Әкімшілік құқық бұзушылық туралы



жүктеу 7.96 Mb.
бет26/34
Дата19.06.2016
өлшемі7.96 Mb.
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   34

ЖҮРГIЗУГЕ ҚАТЫСУШЫЛАР, ОЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI

      744-бап. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы


                іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлға

      1. Өзіне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан адам хаттамамен және iстiң басқа да материалдарымен танысуға, түсiнiктемелер беруге, хаттаманың мазмұны мен ресiмделуi жөнiнде ескертулер жасауға, дәлелдемелер ұсынуға, өтiнiшхаттар мен қарсылықтарды мәлiмдеуге, қорғаушының заң көмегiн пайдалануға, iсті қарау кезінде ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде сөйлеуге және егер iс жүргiзiлiп отырған тiлдi бiлмесе, аудармашы көрсеткен қызметтерді өтеусіз пайдалануға; iс бойынша іс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларының қолданылуына, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға және iс бойынша қаулыға шағым жасауға, одан үзiндi көшірме алуға және iстегi құжаттардың көшiрмелерiн түсiрiп алуға, сондай-ақ өзiне осы Кодекспен берiлген өзге де процестік құқықтарды пайдалануға құқылы.


      2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның қатысуымен қаралады. Аталған тұлғаға iстiң қаралатын орны мен уақыты тиiсінше хабарланғаны туралы деректер болған және одан iстi қарауды кейiнге қалдыру туралы өтiнiшхат келіп түспеген жағдайларда ғана, iс оның өзi болмаған кезде қаралуы мүмкiн.
      3. Он сегiз жасқа толмаған адам жасаған не жасалуы әкімшілік қамаққа алу, сондай-ақ шетелдiкті не азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жiберу немесе адамға берiлген арнайы құқықтан (көлiк құралдарын басқару құқығын қоспағанда) айыру түрiндегi әкiмшiлiк жазаға әкеп соғатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адамның қатысуы мiндеттi.
      4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде аталған тұлғалар жүргiзуiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жатқан әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарайтын судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуден жалтарған жағдайда, бұл адамға күштеп әкелу қолданылуы мүмкiн.
      Соттың күштеп әкелу туралы ұйғарымын – сот приставы немесе iшкi iстер органы; әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарайтын органның (лауазымды адамның) ұйғарымын iшкi iстер органы (полиция) орындайды.
      5. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан кәмелетке толмаған адам, талқылануы оған терiс әсер етуi мүмкiн iстiң мән-жайларын қарау кезiнде шығарыла тұруы мүмкiн.

      745-бап. Жәбiрленушi

      1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтан дене жарақатын алған, мүлiктiк немесе моральдық зиян келтiрiлген жеке немесе заңды тұлға жәбiрленушi болып табылады.
      2. Жәбiрленушi iстiң барлық материалдарымен танысуға, түсiнiктемелер беруге, дәлелдемелер ұсынуға, өтiнiшхаттар мен қарсылықтар мәлiмдеуге, өкiл ұстауға, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға және әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағым жасауға, өзiне осы Кодекспен берiлген өзге де процестік құқықтарды пайдалануға құқылы.
      3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жәбiрленушiнiң қатысуымен қаралады. Оған iстiң қаралатын орны мен уақыты тиiсінше хабарланғаны туралы деректер болған және одан iстi қарауды кейiнге қалдыру туралы өтiнiшхат келіп түспеген жағдайларда ғана, iс оның өзi болмаған кезде қаралуы мүмкiн.
      4. Жәбiрленушiден осы Кодекстiң 754-бабында көзделген тәртiппен куә ретiнде жауап алынуы мүмкiн. Егер жәбiрленушi заңды тұлға болып табылса, куә ретiнде оның өкiлiнен жауап алынуы мүмкiн.

      746-бап. Жеке тұлғаның заңды өкiлдерi

      1. Кәмелетке толмағандар немесе өзінің дене бітімі немесе психикалық жағдайы бойынша өз құқықтарын өз бетiнше жүзеге асыру мүмкiндiгiнен айырылғандар болып табылатын, өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан жеке тұлғаның немесе жәбiрленушiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды олардың заңды өкiлдерi жүзеге асырады.
      2. Ата-анасы, асырап алушылары, қорғаншылары, қамқоршылары және қамқоршысы немесе асыраушысы болып отырған өзге де адамдар жеке тұлғаның заңды өкiлдерi деп танылады.
      3. Жеке тұлғаның заңды өкiлдерi болып табылатын адамдардың туыстық байланыстары немесе тиiстi өкiлеттiктерi Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құжаттармен куәландырылады.
      4. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан жеке тұлғаның заңды өкiлi әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын тұлғаны әкiмшiлiк ұстап алған немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған кезден бастап iске қатысуға жiберiледi.
      5. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан жеке тұлғаның және жәбiрленушiнiң заңды өкiлдерiнiң өздерi өкiлі болып отырған тұлғаларға қатысты осы Кодексте көзделген құқықтары болады және мiндеттердi алады.
      6. Он сегiз жасқа толмаған адам жасаған әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті қарау кезінде оның заңды өкiлiнiң қатысуы мiндеттi. Кәмелетке толмаған адамның заңды өкiлi келуден жалтарған жағдайда, оған iшкi iстер органы (полиция) жүзеге асыратын күштеп әкелу қолданылуы мүмкiн.

      747-бап. Заңды тұлғаның өкiлдерi

      1. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан немесе жәбiрленушi болып табылатын заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды оның өкiлдерi жүзеге асырады.
      2. Заңды тұлғаның атқарушы органының басшысы заңды тұлғаның заңды өкiлi болып табылады, ол заңды тұлғаның атынан әрекет етеді. Заңды тұлғаның заңды өкiлiнiң өкiлеттiктерi оның қызметтiк жағдайын куәландыратын құжаттармен расталады.
      Заңды тұлғаның мүдделерiн бiлдiретiн өзге де адамдар тапсырма бойынша өкiлдер болып табылады, олардың өкiлеттiктерi заңды тұлғаның атқарушы органы заңды тұлғаның атынан беретiн және атқарушы органның басшысы қол қоятын сенiмхатта айқындалады.
      3. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан заңды тұлға және жәбiрленушi өкiлдерiнiң өздерi өкіл болып отырған тұлғаларға қатысты осы Кодексте көзделген құқықтары болады және мiндеттердi алады.
      4. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан заңды тұлға өкiлiнiң қатысуымен қаралады. Аталған тұлғаға iстiң қаралатын орны мен уақыты тиiсінше хабарланғаны туралы деректер болған, егер одан iстi қарауды кейiнге қалдыру туралы өтiнiшхат келіп түспеген жағдайларда ғана, iс оның өзi болмаған кезде қаралуы мүмкiн.
      5. Жасалуы әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасау құралы не нысанасы болған затты тәркiлеу не әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кiрiстердi (дивидендтердi), ақшаны және бағалы қағаздарды тәркiлеу түрiндегi әкiмшiлiк жазаға әкеп соғатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын заңды тұлға өкiлiнiң қатысуы мiндеттi.
      6. Заңды тұлғаның өкiлi жүргiзуінде іс жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуден жалтарған жағдайда, аталған тұлғаға жүргiзуінде iс жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) ұйғарымы негiзiнде iшкi iстер (полиция) және қаржы полициясы органдары күштеп әкелуді қолдануы мүмкiн.

      748-бап. Қорғаушы

      1. Қорғаушы – әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын тұлғаның құқықтары мен мүдделерiн заңда белгiленген тәртiппен қорғауды жүзеге асыратын және оған заң көмегiн көрсететiн адам.
      2. Қорғаушылар ретiнде адвокаттар қатысады. Қорғаушылар ретінде адвокаттармен бірге әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адамның жұбайы (зайыбы), жақын туыстары немесе заңды өкiлдерi жiберiледi. Егер заңнамада айқындалатын тәртiппен өзара негiзде Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекетпен жасаған халықаралық шартында көзделсе, шетелдiк адвокаттар iске қорғаушылар ретiнде қатысуға жiберiледi.
      3. Қорғаушы әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адамды әкiмшiлiк ұстап алған, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған немесе прокурор әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы қаулы шығарған кезден бастап, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізудің кез келген сатысында iске қатысуға жіберіледі.
      4. Егер бiрiнiң мүдделерi екiншiсiнiң мүдделерiне қайшы келсе, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізудің екі қатысушысына нақ сол бiр адам қорғаушы бола алмайды.
      5. Адвокат, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша қорғаушы ретінде қатысудан бас тартуға құқылы емес.

      749-бап. Қорғаушының мiндеттi түрде қатысуы

      1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге мынадай жағдайларда, егер:
      1) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адам бұл жөнiнде өтiнiшхат жасаса;
      2) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адам дене немесе психикалық кемiстiктерiне орай өзiн қорғау құқығын өз бетiнше жүзеге асыра алмайтын болса;
      3) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адам iс жүргiзiлiп жатқан тiлдi бiлмесе;
      4) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адам кәмелетке толмаған адам болып табылса, қорғаушының қатысуы мiндетті.
      2. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген мән-жайлар болған кезде қорғаушыны әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адамның өзi, оның заңды өкiлдерi, сондай-ақ оның тапсыруымен басқа да адамдар шақырмаса, судья, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген орган (лауазымды адам) iс жүргiзудiң тиiстi сатысында қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге мiндеттi, олар бұл туралы қаулы шығарады. Қаулы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасына немесе оның құрылымдық бөлімшелеріне орындау үшін жіберіледі және оны алған кезден бастап жиырма төрт сағаттан аспайтын мерзімде орындалуға жатады.

      750-бап. Қорғаушыны шақыру, тағайындау, ауыстыру, оның


                еңбегiне ақы төлеу

      1. Қорғаушыны өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлға, оның өкiлдерi, сондай-ақ өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның тапсыруымен немесе келiсімімен басқа да адамдар шақырады. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлға қорғау үшiн бiрнеше қорғаушы шақыруға құқылы.


      2. Өзіне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның өтiнуi бойынша әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген судья, орган (лауазымды адам) қорғаушының қатысуын қамтамасыз етедi.
      3. Таңдап алынған немесе тағайындалған қорғаушының жиырма төрт сағат iшiнде қатысуы мүмкiн болмаған жағдайларда, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген судья, орган (лауазымды адам) өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан адамға басқа қорғаушы шақыруды ұсынуға немесе адвокаттар алқасы немесе оның құрылымдық бөлiмшелерi арқылы қорғаушы тағайындауға шаралар қолдануға құқылы. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген судья, орган (лауазымды адам) өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаға қорғаушы ретiнде белгiлi бiр адамды шақыруға ұсыным жасауға құқылы емес.
      4. Әкiмшiлiк ұстап алу жағдайында, егер өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлға таңдап алған қорғаушының үш сағат iшiнде келуi мүмкiн болмаса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген судья, орган (лауазымды адам) өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаға басқа қорғаушы шақыруды ұсынады, ал бас тартылған жағдайда адвокаттар алқасы немесе оның құрылымдық бөлiмшелерi арқылы қорғаушыны тағайындауға шаралар қолданады.
      5. Адвокаттың еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі. Судья, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген орган (лауазымды адам) оған негiздер болған кезде өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаны заң көмегiне ақы төлеуден босатуға міндетті. Бұл жағдайда еңбекке ақы төлеу бюджет қаражаты есебiнен жүргізіледі.
      6. Осы Кодекстiң 749-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген, адвокат іс бойынша іс жүргізуге тағайындау арқылы қатысқан жағдайда да адвокаттардың еңбегiне ақы төлеу бойынша шығыстар бюджет қаражаты есебiнен жүргізіледі.
      7. Адвокат қорғаушы ретiнде адвокаттың куәлiгiн және нақты iстi жүргiзуге оның өкiлеттiктерiн куәландыратын ордердi көрсетуi бойынша әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iске қатысуға жiберiледi. Осы Кодекстiң 748-бабының екiншi бөлiгiнде аталған басқа да адамдар қорғаушы ретiнде олардың iске қатысу құқығын растайтын құжаттарды (неке туралы куәлiгiн, сондай-ақ осы Кодекстiң 746-бабының үшiншi бөлiгiнде және 747-бабының үшiншi бөлiгiнде көрсетілген құжаттарды) ұсынады.

      751-бап. Қорғаушыдан бас тарту

      1. Өзіне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлға іс бойынша iс жүргiзудiң кез келген кезiнде қорғаушыдан бас тартуға құқылы, бұл оның өзiн қорғауды өз бетiнше жүзеге асыру ниетiн бiлдiредi. Заң көмегiне ақы төлеуге қаражаты жоқтығын уәж етiп қорғаушыдан бас тарту қабылданбайды. Бас тарту жазбаша нысанда ресiмделедi.
      2. Қорғаушыдан бас тарту өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның бұдан былай қорғаушыны iске қатысуға жiберу туралы өтiнiшхат жасау құқығынан айырмайды. Қорғаушының iске кiрiсуi сол уақытқа дейiн әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау барысында жасалған әрекеттердi қайталауға әкеп соқпайды.

      752-бап. Қорғаушының өкiлеттiктерi

      1. Қорғаушы: iстiң барлық материалдарымен танысуға; iстi қарауға қатысуға; дәлелдемелер ұсынуға; өтiнiшхаттарды және қарсылықтарды мәлiмдеуге; судьяның, iстi қарауға уәкiлеттiк берілген органның (лауазымды адамның) рұқсатымен iстi қарау процесiнде жауап алынатын адамдарға сұрақтар қоюға; іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларын қолдануға және iс бойынша қаулыға шағым жасауға; өзiне заңмен берiлген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
      2. Қорғаушы: қорғалушының мүдделерiне қарсы қандай да бір әрекеттер жасауға және оған тиесілі құқықтарын жүзеге асыруына кедергi келтiруге; қорғалушының ұстанымына қарамастан, оның әкiмшiлiк құқық бұзушылыққа қатыстылығын және оны жасауға кiнәлiлiгiн тануға, қорғалушының жәбiрленушiмен татуласқандығы туралы мәлiмдеуге; қорғалушының берген шағымдары мен өтiнiшхаттарын қайтарып алуға; заң көмегiн сұрау мен оның жүзеге асырылуына байланысты өзiне белгiлi болған мәлiметтердi жария етуге құқылы емес.

      753-бап. Жәбiрленушiнiң өкiлi

      1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iстi жүргiзу кезiнде жәбірленушінің заңды мүдделерін білдіруге заң бойынша құқығы бар адамдар жәбiрленушiнiң өкiлдері бола алады.
      2. Жәбiрленушi өкiлдерiнiң өздерi өкiл болып отырған жеке және заңды тұлғалармен осы Кодексте көзделген шекте процестік құқықтары бiрдей болады.
      3. Өкiлдiң өзi өкiлi болып отырған тұлғаның мүдделерiне қарамастан қандай да бiр әрекеттер жасауға құқығы жоқ.
      4. Жәбiрленушiнiң iске жеке қатысуы оны осы iс бойынша өкiл алу құқығынан айырмайды.

      754-бап. Куә

      1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша, егер заңда өзгеше көзделмесе, осы iс үшiн маңызы бар мән-жайлар өзіне мәлім болуы мүмкiн кез келген адам куә ретiнде шақырылуы мүмкiн.
      2. Куә: өзiне, жұбайына (зайыбына) немесе жақын туыстарына қарсы айғақтар беруден бас тартуға; өз айғақтарының тиiстi хаттамаға енгiзiлуiнiң дұрыстығы жөнiнде мәлiмдемелер және ескертулер жасауға; iстi қарау кезiнде ана тiлiнде сөз сөйлеуге; аудармашының көмегiн тегiн пайдалануға құқылы.
      3. Куә жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуге, өзiне iс бойынша мәлім мән-жайдың бәрiн шынайы түрде хабарлауға және қойылған сұрақтарға жауап беруге, өзi берген айғақтардың тиiстi хаттамаға енгiзiлуiнiң дұрыстығын өзi қол қойып куәландыруға мiндеттi.
      4. Куәға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген органға (лауазымды адамға) айғақтар беруден жалтарғаны немесе одан бас тартқаны, көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн әкiмшiлiк жауаптылық туралы және сотта осы іс-әрекеттердi жасағаны үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiледi.
      5. Куә жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуден жалтарған жағдайда судьяның, органның (лауазымды адамның) ұйғарымы негiзiнде iшкi iстер органы (полиция) оны күштеп әкелуі мүмкiн.
      6. Он төрт жасқа толмаған, кәмелетке толмаған куәға сауал қою кезiнде педагогтiң немесе психологтің қатысуы мiндеттi. Қажет болған жағдайда сауал қою осындай куәның заңды өкiлiнiң қатысуымен жүргiзiледi.

      755-бап. Куәгер

      1. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, iстiң қорытындысына мүдделi емес, өзi қатысып тұрған кездегi әрекеттердi толық және дұрыс ұғынуға қабiлеттi кәмелетке толған адам куәгер ретiнде тартылады.
      2. Куәгердiң әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге қатысуы жеке басын тексерiп-қарау, көлiк құралын, заттарды тексерiп қарау, жеке тұлғада болған құжаттар мен заттарды алып қою, заңды тұлғаға тиесiлi аумақтарды, үй-жайлар мен мүлiктi қарап-тексеру, заңды тұлғаға тиесiлi құжаттар мен мүлiктi алып қою туралы хаттамаларда көрсетiледi.
      3. Куәгер жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан лауазымды адамның шақыруы бойынша келуге, осы iс бойынша іс жүргiзуге қатысуға және өзiнiң қатысуымен жүргізілген әрекеттердi жүзеге асырылу фактiсiн, олардың мазмұны мен нәтижелерiн тиiстi хаттамаға өзi қол қойып куәландыруға мiндеттi.
      4. Куәгердiң жүргізіліп отырған әрекеттер жөнiнде хаттамаға енгiзiлуге жататын мәлiмдемелер мен ескертулер жасауға құқығы бар.
      5. Қажет болған жағдайда куәгерден осы Кодекстiң 754-бабында көзделген тәртiппен куә ретiнде жауап алынуы мүмкiн.

       756-бап. Маман

      1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге қатысу үшін маман ретiнде дәлелдемелердi жинауға, зерттеуге және бағалауға, сондай-ақ техникалық құралдарды қолдануға жәрдем көрсету үшiн қажеттi арнаулы бiлiмi мен дағдысы бар, iстiң қорытындысына мүдделi емес кез келген кәмелетке толған адам тағайындалуы мүмкін.
      2. Маман: өзiнiң шақырылу мақсатын бiлуге; егер тиiстi арнаулы бiлiмi мен дағдылары болмаса, іс бойынша iс жүргiзуге қатысудан бас тартуға; өзiнiң қатысуымен жасалатын процестік әрекетке қатысты iс материалдарымен танысуға; жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) рұқсатымен процестік әрекетке қатысушыларға сұрақтар қоюға; салыстырма зерттеулердi қоспағанда, хаттамада не процестік әрекет хаттамасының бiр бөлiгi болып табылатын ресми құжатта барысы мен нәтижелерiн көрсете отырып, процестік әрекет шеңберiнде iс материалдарына зерттеу жүргiзуге; өзi қатысқан процестік әрекет хаттамасымен танысуға және өзiнiң қатысуымен жүргiзiлген әрекеттердiң барысы мен нәтижелерiнің тіркелуде толық және дұрыс көрсетiлуiне қатысты хаттамаға енгiзiлуге тиісті мәлiмдемелер мен ескертулер жасауға құқылы.
      3. Маман: әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргізуді жүзеге асыратын судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуге; арнаулы бiлiмiн, дағдысын және ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, процестік әрекетке қатысуға; өзi жасаған әрекеттер бойынша түсiнiк беруге; көрсетілген әрекеттердiң жасалу фактiсiн, олардың мазмұны мен нәтижелерiн өзi қол қойып куәландыруға мiндеттi.

      757-бап. Сарапшы



      1. Арнаулы ғылыми бiлiмi бар, iске мүдделi емес адам сарапшы ретiнде шақырылуы мүмкiн. Сот сараптамасын жүргiзу:
      1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлерiне;
      2) лицензия негiзiнде сот-сараптама қызметiн жүзеге асыратын жеке тұлғаларға;
      3) заң талаптарына сәйкес бiржолғы тәртiппен өзге де тұлғаларға тапсырылуы мүмкiн.
      2. Сарапшы: сараптама нысанасына қатысты iс материалдарымен танысуға; қорытынды беру үшiн қажеттi қосымша материалдарды өзiне беру туралы өтiнiшхаттарды мәлiмдеуге, жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан органның (лауазымды адамның) рұқсатымен процестік әрекеттердi жүргiзуге қатысуға және оларға қатысатын тұлғаларға сараптама нысанасына қатысты сұрақтар қоюға; өзi қатысқан процестік әрекеттiң хаттамасымен танысуға және өзiнiң әрекеттерi мен айғақтарының толық және дұрыс көрсетiлуiне қатысты хаттамаларға енгiзiлуге тиiстi ескертулер жасауға; сот сараптамасын тағайындаған судьяның, органның (лауазымды адамның) келiсуi бойынша сот-сараптамалық зерттеу барысында анықталған, iс үшiн маңызы бар, сот сараптамасын тағайындау туралы ұйғарымда қамтылған мәселелердiң шегiнен тыс мән-жайлар бойынша өз құзыретi шегiнде қорытынды беруге; ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде қорытынды ұсынуға және айғақтар беруге; аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға; аудармашыдан бас тартуды мәлiмдеуге; сараптама жүргiзу кезiнде өзiнiң құқықтарына нұқсан келтiретiн соттың және іс бойынша iс жүргiзуге қатысатын өзге де тұлғалардың шешiмдерi мен әрекеттерiне шағым жасауға; сараптама жүргiзу кезiнде шеккен шығыстарға өтем және егер сот сараптамасын жүргiзу өзiнiң лауазымдық мiндеттерiнiң шеңберiне кiрмейтiн болса, орындаған жұмысы үшiн сыйақы алуға құқылы.
      3. Сарапшы: іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын органды хабардар етпей, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуге қатысушылармен сараптама жүргізуге байланысты мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге; зерттеу үшін материалдарды өз бетінше жинауға; егер сараптама тағайындаған органның бұған арнайы рұқсаты болмаса, объектілерді толық немесе ішінара жоюға не олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгертуге әкеп соғуы мүмкін зерттеулер жүргізуге құқылы емес.
      4. Сарапшы: жүргiзуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуге; өзiне ұсынылған объектiлерге жан-жақты, толық және объективтi зерттеу жүргiзуге, өзiнiң алдына қойылған мәселелер бойынша негiзделген жазбаша қорытынды беруге; осы Кодекстiң 772-бабының он үшiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда, қорытынды беруден бас тартуға және қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы дәлелдi жазбаша хабарлама жасауға және оны сот сараптамасын тағайындаған органға (лауазымды адамға) жiберуге; жүргiзiлген зерттеуге және берiлген қорытындыға байланысты мәселелер бойынша айғақтар беруге; зерттелiп жатқан объектiлердiң сақталуын қамтамасыз етуге; iстiң мән-жайлары туралы мәлiметтердi және сараптама жүргiзуге байланысты өзiне белгiлi болған өзге де мәлiметтердi жария етпеуге мiндеттi.
      5. Сарапшы көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн заңда көзделген қылмыстық жауаптылықта болады.
      6. Сот сараптамасы органының қызметкерi болып табылатын сарапшы өз қызметiнiң сипатына қарай құқықтарымен және мiндеттерiмен танысты және сотта көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлді деп есептеледi.

      758-бап. Аудармашы

      1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу кезiнде аударма үшін қажет болатын тiлдердi бiлетiн (мылқаудың немесе саңыраудың белгiлерiн түсiнетiн), iстiң қорытындысына мүдделi емес кез келген кәмелетке толған адам аудармашы ретінде тағайындалады.
      2. Жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья, орган (лауазымды адам) аудармашыны тағайындайды.
      3. Аудармашы: егер аударма үшiн қажеттi бiлiмi болмаса, іс бойынша iс жүргiзуге қатысудан бас тартуға; аударманы жүзеге асыру кезiнде аударманы нақтылау үшiн қатысушы адамдарға сұрақтар қоюға; өзi жүргiзiлуiне қатысқан процестік әрекеттiң хаттамасымен танысуға және аударманың толық және дұрыс көрсетілуіне қатысты хаттамаға енгiзiлуге тиісті ескертулер жасауға құқылы.
      4. Аудармашы: жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуге және өзiне тапсырылған аударманы толық және дәлме-дәл жасауға; аударманың дұрыстығын тиiстi хаттамада өзi қол қойып куәландыруға мiндеттi.
      5. Аудармашыға әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде көрiнеу жалған аударма жасағаны үшiн әкiмшiлiк жауаптылық туралы және сотта осы іс-әрекеттi жасағаны үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертедi.
      6. Осы баптың қағидалары мылқаудың немесе саңыраудың белгiлерiн түсiнетiн, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iске қатысуға тартылған адамға қолданылады.

      759-бап. Прокурор

      1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша іс жүргiзу процесiнде заңдардың дәлме-дәл және бiркелкi қолданылуына жоғары қадағалауды мемлекет атынан тiкелей де, өзiне бағынысты прокурорлар арқылы да Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүзеге асырады.
      Прокурор өзiнiң процестік өкiлеттiктерiн жүзеге асыру кезiнде тәуелсiз болады және заңға ғана бағынады.
      2. Прокурор осы Кодекстiң 760-бабында көзделген өз өкiлеттiктерiн iске асыру мақсатында: әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша іс жүргiзуге қатысуға; дәлелдемелерді ұсынуға және оларды зерттеуге қатысуға; iстi қарап жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) өзіне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргiзiлiп отырған тұлғаның кiнәлiлiгi туралы, сондай-ақ iстi қарау процесiнде туындайтын басқа да мәселелер жөнiнде өз пiкiрiн білдіруге; iстi қарап жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) заңның ережелерiн қолдану және әкiмшiлiк жаза қолдану не одан босату туралы ұсыныс айтуға құқылы.
      3. Прокурор кәмелетке толмаған адам жасаған әкiмшiлiк құқық бұзушылық, сондай-ақ әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғатын құқық бұзушылық туралы iстiң қаралатын орны мен уақыты туралы міндетті түрде хабардар етiледi. Ол болмаған кезде, мұндай iс тек iстiң қаралатын орны мен уақыты туралы прокурорға уақтылы хабарланғаны туралы деректер болған және одан iстi қарауды кейiнге қалдыру туралы өтiнiшхат келіп түспеген жағдайда ғана қаралуы мүмкiн.
      Ескерту. 759-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 272-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

      760-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы істер бойынша iс


                жүргiзуде прокурордың заңдылықты қамтамасыз ету
                жөнiндегi өкiлеттiктерi

      1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша iс жүргiзудi тексеру нәтижелерi бойынша прокурор:


      1) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға сотқа, органға (лауазымды адамға) наразылық келтiруге;
      2) уәкiлеттi лауазымды адамдар мен органдарға (соттан басқа) қосымша тексеру жүргiзу туралы жазбаша нұсқаулар беруге;
      3) уәкiлеттi органдардан өздерiнiң бақылауындағы немесе өздерiне ведомстволық бағынысты ұйымдарда тексеру жүргiзудi талап етуге;
      4) заңда белгiленген жағдайларда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi тоқтатуға;
      5) әкiмшiлiк шара туралы қаулының орындалуын тоқтата тұруға;
      6) әкiмшiлiк ұстап алуға заңсыз тартылған адамды босату туралы қаулы шығаруға;
      7) жеке, заңды тұлғалардың және мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылатын жағдайларда, мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары өздерiнiң мiндеттерiн орындауға байланысты қолданған тыйым салу немесе шектеу сипатындағы кез келген шаралардың алып тасталуы туралы қаулы шығаруға немесе талап келтіруге;
      8) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргiзудi қозғау туралы қаулы шығаруға құқылы.
      2. Прокурордың осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген актiлерi дереу орындалуға жатады. Прокурордың көрсетілген актiлерiнiң орындалуын кiдiртуге кiнәлi лауазымды адамдар заңда белгiленген жауаптылықта болады.

      761-бап. Процестік мiндеттердi орындамағаны үшiн


                жауаптылық

      1. Куәнiң, маманның, сарапшының және аудармашының осы Кодекстiң 754, 756, 757, 758-баптарында көзделген процестік мiндеттердi орындамауы осы Кодекстiң 658, 659, 661-баптарында белгiленген әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соғады.


      2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген әрекеттер жасалған жағдайда, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi, iс бойынша қаулыға шағымды немесе наразылықты қарау кезiнде iс бойынша қаулыға шағымды немесе наразылықты қарау хаттамаларында тиiстi жазба жүргiзiледi.

      762-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс


                жүргiзуге қатысу мүмкiндiгiн болғызбайтын
                мән-жайлар

      1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге қорғаушы және өкiл ретiнде қатысуға бұзылуы осы iстi қозғау үшiн негiз болған қағидалардың сақталуына қадағалауды және бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың қызметкерлерi болып табылатын адамдар немесе олар бұрын осы іс бойынша iс жүргізуге өзге қатысушылар ретiнде әрекет етсе, жiберiлмейдi.


      2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге қатысуға сарапшы мен аудармашы, егер: олардың бiлiксіз екенi анықталса; олар әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылып жатқан адаммен, жәбiрленушiмен, олардың өкiлдерiмен, қорғаушымен, өкiлмен, жүргiзуінде осы iс жатқан прокурормен, судьямен, лауазымды адаммен туыстық қатынастарда болса не егер олар бұрын осы іс бойынша iстi жүргiзуге өзге қатысушылар ретiнде әрекет етсе, сол сияқты бұл адамдарды осы iске тiкелей немесе жанама түрде мүдделi деп есептеуге негiздер болса, жiберiлмейдi.
      3. Адамның iске сарапшы ретiнде алдыңғы қатысуы, оның қатысуымен жүргiзiлген сараптамадан кейiн сараптама қайта тағайындалатын жағдайларда, оған сараптама жүргiзудi тапсыруды болғызбайтын мән-жай болып табылады.

      763-бап. Iс бойынша іс жүргiзуге қатысуына жол берiлмейтiн


                тұлғаларға қарсылық білдіру

      1. Қорғаушының, өкiлдiң, прокурордың, сарапшының және аудармашының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге қатысу мүмкiндiгiн болғызбайтын, осы Кодекстiң 762-бабында көзделген мән-жайлар болған кезде аталған тұлғалар қарсылық білдіруге жатады.


      2. Өздігінен бас тарту немесе қарсылық білдіру туралы арыз жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судьяға, органға (лауазымды адамға) берiледi.
      3. Өздігінен бас тарту немесе қарсылық білдіру туралы арыз берiлген күнiнен бастап үш тәулік ішінде қаралады.
      4. Судья, орган (лауазымды адам) өздігінен бас тарту немесе қарсылық білдіру туралы арызды қарап, арызды қанағаттандыру не оны қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарады.

      764-бап. Жәбiрленушiге, куәға, сарапшыға, маманға,


                аудармашыға немесе куәгерге шығыстарды өтеу

      1. Жәбiрленушiнiң, куәнiң, сарапшының, маманның, аудармашының және куәгердің жүргiзуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) келуiне байланысты шеккен шығыстары, оның iшiнде аталған адамдардың тұрғылықты немесе жүрген жерінен іс бойынша іс жүргізіліп жатқан жерге бару және керi қайту жолақысының құны, ал бұл басқа жерде болуына байланысты жағдайларда – тұрғын үй-жайды жалдау, сондай-ақ тәулiктiк шығын құны оларға азаматтық процестік заңнамада белгiленген тәртiппен өтеледі.


      2. Жәбiрленушi, куә, сарапшы, маман, аудармашы және куәгер ретiнде шақырылатын адамның, жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) келуiне байланысты олар жұмыс орнында болмаған кезде орташа табысы белгiленген тәртiппен сақталады.
      3. Сарапшының, маман мен аудармашының еңбегiне заңнамада белгiленген тәртiппен ақы төленедi.

39-тарау. ДӘЛЕЛДЕМЕЛЕР ЖӘНЕ ДӘЛЕЛДЕУ

      765-бап. Дәлелдемелер

      1. Жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судьяның немесе органның (лауазымды адамның) осы Кодексте белгiленген тәртiппен әкiмшiлiк құқық бұзушылық құрамының барлық белгілері бар іс-әрекеттің болғанын немесе болмағанын, өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлғаның осы іс-әрекетті жасағанын немесе жасамағанын, осы тұлғаның кiнәлiлiгiн не кінәсіздігін анықтауына негіз болатын заңды түрде алынған нақты деректер, сондай-ақ iстiң дұрыс шешiлуi үшiн маңызы бар өзге де мән-жайлар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша дәлелдемелер болып табылады.


      2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген нақты деректер: әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын тұлғаның түсiнiктемелерiмен; жәбiрленушiнiң, куәлардың айғақтарымен; сарапшының, маманның қорытындыларымен және айғақтарымен; заттай дәлелдемелермен; өзге де құжаттармен; осы Кодексте көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалармен және процестік әрекеттердің хаттамаларымен анықталады.
      Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы материалдарды дәлелдемелер ретiнде қарау кезiнде ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану кезінде алынған деректер пайдаланылуы мүмкiн.
      3. Егер нақты деректер іс жүргізуге қатысушылардың заңмен кепiлдiк берiлген құқықтарынан айыру немесе қысым жасау жолымен алынса немесе процестiң өзге де қағидаларын бұза отырып алынып, нақты деректердiң анықтығына ықпал етiп немесе ықпал етуi мүмкiн болып, оның iшiнде:
      1) зорлық-зомбылық жасап, қорқытып, алдап, сол сияқты өзге де заңсыз әрекеттер қолданып;
      2) процеске қатысатын адамның өз құқықтары мен мiндеттерiне қатысты оған түсiндiрмеу, толық емес немесе дұрыс емес түсiндiру салдарынан туындаған шатасуын пайдаланып;
      3) осы іс бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыруға құқығы жоқ адамның процестік әрекеттi жүргізуіне байланысты;
      4) қарсылық бiлдiруге жататын адамның процестік әрекетке қатысуына байланысты;
      5) процестік әрекеттi жүргізу тәртiбiн бұза отырып;
      6) белгiсiз көзден;
      7) дәлелдеу барысында қазіргі заманғы ғылыми бiлiмге қайшы келетiн әдiстердi қолданып, осы Кодекстiң талаптарын бұза отырып алынса, дәлелдемелер ретiнде жол беруге болмайды деп танылуға тиiс.
      4. Нақты деректердi дәлелдемелер ретiнде пайдалануға жол беруге болмайтынын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiп жатқан судья немесе орган (лауазымды адам) өз бастамашылығымен немесе процеске қатысушылардың өтiнiшхаты бойынша белгілейді.
      5. Тиiстi бұзушылықтар мен оларға жол берген тұлғалардың кiнәлiлiгi фактiсiн қоспағанда, заңды бұза отырып алынған дәлелдемелердiң заңдық күшi жоқ деп танылады және оларды iс бойынша шешiмнiң негiзiне алуға, сондай-ақ iс бойынша кез келген мән-жайды дәлелдеу кезiнде пайдалануға болмайды.

      766-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша


                дәлелдеуге жататын мән-жайлар

      Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша:


      1) әкімшілік құқық бұзушылық оқиғасы және осы Кодексте көзделген оның құрамының белгілері;
      2) осы Кодексте әкiмшiлiк жауаптылық көзделген, құқыққа қарсы іс-әрекет (әрекет не әрекетсіздік) жасаған тұлға;
      3) жеке тұлғаның әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға кiнәлiлiгi;
      4) әкiмшiлiк жауаптылықты жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар;
      5) әкiмшiлiк құқық бұзушылықпен келтірілген залалдың сипаты мен мөлшерi;
      6) әкiмшiлiк жауаптылықтан босатуға алып келетiн мән-жайлар;
      7) әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар, сондай-ақ iстiң дұрыс шешiлуi үшiн маңызы бар өзге де мән-жайлар дәлелденуге жатады.

      767-бап. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс


                бойынша іс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның
                түсiнiктемелері, жәбiрленушiнiң және куәнiң
                айғақтары

      1. Өзiне қатысты iс бойынша іс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның түсiнiктемелері, жәбiрленушiнiң және куәнiң айғақтары аталған тұлғалардың ауызша немесе жазбаша нысанда хабарлаған, iске қатысы бар мәлiметтерiн білдіреді.


      2. Өзiне қатысты iс бойынша іс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның түсiнiктемелерi, жәбiрленушiнiң және куәнiң айғақтары әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы немесе іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы хаттамада көрсетіледі, ал қажет болған кезде – сауал қою хаттамасымен ресiмделiп, iске тiгiледi.
      3. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның түсiнiктемелерi, куәлардың айғақтары әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға оны толық толтырғаннан және аталған тұлғаларға осы Кодексте көзделген олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіргеннен кейін ғана енгізіледі.
      4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген талаптарды сақтамаған кезде өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлға түсiнiктемелерiнің, куә айғақтарының дәлелдемелер ретінде күші жоқ деп есептеледі және дәлелдемелер ретінде танылуы мүмкін емес.

      768-бап. Дәлелдемелерді ұсыну

      1. Дәлелдемелердi әкiмшiлiк iс жүргiзудің тараптары және басқа да қатысушылары ұсына алады.
      2. Егер ұсынылған дәлелдемелер жеткiлiксiз болса, iстi қарап жатқан сот не орган процеске қатысушыларға қосымша дәлелдемелер ұсынуды не оларды өз бастамашылығымен жинауды ұсынуы мүмкiн.

      769-бап. Дәлелдеуден босатудың негiздерi

      1. Сот, әкiмшiлiк құқық бұзушылықты қарауға уәкiлеттiк берілген орган (лауазымды адам) жалпыға бiрдей белгiлi деп таныған мән-жайлар дәлелдеудi қажет етпейдi.
      2. Азаматтық iс бойынша соттың күшiне енген шешiмiмен немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы өзге iс бойынша соттың қаулысымен анықталған мән-жайлар, сол бір тұлғалар қатысатын әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы басқа iстердi қарау кезінде дәлелдеудi қажет етпейдi.
      3. Егер тиiстi құқықтық рәсiм шеңберiнде керiсiнше жағдайлар анықталмаса, мына мән-жайлар:
      1) қазіргі заманғы ғылымда, техникада, өнерде, қолөнерiнде жалпыға бiрдей қабылданған зерттеу әдiстерiнiң дұрыстығы;
      2) адамның заңды бiлуi;
      3) адамның өзiнiң қызметтiк және кәсiптік мiндеттерiн бiлуi;
      4) олардың болуын растайтын құжатын ұсынбаған және арнаулы даярлықтан өткен немесе бiлiм алған оқу орнын немесе басқа мекеменi көрсетпеген адамның арнаулы даярлығының немесе бiлiмiнiң жоқтығы дәлелдемелерсiз анықталған деп есептеледi.

      770-бап. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету

      1. Өздерiне қажеттi дәлелдемелердi ұсыну мүмкiн болмайды деп немесе қиынға түседi деп қауiптенуге негiзi бар тараптар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарап жатқан судьяға, органға (лауазымды адамға) осы дәлелдемелермен қамтамасыз ету туралы өтiнiш жасай алады.
      2. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету iске қатысуына қарамастан, ұйымдардан құжаттар, мәлiметтер және қорытындылар ұсынуды, сараптама жүргiзудi, болған жердi тексерiп қарауды талап ету жолымен және өзге де тәсілдермен жүргiзiледi.

      771-бап. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету туралы арыз

      1. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету туралы арызда: қамтамасыз етiлуi қажетті дәлелдемелер; растау үшiн бұл дәлелдемелердi қажет ететiн мән-жайлар; арыз берушiнi қамтамасыз ету туралы өтiнiш жасауға итермелеген себептер, сондай-ақ бұл дәлелдемелердi қажет етiп отырған iс көрсетiлуге тиiс.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
      2. Арыз әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарап жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) берiледi.

      772-бап. Сараптама тағайындау және жүргiзу



      1. Iс үшiн маңызы бар мән-жайлар сарапшының арнаулы ғылыми бiлiм негiзiнде жүргiзетiн iс материалдарын зерттеуi нәтижесiнде алынуы мүмкiн болған кезде, жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья, орган (лауазымды адам) сараптаманы тағайындайды.
      2. Iсте ведомстволық инспекциялардың ревизиялау, тексеру актiлерiнiң, қорытындыларының, сондай-ақ мамандардың процестік әрекеттер барысында жүргізетін зерттеулерiнiң нәтижелерi бойынша жасалған ресми құжаттардың болуы сол бір мәселелер бойынша сараптама жүргiзу мүмкiндiктерiн жоққа шығармайды.
      3. Жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья, орган (лауазымды адам) тараптардың өтiнiшхаты бойынша немесе өз бастамашылығымен сараптама тағайындай алады.
      4. Сараптама жүргiзу сараптама органдарының қызметкерлерiне не осы Кодекстiң 757-бабының талаптарын қанағаттандыратын өзге де тұлғаларға тапсырылуы мүмкiн. Сараптама жүргiзу тараптар ұсынған тұлғалардың арасынан бiреуiне тапсырылуы мүмкiн. Судьяның, лауазымды адамның сараптама жүргiзу тапсырылған адамды шақыру туралы талабы аталған адам жұмыс iстейтiн ұйымның басшысы үшiн мiндеттi.
      5. Жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья, орган (лауазымды адам) сараптама тағайындау туралы ұйғарым шығарады, онда:
      1) судьяның, лауазымды адамның тегін, аты-жөнiн, соттың, органның атауын;
      2) сараптаманы тағайындау уақытын, орнын;
      3) сараптама тағайындау үшін негiздi;
      4) сарапшының тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде) немесе сараптама жүргiзiлуге тиiс сараптама органының атауын;
      5) сарапшының алдына қойылған мәселелерді;
      6) сарапшының билігіне берiлетiн материалдардың тiзбесiн көрсетедi.
      Ұйғарымда сарапшыға оның құқықтары мен міндеттері түсіндірілгені туралы және оған көрінеу жалған қорытындыны бергені үшін жауаптылық жөнінде ескертілгені туралы жазбалар да болуға тиіс.
      6. Күрделi сараптамалық зерттеулер жүргiзу үшiн бiр мамандықтағы кемiнде екi сарапшы жүргiзетiн комиссиялық сараптама тағайындалуы мүмкiн.
      7. Егер iс үшiн маңызы бар мән-жайларды анықтауға бiлiмнiң түрлi салалары негiзiнде зерттеулер жүргiзу қажет болса, түрлi мамандықтағы сарапшылар өз құзыретi шегiнде жүргiзетiн кешендi сараптама тағайындалады.
      8. Сараптама тағайындау туралы ұйғарымды орындау үшiн жiбергенге дейiн сот сараптамасын тағайындаған судья немесе орган (лауазымды адам) өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiліп жатқан адамды және жәбiрленушiнi онымен таныстыруға, оларға:
      1) сарапшыға қарсылық білдіру немесе сот сараптамасы органын сараптама жүргiзуден шеттету туралы өтiнiшхат мәлiмдеу;
      2) өздерi атаған тұлғаларды немесе нақты сот сараптамасы органдарының қызметкерлерiн сарапшылар ретiнде тағайындау туралы, сондай-ақ сараптаманы сарапшылар комиссиясының жүргiзуi туралы өтiнiшхат жасау;
      3) сарапшы алдына қосымша мәселелер қою туралы немесе қойылған мәселелердi нақтылау туралы өтiнiшхат жасау;
      4) сараптама жүргiзуге кедергi келтiретiн жағдайларды қоспағанда, сот сараптамасын тағайындаған судьяның немесе органның (лауазымды адамның) рұқсатымен сараптама жүргiзу кезiнде қатысу, сарапшыға түсiнiктемелер беру;
      5) сот сараптамасын тағайындаған судьяға немесе органға (лауазымды адамға) сарапшының қорытындысы не қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы хабарлама келiп түскеннен кейiн онымен танысу, өз ескертулерiн ұсыну, қосымша немесе қайталама сараптама тағайындау, жаңа сараптамалар тағайындау туралы өтiнiшхаттар мәлiмдеу құқықтарын түсiндiруге мiндеттi.
      Жәбiрленушiлерге сараптама олардың жазбаша келiсiмiмен ғана жүргiзiледi. Егер осы адамдар кәмелетке толмаса немесе сот оларды әрекетке қабiлетсiз деп таныса, сараптама жүргiзуге жазбаша келiсiмдi олардың заңды өкiлдерi бередi.
      9. Сарапшы (сарапшылар) сараптама жүргiзу нәтижелерi бойынша өзiнiң атынан жасаған, осы Кодекстiң 773-бабының талаптарына сәйкес қорытынды бередi және оны сараптама тағайындаған судьяға, органға (лауазымды адамға) жiбередi.
      10. Қорытынды жеткiлiктi дәрежеде айқын немесе толық болмаған, сондай-ақ алдыңғы зерттеуге байланысты қосымша мәселелердi шешу қажеттiлiгi туындаған кезде қосымша сараптама тағайындалуы мүмкiн, оны жүргiзу нақ сол немесе өзге сарапшыға (сарапшыларға) тапсырылады.
      11. Егер сарапшының қорытындысы жеткiлiктi дәрежеде негiзделмесе не оның түйіндері күмән туғызса немесе сараптама тағайындау және жүргiзу туралы процестік нормалар елеулi түрде бұзылса, сол объектiлердi зерттеу және сол мәселелердi шешу үшiн қайтадан сараптама тағайындалуы мүмкiн, оны жүргiзу сарапшылар комиссиясына тапсырылады, оған алдыңғы сараптаманы жүргiзген сарапшы (сарапшылар) кiрмейдi.
      12. Судьяның, органның (лауазымды адамның) қосымша және қайтадан сараптамалар тағайындау туралы ұйғарымы уәждi болуға тиiс. Сарапшыға (сарапшыларға) қосымша және қайтадан сараптамалар жасау тапсырылған кезде алдыңғы сараптамалардың нәтижелерi бойынша жасалған қорытындылар ұсынылуға тиiс.
      13. Егер сарапшы зерттеу жүргiзгенге дейiн өзiнiң алдына қойылған мәселелер оның арнаулы бiлiмiнiң шегiнен тыс не өзiне ұсынылған материалдардың қорытынды беру үшiн жарамсыз немесе жеткiлiксiз екендiгiне және оны толықтыру мүмкiн болмайтынына не ғылым мен сараптама практикасының жай-күйi қойылған мәселелерге жауап беруге мүмкiндiк бермейтiнiне көзi жетсе, ол қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы уәжді хабарлама жасайды және оны судьяға, органға (лауазымды адамға) жiбередi.

      773-бап. Сарапшы мен маманның қорытындысы және айғақтары



      1. Сарапшының қорытындысы – бұл арнаулы ғылыми бiлiмдi пайдалана отырып жүргiзiлген iс материалдарын, оның iшiнде заттай дәлелдемелер мен үлгiлердi зерттеу нәтижелерiне негiзделген, оның алдына жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья, орган (лауазымды адам) қойған мәселелер бойынша жазбаша нысанда ұсынылған түйіндер. Қорытындыда сарапшының зерттеу кезiнде қолданған әдiстерi, қойылған сұрақтарға жауаптардың негiздемесi және сарапшының өзінің бастамасымен белгіленген, iс үшiн маңызы бар мән-жайлар да көрсетiледi.
      2. Қорытындыны зерттеулер жүргiзгеннен кейiн оның нәтижелерiн ескере отырып сарапшы (сарапшылар) өз атынан жасайды, оны өзінің (өздерiнiң) қолымен және жеке мөрiмен куәландырады. Сараптаманы сараптама органы жүргiзген жағдайда, сарапшының қолы аталған органның мөрiмен расталады.
      3. Сарапшының қорытындысында: оның ресiмделген күнi, сараптаманың жүргiзiлген мерзiмдерi және орны; сот сараптамасын жүргiзудiң негiздерi; жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья туралы, орган (лауазымды адам) туралы мәлiметтер; сараптама жүргiзу тапсырылған сот сараптамасы органы және (немесе) сарапшы (сарапшылар) туралы мәлiметтер (тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), бiлiмi, мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс өтілі, ғылыми дәрежесi және ғылыми атағы, атқаратын лауазымы); сотта көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы өзiнiң ескертiлгенi туралы сарапшының қолымен куәландырылған белгi; сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер; сараптама жүргiзу кезiнде процеске қатысқан қатысушылар және олар берген түсiндiрмелер туралы мәлiметтер; объектiлер; пайдаланылған әдiстемелер көрсетiле отырып, зерттеулердiң мазмұны мен нәтижелерi; жүргiзiлген зерттеулердiң нәтижелерiн бағалау, сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер бойынша түйіндердің негiздемесi мен тұжырымы көрсетiлуге тиiс.
      4. Егер осы Кодекстiң 772-бабының он үшiншi бөлiгiнде көрсетiлген мән-жайлар зерттеу барысында анықталса, қорытындыда қойылған мәселелердiң барлығына немесе кейбiреуiне жауап беру мүмкiн еместiгiнiң негiздемесi қамтылуға тиiс.
      5. Сарапшының айғақтары – осы Кодекстің 757-бабының талаптарына сәйкес ол ұсынған қорытындыны түсіндіру немесе нақтылау мақсатында әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау барысында ол хабарлаған мәліметтер.
      6. Маманның қорытындысы – бұл әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын уәкілетті лауазымды адам немесе тараптар маманның алдына қойған мәселелер бойынша жазбаша түрде ұсынған пікірі, оларға жауап қайтарылған кезде тиісті зерттеу жүргізу талап етілмейді.
      7. Маманның қорытындысы кіріспе, сипаттау бөліктерінен және түйіндерден тұрады. Кіріспе бөлігінде: қорытындының берілген күні, орны, уақыты; арнайы зерттеу жүргiзуді тапсырған лауазымды адам; маман туралы мәлiметтер (тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), бiлiмi, мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс өтілі, ғылыми дәрежесi, ғылыми атағы, атқаратын лауазымы) көрсетiлуге тиiс.
      Сипаттау бөлігінде маманның алдына қойылған мәселелер, қорытынды беру үшін маманға ұсынылған объектілер, материалдар, құжаттар, зерттеу кезінде қатысқан адамдар қамтылады. Түйіндерде маманның қойылған мәселелерге жауаптары және олардың ғылыми негіздемесі көрсетіледі.
      8. Маманның айғақтары – әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау барысында арнаулы білімді талап ететін мән-жайлар туралы ол хабарлаған мәліметтер, сондай-ақ осы Кодекстің 756-бабының талаптарына сәйкес өз пікірін түсіндіру.
      9. Осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен куәландырылған, сарапшының, маманның қорытындысын көрнекiлейтiн материалдар (фотокестелер, схемалар, графиктер, кестелер және басқа да материалдар) қорытындыға қоса берiледi және оның құрамдас бөлiгi болып табылады. Қорытындыға зерттеуден кейiн қалған объектiлер, оның iшiнде үлгiлер де қоса берiлуге тиiс.
      10. Сарапшының, маманның қорытындысы жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан сот, орган (лауазымды адам) үшiн мiндеттi болып табылмайды, алайда олардың қорытындымен келiспеуi уәждi болуға тиiс.

      774-бап. Yлгiлердi алу

      1. Судья, eгep үлгiлердi зерттеудiң iс үшiн маңызы бар болса, оларды, оның iшiнде адамның, жануардың, заттың, заттектің қасиеттерiн бейнелейтiн үлгiлердi алуға құқылы.
      2. Үлгiлерге материалдардың, заттардың, шикiзаттың, дайын өнiмнiң сынамалары да жатады.
      3. Yлгiлердi алу туралы уәждi ұйғарым шығарылады, онда: үлгiлердi алатын тұлға; үлгiлер алынуы тиiс тұлға (ұйым); нақты қандай үлгiлер және қандай санда алынуы тиiс екенi; тұлға өзінен үлгiлердi алу үшiн қашан және кiмге келуi тиiс екенi; үлгiлер алынғаннан кейiн олардың қашан және кiмге ұсынылуға тиiс екенi көрсетiлуге тиіс.
      4. Үлгiлердi судьяның жеке өзi алуы, ал қажет болған кезде, егер бұл үлгiлер алынатын жынысы басқа адамды жалаңаштап шешiндiрумен ұштаспаса және ерекше кәсiптік дағдыны талап етпесе, дәрiгердiң немесе басқа маманның қатысуымен алынуы мүмкiн. Өзге жағдайларда үлгiлердi судьяның тапсырмасы бойынша дәрiгер немесе басқа маман алуы мүмкiн.
      5. Үлгiлердi алу құқығы судьяда, сарапшыда, дәрiгерде немесе басқа маманда болады.
      6. Үлгiлердi алу сараптамалық зерттеудiң бiр бөлiгi болып табылатын жағдайларда, оны сарапшы жүргiзуi мүмкiн.
      7. Yлгiлер тараптардан, сондай-ақ үшiншi тұлғалардан алынуы мүмкiн.
      8. Судья адамды өзiне шақырады, оны үлгiлердi алу туралы ұйғарыммен қолхат ала отырып таныстырады, оған және осы процестік әрекеттерге қатысатын өзге де адамдарға олардың құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi.
      9. Судья жеке өзi немесе маманның қатысуымен қажеттi әрекеттердi жүргiзедi, үлгiлердi алады, оларды орайды және оларға мөр басады.
      10. Үлгiлердi алу нәтижелерi процестік әрекет (сот отырысы) хаттамасында тiркеледi, онда жүргiзiлген ретi сақтала отырып: үлгiлердi алу үшiн жасалған әрекеттер, бұл ретте қолданылған ғылыми-зерттеулер және басқа да әдiстер мен рәсiмдер, сондай-ақ үлгiлердiң өздерi сипатталады.

      775-бап. Дәрiгердiң немесе басқа маманның, сондай-ақ


                сарапшының үлгiлердi алуы

      1. Судья өзiнен үлгiлер алынуға тиiс адамды, сондай-ақ тиiстi тапсырмасы бар ұйғарымды дәрiгерге немесе басқа маманға жiбередi. Ұйғарымда осы процестік әрекетке қатысушылардың барлығының құқықтары мен мiндеттерi көрсетiлуге тиiс.


      2. Дәрiгер немесе басқа маман судьяның тапсырмасы бойынша қажеттi әрекеттердi жүргiзедi және үлгiлердi алады. Үлгiлер оралады және мөр басылады, одан кейiн дәрiгер немесе басқа маман жасаған ресми құжатпен бiрге судьяға жiберiледi.
      3. Сарапшы зерттеу процесiнде эксперименттік үлгiлер дайындауы мүмкiн, бұл туралы ол қорытындыда хабарлайды.
      4. Судья мұндай үлгiлердi дайындау кезiнде қатысуға құқылы, оны өзi жасайтын хаттамада көрсетедi.
      5. Сарапшы зерттеу жүргiзгеннен кейiн үлгiлердi оралған және мөр басылған түрде өзiнiң қорытындысына қоса береді.
      6. Егер үлгiлердi судьяның тапсырмасы бойынша маман немесе сарапшы алған болса, ол ресми құжат жасап, оған процестік әрекетке қатысушылардың барлығы қол қояды және iс материалдарына қосып тігу үшiн судьяға берiледi.
      7. Алынған үлгiлер оралған және мөр басылған түрде хаттамаға қоса беріледi.

      776-бап. Үлгiлердi алу кезiнде жеке бас құқықтарын қорғау

      Үлгiлердi алу әдiстерi мен ғылыми-техникалық құралдары адамның өмiрi мен денсаулығы үшiн қауiпсiз болуға тиiс. Қатты ауыру сезiнуiн тудыратын күрделi медициналық рәсiмдердi немесе әдiстердi қолдануға үлгiлер алынуға тиiстi адамның жазбаша келiсiмімен ғана, ал егер ол кәмелетке толмаған немесе психикалық аурумен ауыратын болса, онда оның заңды өкiлдерiнiң келiсiмiмен ғана жол берiледi.

      777-бап. Заттай дәлелдемелер

      1. Құқық бұзушылықтың құралы не нысанасы болған не оның iздерi қалған заттар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша заттай дәлелдемелер болып табылады.
      2. Қажет болған жағдайларда заттай дәлелдемелер суретке түсiрiледi немесе өзге тәсiлмен тiркеледi және iске тiгiледi, бұл жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға немесе осы Кодексте көзделген өзге хаттамаға жазба жазылады.
      3. Жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья, орган (лауазымды адам) iс мәнi бойынша шешiлгенге дейiн заттай дәлелдемелердiң сақталуын қамтамасыз етуге қажеттi шаралар қолдануға, сондай-ақ iстi қарау аяқталысымен олар туралы шешiм қабылдауға мiндеттi.

      778-бап. Ғылыми-техникалық құралдар

      1. Сот, орган (лауазымды адам) және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізудің қатысушылары ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану кезінде алынған нақты деректерді пайдалануға және ұсынуға құқылы.
      2. Егер ғылыми-техникалық құралдар:
      1) заңда тікелей көзделсе немесе оның нормалары мен қағидаттарына қайшы келмесе;
      2) ғылыми негізделген болса;
      3) іс бойынша іс жүргізудің тиімділігін қамтамасыз етсе;
      4) қауіпсіз болса, оларды пайдалануға жол беріледі деп танылады.
      3. Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану кезінде алынған нақты деректер әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыда көрсетіледі.

      779-бап. Құжаттар

      1. Егер ұйымдар, лауазымды адамдар және жеке тұлғалар баяндаған немесе куәландырған мәлiметтердiң әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс үшiн маңызы болса, құжаттар iс бойынша дәлелдемелер деп танылады.
      2. Құжаттар жазбаша да, өзге де нысанда тiркелген мәлiметтерді қамтуы мүмкiн. Құжаттарға, оның ішінде осы Кодексте көзделген тәртiппен алынған, талап етiп алдырылған немесе ұсынылған компьютерлiк ақпаратты, фото- және кинотүсiрiлiмдерді, дыбыс- және бейнежазбаларды қамтитын материалдар жатқызылуы мүмкiн.
      3. Көлік құралын басқару құқығына жүргізуші куәлігі оның төлнұсқалығын тексеру және жеке тұлғаны көлік құралын басқару құқығынан айыру туралы шешім қабылдау жағдайларында ғана іс үшін маңызы бар құжат болып табылады.
      4. Жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья, орган (лауазымды адам) iс мәнi бойынша шешiлгенге дейiн құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге қажеттi шаралар қолдануға, сондай-ақ iстi қарау аяқталысымен олар туралы шешiм қабылдауға мiндеттi.
      5. Құжаттарда осы Кодекстiң 777-бабында көрсетілген белгiлер болған жағдайларда, олар заттай дәлелдемелер болып табылады.

      780-бап. Қосымша мәлiметтерді талап етіп алдыру

      1. Жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья, орган (лауазымды адам) ұйымдардан, қоғамдық бiрлестiктерден iстiң шешiлуiне қажеттi қосымша мәлiметтерді талап етіп алдыру туралы ұйғарым шығаруға құқылы.
      2. Судьяның, органның (лауазымды адамның) қосымша мәлiметтерді талап етіп алдыру туралы ұйғарымында қаралып жатқан iстiң мәнi қысқаша баяндалып, анықтауға жататын мән-жайлар көрсетiледi. Осы ұйғарым жiберiлiп отырған сот үшiн мiндеттi болып табылады және белгiленген мерзiмде орындалуға жатады.
      3. Талап етiлетін мәлiметтер талап алынған күннен бастап үш тәулік ішінде жiберiлуге тиiс.
      4. Көрсетілген мәлiметтердi ұсыну мүмкiн болмаған кезде ұйым, қоғамдық бiрлестiк ұйғарым шығарған судьяны, органды (лауазымды адамны) бұл туралы үш тәулік ішінде жазбаша нысанда хабардар етуге мiндеттi.

      781-бап. Дәлелдеу

      1. Дәлелдеу әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы iстердi заңды, негiзді және әдiл қарау үшiн маңызы бар мән-жайларды анықтау мақсатында дәлелдемелердi жинаудан, тексеруден және бағалаудан тұрады.
      2. Құқық бұзушылықтың әкімшілік жауаптылық негіздері мен кiнәсiнiң болуын дәлелдеу мiндетi әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыруға уәкілеттік берілген органға (лауазымды адамға) жүктеледі.

      782-бап. Дәлелдемелерді жинау

      1. Дәлелдемелерді жинау осы Кодексте көзделген әрекеттерді жүзеге асыру арқылы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша іс жүргізу процесінде жүргізіледі.
      2. Нәрселер мен құжаттар оларды бағалағаннан кейін iске тігіледі, бұл жөнінде әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамада тиісті жазба жасалады немесе бөлек хаттама жасалады.
      Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша іс жүргізуге қатысушылар болып табылатын адамдардан нәрселер мен құжаттарды қабылдау өтінішхат негізінде жүзеге асырылады.

      783-бап. Дәлелдемелерді тексеру

      Әкімшілік құқық бұзушылық туралы iс бойынша барлық жиналған дәлелдемелер мұқият, жан-жақты және объективтi тексеруге жатады. Тексеру алынған дәлелдемелердi талдауды, оны басқа дәлелдемелермен салыстыруды, қосымша дәлелдемелер жинауды, дәлелдемелердi алу көздерiн тексерудi қамтиды.

      784-бап. Дәлелдемелердi бағалау

      1. Дәлелдемелерді бағалау – бұл дәлелдемелерді талдау мен синтездеуден тұратын және жеке дәлелдемелердің тиесілігі, жол беруге болатындығы, анықтығы мен маңызы және қабылданған шешімді негіздеу үшін олардың жиынтығының жеткіліктілігі туралы түйінмен аяқталатын логикалық ойлау қызметі.
      2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыратын судья, орган (лауазымды адам) дәлелдемелердi заң мен ар-намысты басшылыққа ала отырып, дәлелдемелердi өз жиынтығында жан-жақты, толық және объективтi қарауға негiзделген өзiнiң iшкi сенiмi бойынша бағалайды. Ешбiр дәлелдеменiң алдын ала белгiленген күшi болмайды.
      3. Әрбiр дәлелдеме тиесiлiлiгi, жол беруге болатындығы, анықтығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер өз жиынтығында iстiң шешiлуi үшiн жеткiлiктiлiгi тұрғысынан бағалануға жатады.
      4. Егер дәлелдеме iс үшiн маңызы бар мән-жайлардың болуы туралы түйіндерді растайтын, жоққа шығаратын немесе оған күмән келтiретiн нақты деректерді білдірсе, дәлелдеме iске қатысты деп танылады.
      5. Егер дәлелдеме осы Кодексте көзделген тәртiппен алынса, ол жол беруге болатын дәлелдеме деп танылады.
      6. Егер тексеру нәтижесiнде дәлелдеменiң шындыққа сәйкес екендiгi анықталса, ол анық дәлелдеме деп танылады.
      7. Егер дәлелденуге жататын мән-жайлардың барлығы және әрқайсысы туралы ақиқатты даусыз анықтайтын, iске қатысты жол берiлетiн және анық дәлелдемелердiң бәрi жиналса, дәлелдемелердiң жиынтығы iстiң шешiлуi үшiн жеткiлiктi деп танылады.

40-тарау. ӘКІМШІЛІК ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ ІСТЕР БОЙЫНША ІС

1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   34


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет