес жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы кен орындарын игерудің оң практикасын және Қазақстан Республикасының заңнамасын басшылыққа ала отырып, мұнай операцияларын жүргізу процесінде адамдардың өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға, сондай-ақ мүлікті жоюға қатер төндіретін авариялар мен өзге де қауіпті жағдайларды болғызбау жөніндегі барлық қажетті шараларды қабылдауға міндетті.
2. Жер қойнауын пайдаланушы мұнай операцияларын жүргізу кезінде, сондай-ақ мұнай-газ құбырларын салу және пайдалану кезінде авариялар мен өзге де қауіпті жағдайларды болғызбау жөніндегі іс-шаралар бағдарламаларын әзірлеуге және оларды жобалау құжаттарының құрамында бекітуге міндетті.
88-бап. Көмірсутек шикізатының кен орындарын жайластыру
1. Қажетті кәсіпшілік объектілерді және көмірсутектерді өндіру, дайындау, сақтау және өндіру мен сақтау орнынан магистральдық құбырға және (немесе) көліктің басқа түріне аудару орнына дейін тасымалдау үшін қажетті өзге де инфрақұрылым объектілерін салу белгіленген тәртіппен бекітілетін жобалау құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Көмірсутектер кен орындарын жайластыру объектілерін жобалау мен салу кезінде осы объектілердің қауіпсіз жұмыс істеуі, ықтимал авариялық жағдайлардың зардаптарын шектеу мен мейлінше азайту жөніндегі қажетті шаралар қамтамасыз етілуге тиіс.
3. Жайластыру объектілерін салу кезінде кен орнын игерудің қабылданған технологиялық нұсқасының жобалау көрсеткіштерінің өзгеруіне және өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік жөніндегі талаптардың бұзылуына әкеп соқпас үшін оларды пайдалануға берудің жобалау құжатында белгіленген кезектілігі сақталуға тиіс.
89-бап. Шекара маңындағы кен орындарында барлау мен өндірудің ерекшеліктері
1. Егер жүргізілетін барлаудың немесе өндірудің нәтижесінде жер қойнауын пайдаланушы кен орны шекара маңындағы кен орны болып табылатындығын анықтаған жағдайда, мұндай жер қойнауын пайдаланушы бұл туралы құзыретті органға дереу хабарлауға міндетті.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Аумағында не юрисдикциясында осы шекара маңындағы кен орнының бір бөлігі бар мемлекетпен Қазақстан Республикасының тиісті халықаралық келісімдері болмаған жағдайда, құзыретті орган шекара маңындағы кен орнында мұндай мемлекетпен тиісті келісімге қол жеткізгенге дейін барлау мен өндіруді тоқтата тұруды талап етуге құқылы. Бұл ретте құзыретті орган барлау мен өндіруді қайта бастауға рұқсат бергенге дейін келісімшарт өзінің қолданылуын тоқтата тұрған болып есептеледі.
3. Осы Заңның және Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы өзге де заңнамасының нормалары шекара маңындағы кен орнында барлау мен өндіру жөніндегі қатынастарға Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.
Шекара маңындағы кен орындарында барлау мен өндіруді жүргізудің Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалған тәртібі мен шарттары осы Заңның нормалары алдында басымдыққа ие болады.
90-бап. Кен орнында бірыңғай объект ретінде барлау немесе өндіру
1. Егер жер қойнауын пайдаланушы барлау немесе өндіру операцияларын жүргізетін кен орнының бір бөлігі басқа жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттық аумағының шегінде болған жағдайда, онда мұндай жер қойнауын пайдаланушылар өздерінің таңдауы бойынша:
1) осы кен орнында барлау және (немесе) өндіру құқығына ие тек бір ғана жер қойнауын пайдаланушы қалатындай немесе бір келісімшарттың негізінде ішінара құқыққа ие бірнеше жер қойнауын пайдаланушы қалатындай етіп жер қойнауын пайдалану құқығын беру кезінде белгіленген беру рәсімдерін сақтай отырып, барлауға және (немесе) өндіруге арналған өздерінің құқықтарын беруге;
2) мұндай шартты құзыретті органмен алдын ала келісіп, жобалау құжаттарына тиісті өзгерістер енгізе отырып, кен орнына бірыңғай тұтас нәрсе ретінде бірлескен барлау мен өндіруді жүргізу туралы шарт жасасуға міндетті.
2. Жер қойнауын пайдаланушылар осы баптың 1-тармағын сақтамаған жағдайда, құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушылардан кен орнында бірыңғай объект ретінде бірлескен барлау немесе өндіру туралы шарт жасасуды сот тәртібімен талап етуге құқылы. Бірлескен барлау немесе өндіру туралы шартты жасасу кезінде бүкіл кен орны үшін бірыңғай жұмыс бағдарламасы әзірленеді, ол жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдармен міндетті түрде келісуге жатады.
3. Бірлескен барлауды немесе өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар өздеріне келісімшартта, сондай-ақ жұмыс бағдарламасында жүктелген міндеттемелерді орындау жөнінде ортақ жауапкершілікте болады.
91-бап. Мұнай операцияларын жүргізу және мұнай тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік талаптары
1. Мұнай операцияларын жүргізу және мұнай тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік белгіленген талаптарды сақтау, адам өмірі мен денсаулығын және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар кешенін орындау, жерүсті және жерасты құрылыстары мен жабдықтарын салу мен пайдаланудың қауіпсіз жағдайларын жасау, сондай-ақ ықтимал аварияларды болғызбау арқылы қамтамасыз етіледі.
2. Мұнай, сондай-ақ оның өмірлік циклінің процестері техникалық реттеу объектілері болып табылады.
3. Мұнай операцияларын жүргізу және мұнай тасымалдау кезінде жер қойнауын пайдаланушы пайдаланатын жабдық пен өзге де мүлік техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды; 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3-1. Мұнайдың және мұнай өнімдерінің төгілуін жоюға арналған арнайы жабдық өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органда есепке қойылуға тиіс.
4. Мұнайды төгу және құю режімі, сақтау және тасымалдау құралдарының конструкциясы және оларды пайдалану шарттары мұнайға және оның өмірлік циклінің процестеріне қатысты техникалық регламенттерде белгіленген өрт қауіпсіздігі нормаларына сәйкес келуге тиіс.
5. Мұнай өңдейтін зауыттарға өңдеу үшін жеткізілетін мұнай Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қауіпсіздік нормаларына сәйкес келуге тиіс.
6. Мұнай операцияларын жүргізу және мұнай тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік шараларының кешені белгіленген тәртіппен бекітілген тиісті жобалау құжатында көзделуге тиіс.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 91-1-баппен толықтырылды
91-1-бап. Мұнайды есепке алудың ақпараттық жүйесі
1. Мұнайды есепке алудың ақпараттық жүйесі мұнайды өндіру, шығару, дайындау, өңдеу, тасымалдау, сақтау, өткізу, тиеу, оның ысырабы, оны Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету көлемдері туралы ақпаратты автоматты түрде жинауға, өңдеуге, сақтауға және пайдалануға арналған.
2. Мұнайды есепке алу ақпараттық жүйесінің операторы мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган бекітетін мұнайды есепке алудың ақпараттық жүйесін қалыптастыру және оның жұмыс істеу тәртібіне сәйкес мұнайды есепке алудың ақпараттық жүйесіне енгізу үшін ақпарат жинауды, ақпаратты өңдеуді, сақтауды, пайдалануды, оның ішінде беру мен таратуды жүзеге асырады.
3-тармақ 2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
3. Мұнайды өндіру және оның айналымы саласындағы қызметті жүзеге асыратын субъектілер тізбесін мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган бекітетін өздерінің өндірістік объектілерін мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен есепке алудың бақылау аспаптарымен жарақтандыруға және есепке алудың бақылау аспаптарының жұмыс істеуін қамтамасыз етуге міндетті.
4-тармақ 2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
4. Мұнайды өндіру және оның айналымы саласындағы қызметті жүзеге асыратын субъектілердің тізбесін мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган бекітетін өндірістік объектілерді есепке алудың бақылау аспаптарымен жарақтандырмай, мұнайды өндіру, шығару, дайындау, өңдеу, тасымалдау, сақтау, өткізу, тиеу, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету жөніндегі операцияларды жүргізуіне тыйым салынады.
92-бап. Ұңғымаларды салу
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Ұңғымаларды салу және оларды пайдалануға беру жөніндегі барлық операциялар ұңғымаларды салу жобасына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс. Ұңғымаларды салу жобалары өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен келісуге жатады.
1. Мынадай:
1) газда күкіртті сутегінің көлемі алты пайыздан астам болатын;
2) тереңдігі бес мың метрден астам болатын құрлықта;
3) тереңдігі төрт мың метрден астам болатын теңізде;
4) сағалық қысымы отыз бес мегапаскальдан астам болатын ұңғымалар салынған жағдайда, ұңғымаларды салу жобаларын құзыретті орган бекітеді.
Ұңғымалардың өзге де түрлері бойынша құрылыс жобасын жер қойнауын пайдаланушы бекітеді.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Ұңғымалар салуға арналған жобалар сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша құзыретті орган бекітетін техникалық-экономикалық негіздемелерді жасау, сондай-ақ тиісті жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу, келісу және оған сараптама жасау жөніндегі арнайы нормативтік талаптар ескеріле отырып әзірленеді.
9-тарау. ТЕҢІЗДЕ ЖӘНЕ ІШКІ СУ АЙДЫНДАРЫНДА МҰНАЙ ОПЕРАЦИЯЛАРЫН ЖҮРГІЗУ
Достарыңызбен бөлісу: |