Е. Уайт жаратушыға апарар жол мазмұНЫ


БІЗДІҢ ӨМІРІМІЗ БЕН ІСТЕРІМІЗ



бет9/13
Дата13.06.2016
өлшемі0.65 Mb.
#133977
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

БІЗДІҢ ӨМІРІМІЗ БЕН ІСТЕРІМІЗ


Құдай - өмірдің бастау бұлағы. Ол - бүкіл әлем дүниесіне жарық сәулелі нұрын төгіп, өзінің жаратқан пенделерін қуанышқа кенелтетін өмірдің арқауы. Жаратушы Иенің мейірлі шапағаты, берекелі батасы мен рахымшылықтары өзінің жаратқан пенделеріне кәусар сулы бұлақтай, нұр сәулелі күндей жайлы тиеді. Құдай адамдардың жүректерінен орын алса, адамзат балаларының ізгіліктің, адамгершіліктің өнегесін көрсете отырып, өздерінің айналасындағыларға жақсылық жасау қабілеті артады.

Біздің Құтқарушымыз күнәға батқан адамдардың еңселерін көтеріп, оларды құтқарғаны үшін зор қуанышқа бөленді. Ол қорлық пен азаптан, масқаралаушылықтан именбей-ақ айқыш ағашқа барып, өзінің өмірін пида еткені үшін еш өкінген емес. Аспан әлеміндегі періштелер де адамдардың бақытты болуы үшін еңбек етуде. Олар да бұл істерінен бақыт табады. Тәкаппар да өзімшіл адамдар бақытсыз, азап шеккен, күнәкар жандарға көмектесуді өздеріне мін санайды. Иса Мәсіхтің шексіз де риясыз Тәңірілік сүйіспеншілігінің Рухы барша аспан әлемін толтыра түсіп, аспандағы шадыманды шаттықтың болмысын паш етеді. Мәсіхтің ізбасарларының бойында болатын Киелі Рух, олардың ғибадат құлшылық ету кездерінде өзінің бар екенін білдірері хақ.

Жүректері Иса Мәсіхтің шексіз сүйіспеншілігінің нұрына бөленген адамдар да айналасына жарық шашып, жақсылықтың, ізгіліктің нышанын аңғартады. Құтқарушымыздың риясыз сүйіспеншілігінің киелі әсері сусыз шөл далада шаршап, шөліркеген жолаушының шөлін қандырып, бойына қуат берер кәусар сулы бұлақтың суындай болып, адамның жан дүниесін жадыратады.

Еңбек етуге ықыласы бар барша адамдардың бойында Исаға деген шексіз сүйіспеншілік байқалары сөзсіз; соның әсерімен біз де жан дүниесі сергек, кішіпейіл болып, өзгенің қайғысына ортақтаса білетіндей, мейірімді де қайырымды бола түсеміз.

Жаратушының жердегі өмірі өте қиын болды. Ол қиындықтарды Иса асқан жігерлілікпен, табандылықпен жеңе біліп, күнәға батып, мүлде жойылуға айналған адамдардың құтқарылуы жолында көп еңбек сіңірді. Өмірге келгеннен бастап, айқыш ағаш басында азаппен өлтірілгенге дейін, ол өз пайдасынан бас тартып, қиын да азапты жол, шаршатып, қалжырататын қам-қарекеттерді басынан өткізді. Иса өзі туралы былай деген: "Мен де Құдай тағайындаған билеуші бола тұра, Өзіме қызмет еткізуге емес, Өзім қызмет етіп, көптеген адамдар- дың азаттық төлемін өтеу үшін жанымды қиюға осы дүниеге келдім" (Матай. 20:28). Бұл мақсат Ол үшін өте маңызды еді. Қалғандары Ол үшін жанама, негізгі ғибадат құлшылық етумен қатар жүретін іс-амалдар болатын. Иса Мәсіх үшін Құдай Әкенің еркін орындау өмірінің нәрі, іс-әрекеттерінің мәні болды. Шаршап, шалдығып жүріп, ол кейде Өзі туралы ұмытып та кететін.

Иса Мәсіхтің рахымшылық істеріне қатысы бар адамдардың бәрі де, өздері өмір сүретін дүние әлемін жақсарту үшін құрбандыққа бастарын тігуге даяр. Осындай көтеріңкі рух шын мәнінде іске асқан үндеудің айқын куәсі бола алады. Иса Мәсіхті өз жүрегіне етене жылы қабылдап, Оның өнегесімен өмір сүруге бет бұрған адам, айналасындағыларға өте қымбатты да аяулы Дос тауып алғандығы туралы зор қуанышпен жар салып айтқылары келеді. Құтқарушылық және жарық беретін ақиқи шындық адамдардың жүрек түкпірлерінде жасырын қалмауы тиіс. Егер біздің жан дүниемізге Киелі Рухтың әсері мен Иса Мәсіхтің тақуалығы сәулесін түсірген болса, онда біз бұл сезімдерімізді жасырып, үндемей қалғанымыз дұрыс болмайды. Бір кезде Філіптің Құтқарушыны іздеп жүріп, тауып алғаны сияқты, біз де өзіміздің танып білген ақиқи шындық — Мәсіхтің тақуалығы, адамсүйгіштігі жайлы әңгіме ете отырып, барша адамдарды Онымен тілдесімге келуге шақырғанымыз абзал. Сонда біз Мәсіхтің жүрген ізімен жүріп: "Қараңдар, Бұл Құдайдың құрбандыққа жіберген Тоқтысы" (Жохан. 1:29), - деп айналадағы адамдарға жария ету ниетінде боламыз.

Өзгелерге үлкен рахымшылық, бақыт сыйлауға тырысқан ниетіміз үшін, біз Жаратушы Иенің батасын аламыз. Жаратушы біздің құтқарушылық іске белсене араласқанымызды қалайды. Ол адамдардың Жаратушының табиғи болмысына қатысты болып, өздерінің жақындарына рахымшылық жасай алатындай қабілет берді. Бұл - Жаратушы Иенің адамдарға сыйлаған ең ұлы бақыты. Тәңірілік сүйіспеншілік жайлы болмысты жүрегіне етене жақын қабылдап, сүйіспеншілікке қызмет ете білген адам өзінің Жаратушысына жақындай түседі.

Жаратушы Ие аспандағы періштелеріне Өзінің Киелі Кітабын, сүйіспеншілік пен сенім туралы ізгі хабарларын адамдарға жеткізу жөнінде тапсырма берген болар еді. Тәңір Ие Өз мақсатын жүзеге асыру үшін басқа да құралдарды қолдана алар еді. Жаратушы Ие көмекшілікке бізді таңдады. Біз Мәсіхпен және періштелермен бірге еңбек етіп, олардың баталары мен қуаныштарына ортақ бола отырып, осындай жан қиярлықпен құлшылық етудің арқасында рухани тұрғыда есейе түсеріміз хақ.

Адамзат баласының күнәдан құтқарылып, мәңгілік өмір Патшалығына шеру тартуы үшін, біз Мәсіхпен рухани үйлесімділік жағдайында бірге еңбек етіп, жанқиярлық қызметтерді бірге атқара жүріп, рухани жағынан өсе түсерміз.

Біз Иса Мәсіхтің біздің құтқарылуымыз жолында азапқа түсіп, қиналғанын санамызбен терең түсінген жағдайда, Онымен рухани үйлесімділік жағдайында өмір сүре бастаймыз. Өзгелердің игіліктері үшін атқарған істеріміз адамгершілік, ізгілік қасиеттерді бойымызға сіңіріп, әлемнің Құтқарушысымен анағүрлым тығыз байланыста болуымызға әсерін тигізеді. Осының өзі біздерді анағүрлым мейірбанды да ілтипатты болуға жетелейді. "Ол сондай бай бола тұрса да, сендердің рухани баюларың үшін бәрінен бас тартып, жоқшылыққа ұшырады!" (2 Қорынттықтарға. 8:9). Біздің өміріміз, біз өзіміздің жаратылғандағы мақсат-мүддеміз үшін, ізгілікті іс-әрекеттер жасайтын болсақ қана баталы болады.

Иса Мәсіхтің қалауы бойынша ізгілікті амалдар жасап, Оның дініне ілтипатпен қарап, мойын ұсынған жандарды Исаға ертіп келгенде ғана, біздің бойымыздағы рухани тәжірибелеріміздің анағұрлым байи түсіп, Құдайды анағүрлым тереңірек танып білуге деген ой-ниетіміз бен рухани қажеттігіміз күшейе түседі. Осы өмірде кездескен қиындықтар мен сынақтар, біздің әрқашан Киелі Кітапты тереңінен зерттеп, оқып-үйреніп, тұрақты түрде сиынып, Жаратушы Иеге дұға-тілектерімізді бағыштауға деген ынта-ықыласымызды арттыра түседі. Сөйтіп, Құдай Әкенің көрсеткен ақиқи жолымен жүріп, Құдайға құлшылық етіп, дұға-тілектерімізді бағыштау біздің өміріміздің бұлжымас заңына айналады.

Өзге адамдарга қызмет етіп, оларға асқан ілтипатпен адамсүйгіштік ниетпен қарап, олармен ілтипатты түрде қарым-қатынас жасау, адамдардың өз бойларына мінездің тұрақтылығы, жоғары адамгершілік, жан дүниенің тазалығы сияқты ізгі қасиеттерді жинақтауына мүмкіндік береді. Құдайдың Рухы адамдардың жүректеріне Тәңірілік сүйіспеншіліктің жарық нұрын сеуіп, адамдардың тақуалықпен өмір сүрулеріне ықпал етеді.

Мәсіхтің өзімізге жүктеген қайырымдылық істерін бар ынта-ықыласымызбен, жан-тәнімізбен риясыз атқарып, мұқтаждық көргендерге жәрдем беріп, олардың бақытқа бөленуіне ықпал ете білсек, онда біздің жан дүниеміз байи түседі. Әрдайым еңбек ету үстінде болу біздің күшімізді де шыңдай түседі. Мәсіх үшін ешқандай еңбек сіңірмей-ақ, өздерінің рухани өмірін қалыпты жағдайда ұстауға талпынатындар, жұмыс істемей-ақ, ас ішуге даяр тұратын адамдар сияқты болмайды. Өз денесін қозғалысқа келтіргісі келмейтіндер, көп өтпей-ақ, іс-әрекет ету қабілетін жоғалтады. Сол сияқты Құдайдың өзіне берген күш-қуатын ойдағыдай пайдалана алмаған мәсіхшіл де Мәсіхпен бірге өсу қабілетін жоғалтады.

Мәсіхтің Шіркеуі адамдарды құтқару үшін Құдайдың алдын-ала белгілеген құралы болып табылады. Оның міндеті Киелі Кітаптың сөзін, Тәңірілік болмыс туралы ақиқи шындықты бүкіл дүние әлеміне тарату болмақ. Бұл міндет өздерін мәсіхшілміз деп атап жүрген барша адамдарға жүктелген. Әркім өздерінің хал-қадары, қабілеті келгенінше, Құтқарушының өздеріне жүктеген міндеттерін мүлтіксіз орындауы тиіс. Иса Мәсіхтің бізге деген шексіз де риясыз сүйіспеншілігі, біздерді Оны білетіндердің бәрінің алдында қарыздар етеді.

Егер Мәсіхтің ізбасарлары өздерінің міндеттерін жақсы түсінгенде, қазіргі кезде жалған дін тарататын адасушылар арасында Киелі Кітапты кеңінен насихаттаған болар еді. Шынтуайтқа келгенде, ондай жерлерде бірлі жарым дін уағыздаушылары ғана жүр. Бұл еңбекке жекелей қатыса алмайтындар бұл игілікті істі өз қаражаттарымен, жанашырлығымен және дұға-тілектерімен қолдап отырады.

Егер әркім өзінің отбасында, көршілері арасында Құдайдың игілікті істерін, ізгі хабарларын таратқысы келгендер болса, онда біздердің алыс шалғай жерлердегі елдерге баруымыздың қажеті жоқ. Біздер Жаратушы Иеміз туралы ақиқи шындықты жергілікті жердерде - отбасымызда, ғибадатханада, өзіміз араласып, бірге қызмет істеп жүрген адамдардың арасында кеңінен насихаттай аламыз.

Біздің Құтқарушымыз Өзінің жердегі өмірінің басым көп бөлігін Назареттегі кіші-гірім, тар ұсталық шеберханасында өткізді. Ол сол жерде ойдағыдай еңбек етті. Иса дихандармен және еңбеккерлермен тілдесіп, сұхбат құрған кездерінде, онымен бірге періштелер болды. Исаның Құдайдың Ұлы екендігі қарапайым еңбек адамдарының қаперлеріне де кірген жоқ. Иса қарапайым ғана жұмыс істеп, ұсталық міндет атқара отырып, ең жоғары баталы істі атқарып жүрді. Пауыл елші былай деп жазған: "Бауырластарым, әрқайсың шақырылған кезде кім болсаң, Құдай алдында сол күйіңде қал" (Қорынттықтарға. 7:24). Еңбеккер-мәсіхшілер, өзінің жұмыс орындарындағы атқарған адал еңбектерімен Жаратушысының даңқын өрлетті. Егер ол Мәсіхтің лайықты ізбасарларының бірі болса, оның діні барлық істерінде, болмысында көрініс бере отырып, адамдарға Мәсіхтің рухани келбетін аша түседі. Өз ісіне адал, еңбекқор жанның бойында бір кезде Галилей жерінде өмір сүрген кезінде, қарапайым жұмыс атқара жүріп, адамдарды құтқаруға байланысты ізгілікті істерді жүзеге асырып жүрген Мәсіхтің бейнесі нышан береді.

Кейбір адамдар өздерінің табиғи қабілеттерін жұмылдыра отырып, Мәсіхке қызмет етуден бас тартады. Себебі олар ерекше дарындары мен қабілеттері бар адамдар ғана Құдайға құлшылық ете алады деп түсінеді. Ал талант, дарын туралы нақыл сөздерде мүлде ешқандай пікір айтылмаған. Үйдің қожайыны өзінің құлдарын жинап алғанда, олардың әрқайсысының атқаратын жұмыстарын атап көрсеткен болатын.

"Қандай жұмыс болса да, оны адам баласы үшін ғана емес, Жаратқан Иеміз үшін істеп жүргендей жан-тәндеріңмен атқарыңдар!" (Колостықтар. 3:23). Егер Құдайдың Тәңірілік сүйіспеншілігі жүректеріңде өмір сүрсе, бұл сезім сендердің күнделікті өмірлеріңде, іс-әрекеттеріңде көрініс береді. Яғни, біз Мәсіхтің көркем мінез-құлқын, өнегелі істерін жан-жағымызға кеңінен таратып, айналамыздағыларға ізгі ниетті өнеге көрсетеміз. Құдайдың ризашылығы үшін еңбек етуге, ерекше сәтті мезетті, ерекше дарынды күтіп, уақыттарыңды зая кетірмеңдер. Өздерің туралы кім не айтады деп мазасызданбаңдар. Егер сендердің өмірлерің өз сенімдеріңнің шынайы екендігіне куә болатындай болса, онда айналаңдағы адамдар да сендердің олар үшін пайдалы болатындай еңбек сіңіріп жүргендеріңе сенетін болады. Яғни, сендердің сіңірген еңбектерің зая кетпей, ізгі де баталы істерге бағытталған деп есептеулеріңе болады.

Исаның ең қарапайым, бой ұсынғыш шәкірттері басқалар үшін баталы болатыны хақ. Сырт көзге олар өздерін ерекше бір маңызды іс атқарып жүрміз деп ойламайды. Ал шынтуайтқа келгенде, олардың еңбегінің жемісі баталар толқынын тудырып, жан-жаққа тарап жатса, оның қандай нәтижесі болғанын кейде Мәсіхтің ізбасарлары аңғармай да қалуы мүмкін. Олар үшін өздерінің іске асырып жүрген ұлы істері белгісіз жұмбақ іспетті болып көрінеді. Мұндай адамдардың, өз еңбектерінің жемісін білгісі келіп, мазасыздануының қажеті де жоқ. Олар үшін өздеріне Құдайдың тапсырған жұмыстарын адалдықпен, тыңғылықты түрде атқарып, оның батасына, мейірбанды шапағатына ие болу анағүрлым абыройлы. Сонда ғана олардың өмірлері мағыналы болмақ. Сонда ғана олар өздерінің істерімен де, болмыстарымен де Мәсіхке анағүрлым ұқсай түсетін болады. Олар Құдайдың тапсырған қызметін орындай жүріп, болашақтағы жарық сәулелі, нұрлы өмірдегі еңбекке өздерін өздері даярлайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет