Е. Уайт жаратушыға апарар жол мазмұНЫ



бет8/13
Дата13.06.2016
өлшемі0.65 Mb.
#133977
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

МӘСІХПЕН БІРГЕ ӨСУ


Бізді Құдайдың рухани баласы болуға алып баратын жол - Киелі Кітапта көрсетілгеніндей, жоғары жақтан қайтадан туылып, жан дүниенің жаңару жолы болып табылады. Сонымен қатар бұл құбылыс Себушінің сепкен қайырлы да ізгі дәнінің өсіп өнуімен салыстырылады. Исаға жаңадан ғана бет бұрып, ақиқи жолға түскен адам, "жаңа туған сәбидің сүтке шәліркегеніндей", "Құдайдың рухани ұлына сеніп, Оны жақын білу арқылы Мәсіхтің кемелдігіне сай келетін" (1Петір. 2:2; Ефестіктерге. 4:13) деңгейге дейін өсіп, жетілуі тиіс. Егінжай алқабына себілген қайырлы дән сияқты, жетіліп, өз жемісін беруі тиіс. Ишая пайғамбар оларды: "Жаратқан Иенің Өзі отырғызған мықты ағаштары деп аталады" (Ишая. 61:3) - деп атап өткен болатын. Табиғат әлемінен алынған бұл мысалдар, бізге рухани өмірдің жұмбақ құбылыстарын жақсырақ түсінуімізге көмектеседі.

Ең кішкентай тіршілік иесіне өмір беру үшін, адамның даналығы мен ақылы жеткіліксіз. Өсімдіктер мен жануарлар, Құдайдың құдіретті күшінің арқасында тіршілік етуде. Адамның бойындағы рухани өмір тек қана Құдайдың жаратуымен ғана пайда болады. "Кімде-кім қайтадан туылмаса" (Жохан. 3:3), Құдайдың Патшалығына кіре алмайды. Ал Иса Мәсіх дүние әлеміне осы ұлы мақсатты орындау үшін келген еді.

Өсу туралы да осындай пікірді айтуға болады. Өсімдік Құдайдың құдіретті күші арқылы, гүлдеп, жеміс береді. Құдай ең алдымен дәнге "көк өскінді, содан кейін масағын шығарып, соңынан масақты дәнмен толтырады" (Марқа. 4:28) Жосия пайғамбар былай дейді: Израйль "лала гүлі сияқты гүлдейді", ал ана жерде "ұлан-асыр астық өседі - жүзім сабақтары сияқты гүлдейді" (Жосия. 14:68). Иса бізге мынаны ұсынады: "Қызғалдақтардың, лала гүлдерінің қалай өсіп түрғанына көңіл бөліңдерші!" (Лұқа. 12:27). Өсімдіктер мен гүлдер өз күшімен өсіп жетілмейді. Өйткені өсімдіктердің тіршілік етуі үшін қажеттінің бәрін Құдай береді. Жас сәби қалай тырысқанымен де, өз бетімен, өзінен-өзі бой қосып, өздігінен өсіп-жетіле алмайды. Сол сияқты сендер де өз күштеріңмен, немесе әрекеттеріңмен, рухани деңгейлеріңнің өсуіне қол жеткізе алмайсыңдар. Өсімдік те, бала да, қоршаған ортадан - ауа, күн сәулесі, тамақ сияқты өздеріне керектінің бәрін алады да, соның нәтижесінде өсіп жетіледі. Өзіне сенім артқан пенделерге Иса Мәсіх аса қажет екендігі сияқты, табиғаттың осы сыйлары - өсімдіктер мен жануарларға да аса қажет. Киелі Кітапта : "Саған күңдіз күннің нұрын шашып, түнде айдың сәулесін түсірудің қажеті болмайды. Мен, Құдай Иең, Өзім сенің мәңгілік нұрың мен салтанатты ұлылығың боламын" - дегеніндей, Иса олар үшін - "мәңгілік жарық", "күн және қалқан" (Ишая. 60:19; Зәбүр жырлары. 83:12) болады. Ол "Израйль үшін жерге, шөпке түскен шық іспетті" (Жосия. 14:6), "Шөбі шабылған шабындыққа жауған жауын, жерді суландыратын жауын тамшылары" ретінде жарайды. (Зәбүр жырлары. 71:6). "Ол көктен түсіп, адамзатқа өмір беруші - "Құдайдың наны"" (Жохан. 6:33).

Құдай Өзінің теңдесі жоқ сыйы-рухани Ұлын дүние әлеміне жібере отырып, барша жерді, ауа қабатындағыдай сияқты, рахат, береке ахуалына бөледі. Осы берекелі жағдайда өмір сүргісі келетіндердің баршасы Иса Мәсіхтің толық жасының шамасы деңгейіне дейін өсуі тиіс.

Күннің жарық сәулелі нұрына қарай ұмтылып, таңғажайып әсемдік, қалтқысыз кемел түрге енетін гүл сияқты, Аспанның жарығы бізге жарық түсіріп, мінез-құлықтарымыздың Иса Мәсіхтің мінез-құлқына тым көбірек ұқсай түсуі үшін біздер де Әділдік Күніне қарай ұмтыла түсуіміз керек.

Осындай тағлымды ойлар Мәсіхтің мына төмендегідей ойларынан айқын аңғарылады: "Менімен тығыз байланыста тұрыңдар, сонда Мен өздеріңмен тығыз байланыста тұрамын. Сабақ өздігінен емес, тек бұтасымен байланыста тұрса ғана жеміс бере алады. Сол секілді сендер де Менімен тығыз байланыста тұрмасаңдар, рухани өнім бере алмайсыңдар" (Жохан. 15:4). "Мен — "Бұтамын", ал сендер — "сабақтарымсыңдар". Менімен тығыз байланыстағылармен Өзім де тығыз байланыста тұрамын, сонда олар өнім бермек. Ал Менен бөлініп, сендер ешбір игілік істей алмайсыңдар" (Жохан. 15:5). Еліктіруге, арбауға қарсы тұруга немесе берекелік, киелілік қалыппен өмір сүре отырып, өсуге сендердің күш-қуаттарың жетіспейді. Онымен бірге болсаңдар, толық қанды, жарқын жүзді болып өмір сүресіңдер. Өмірлік күш-қуатты да Одан алып отырсаңдар, жеміссіз қалмайсыңдар, уылжыған балаусалық кейіптеріңмен қала бересіңдер. Сендер бастау бұлақтың бас жағына отырғызылған сая ағаш сияқты боласыңдар.

Көптеген адамдар күнәлары кешірілуі кезінде ғана Иса Мәсіхтің көмегіне сүйеніп, қалған уақытта өз күшімен, өз бетімен өмір сүруді қалайды. Бірақ олардың бұл талпыныстары сәтті болмауда. Иса: "Менсіз сендер ешнәрсе де істей алмайсыңдар" - деген болатын. Біздің берекелі өмір жағдайында есейе түсуіміз, біздің қуаныштарымыз, пайдалылығымыз - осының бәрі Мәсіхпен бірге болуымызға байланысты. Онымен сағат сайын, күн сайын тілдесімге келіп, сұбхаттасу арқылы бірге болғанда ғана, біз берекелілік жағдайында өсе аламыз. Ол біздің сеніміміздің бастауы ғана емес, сонымен қатар аяғы да. Мәсіх - бірінші және ең соңғы мәңгі өмір сүруші. Мәңгілік ақиқат. Оның біздің өмірлік жолымыздың басында немесе аяғында ғана бізбен бірге болып қоймай, әрқашанда бізбен бірге болғаны игі. Дәуіт былай деген: "Ықылас-ниетім әрдайым Иемде, Оң жағымда маған жар болып келеді: Жағдайым шайқалмайды ешбір кезде" (Зәбүр жырлары. 15:8).

Сендер: "Мәсіхпен бірге қалай тығыз байланыста боламын?" деп сұрайсыңдар. Басында Оны қалай қабылдасаң, солайша бірге болыңдар. "Иеміз Иса Мәсіхті қалай қабылдаған болсаңдар, солай Онымен тығыз байланыста жүріңдер" (Қолостықтарға. 2:6). "Әділ адамым Маған сеніп, шынайы өмір сүреді" (Еврейлерге. 10:38). Сендер Құдайдың қарамағында болып, құлшылық ету үшін, Оған біржолата бет бұрып, берілдіңдер. Сендер өз жүректеріңе Иса Мәсіхті өздеріңнің Құтқарушыларың ретінде қабылдадыңдар. Сендер өздеріңнің еңбектеріңмен күнәларыңды ақтай алмайсыңдар, немесе жүректеріңді де өзгерте алмайсыңдар. Ал Құдайға мойын ұсынып, сене отырып, Оның сендер үшін бәрін жасағанына да сенім келтірдіңдер. Сендер сенім арқылы Мәсіхке тиесілісіңдер. Ендеше сендер Мәсіхтен қабылдай және бере отырып, сенім жүзінде Онымен тығыз байланыста, бірге өсулерің керек. Оның барлық талаптары мен еркін орындау үшін, Оған өз жүрегіңді, еркіңді, қызметіңді, өзіңді түгелдей арнауың керек. Сендер де бәрін: Мәсіх арқылы баталы болудың толықтығын, Оның сендердің жүректеріңнен орын ала отырып, сендердің күш-қуаттарыңа, тақуалықтарыңа айналып, сендерге тіл алғыш, мойын ұсынғыш болуға тигізетін ықпалды көмегін қабылдауларың керек.

Күнделікті, таң атысымен өзіңді Құдайға арна! Бұл сенің осы күнгі алғашқы ісің болсын. Былай деп сиыныңдар: "Құдай Ием! Мені өзіңе ала гөр! Мен түгелдей өзіңнің билігіңдемін. Мен өзімнің бүгінгі күнгі барлық жоспарларымды Өзіңнің аяғыңның алдына қоямын. Бүгін мені Өз қызметіңде пайдалана гөр! Менің барлық еңбектерім өзің арқылы іске асуы үшін, менімен бірге бола гөр!" Күнделікті осылай сиына отырып, Құдайға өзіңді арнауың керек. Әркез Оған келесі күнгі атқармақ болған істерің жайлы баяндаңдар.

Мәсіхпен бірге болып, өсіп, есею - тыныштықпен өмір сүру деген сөз. Мәсіхшіл, толқыған сезімдер жетегінде болмаса да, ол барлық уақытта іштей сенімділік пен тыныштық иесі бола алады. Сен өзіңе емес, Мәсіхке арқа сүйейсің. Сенің әлсіздігің Оның күшімен жалғасады, сенің білместігің-Оның алдын-ала біліп, отыратын данышпандығымен, сенің күшіңнің жоқтығы- Оның құдіреттілігімен жалғасады. Сен өзіңе назар аударып, өзіңе жеке тұлға ретінде қарамасаң да болады. Мәсіхке қараңдар! Оның сүйіспеншілігі жайлы және Оның мінезінің әдемілігі мен кемелдігі туралы ойланыңдар. Мәсіх және Оның өз мүддесін құрбандыққа шалуы, Мәсіх және Оның жойылуы, пәк тазалыгы мен киелілігі, Оның теңдесі жоқ риясыз сүйіспеншілігі, -міне, осы тақырыптар төңірегінде ғибраты мол тілдесім, сұбхат құрып, ой толғауға болады. Егер сен Оны жан жүрегіңмен, бүкіл жан дүниеңмен жақсы көріп, Оған ұқсауға тырысып, Оған арқа сүйей білгенде ғана, Оған ұқсай алатын боласыңдар.

Иса: "Менімен болыңдар", - дейді. Бұл сөздерде өзгерместік, сенімділік пен тыныштық туралы ойлар көрініс табады. Ол тағы да: "Маған келіңдер. Мен сендерге тыныштық беремін" деп шақырады. (Матай. 11:28). Жыршы Дәуіт те сол ойды айтады: "Құдай Иеге бағын және Оған арқа сүйе" (Зәбүр жырлары. 36:7). Ал Ишая пайғамбар былай деп сендіреді: "Тыныштық пен сенім арту —сендердің берік қамалдарың" (Ишая. 30:15). Бұл тыныштыққа іс-қимылсыз жете алмаймыз, өйткені Құтқарушының шақыруында тек қана уәде емес, сонымен бірге еңбекке үндеу жатыр; "Бірге жүріп, үйреніңдер Өзімнен...тыныштық табады сонда жандарың" (Матай. 11:29). Толығымен Исаға арқа сүйейтін адам, Оның дәнді алқабындағы ең жігерлі, талапты, еңбеккері болады.

Өзімен-өзі болып, менменсіген адам, өмір мен күштің бастау бұлағы-Исадан бетін кері бұрады. Міне, сондықтан, шайтан барлық уақытта Құтқарушыдан адамдардың назарын басқа жаққа аударғысы келеді, ол сол ісімен адамдардың Исамен тілдесуіне және бірге болуына кедергі жасайды. Ол сенің ойыңды осы әлемнің көңіл көтерулеріне, күнделікті күйкі тіршілік қамы мен ырың-жырыңға, басқалардың кемшіліктері мен өзіңнің жетілмегендік қалпыңа аударуға тырысады. Мұның барлығы бізді күштің Бастау Бұлағынан тысқары алып кетеді. Өз өміріңді Құдайға тапсырып, Оған арқа сүйе. Иса туралы ой толғап, Ол туралы сөз сабақта. Сендердің бойларыңдағы "менмендік" жойылуы тиіс. Барлық күдіктерің мен қорқыныштарыңды шетке ысырып тастау керек. Елші Пауылмен бірге былай деңіз: "сондықтан өзім бұдан былай өмір сүріп жатқаным жоқ, қайта бойымда Мәсіх өмір сүруде, Ендігі тәндік өмірім-Құдайдың рухани Ұлына деген сенімімнің арқасындағы өмір. Ол мені сүйгендіктен, Өзін мен үшін құрбан етті!" (Ғалаттықтарға. 2:20). Тыныштықты Құдайдан іздеңдер. Сендердің сеніп тапсырғандарыңды сақтауға Оның күші жетеді. Егер сен Оның қолында болсаң, онда барлығын сені өте жақсы көрген Оның күші арқылы жеңесің.

Адамның табиғатын қабылдай отырып, Мәсіх адамзатпен Өзін шексіз мықты сүйіспеншіліктің жібімен бірге байлады. Егер адам бұл дәнекерді өзі үзгісі келмесе, онда бұл байланысты ешқандай күш үзе алмайды. Шайтан барлық уақытта осы байланысты бізді үгіттеп, Мәсіхсіз өмір сүруге шешім қабылдауымызға итермелейді. Міне, сондықтан да мүлгіп жүріп, қаперсіз қалмай, сергек те ширақ болып, тұрақты түрде сиынып, ешқандай азғыруға көнбей, ешкімнің де біздің басқа Тәңірді таңдауымызға әсер етіп, көндіре алмауы үшін, барлық күшімізді жұмылдырып, тырысуымыз керек. Өйткені таңдау еркі әрқашан біздің өзімізде. Назарымызды Мәсіхке аударайық, өйткені Ол бізді қорғайды. Мәсіхпен бірге болған кезде, бізге ешқандай қауіп жоқ. Бізді Оның қолынан ешкім тартып ала алмайды. Біз Оның нұрлы дидарына әрдайым қарап отырып, "Иеміздің салтанатты ұлылығына айнадан көргендей мұқият көз жібереміз." (Қорынттықтарға. 3:18).

Оның алғашқы шәкірттері біздің құрметті Құтқарушымызбен ұқсастық деңгейге дәл осындай жолмен жетті. Шәкірттер Исаның сөзін естігенде, өздерінің жан-сезімдері үшін, Оның Сөзінің қажет болып түрғанын айқын сезінген еді. Шәкірттер Оны әрдайым іздеп жүрді, тауып алғаннан соң, Оның ізін басып, шәкірттері болды. Оның ізін қуалаған шәкірттері, әрдайым Оның жанында: Үйде, дастархан басында, оңаша жерлерде, табиғат аясында бірге болып жүрді. Шәкірттер күнделікті ұстаздарының ауыз екі әңгімелеген әңгімелерін ыждаһат- тылықпен тыңдап, киелі ақиқат сабақтары бойынша дәріс алды. Оның аузынан қасиетті шындықты тыңдап дәріс қабылдады. Өздерінің міндеттерін түсіну үшін, шәкірттер Оған иесіне қараған құлдай қарады. "Ол шәкірттер барлық жағынан біз сияқты еді". (Жақып. 5:17). Біз сияқты олар да күнәға қарсы күресті, қасиетті өмір сүру үшін, оларға да рахымшылық керек болды.

Жақсы көрген шәкірттерінің бірі - Жохан басқаларға қарағанда, Құтқарушыға өте қатты ұқсайтын. Бұл шәкірттің бойындағы көркем мінез оған туа біткен жоқ. Ол бұрын атаққұмар, тәкаппар, ұстамсыз, күйгелек те кінәмшіл болған. Жохан Құтқарушының бойындағы Тәңірілік қасиеттерді көріп, олардың сырына терең бойлаған кезде, ол өзінің бойындағы кемшіліктерді көрді. Осының өзі оның сабасына түсіп, жуасуына себеп болды. Күш пен шыдамдылық, алыптық пен нәзіктік, ұлылық пен момындық, міне осының бәрін күннен- күнге Құдай Ұлының бойынан көрді, бұл оның жүрегін тандану мен махаббат сезімдеріне бөледі. Құдай Иеге деген махаббат, жүректегі өз-өзіне деген махаббатты ығыстырғанша, күн сайын Жохан Мәсіхке қарап , тәлім алып тұрды. Ол Мәсіхке өзінің өкпелегіш, менменшілдік мінезін өзгертуіне мүмкіншілік берді. Қасиетті Рухтың жаңартушы күші Жоханның жүрегін өзгертті, Мәсіхтің сүйіспеншілігінің әсерінен, оның мінезінде ауқымды өзгерістер пайда болды. Исамен одақтасу міндетті түрде осындай нәтижеге алып келді. Егер Мәсіх жүректе өмір сүрсе, онда адам түбегейлі түрде өзгереді. Мәсіхтің Рухы және Оның сүйіспеншілігі жүректі жұмсартып, өзіне бағындырады, ойы мен тілегін мәңгілік нәрселерге, адамдардың ой-мүдделерін, ниеттерін, Құдайға және өткінші нәрселерге емес, мәңгілік құндылықтарға бағыттайды.

Мәсіх аспанға көтерілгеннен кейін де, Оның жолын қуғандар Мәсіх өздерімен бірге бұдан ары қарай бірге өмір сүреді деген сезімде жүретін болды. Жарық нұрға бөленген Иса, әрқашан да Өзіне сенген адамдармен бірге болуда. Құтқарушы Иса, жерде болған кезінде, сөз сөйледі, сиынды, адамдарды жігерлендіріп жүбатты. Кейіннен Ол Өз аузымен әлем дүниесіне арнап, ізгі хабар айтып тұрған күйінде, аспанға алынды. Оны періштелер бұлттай қоршап алған кезде, ұлағатты ұстазы Исаның дауысы Оның шәкірттерінің қүлағында дәл бұрынғыдай-ақ естіліп түрды. Мына бір сөздер олардың жадында сақталып қалыпты: "Мен бұл дүниенің ақыр соңына дейін, әр күні өздеріңмен бірге болып, сендерге жар боламын" (Матай. 28:20). Ол аспанға адам кейпінде көтерілді. Шәкірттері өздерінің Құтқарушысы қазіргі кезде Құдайдың жанында болса да, бүгінге дейін өздерімен бірге, өздерінің айнымас досы, мейірбанды Құтқарушысы болып қала беретіндігіне және әлі күнге дейін азап көріп жүрген адамдардың қамын жеп жүргендігіне, Оның адамдарға деген риясыз сүйіспеншілігі де сол қалпында екендігіне де кәміл сенеді. Мәсіх Құдайға Өзінің еңбегін көрсетуде, Өзінің қымбат қанын, Өзінің шегеленген қолдары мен аяқтарын көрсетіп, адамдардың қандай бағамен сатылып алынғандығын еске түсіруде. Олар Оның аспанға өздері үшін орын дайындауға көтерілгенін, Ол тағы да келіп, оларды Өзіне алатынын білді.

Мәсіх аспанға көтерілгеннен кейін, барлығы бірге жиналып, шәкірттер Аспандағы Әкеге өздерінің өтініштерін Исаның атынан жеткізгісі келді. Қуаныштарың жеткілікті болуы үшін, "Менің атымнан Әкеден не сұрасаңдар да сұраңдар. Ол соны береді. Сонда шексіз қуанышқа кенелесіңдер" (Жохан. 16:23- 24)- деген өздеріне берілген уәде бойынша, олар шынайы және құрметпен сиыну үшін тізелерін бүкті. "Иса Мәсіх біз үшін өлді, Ол қайта тірілді де, Құдайдың оң жағынан орын алып, бізді қолдауда" (Римдіктерге. 8:34)- деген түсініктегі мағынасы бар сөзді айтып, олар бар сеніммен алақандарын жоғарылата жайды. Және Елуінші күні оларға "Жұбатушы" түсті, Ол туралы Мәсіх былай деді: "Ол сендерде болады".Сонымен қатар Ол баса айтты: "Менің кететінім сендерге жақсы, ал егер Мен бармасам, сендерге Жұбатушы келмейді, ал Мен барған соң, Оны сендерге жіберемін" (Жохан. 14:17; 16:7). Сол кезден бастап Мәсіх Өзінің Рухы арқылы, Өз балаларының жүректерінде барлық кезде керек болды. Оның жерде болған кезіндегіге қарағанда, бұдан кейін Олар Өзіне әлдеқайда жақындау болды. Бұдан былайғы уақытта адамдардың бойларында, Мәсіхтің Рухынан болғандықтан нұрлы, жарық, шексіз сүйіспеншілік, ерекше күш-қуат нышаны аңғарылып тұратын болды. Мұны байқаған адамдар, "қатты таңқалды...; сонымен бірге өздерінің Исамен бірге болғанын білді". (Елшілердің істері. 4:13).

Бүгін Мәсіх алғашқы шәкірттеріне істеген ізгілікті істерін Өз балаларына да істегісі келді. Иса Өз шәкірттерінің ортасында соңғы рет сиынғанда, былай деді: "Мен бұлар үшін ғана емес, олардың айтқандары арқылы Маған сенетін барлық адамдар үшін де өтініп тұрмын" (Жохан. 17:20).

Өзінің Әкесімен бірге болғанындай, Иса біздің Өзімен бірге болуымыз үшін сиынды. Бұл қандай ұлы одақ десеңізші! Құтқарушы Өзі туралы былай деді: "рухани Ұлы Өздігінен ешнәрсе жасай алмайды" (Жохан. 5:19); "Менімен тығыз байланыстағы Әкем, Өзінің істерін де Мен арқылы істеп жатыр" (Жохан. 14:10). Егер Иса Мәсіх біздің жүрегімізге енген болса, онда "Ол Өзінің рахым етуі бойынша Өзінің еркімен, біздің жан-дүниемізде ұмтылыстар мен іс-әрекеттер жүргізеді". (Філіптіктерге. 2:13). Біз Ол еңбек еткендей, еңбек етеміз. Біздің бойымызда сол Рух бой көрсетеді. Оның мейіріміне бөленген біз, барлық жағынан Соған, "Негізінен Басшы Мәсіхке" ұқсауға ұмтыламыз. (Ефестіктерге. 4:15).



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет